Тоқтыбаева Г.С., Манашова Г.Н., Есмаганбетова Д.Б.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ

Жаңа технологияларды қолдану арқылы қазіргі ұлттық киімнің эмоционалды - көркемдік бейнесін қалыптастыру

 

Бүгінгі таңда технолог, дизайнер мамандар  ұлттық киімнің эмоционалды-көркемдік бейнесін, қазіргі өндірістің жаңа технологиясын, жаңа әдісін, жаңа матасын пайдалана отырып, бүгінгі күн талабына сай костюмнің моделін жасауға ұмтылады. Ең басты міндеті жаңа модель құруда ұлттық киімнің рационалдық принципін, құрылымдылық ерекшелігін сақтау. Сәнді әшекейлері аксессуарлары республиканың барлық әлеуметтік топтары арасында әрқашан үлкен сұранысқа ие.

Жаңа технологияларды қолдану арқылы сәндік стильді қалыптастыру процесі көркемдік пішін қалыптастырудың әр түрлі аспектеріне тікелей қатысты бола отырып, ұлттық дәстүрді де есепке алады. Ұлттық киімнің пішіні мен құрылымы, оның элементері әрқашанда мата түріне, оның созылымдық (пластикалық) сипатына, фактурасына, ою-өрнегіне бағынышты. Киімнің конструкциялық принциптерінің шешімі, алдын ала ойластырылған жоба, пішім мен сенімнің сәйкестігі, мата мен пішін қолданысының үйлесімділігі киімнің жаңа үлгісін жасауда шешімнің үлгісі болып табылады [1].

Қазіргі сән үлгілерінде ұлтаралық белгілермен қоса, әр елдің өзіне тән интернационалдық тұрмыс-салттық ерекшеліктер, ұлттық мәдениет түрі, ұлттық дәстүрі көрініс тапқан. Ұлттық киім халықтық өнер сияқты қазіргі модельдеу үлгісін дамытып, әрі байыта отырып, онымен сіңісіп кететінін уақыт көрсетт і.

Тігінші сәнгерлердің ұлттық өнердің заңдылығын терең түсіне оты­рып, дәстүрді жаңаша ойлауы шығармашылық іс-әрекетіне жаңа бағыттар ашады. Жаңалыққа ұмтылушылық мәдениет пен техника дамуында негізгі қозғаушы күш болып саналады. Бұл жағдайда шығармашылық үшін белсенді әрекет жасау құралы болып халық философиясын бойына жинақтаған ұлттық киімдер саналады. Мәдениеттің бір құрамдас бөлігі ретінде киімді модельдеу де ұлттық бояуға, нақышқа, ұлттың сипатқа ие болуы тиіс. Сәнді құрылымдық және көркемдік-бейнелілік бірлікке қол жеткізуінің тәсілдері мен құралдары оларға терең талдау жасауды қажет етеді. Оған түстер мен қарама-қарсы түстердің үйлесіміне және конструктивті сызықтар жасаудың пластикасы мен айқын силуэтті сызықтардың сәйкестігіне негізделген мүсіншілік пен пластикалық принциптер жатады  [2].

 Ұлттық киім интерпретация объектісі бола отырып, мынадай мәселе қояды: қазіргі костюмнің көркемдік шешіміне эмоционалдық сезімнің артуы мақсатында ұлттық киімнің басты белгілері тұтасымен қалай енуі керек. Сондықтан, тігінші эскиздік жұмысқа кіріспес бұрын ұлттық киімнің бұрынғы кезеңдік өмірін, оның атқаратын қызметін, түр – түсін, әдет ғұрып дәстүрінде алатын орнын, қоршаған ортамен байланысын зерттеп, бойына сіңіруі қажет. Қазақттың ұлттық киімдері халықтың материалдық мәдениетіндегі айқын және өз ерекшелігі бар құбылыс: ол пішін логикасымен, құрылым тұтастығымен, түр-түсінің байлылығымен, бояуының қанықтығымен таңғалдырады. Ұлттық киім негізінде пішімнің қалыптасуы мен ою өрнегінің орналасуы, түр-түсінің сәйкес келуіне сай принциптер мен ерекшеліктер жатыр. Қашан, қайда және қандай үйлесімде киім кию қажеттігін уакыт пен дәстүр шешіп берді [3].

