Бакбанбетова Катира

 

КЕМТАР БАЛАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРҒА ЖАЛПЫ СИПАТТАМА

 

Дефектологияда “Кемтар балалар” деп дене және психикалық ауытқуларының олардың жалпы дамуының бұзылуына әкеп соқтырған балаларды айтамыз. (грекше anomalos-дұрыс емес деген сөз).

Дефект (латынша defectus-кемшілік, кемістік деген сөз) бала дамуының функциясын белгілі бір жағдайларға ғана байланысты бұзады. Бір кемістіктің болуы кемтар болып дамуды белгілемейді. Бір құлақтың естімей қалуы, әйтпесе бір көздің зақымдануы міндетті түрде даму кемістігіне әкеп соқпайды. Өйткені бұл жағдайда есту және көру сигналдарын қабылдау мүмкіндіктері сақталған. Кемістіктің бұндай түрлері ортамен қарым-қатынас жасауға, оқу материалдарын игеруге,  орта білім беретін мектептерде оқуға бөгет бола алмайды. Яғни, бұл ақаулықтар кемтар дамудың себептері бола алмайды.

Жалпы дамудың белгілі-бір сатысына жеткен үлкен адамдағы кемістік, психикалық дамуы дұрыс жағдайда өткендіктен ешқандай ауытқуға әкеп соқпайды. Сондықтан, кемістіктің әсерінен психикалық дамуында бұзылуы бар және арнайы оқыту мен тәрбиелеуді қажет ететін балаларды кемтар балаларға жатқызады.

Кемтар балалардың негізгі категорияларына жататындар мынадай топтарды құрайды: есту ақаулықтары бар балалар (кереңдер, саңыраулар, кеш есту қабілетінен айрылғандар); көру ақаулықтары бар балалар (соқырлар, нашар көретіндер); сөйлеу ақаулығы бар балалар (логопаттар); ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар (ақыл-есі кем балалар, психикалық дамуы тежелген балалар); психофизиологиялық дамуында комплексті ақаулықтары бар балалар (керең, соқыр, мылқау, ақыл-ойы кем немесе соқыр, ақыл-ойы кем керең балалар - слепоглухонемые-орысшасы), тірек қозғалыс аппараты бұзылған балалар.

Кемтар балаларды оқыту мен тәрбиелеу оларды өмірмен араластыру, оларды өндіріске бейімдеу -өте қиын әлеуметтік және педагогикалық мәселе. Кемтар балалар - қиын және әртүрлі мінезді топ болып табылады. Дамудағы әртүрлі ақаулық баланың әлеуметтік қалыптасуына, олардың танымдық мүмкіндіктеріне және еңбек іс-әрекетіне өз әсерін тигізеді. Дефектілер сипатына қарай баланың даму процесінде кейбіреуі  толық түзеледі, енді біреулері ыңғайланады.

Баланың дұрыс дамуының қиындығы мен сипатын олармен жасалған педагогикалық жұмыстың әртүрлі формалары анықтайды. Дене және ақыл-ой дамуындағы ақаулық баланың бүкіл танымдық іс-әрекетіне және оның соңғы нәтижесіне әсерін тигізеді. Кемтар баланың білім деңгейі бірден көрініп тұрады.

Ақаулық сипаты арнайы мектеп оқушыларының тәжірибелік іс-әрекетіндегі мүмкіндіктеріне де өз әсерін тигізеді. Арнайы мектептің кейбір оқушылары қажетті білімдерді игерсе, енді біреулері ең қарапайым білімді ғана игере алады және олардың өмірі мен еңбек жолын қосымша көмек арқылы ұйымдастыруды талап етеді.

Кемтар балаға деген қатынас әлемдік тарихта ұзақ эволюцияны бастан кешірді. Қоғамдық дамудың алғашқы сатысында кемтар баланың жағдайы өте ауыр болды. Құл иеленушілік заманында дене дамуында әртүрлі ақаулығы бар балалардың көзін жойып отырды. Орта ғасырда бала дамуының кез-келген ауытқуын қара, дүлей күштің келуі деп қараған. Қорытындысында, кемтар балалар ортадан жекеленіп, тағдыр тәлкегіне салынған.

Қоғамдық жетістіктер ғылыми-техникалық прогресс, педагогикалық ойлардың дамуы және тарихтың келесі кезеңдері ортаның кемтар балаға, оны оқыту мен тәрбиелеуге деген көзқарасын өзгертті. Оларды қоғамдық пайдалы жұмысқа үйрету қажеттілігін туындатты.

