Сагатова Гульнар Ныгановна

№15 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып

 

Бастауыш сыныпта оқушылардың  шығармашылық қабілетін дамыту

 

   Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді тіктеген кезеңде қолға алар ісіміздің бірі де, бірегейі де ұрпақ тәрбиесі. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тілі мен мәдениетіне мойын ұрып, ұрпағымызға төл тәрбие, ұлттық тағылым беру бүгінгі күннің басты ісі. Бүгінгі қазақ мектептеріндегі оқу -тәрбие жұмысының сапасын қазіргі кезеңге сай қалай жақсарту керек дегенде, ең бастысы сабақ формаларымен оның құрылымын жетілдіру, оқытудың жаңа әдіс тәсілдерін жетілдіру.

   Өмірге еніп жатқан жаңалықтар келешек ұрпақтың еркін дамуын, жан-жақты білім алуын, белсенді,шығармашыл болуын талап етеді. Осыған байланысты оқыту мазмұнын, түрін,әдісін таңдай білу қажеттілігі  туады. Бастауыш сыныптардан бастап өмірге дайындау, тәрбиелеу жоғарғы орынға қойылған. Баланы әсемдік дүниесіне енгізу, оның бойындағы қабілетін ашу, одан әрі дамыту, оқыту қажеттігін тауып отыр.Мұғалім бағдарлама көлемінде білім беріп қана қоймай пәндер арқылы баланың дамуын қамтамасыз ету керек. Дамыта, тереңдете оқыту оқулық мазмұны мен оны оқыту әдістерімен жүзеге асады. Бастауыш сыныптарда жүргізілетін негізгі жұмыстың бір түрі оқушылардың тілін дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізу.Төменгі сынып оқушыларының келешекте алатын білім мен тәрбиесінің деңгейі де көбінесе олардың осы бастауыш сыныптарындағы тілі мен ойының дамуы дәрежесіне байланысты болып отырады.Оқушылардың тілін дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізу сауат ашудың бірінші сабағынан басталып оқудың барлық кезеңдерінде үзбей жүйелі жүргізілу нәтижесінде ғана бір қорытынды береді. Енді тіл дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізу әдістеріне тоқталатын болсақ оның ішінде қазақ тілін толық, жүйелі сөйлеуге қиналып жүрген балалардың ойын дамытудың негізгі қайнар бұлағы баланың өзін қоршаған ортасы, өзінің басынан өтіп жатқан түрлі оқиғалар өз тәжірибелері. Баланың тілінің дамуына да байқағыштықтың орны ерекше, өз ойларын, білімдерін белгілі бір жүйемен мазмұндауға пікірлерін негіздей білуге дағдыландырудың маңызы зор, сонымен қатар ой қорытындысын шығара білуге дағдыландыру.

   Халық педагогикасы – ұлттық тәжірибелермен тағылымдардан туған бай қазына. Олай болса тіл дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізудің басты әдісіне айналған ертегілер, жырлар, аңыздар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, дәстүрлі рәсімдер, әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар, халықтық құнды мұралар, тәлім-тәрбиенің баға жетпес қайнар көзі болып есептеледі. Тіл дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізу көбінесе ана тілі сабағында диафильмді не суретті пайдалана отырып ертегінің мазмұнын таза, түсінікті,тілмен айтып беруді талап ету. Ертегі баланы қызықтырады, сөзді ұқыпты тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын дамытып адамгершілікке тәрбиелейді, тілін ширатып, жан дүниесін, мінез құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді.Көбіне жаңылтпаштар жаздырып, суреттер таратылып беріледі.Бұл баланың тілін ширатып, ой-өрісін кеңейтеді.Ал жаңылтпаш баланың ойын, қиялын шарықтатып,пайымдау қабілетін дамытып  оны тақырыпқа баулиды. Әр сабақта «Кім көп біледі?» деген жұмбақ жарыстары ұйымдастырылады.Әрбір сабақта қазақтың тұрмыс-салтымен, мәдениетімен, тарихымен, ұлы адамдар өмірімен тығыз байланыстырып, қанатты сөздерді пайдаланып, балалар алдына белгілі бір проблема қойып оны көптеп шешуге баули отырып дүние танымын арттырамын.