 Ғасырлар бойы жинақталған осындай ерекшеліктерді ұлттық киімнің көркем безендірілуі мен құрылым принциптері ретінде бағалауға болады. Халық киімдерін зерттей отырып, оның барлық пластикалық байлығын, пропорционалды қарым-қатынас көркемділігін, түр-түсінің, гаммасының, фактурасының әртүрлілігін және ритм байлығын сезінуге болады. Костюмді жобалау кезінде ұқыпты әрі тиянақты іздену және жан-жақты зерттеу нәтижелері ғана ешқандай еліктеушілікке жол бермейді.

Кез-келген халықтың өмір сүріп жатқан тұрғылықты жерінің геологиялық құрылымына сай оның өнері мен мәдениеті де дами түсті. Қазақ халқының ұлттық киімі мен қолөнерінің қалыптасуына елдің экономикалық сауда-саттық, климаттық және әлеуметтік жағдайлары мен діни сенімдері әсер етті. Онда халықтың әсемдік талғамы, өмір салты, өткендегі әлеуметтік хал-ахуалы айқын сезіледі. Түр-түсі, пішімі жағынан қазақтың киім-кешегі әлеуметтік топтардың бәріне бірдей ортақ .

Қазақстан Республикасының әлеуметтік мәдени дамуының тұжырымдамасында да: «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік мәдени даму жолы дегеніміз – ең алдымен адамзат қазыналарына баса назар аудару, прогрессшіл халық дәстүрлері мен әдеп–ғұрыптар мен өнерге, халықтардың рухани байлықтарына қайта оралу, мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралықты сақтау, барлық ұлттық мәдениеттің қазыналары мен дербестігін мойындау»–деп, атап көрсетілген [5].

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне орай ұлттық киімдерді тарихи түп–тамырына сәйкес, сондай–ақ бүгінгі күн сән бағытының даму талаптарына сай өндіру қажеттілігінің арта түскендігіне күмән жоқ. Қазіргі заманға ұлттық костюмдерді дайындау барысындағы оларды модельдеу, құрастыру әдістері мен тігу технологиялары да өзіне тән жаңашылдыққа ие.

Сәндік өзгерістер өздерінің айқын ашық үстемділігіне қарамастан ұзақ сақталмайды, өйткені адам баласы әр уақытта жаңалыққа, түрленуге ұмтылады. Сәннің ауысып отыруы, өмірдің тынысы тәрізді, ырғаққа бағынышты. Сәнді киімге әр түрлі себептер, мәселен, көркем бағыт та, әлеуметтік оқиғалар да, тоқымашылардың экономикалық қулығы да, ұрпақтардың қақтығысы да, өткенге деген сағыныш та әсерін тигізеді.

Сән – барлық әлеуметтік өзгерістер ішіндегі ең сезімтал «құрал», күрделі психологиялық құбылыс.

«Өнерлі адам өрге жүзеді» дегендей сән өнерімен адамның сүйіспеншілігі  даңқы арта түседі.

Ашығын айтсақ, біздің халқымыздың келешегі, яғни ұлттың ұлт болып қалуы, ең алдымен жас ұрпақтың туған тілді ғана емес, сонымен бірге олардың, халықтың өнерін, салт - дәстүрін жетік меңгеруге тығыз байланысты. Сондықтан да келешек іс ұрпақты бала күнінен бастап ұлттық өнерге баулу өз халқының салт - дәстүріне деген құштарлықты қалыптастыру бүгінгі таңдағы мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сән өнері мен дәстүр сабақтастығы рухани күш, өте нәзік, көзге көрінбейді, қолға ұстауға келмейді, яғни абстракциялы құбылыстардың бірі. Ұлттық сән өнері істеген іспен, айтылған сөзбен, жазылған сөздермен сыртқа шығады, халық өнерінің отты өмірінің шындығы, қазіргі өмір және келешек өмір шын жалпы ұлттық өнер енді ғана мәдени жолмен дами бастады.

Ал ұлттық өнерді халық өнерінің тарихи сабақтастығын әлемдік өркениет деңгейін  көтерушілік, біздің ойымызша келешек ұрпақты өнер өресіне мәпелеп тәрбиелеу: барлық кітаптарға әдістемелік нұсқауларға ұлттық өнердің не екенін түсінікті, тартымды тілмен жазып, ғылыми негіздемелерін қалыптастыру.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1          Асанова С. Қазақтың ұлттық киімдері – Астана:. Фолиант баспасы, 2008

2          Неменский «Мудрость красоты»

3     Пармон  Ф.М. Композиция костюма – Москва:. Легпромбыт издат,1995

4   Жолдасбекова С.А. Костюм тарихы.– Алматы:. Издатмаркет. 2006. – 16 б.