Испандиярова А.Т., А.Байтұрсынов атындағы
Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі
Қазақ
тілінде теңеудің бүкіл лингвистикалық болмысын ашып,
оның жасалу жолдары мен синтаксистік құрылымын,
түрлерін жан-жақты қарастырып зерттеген - Т.Қоңыров.
Ғалымның теңеуге берген анықтамасы: теңеу
дегеніміз - ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір
затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы
нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік
сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан,
поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі
таным құралы [1, 7].
Т.Әбдіков шығармаларында
адамға қатысты теңеулерді жиі қолданған.
Мұндай теңеулердің өзін бірнеше тақырыпқа
бөліп қарастыруымызға болады.
1 Жазушы шығармаларында «ата», «әке» іс-әрекетіне
теңелген теңеулер көрініс тапқан. Мысалы, Алманы
көргенде, марқұм Рысмағамбетті көргендей боламын,
әкесінің
аузынан түскендей (2,76 -б), Әкесі
өлгендей тұлан тұтып, ыдыс-аяқты салдырлатып жүр(2,93-б),
Ұлдай да әкесі
базардан келгендей арсалақтап қуанышты (2, 85-б). Бұл мысалдардың алғашқы
үшеуінде кейіпкердің
бет-пішінін суреттеуде
«әкесінің аузынан түскендей», кейіпкердің ашу-ызасын беруде «әкесі өлгендей»,
қуаныш сезімін көрсетуде «әкесі базардан келгендей» деген
тіркестер ұтымды қолданған.
2 «Ер», «еркек» сөздерінің
теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Орыс әйелдерінің ішінде зор денелі, ажымды, қайратты жүзі
бар, қолы, кеудесі
еркектей кесек, орта жастағы келіншек жүр (2, 92-б), - Бәріміз боп
бас қосқан байлауға көнбесең, адамша, еркекше неге сол жерде ашып айтпадың?(2,102-б), Ерше
барып, итше қашып жүріп, малын, басын жаудан
қорғаудың да мәнісін білмесе керек (2, 103-б). Бірінші сөйлемде «еркек» сөзі кейіпкердің портретін беру үшін
жұмсалса, екінші, үшінші сөйлемдерде бұл сөз адамның қасиетін сипаттауда
қолданылған.
3 «Қарт», «шал», «үлкен» сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы
Мысалы, Оның оң жақ, сол жақ қапталындағы
арса-арса тастары беттерін басқан кем
иек шалдар сияқты (2, 68-б),
Бұл төбе кәрі
қарттай қашаннан бері бар(2, 69-б), Ол көп нәрсені үлкендерше пайымдай бастаған (2, 130-б), Бала
емес, ысылған, ашық
үлкендерше сөйлейді (2, 73-б).Бірінші, екінші
сөйлемдерде «шал», «қарт» сөздері табиғатты суреттеуде қолданылса, үшінші,
төртінші сөйлемдердегі
«үлкендерше» теңеуі кейіпкерді мінездеуде жұмсалып
тұр.
4 «Әйел», «қатын»
сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Кербез
әйел секілді жүрісің (2,124-б), Буаз
қатындай шермиген жездемнің ішін көргенде, ол үшін
жұрттан мен ұяламын (2,152-б), - Өсекші
қатынша жаман сөз жиғанша, құдайға тәубе
қылсаңшы, -деймін (2,156-б).
Бірінші мысалда кейіпкердің жүрісі кербез әйелге
теңелсе, екінші мысалда теңеу адамның сырт-пішінін суреттеуде
жұмсалған.Үшінші мысалда теңеу адамның жаман қасиетін
беруде қолданыс тапқан.
5 «Ана», «әже», «ене», «шеше» сөздерінің теңеу жасауда
қолданылуы. Мысалы, Анамдай
қымбат жеңгеміз, Нұрыш
мүшелге келіп жатыр (2,138-б),
Анамыздай
қымбат Отан үшін олар жандарын қиды (2,128-б), Маған мына
дүние әжемнің
омырауындай көрінді (2, 155-б), Оның мына сөзі енемнің жылы
көзқарасындай сезілді (2,161-б), Торғай өзені шешемнің бесігіндей тербетеді (2, 163-б).
Бірінші сөйлемде кейіпкердің ең
жақын адамын туған анасына баланса, екінші сөйлемде
Отан анаға теңелген. Қалған мысалдарда теңеулер ауым мағынада
келіп тұр.
6. Т.Әбдіковтың бала
қылығына теңеген теңеулері де кездеседі. Мысалы, “Алма менің мойнымнан
құшақтап, жылап қоя берді. Кішкентай балаша көз жасына малшынған бет-аузын бетіме
үйкеді” (2, 330-б). “Содан
кейін жасөспірімдерге тән аңқаулықпен
тебірене: - Соның ішінде «Дауыл» деген өлең бар екен, -деді
кәдімгідей қатуланып” (2, 331-б). “ Нәрестедей уылжыған
аңқау, үндемейтін Айгүлді мәңгілік сәбидей көретін” (2,
358-б).
