МЕКТЕПТЕ ТОПТЫҚ ОҚЫТУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

                                                                                                                                          

Маденова Л.М. – магистр,оқытушы,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Қазақстан

 

 

Қазақстан республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында еліміздің оқушыларына сапалы білім беру міндеті қойылған (1). Оны жүзеге асырудың бір жолы – оқыту процесінде топтық оқытуды қолдану болып табылады.

Топ – қазіргі адамның қоғамдық өмірін ұйымдастырудың басты тәсілі, оның ажырамас қасиеті болып табылады. Топтық уақыт өткізудің мәні мен жалпыға ортақтығын Д.Картрайттың және А.Зандердің мына сөздері дәлелдейді: «егер ... болжамдық марстық адам Жерді бір қарап шықса, ол, мүмкін, жер адамдарының бір нәрсені топта жасап, өз уақытының сонша бөлігін бірге өткізетініне таң қалатын шығар»

 Топтық оқытудың мәні ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап ескерілген. Бірақ осы күнге дейін көп сұрақтар өз жауабын күтуде. Ең алдымен, айта кететін жайт, «топ» ұғымы негізінен әлеуметтік психологияға тән; ұғымның мәнін жасау, топтық феномендерді зерттеу көбіне көп осы ғылым тұрғысынан жасалып келген. Әлеуметтік энциклопедиялық сөздікте топқа мынадай анықтамалар берілген:

1)                     «кез-келген жалпы қасиетпен: жалпы кеңістік және уақыт болмысымен, іс-әрекетпен, экономикалық, демографиялық, психологиялық және т.б. сипаттамалармен біріктірілген индивидтер жиынтығы»;

2)                     «арасында белгілі бір тікелей немесе жанама әлеуметтік қарым-қатынастары бар индивидтер жиынтығы»;

3)                     «өзара әрекеттесудің стандартталған үлгілері негізінде өздері қабылдаған нормаларды ұстанатын және өздері белгілеген әлеуметтік рольдерді орындайтын индивидтер жиынтығы».

Педагогикалық және психологиялық сөздікте «топ - әлеуметтік тұтастықтан белгілі бір нышандары негізінде бөлінетін адамдардың шектеулі шамадағы қауымдастығы; бұл нышандар атқаратын қызметтерінің сипаты, әлеуметтік не таптық қатыстылығы, даму деңгейі және т.б. болуы мүмкін. Топты мөлшері бойынша саралау: үлкен, шағын, кіші топтар (диада, триада) деп бөлу кең тараған. Педагогикада топ: 1) оқушылар ұйымының мерзімдік не ағымдағы жұмысын атқару үшін құрылған белгілі бір бөлігі. Топ жұмысын топ мүшелері сайлаған топ кеңесі немесе топбасы басқарады; 2) оқу процесінде жоғары мектеп талапкерлерінің курс ішіндегі белгілі бір тұрақты бөлігі; 3) сыныптан не мектептен тыс үйірмелерге (көркемөнер, спорт, т.б.) қатысушылардың қызығушылығы бойынша біріккен бөліктері.

«Шағын топ – ортақ мақсат-міндеттерге ие, тікелей қарым-қатынас жасайтын индивидтердің белгілі бір санының бірігуі. Үлкен және күрделі топтардан шағын топтың ерекшелігі – оның салыстырмалы «құрылымдық қарапайымдылығы». Бұның мәні – шағын топта, әдетте, беделді көшбасшысы болады, оның айналасында топтың басқа мүшелері бірігеді. Бұнда топтың көлемі маңызды емес, ол бірнеше ондықты қамтуы мүмкін» делінген ресейлік педагогикалық энциклопедияда.

Топтарды талдау барысында оларды жіктеу проблемасы айқындалды. Әдебиеттерді шолу барысында анықтағанымыз, көптеген тұрғылардың барына қарамастан бір типология жоқ. Топтарды ажырату белгілері зерттеушілер еңбектерінде өте кең ауқымды болып келген.

Г.А.Цукерман әлемде жүргізілген зерттеулерді жалпылау кезінде, топтық оқу іс-әрекетіндегі келесі ережелерді көрсетеді:

-   балалардың танымдық белсенділігі мен шығармашылық деңгейі өседі;

-   оқушылар арасындағы өзара қатынас сипаты өзгереді;

-   оқушылар маңызды әлеуметтікдағдыларға ие болады: әдеп,  жауапкершілік, басқалардың позициясын есепке ала отырып өз мінез-

-   құлқын қалыптастыру іскерлігі, қарым-қатынастың гуманистік түрткілері;

-   мұғалім топқа бөлуде балалардың өзара бейімділіктерін, олардың дайындық деңгейлерін, жұмыс қарқындарын есепке ала отырып, оқытуда дараландыру мүмкіндігін алады (2;20).

