«ТҰМАР»
СӨЗІНІҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
МЕДЕТБЕКОВА П.Т.
(филол.ғ.к., доцент.)
БАЙЖАНОВА Г.А. (филол. фак.
4-к. студенті)
Қазақстан
Республикасы, Алматы қ-сы,
Әл-Фараби
атындағы Қазақ Ұлттық университеті
medet_73@mail.ru, gulsara._.92@mail.ru
Егеменді ел болып,
тәуелсіздік туын биік көтерген қазақ елінің
бүгінгі таңдағы алдына қойған мақсаты –
дамыған елу ел қатарына қосылу. Бұл
мақсатқа жетудің бір жолы – қай сала болса да барынша
еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани
байлықтарын әлемге танытуға әрекет жасау. Осыған
байланысты қазақ тіл біліміндегі этнолингвистикалық зерттеулерде қазақ
ұлтының болмысы, дүниетанымы тілінде сақталған
құнды дүниелерімен танылуда.
Академик Ә.Т.Қайдардың этнолингвистика
бағытытындағы «Қазақтар ана тілі әлемінде»
және «Қазақ қандай халық» атты көлемді
еңбектерін жазу үстінде екендігі ғылыми көпшілікке
белгілі. Сонымен қатар ғалымның жетекшілігімен
қазақ этносының тілін дүниетанымы,
салт-дәстүрі, наным-сенімі арқылы зерттеу ісі кеңінен
қолға алынып отыр. Себебі қай халықтың болса да
қоршаған ортаға, күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі
қажеттіліктерге байланысты санасындағы ойы, ұғымы тілі
арқылы жарыққа шығатыны қазіргі тіл білімінде
антропоцентристік бағыт арқылы дәлелденуде. Халықтың
жадында сақталып бүгінгі күнге жеткен сөз
байлығымызды жинап, толық меңгеріп, өзіндік
нақыш-бояуымен келесі ұрпаққа табыс ету – бүгінгі
таңдағы қазақ тіл білімінің негізгі
міндеттерінің бірі.
Алғашқы
қауым өкілдері тотамизм кезеңінде аңдардың азу
тістерін, тұяқтарын тізіп, моншақ сияқты тағып,
қоршаған ортаның тылсым күштерінен қорғану
үшін мықты, айбатты жануарлардың қайрат-күші
өздеріне ауысады деп сенген. Ал сақ дәуірінде моншақ
тастар, ұлу қабыршақтары тұмар ретінде тағылған.
Қолөнер дами келе қасиетті саналатын
құстардың, жан-жануарлардың бейнесін тұмар
ретінде ағаштан, сүйектен, металдан жасап таққан.
Оған дәлел ретінде орта ғасырда өмір сүрген
Отырар қаласының орнына археологиялық қазба
жұмысын жүргізгенде табылған тұмарларға зер
салсақ, серке, аққу, қаз тәрізді, жылан
басының бейнелері өрнектелген. Сол сияқты
қасқырдың азу тісін, киіктің бақайшағын,
қойдың асығын, құс сүйектерін көруге
болады.
Белгілі
этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Аса киелі саналатын
дәстүрлі ырымдардың бірі – тұмар тағу.
Тұмар тағу ырымы – ислам дінінен ада, байырғы түркілік
дәстүр. Тәңірлік наным-сенімдегі әрісі –
түркілер, бергісі – көшпелі қазақ үшін –
күн, көк, от, су сияқты жер де киелі. «Қара жер» киелі
жер деген мағынада. Байырғы көшпелілер тағатын
тұмардың ішінде туған жердің бір шөкім
топырағы болған.
Тұмар
сөзі байырғы түркі тілінде «тума иер» - «туған жер» деген
сөздердің кірігуінен шыққан. Кейін ислам дінінің
орнауына байланысты тұмардың ішіне дұға салып жазу
дәстүрі қалыптасты», -
деп жазған.
Ш. Уәлиханов: «Киргизы
употребляют теперь магометанские, кабалистические молитвы и называют их «тумар».
В прежние же годы талисманы были большею частью вещественные, а именно: разные
части тела вещи животных или птиц, костих животных и иногда камни» - деп
келтіреді [1, 34].
Қазақтардың
кейбірі түсінбесе де тұмар,
аюдың тырнағын т.б. мойындарына іліп алады. Тотемизм –
көптеген халықтың дінінде мал-жанға,
ағашқа табыну
ұшырасады. Тұмар өзінің
мағыналық сипаты жағынан (көз тимеу үшін,
әсемдік үшін т.б. тағылады) былай алып қарағанда
теріден тігілген қалта, магиялық мағынасы жекелену,
оңашалану, өзін елден ерек ұстау, өзгеше болып
көріну [2;
58].
