Жапанова Р.Н.

№59 орта мектебінің  бастауыш мұғалімі

Бастауыш сыныпта  оқушыларды шығармашылық  жаттығулар арқылы дамыту

Қазіргі уақыттың  негізгі талаптарының бірі – білімді әлемнің бүтіндей бейнесін қабылдай алатын, логикалық ойлауы дамыған жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын шығармашыл адамға айналдыру.

Мектептегі оқыту үрдісінің негізгі  мақсаттары – баланың білімді игеру кезінде ойлау қабілетін қалыптастыру, сол арқылы таным әрекетін белсендіріп, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Оқытудың мақсаты оқушыларға білім беру ғана емес, сонымен бірге олардың ойлау қабілетін дамыту және белсендіру оқушылардың білімді, дағдыны меңгеру үшін, болашақта танымдық және тәжірибелік іс-әрекетке оқушыларды дайындау қажетті шарт болып табылады.

Балалардың ойлауын дамыту туралы М.Жұмабаевтың сөзімен алсақ: «Ойлау жанның өте бір қиын, терең ісі.Жас балаға ойлау тым ауыр, сондықтан басқыштап іс істеу керек. Оқулықтағы берілген тапсырмалар, суреттер баланың жанына дұрыс әсер ететіндей, оқушының оқуға, білімге деген ынта – ықыласы, құштарлығы болуы керек».

Оқу материалын балалардың ойлау қабілеті жетерліктей  жас ерекшеліктерін ескере ұйымдастырса ғана, оның ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.Сондықтан да мұғалім балаларды үнемі ойланып оқуға бағыттауы тиіс, бұған оқу үрдісін жүйелі ұйымдастыру, сабақта бала логикасын дұрыс дамыта алатын мүмкіндіктерді мол пайдалану арқылы жетуге болады.

Дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым логика деп, ал ой қорытындыларының обьектив пікірлерге негізделетін процесі логикалық ойлау деп аталады.Бастауыш сынып баланың логикалық ойлауын дамытудың  негізгі кезеңі деп есептеледі. Өйткені логикалық ойлау кейінірек бейнелік ойлаудың негізінде қалыптасады, ауқымы кеңірек мәселелерді шешуге ғылыми білімдерді меңгеруге  мүмкіндік береді.Әйтседе бұл баланы қайткенде де, неғұрлым ертерек логикалық «жолға» шығару дегенді көрсетпейді. Біріншіден, ойлаудың логикалық формаларын игерудің  өзі ойлаудың логикалық жетілген бейнені формалары ретінде игерілмейінше, толық құнсыз күйде қалып отырады. Дамыған көрнекі схемалық ойлау  баланы логика табалдырығына жеткізеді. Екіншіден, логикалық ойлауды игеріп болғаннан  кейін, бейнелік ойлау өзінің мәнін ешбір жоғалтпайды.

Тәжірибе барысында жасөспірімдерде ой тұтастығының сақталмауы байқалады. Мұндай қателерді болдырмау үшін оқушының  ой  жүйелігінің  қажеттігін сезінуіне көз жеткізудің амал – тәсілдерін тауып, орнықты ой түйіндеуге жетелеу қажет.

   Жаңа буын математика оқулығының  басты ерекшеліктерінің бірі – оның әрбір сабаққа  лайықталған  материалы, негізінен алғанда, төрт текті жаттығулардың тобынан  тұрады.  Солардың бірі — балалардың шығарамашылық іс-әрекетке бейімдеу мақсатын көздейтін, оқулықта жасыл түсті қоршауға алынған шығарамашылық жаттығулар. Бұрынғы оқулықтардың ешқайсысында жаттығулардың осындай тобы қарастырылмағандықтан, қазіргі мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығуларды орындаумен байланысты  оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыруда үлкен қиындықтар туындап отыр. Оқушылардың шығарамашылық жаттығуларды орындау икемділігін бағдарлама талаптары деңгейінде қалыптастыруда айтарлықтай кемшіліктер мен олқылықтар орын алуда.Математикалық білімді жаттығулар орындау негізінде игеру мәселесіне ғылым тарихында ұлы жаңалықтар ашқан атақты ғалымдар да жоғары баға берген.Мәселен, ұлы ағылшын ғалымы И.Ньютон  жаттығулардың теорияға қарағанда, көп нәрсеге үйрететіндігіне назар аударған.Жаттығулар алуан түрлі болады және олар, ең алдымен, оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты ажыратылады.Оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған стандартты емес тапсырмаларды шығармашылық жаттығулар деп атаймыз. Сондықтан шығармашылық жаттығуды ұдайы жүргізе отырып біз оқушылардың тек пәнге деген қызығушылығын ғана емес, логикалық ойлауын да дамыта аламыз.

Мектеп тәжірибесінде шығармашылық жаттығулар үздіксіз орындалмай жатқандығы белгілі. Кейбір мұғалімдер шығармашылық жаттығу міндетті деңгейге жатпайтындықтан оны орындамайды,  орындағанымен сабақ соңында асығыс шешуін  оқушыларға жалпылама айтқыза салады, яғни талдау жүргізілмейді. Балаларда ой операиялары толық жүргізілмегендіктен  логикалық ойлаудың даму деңгейі төмен болады. Ал оқушылардың логикалық ойлауын дамытудың  бір жолы — шығармашылық жаттығуды жүйелі орындату.Сыныптағы  оқушылардың білім деңгейі бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, бірыңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан мұғалім  оқушыларға  міндетті емес тапсырмаларды үнемі орындатып отыруы тиіс.

Оқушылардың логикалық ойлауын  дамыту үшін:

Оқу процесіндегі  осындай іс-әрекеттердің  арқасында  қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын азамат қалыптасады.

Әдебиеттер

1.     Сейдахметова А. Даярлық сынып оқушыларының логикалық ойларын дамыту жолдары. // Бастауыш мектеп, 2000.  №8,9.

2.     Жарықбаев Қ. Психология. – Алматы,  2002.  – 415 бет.

3.     Ильина Т.А. Педагогика. – Алматы, 1977 – 454 бет.

4.     Қазақстан Республикасы бастауыш білімінің мемлекеттік стандарты. – Алматы, 2003. -  135 бет.

5.     Қосанов Б.М. Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар: орындау технологиясы. – Алматы,  2005. -  72 бет.