Топтық оқу әрекетін өзгеше оқу ситуациясы ретінде бағалай отырып, В.В.Рубцов және В.В.Агеев оның келесі талаптарға жауап беруі керектігін атап өтеді: мақсаттың ортақтығы, әр қатысушының өзінің даралық әрекетін орындауы, барлығының барлығымен үйлестірілуі, аудитивтіксіз, яғни, іс-әрекеттерді жай ғана қосу емес, ортақ нәтижені алу.

Топта оқыту - ол баланың ойлауы мен қабылдау қабілетін дамытады, сабақты ұйымдастыруда жұмыстыңтоптық формалары, соның ішінде «миға шабуыл» және т.б. қабілеттерін дамыту мақсатында тапсырмалар ұсынылады;

Жеке және шағын топтарда міндеттерді зерттеу және шешу-бұнда мұғалім әрбір баланың қызығушылығын анықтап, олардың іс-әрекетін басқару және кеңес беру қызметін атқарады.

Жоғары сынып оқушыларының танымдық белсенділігін топтық оқыту арқылы қалыптастыруда «Оқу және жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамыту » стратегияларын қолданудың маңыздылығы ерекше. Өйткені топтағы оқушылардың барлығы өз ойларын еркін айтуға,пікірлерінқорғай білуге мүмкіндік алады. Мұның барлығы топтағы оқушылардың қарым-қатынасының жақсаруына, сабаққа қызығушылықпен және белсенділікпен қатысуына өз ықпалын тигізіп, оқу материалын саналы түрде меңгеруіне мүмкіндік береді. Мұндай оқыту стратегияларының ішінен «Ассоциация», «2 жақты күнделік», «Топтастыру», «Түртіп алу», «РАФТ» стартегияларын гуманитарлық пәндерді оқытуда пайдалануға болады.Мектептегі жоғары сынып оқушыларына бұл стратегияларды қолдану  оқу-тәрбие үрдісінің жұмысының жоғары деңгейге көтерілуіне үлкен септігін тигізер еді.

Шағын топта коммуникативтік құзіреттіліктерді қалыптастырудың   педагогикалық технологиясын жобалау кезінде оқытуды ұйымдастыру формасы және оқыту әдістерін таңдау көп жағдайда топтың мақсаты және ерекшеліктерімен анықталады. Яғни, коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың  шағын тобын жүйелеу қандай да болмасын негіз бойынша  жасалуы керек. Біздің ойымызша, шағын топта коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың  педагогикалық технологиясын модельдеуде бес критерийді есепке алу қажет: материалды зерттеу тереңдігі, оқудың ұзақтығы, қатысушылардың құрамы, оқушылардың дайындық деңгейі, коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың  шағын тобының қызметінің ұзақтығы.

Коммуникативтік құзіреттілік- адамдармен өзара әрекет пен қарым- қатынас тәсілдерін білуді, түрлі әлеуметтік топтарда жұмыс істеу дағдыларын, қоғамдағы түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауды, өмірдегі нақты жағдайларда шешім қабылдау үшін байланыстың түрлі объектілерін қолдана алу білігін, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық  қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуын қарастырады.    

Осылайша, коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастырудың шағын тобы (педагогикада) – тұрақты, саны бойынша үлкен емес (әдетте, 5-7 адам) оқу тобы, топ мүшелері жалпы оқу-танымдық іс-әрекетпен біріктірілген, бір-бірімен тікелей өзара әрекеттесуде (жеке және  коммуникативтік   қарым-қатынастар және т.с.с.) болады, бұл өз алдына эмоционалдық байланыстардың, спецификалық тұлғааралық құндылықтардың, топтық нормалар мен топтық құндылықтардың пайда болуына әкеледі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қазақстан республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. //Егемен Қазақстан.14 желтоқсан 2010.

2.     Цукерман Г.А. Совместная учебная деятельность как основа формирования умения учиться: автореферат дисс. на соиск. уч. степ. докт. психол. наук. М.,1992

3.     Мұханбетжанова Ә.М., Мұқанбетова Ш.Т. Тұлғалық- бағдарлы технологиялар. Орал,2007

4.     Мұқанбетова Ш.Т. Коммуникативті құзыреттілікті қалыптастыру. //Қазақстан мектебі.№11,2009

 

Резюме

В данной  статье рассматриваются  пути использования группового обучения в учебно-воспитательном процессе общеобразовательной школы