Міне бұл берілген
анықтамалардан соң, тұмар
сөзінің шығу тарихының бастауын түркілік
кезеңнен қазіргі заманымызды даа алып қарауымызға
болады.
Орта Азияға,
қазақ еліне ислам дінінің келуіне байланысты дін
өкілдері ауырған сырқаттарды бұрынғыдай
бақсы, емші, тәуіптерге емес, молда, ишандарға ғана
қаралуын талап етті. Оларға қағазға сиямен
емдейтін қасиетті жазу жазып берді. Мұны суға езіп,
қағазымен бірге ішуге немесе оны үшбұрыштап тігілген
матаның ішіне салып, бас киімге, кеудеге, қолтыққа
тұмар ретінде тағып жүруге кеңес берді. Міне,
алғашындағы тұмар арабтың «дұға жазылған, үшбұрыштап
бүктелген қағаз» деген сөзі. Кейін келе
дұға дөңгелек формалы металл қорапшаларға
салынды. Сөйтіп осындай қорапшалардың өзі тұмар
деп аталатын болды. Жоғарыда келтірілген деректер арқылы екінші
нұсқа ретінде ислам дінінің орнауымен байланыстыру болжамымын
ұсынуға келеді.
Саралай келе,
тұмар сөзінің семантикасы және қолданысқа
еніп, тұрмыспен бітісуі мына негізгі екі арнадан бастау алады деген
тұжырымға келдік. Ол:
1. Түркі дәуірі кезінде туған жерге деген ыстық
махаббаттан туған тұмар;
2. Ислам дінінің ықпалымен келген тұмар.
Бүгінгі
күні тұмарға берілетін мына анықтамаларға
мән берсек:
Ø
Мойынға тағатын зергерлік
бұйымдардың бірі;
Ø
Зиянды тылсым күштерден,
тіл-көзден, дұғалаудан сақтайды деп сенетін,
Құран аяттары жазылған қағаз;
Ø
Адамға, малға тұмар
тағу ертеден келе жатқан дәстүрлі әдет;
Ø
Тұмар қабы;
Ø
Тіл-көз тиюден сақтайды
деген ұғыммен Құран сөзі жазылған
үшбұрышты мата не былғарымен тысталған
дұғалық қағаз.
В. В. Радлов
сөздігінде тұмардың ішірткі қағаздан басқа
түркі тілдеріндегі бір мағынасы – «футляр для талисмана» ( 3
т. 2 б. 1520). Өзбек тілінде тұмар
қорабын «бозбанд» дейді. (Шаниязов, 1964, 163) [1.34].
Енді тұмар
сөзінің тұрмыста қолдану ерекшелігіндегі
лексика-семантикалық сипаттарына келсек, көптеген теңеулер
мен метафораларға тірек сөз болғанына көз жеткізуге
болады. Тұмар (қорапша) алтын, күміспен әшекейленіп, асыл тастармен, әр
түрлі салпыншақтармен безелді. Осыған орай «тұмар
жүзді» деген теңеу ақын-жыраулардың тілінде кездесе
бастады.
Халық түсінігі бойынша, малдардың ауруы кей
жағдайда көз тиюден болады деп есептелген. Көз тимеу
үшін ботаға, түйеге, сиырға, жүйрік аттарға
әр түрлі тұмарлар тағылған. Мысалға,
ботаға үкі тағып, біраз уақыт жұрттан оңаша
ұстап тұмар таққан. Ол тұмар – жіпке
өткізілген қара дөңгелек тастар. Бөгде біреу
ботаны көріп қалса «тіл-көзім тасқа» деп жерге
түкірген. Егер олай етпесе үй иесі одан жаңағы
сөзді айтып, жерге түкіруді талап еткен. Сүтті көп
беретін сиырға да жеті қара тасты салып, үшбұрыштап
тіккен тұмарлар тағып қою әдеті болған. Бұл қазіргі кездегі жиі
қолданысқа ие «тіл-көзім
тасқа», «тілім тасқа тисін», «көзім тасқа түссін»
деген тіркестердің шығу төркіні ретінде қарауға
мүмкіндік береді.
«Алпамыс батыр»
жырында Алпамыстың серке қоямын деген лағының тұмары болады:
Қоямын деген
бас серке
Бар еді екі
лағы.
Сүйкімді
көріп суретін
Мойнына
таққан тұмары.