   Бала тілін дамытудың негізгі мақсаты баланы өзі үшін сөйлеуге үйрету. Сөйлеудің адам үшін қасиеттілігін ұғындыру, ана тілінің қадір-қасиетін түсініп сүюге тәрбиелейді. Халқымыз бала тілінің өткір де тапқыр болуына аса көңіл бөлген, суырып салушылық қабілетін дамыту элементтерін баланың жас күнінен үйретіп дағдыға айналдырған.

   Тіл дамыту жұмыстарын тереңдетіп жүргізудің екінші бір ұшы ол баланың бойындағы жағымды қасиетін дамыта отырып олардың танымдық қабілетін дамытып жалғастыру. Баланың тілі дамуы деген оның сөздік қорының молаюы. Сөздік жұмыстарына ерекше мән беріп шығармашылыққа баулуды үнемі қару ету міндет. Шығармашылыққа баулуда мынадай қағидаларға сүйену қажет:

1.     Баланың сөздерді саналы түрде қолдануына көмектесу қажет.

2.     Баланың сөздік қорын дұрыстап толықтырып отыру.

3.     Өздігінен ойын,танымын арттырып кітаппен жұмыс істей білуге дағдыландыру.

4.     Өз ойын,яғни,кітаптан оқығанына белгілі бір қорытынды жасай білуге баулу.

   Тіл дамыту жұмыстарын тереңдете жүргізу әдістері ең алдымен орыс тілінде сөйлеп келген балалардың қабілетін дамыту,тілге деген қызығушылығын ояту,яғни, сұрақтарға жауап беру,оқығанын текстіге жуықтатып айтып беру сурет бойынша ауызша баяндау жұмыстарымен шектеліп қана қоймай, сөйлеудің дыбыстау мәдениетін жетілдіру. Ауызша сөйлеу ерекшеліктерімен танысу: интонация (дауыс ырғағы) сөйлеу қарқыны.Баланың сөздік қорын молайту.Текстке ат қою, текстегі мағынасы түсініксіз сөздерді табу, текстен басты мәселені біліп алу, басты кейіпкерді табу міне осының бәрі тіл дамыту болыс есептеледі.

   Баланың тілін дамыту үшін ең алдымен сөздік қорын байытуды көздеймін.Сөздік қорды байыту үшін айналадағы өмірді бақылатып, табиғат құбылыстарын байқатып, сол көрген, білгендерін айтқызып отырамын.Сөздік қорын молайтудың бір жолы диолог түрінде сөйлестіру.Бұл әдістің балаға тиімділігі: бала өз ойын көрген-түйгенін жүйелі түрде сөйлем құрап айтуға үйренеді.Сонымен қатар шығармашылыққа баулып тілін дамытудың бір түрі ол жазбаша тіл дамыту жұмыстары: диктант, мазмұндама, шығарма жазу. Оқушылар естіген немесе оқыған әңгімелерінің үлгісіне еліктеп, сөздерді ойдан шығарып жазуға талпынады. Жазылатын шығарма балаларға өте таныс,түсінікті түрде өмір тіршілігіне сай шағын болса да тілдеріне тиек етіп жазып шыға алады.

   Бұл жұмыстарды жүргізгенде, ойымда халқымның тіл байлығын ұрпағымның бойына сіңіруді мақсат еттім.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Қ.Бозжанова. Бастауыш мектеп оқушыларының оқу дағдысын қалыптастыру. Алматы, 2003.

2.     «Бастауыш мектеп» журналы  №3, 2004.

3.     С.Рахметова. Қазақ тілін оқыту методикасы.