Медицина және психология ғылымдарының дамуы кемтар балалардың дамуында болатын ерекшеліктерге көз жеткізді. Кемтарлықтың түрлерін, олардың себептерін, жеке кемістікті анықтау қолға алына бастады.

19-ғасырдың басында естуінде ақаулығы бар және соқырларға арналған алғашқы арнайы мектептер ашылды. Содан кейін ақыл-ойы кем балаларға арналған мектептер де ашыла бастады. Осы кезден бастап кемтар балалардың тәрбиесі мен олардың қоғамдағы орнының жаңа сатысы басталды.

Арнайы оқыту-тәрбиелеу мекемелерін ұйымдастыру жеке және қайырымдылық мекемесінен мемлекеттің кемтар балаларды оқыту және тәрбиелеу жүйесіне дейін дамыды.

Кемтар балалардың дамуы тек теріс белгілермен ғана ерекшеленбейді. БҒл Ұзіндік ерекшеліктері бар кемістіктің дамуын анықтауды талап етеді.

Дамудың кемтарлығы немесе кемістіктің негізінде жүйке жүйесі мен белгілі анализаторлардың бір немесе барлық ағза ісінің белгісіз (атипичное) құрылымы нәтижесінде пайда болған ауытқулар жатады. Ауытқулар жатыр ішінде, туғаннан кейінгі дамуда немесе тұқым қуалаушылық факторлардың нәтижесінде пайда болады. Кемтарлықтың себептеріне байланысты оларды туа біткен және жүре келе пайда болған деп екіге бөледі.

Педагог-дефектологқа ең алдымен бас миының туа біткен аномальды дамуымен, есту ағзасында, тілінде немесе туған кезде және тұрмыста жарақат алғаннан, нейроинфекциялардан пайда болған ауытқулармен жұмыс істеуге тура келеді.

Кемтар баланы оқыту мен тәрбиелеу мәселесі басқа әлеуметтік мәселелердің арасында маңызды орын алады. Кемтар балалар үшін оқыту жоспарлары мен оқыту, тәрбиелеу және еңбекке дайындау бағдарламалары сәйкестендірілген арнайы оқыту-тәрбиелеу мекемелері бар.

Кемтар баланы оқыту және дамыту - бұл мақсатты бағыттағы білік, ептілік, іс-әрекет дағдысын, өмірге және еңбекке маңызды дайындық құралдарын беру және қабылдау процесі. Оқыту барысында білім және тәрбие мақсаттары жүзеге асырылады. Дефектология арнайы дидактика мәселелерімен айналысады (кемтар балаларды оқыту және білім теориясы). Оқу процесінің ұйымдастырылуы, мақсаты, міндеті, мазмұны, қағидалары балалар кемістіктеріне қарай әрбір нақты арнайы оқу орындарына баѓытталып жасалынады. Осыларға байланысты оқыту әдістері, құрал-жабдықтары, оқыту мєселелері шешіледі. Бұл дефектологияның ең неізгі басты проблемасының бірі. Кемтар баланы оқыту жүйесі мен әдісін таңдауда баланың жасы, кемістігінің пайда болған уақыты да есептеледі. Кемтар баланың дамуы дені сау балаға қарағанда көбінесе оқытуға, тєрбиелеуге байланысты әрі тәуелді болады. Сондықтан оқыту процесінің  жүрмеуі немесе оның дер кезінде басталмауы кемтар баланың дамуына үлкен зиян келтіреді, оның психикалық функцияларын тежейді.

Біздің елімізде бала кемтарлығын ескерту мен емдеу жұмыстары жүріп жатыр. Кемтарлық мәселесінің жағдайы оның тұрмыстық, дәрігерлік көмектің сапасына, профилактикалық құралдардың дамуына, арнайы емдеу әдістерін қолдануға қоғамдық және отбасылық тәрбиенің жағдайына байланысты дамып отырады.

Біздің оқу-тәрбие істеріміздің түпкі мақсаты мен әлеуметгік сарыны кемтар балалардың қалайда кемістіктерін жою, оларды әр тарапты дамыған қоғамның толық мүшесі етіп даярлау

 

 

Әдебиеттер тізімі

1.     Т.А.Власова. М.С.Певзнер. О детях с отклонениями в развитии-М.1973.

2.     Основы обучения и воспитания аномальных детей (Под. Редак.А.И.Дьячкова-М.,1965

3.     Кенжебаева Т.Б. Арнайы психология. Павлодар, - 2011.