«Ер қанаты –
ат» деген ата-бабамыз жылқыны өте қадірлегендігі белгілі. «Жүйрікке
– тұмар» деген мақал осыны аңғартады.
Ақын-жыраулар тілінде, әр түрлі жырларда
тұлпарларға тұмар тағылатындығы жиі кездеседі,
тұмарына қарап оның жай ат емес екендігін ажыратқан:
Жүйріктің
белгісі:
Бәйгеге
қосқан тұмарлап,
Жігіттіктің
белгісі
Бедеу мініп астына
Жиынға
түскен бұлаңдап
(А. Керейұлы )
Жүйрік
аттарға тұмар ретінде мал сүйегі, киіздің
қиындысынан жасалған тұмарлар тағылған. Бұл
туралы бір дерек келтірсек. «Локтевая кость овцы, которая, по мнению мулл,
имеет сходство с начертанием слова «магомет» и должна следовательно приносить
особое счастье, заняла благодаря этому исключетельное положение: ее навешивают
особенно лошадям» (Карутц, 1912, 12) [1, 35].
Басқа
халықтарда да малдарына тұмар таққандығы белгілі.
Монғолдар қадірлі малын «сетер мал» деп атаған, мал
басының аман болуына деп мойнына тұмар байлаған. Бұл
малын соймаған. Егер сетер малы түйе, сиыр, жылқы сияқты
ірі малдар болса, оны жұмысқа салмаған (Базылхан, 1965, 46) [1,
35].
Сонымен
тұмардың тек адам баласына ғана емес, басқа да
жаратылыс иелеріне қатысты түрлерінің де болғанын
аңғарамыз.
Қ. Т. Т.
С-дегі мәліметтерге жүгінсек:
Тұмар зат.діни. 1. Жас бала не
жаңа туған төлді көз тиюден, ауру-сырқаудан
сақтайды деген ұғыммен ішіне құран сөзі
жазылған, үш бұрышты мата не былғарымен тысталған
дұғалық қағаз. Балаларға есектас пен тұмар
қадау тіл, көз тиюден сақтайды деп есектелген (М.
Исқақов, Соқыр сенім.). Әйелім маған молдадан тұмар
алып берген болатын (Ж. Молдағалиев, Торғай.). Ол ерте тұрып
Серғазы молдаға тұмар жаздырып алды (Д. Исабеков,
Қара шаңырақ.). 2. Ауыс. Ең қастерлі, киелі
зат. Туған жердің бір уыс топырағын салып жіберуді
ұмытпағайсың, тұмар ғып тағып
жүрейін (Р. Сейсенбаев, Аңсау.). Бой тұмар. Бойға
тағып жүретін тұмар. Сенің сол хатыңды бой
тұмар ғып әлі тағып жүрмін (О. Бөкеев,
Мұзтау).
Тұмарла ет. Тұмар тағу, қастерлеу. Қасқа атты
қатырып мініп, құйрығын үкілеп, тамағын тұмарлап,
жайтақтатып, ол еңсесін бір көтеріп жүрді (І.
Жансүгіров, Шығ.). Баласы Қожағұлдың Біржан
салмын, Сен түгіл сенен артық құмар маған.
Жалымнан ұстаған қыз арман қылмас, Жібек жал
арғымақпын тұмарлаған (Ақын жырлары).
Тұмарлы сын. Тұмар тағылған, тұмары бар. Ол
әкесінің қос тұмарлы шұбалаң
құйрық бурыл айғырын мініп келді (Ж. Алтайбаев,
Түлек).
Тұмарлық сын. Тұмар боларлық, тұмарға лайық.
Жыртып алды тұмарлық, Диуананың тонынан. Сол
уақытта диуана, Ғайып болды жолынан (Батырлар жыры).
Тұмарша зат. Кішкене тұмар. Мағрипа сумочкасын ашып, ішінен
кішкене тұмарша шығарды. (Р. Тоқтаров, Тұлпар).
Тұмаршала ет. Тұмарша сияқтандыру, шаршылау. Хат болғанда
кәдімгі тұмаршалап бүктеп, жәшікке тастай
салатын солдат хаты (З. Ақышев, Жесір). – Түнде жол
қоржыңды әкеп берген. Тұмаршалап қалта
тігіп сап қойдым, - деді анасы (Т. Иманбеков, Үш ай ).
Қымызды жұта салып, кесені қайырып бергенімде, қолыма тұмаршалап
бүктелген қағаз ілікті (Ғ. Мүсірепов,
Қазақ солдаты ) [3,
273].