Т.Әбдіков шығармаларында
қолданылған теңеулерді жасалу тәсіліне қарай да бірнеше топқа бөлуге болады.
1) -Дай,-дей қосымшасы жалғанып
жасалған теңеулер:
а) зат есімге -дай,-дей жұрнағы
жалғанып жасалған теңеулер. Мысалы, “Бесін кезінде столға келіп, астыңғы қуысына
қолымды созғанда, саусағыма іліккен хатты көріп,
қылша мойнынан тұзаққа іліккен аңдай
сілейдім де қалдым” (2, 18-б).
“Бірақ
ішімдегі жайсыз ойлардың мазамды алғаны сонша, дәрігер
қыздың
әдемі ерні мен маржандай
тістері, жұмсақ үні, жан рақатына шақырған
сиқырлы сөздері, қиял тербеген музыка – бәрі де
әсер етпеді.” (2, 27-б).
ә) -Ған,-ген есімше формасына -дай,-дей жұрнағы
жалғанып жасалған теңеулер. Мысалы, “Жаңа қонысқа қонып жатқанда мен
өзімді біртүрлі тазарып шыққандай
сезінетінмін” (2,
35-б).
2)
“Секілді” септеулігінің тіркесуі арқылы жасалған
теңеулер:
а) Зат есімге “секілді” сөзінің тіркесуі арқылы
жасалған теңеулер. Мысалы, “-Данышпан
туындылар... құс секілді соқыр
түйіспен жасалады деп Вольтер айтқандай, мына сеанстардың
бәрі сіз үшін бірер сағаттық бос қиналыс
болғанмен, ғылым үшін, тарих үшін аса мәнді
оқиға екенін түсінуге тиістісіз, Роберт мырза” (2,172-б).
ә) -Ған,-ген есімше
формасына “сияқты” септеулігінің тіркесуі арқылы
жасалған теңеулер. Мысалы, “Есік аузында екі
әйел шарт та шұрт ұстасып жатыр. Дүрегей төбет
пен қанден иттің айқасқаны
сияқты” (2,
84-б).
3)
-Ша,-ше қосымшасының жалғануы арқылы жасалған
теңеулер: Мысалы, “Біресе орысша,
біресе қазақша әртістерше неше түрлі құбылып
киінеді. Жан баласына тақымы толмайды” (2, 66-б).
4)Тәрізді, ұқсау
сөздерінің тіркесуі арқылы жасалған
теңеулер.Мысалы,“Адамдар тіршілік
деп аталатын алас-күлес мұхитта бір батып, бір шығып,
жанталасып жүрген сорлы жәндік
тәрізді”(2,187- б).“Жел мен
жаңбырдан, қар суынан, ешкі-лақтардың
тұяғынан тегіс дерлік топыраққа көміліп,қайсыбіреулері
молаға ұқсап,жұмыр
төмпешікке айналған”(2,133-б).
Т.Әбдіков шығармаларында
эмоционалды-эксрпесивті теңеулерді де қолданған.
Жазушы шығармаларында адамның ішкі
дүниесінің өзгерісін айқын беру мақсатында
жоғары эмоциялық реңкті білдіретін теңеулер
қолданылған. Мысалы,“Ішіме
тұз құйып жібергендей удай ашытып, қаным басыма шауып, бар тамырым сыздап
жарылып кетердей жаным шығып барады” (2, 312-б).Кейіпкерлердің қимыл іс-әрекеті мен
жай-күйін беру үшін қолданған. Мысалы, “Енді қазір жыланға арбалған
бақадай аурудың ықпалынан шыға алмай жатыр.
Қозғалғысы келеді – қозғала алмайды,
сөйлегісі келеді – үні шықпайды. Әбеннің жан тері
шықты. Беймәлім дерт ағаш
кескен арадай төзімін жұқартып, біржола тауысуға
жақындап қалған секілді” (2, 296-б). “Сірке
суын ішкендей қолқасына дейін ашытып, тесіп барады”(2,296-б).
Т.Әбдіков теңеу жасауда әсіреленген сөздерді
қолданбаса да, қандай да бір зат не құбылыс болмасын
сол заттың не құбылыстың сапасын, белгісін айқын,
оқырман қабылдауына әсер етерліктей етіп береді. Салыстырылып
отырған құбылыстың сапасын, белгісін нақты бере
алатын заттарға теңейді. Жазушы
табиғатта болып жатқан құбылысты,
қимыл-әрекетті ата, әже, ер,
еркек, қарт, шал, үлкен, әйел, қатын, ана, ене, шеше,
балаға балау арқылы теңеу формасының негізгі
міндеттерін орындай алған.
Көркемдігі жоғары әдемі теңеулер сирек болғанмен,
қолданылған теңеулер шыншылдығымен, нақты
құбылыстарды сипаттауымен ерекшеленеді.
Қолданылғын әдебиеттер тізімі:
1. Қоңыров
Т. Тұрақты теңеулер
сөздігі. Алматы: «Арыс», 2007. -480 б
2. Т.Әбдіков «Әке» Повестер мен
әңгімелер жинағы. Алматы «Қайнар»
2005,384 б