Қазақ
әдеби тілінің сөздігі бойынша:
Тұмар
жүзді. Әдемі, шырайлы. Реңіне қарасам, Құбылып тұрған
мақпалдай; қолаң шашты қой көзді, Тұмар
жүзді ақ маңдай (Ақберен).
Тұмар
мойын. Әдемі мойын (ат мойнына қатысты).
Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екенбіз (ХҮ-ХҮІІІ ғ. Қаз.
Әдеб.).
Тұмарша
қалып. Шолпыға үш
бұрышты өрмек түсіретін қалып[4, 421].
Р. Н.
Шойбековтің зергерлік өнерінің сөздігінде:
Тұмар
қалып Үш бұрышты өрнек
түсіруге арналған қалып.
Тұмарша
көне. 1. Асыл тасты күміс
өңіржиек, алқа. Тұмаршаны өткен уақытта
қыздар таққан. 2. Ішінде ою-өрнегі бар үш
бұрышты бедер, нақыш. Тұмарша – («қос
тұмарша» дейтін де түрі бар) – геометриялық үш
бұрыштан құралып, ішіне әр түрлі ою, әшекей
жүргізілетін өрнек (Қасиманов С. Қазақ
халқының қолөнері).
Тұмарша
сірке. Күміс бетіне сірке түсіретін
қалып.
Р. Шойбеков: Тілімізде тұмар түрлеріне
байланысты қалыптасқан мынадай атаулар бар:
Жастық
тұмар – төрт бұрышты
түсті металдан жасалған көркемдік бұйым.
Қиық
тұмар – сәндікке мойынға
тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар.
Лағыл
тұмар – лағыл таспен безелген
тұмар.
Сіркелі
қолтық тұмар – бетіне
сіркелеп өрнек салынған тұмар.
Алтын
тұмар – күміс бетіне алтын
жалатқан, алтынмен әшекейленген тұмар.
Тұмарша – асыл тасты күмістен жасалған, мойынға
тағылатын әшекей.
Тіллә
тұмар – алтынмен апталған
тұмар [5,
331-332].
Тұмар
тағу (ырым) Бала, ересек, адам
ауырғанда молдаларға дұға жаздырып, оны
үшбұрыштап матаға не теріге тігіп баланың мойнына
тағып қояды. Бұл пәле-жаладан, тіл-көзден,
ауру-сырқаудан сақтайды деген діни ұғымнан туған.
Ал осы
деректердің бәрін ескере келе, қазіргі заманның
тоғысуымен болған ерекшеліктері мен өзгешеліктері себебінен тұмар сөзінің адам
баласына да, жан-жануарға да, сонымен қатар жансыз заттарға
да, басқа да тылсым құбылысттар мен күштерге қатысты айтылатынын көрсете
аламыз. Мысалы, тіл-көзден сақтану мақсатында жаңа жайға
қоныстанғандардың қабырғаларға ілетін
заттай тұмары, адам жанының аман болу мақсатында мойнына
тағатын тұмары, алыс жолға шыққан кезінде
өзімен ала жүретін тұмары (туған жер топырағы, не
елін еске түсіретін киелі деп санаған бұйымы), мал
басының сақтығы үшін тағылатын тұмары
(сырға салу, қорғайды деп сенген қызыл түсті мата
қиындысын кие тұтып малдың мойнына, не
құйрығына байлайды) және тағы басқа да адам
баласының өзіне қымбат, қадірлі дүниесін
қорғау барысында жасалынатын жоралғы бойынша жасайтын
тұмар түрлері кездеседі.
«Тұмар»
сөзінің мағынасы қай заманнан болмасын, қай елде
болмасын өзіндік тарихи мәні бар. Әсіресе қазақ
халқынының наным-сенімінде аса терең мәнге ие
және елеулі орны бар екені жоғарыдағы мысалдардан да
аңғаруға болады. Ал, лексика-семантикалық жағынан тілдік ерекшеліктеріне
қарай, қолданылуы жағынан түрленіп, ерекшеліктері мен
өзгешеліктерін айқындау әлі де зерттеуді қажет етеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Шойбеков Р. Н. Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі.
– Алматы: Ғылым, 1991
2. Тұрышев А.Қ. Мәшһүр-жүсіп
шығармаларындағы рухани мәдениет лексикасы. Монография. – 2 том. – Павлодар: Кереку, 2008. – 204 б.
3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (Т-Ү)
– Алматы: Ғылым, 1986, 9-том.
4. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 14-том. Алматы:
«Қазақ энциклопедиясы», 2011.
5. Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрі
мен әдет-ғұрпы. – Алматы, Атамұра, 2010.