ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ИКСОДТЫҚ КЕНЕЛЕРДІҢ ТАРАЛУЫ ЖӘНЕ ОЛАРМЕН КҮРЕСУ ШАРАЛАРЫ

 

Мурсатова А.Ж., - аға оқытушы, Жанадилов Р., - білімгер

 

Иксодид кенелері әлем бойынша өте көп тараған қансорғыш жәндіктер. Олар тіршілік ету үшін екі ғана фактор қажет етіледі – бірінші, мекен ететін жердің географиялық орны, климаттық жағдайы қолайлы болуы шарт; екінші, қоректенетін ортасы, яғни  жануарлардың (ауыл шаруашылық малдары) болуы қажет. Себебі, қан олардың жалғыз ғана азығы, ал қансору – азықтану тәсілі болып табылады. Кенелердің ұрғашысы қан сору кезеңінде бастапқы 20-25мг салмағынан 1000-1300мг-ға дейін өседі  [1]. Р.С. Чеботаревтың мәліметі бойынша [2] жоғары дәрежеде кенелеген бір сиыр 5-6 литрге дейін қанынан айырылады. Қан соруға дайындалған кене алдымен мал денесіне өзінің улы сөлін жаяды. Жануарлардың денесіне кенелердің көптеп жабысуына байланысты мал ағзасының улануыда жоғарылайды. Кене жабысқан жердің терісі қатайып, қышып, жараға айналып,  жануардың мазасын алады. Кене денеден түскеннің өзінде шаққан жері көп уақыт бойы жазылмайды. Нәтижесінде мал нашар жайылады, организмнің резистенттілігі төмендейді,  анемияға ұшырап, азып-тозады, салмағы кемиді, төлдердің бой өсуі кешеуілдеп, сауын сиырлардың сүті азаяды, кейбір жағдайларда денсаулығы қатты нашарлаған жануарлар өлімге ұшырайды.

Иксодид кенелері мал ағзасына осыншама зиян келтірумен қатар малдың пироплазмидоз (пироплазмоз, бабезиоз, тейлериоз, т.б.), анаплазмоз, бруцеллез, листериоз, лептоспироз,  риккетсиоз сынды трансмиссиялық  ауруларын таратады. Қазақстанның оңтүстігінің ауыл шаруашылық саласы жоғарыда аталған аурулардан жыл сайын көптеген экономикалық шығындар шегуде. Оның басты себебі кене атаулыға күрес шараларын жүргізудің өте қиындығында. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап мемлекеттік шаруашылықтардың ыдырап, жеке қожалықтарға өткеннен бері кенелерді жою мәселелері жүйелі түрде өз деңгейінде жүрмей келеді. Ал, кенелерді ұдайы түрде уақытылы  жойып отырмаса, өмір сүру ортасының қолайлығына байланысты олардың санының жылдан-жылға көбейіп кету қаупі жоғары.

Эпидемиологиялық мәні бар иксодид кенелері оңтүстік өңірде адамзатқа өте қауіпті Қырым-Конго геморрагиялық безгегінің,  Ку-безгегі, туляремия, кене энцефалиті, бруцеллез, оба, құтыру, лептоспироз және басқа да  аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушы болып табылады. Ал, осы аурулардың алдын-алу үшін де жылына қыруар қаржы мемлекет бюджетінен шығын болады.

Қазақстанда кенелердің түрлері көп кездеседі. Соның ішінде паразитоформдық кенелердің ең ірілері – иксодидтер.

Иксодид кенелерінің фаунасы елімізде біршама ғалымдармен  ертеректе зерттелген болса да, өңірдегі кенелердің таралу деңгейі туралы мағлұмат  аз және толық қамтылмаған. Жыл өте келе облыстың кейбір жерлерінде малдың тейлериоз, пироплазмоз, бруцеллез, лептоспироз т.б. ауруларының ошақтары  көбірек пайда болғаны анықталып отыр. Себебі, Қазақстанның оңтүстігінің ауа-райы иксодид кенелерінің өсіп-өнуі және дамуы  үшін өте қолайлы, сондықтан да бұл жәндіктер аймақтың табиғи мекен етушілері болып табылады. Әдебиеттерден алынған мәліметтер бойынша Қазақстанда адамдардың трансмисстік ауруларының қоздырушыларын  тасымалдаушы кенелердің 6 және ауылшаруашылық малдарында 14 қансорушы тасмалдағыш кене түрлері анықталған. Соның ішінде 14 түрі оңтүстік өңірде кездеседі.

Қазақстанда жоспарлы және жүйелі түрде үй жануарларына эктопаразиттер мен арахноэнтомоз ауруларын зерттеу 1938 ж. академик И.Г.Галузоның жетекшілік етуімен басталды.  Қазақстанның барлық табиғи аймақтарында И.Г.Галузо иксодидиде кенелерін түбегейлі зерттеп, бес томдық «Кровососущие клещи Казахстана» (1948-1953) атты монографиясында [4] қорытындылады. Бұл еңбек үшін академик И.Г.Галузоға СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.

Жамбыл облысы Орталық Азияның орталығында, 42-46 с.е.- мен 69-75 ш.б. аралығында орналасқан. Солтүстік аймағы жазық - Мойынқұм, Бетпақдалаға ашық тосқаулсыз шығып жатса, шығысында Алатау (Шу-Іле таулары), оңтүстігінде Қырғыз Алатауы, батысында Қаратау тауларымен шектеседі. Шу және Талас өзендерінің төменгі ағысында орналасқан. Жалпы алып жатқан жер көлемі 145,2 мың шаршы шақырым. Облыс жері солтүстіктен оңтүстікке 400 шақырымға созылса, ал батыстан шығысқа 500 шақырымға созылады. Облыстың шығысындағы, оңтүстігіндегі және батыстағы шекаралары табиғи шекара болатын тау  жоталарымен өтеді.

Жамбыл облысы табиғи географиялық жағдайға байланысты таулы-тау етекті, құмды-шөлді және далалы  аймақтардан тұрады. Бұл аймақтардың ауа-райы бір-біріне онша ұқсамайды. Төмендегі зерттеулердің қорытындыларына сүйенсек, иксодид кенелерінің таулы жерлерден басқа аймақтардың барлығында көптеп таралғаны белгілі болды. Оның себебі, таулы жердің қысы қатты суық, жазы салқын болады. Салқын жерге иксодид кенелері аз бейімделген. Жалпы, кенелердің өмір сүруі үшін екі маңызды факторлар қажет:

1) абиотикалық фактор - қоршаған ортаның температурасы, ылғалдылығы күн сәулесі түсуінің ұзақтығы, атмосфералық қысым, топырақтың типі. Көптеген кене түрлері ауаның 20-30 °С температурасында жануарларға көп шабуылдайды, яғни өз белсенділігін арттырады. Ауаның бұндай температурасы Жамбыл облысында наурыз айының ортасынан бастап сәуір, мамыр, маусым және қыркүйек, қазан айының ортасына дейін сақталынады.

2) биотикалық фактор – қоректену ортасы, жануарлардың, оның ішінде ауыл шаруашылық малдарының (мүйізді ірі қара, жылқы, түйе, қой - ешкі) және құстардың болуы шарт. Одан бөлек мекен ететін ортасындағы өсімдіктер флорасының ыңғайлы болуы қажет. Жоғарыда көрсетілгендей, мал басы көрсеткіші бойынша Жамбыл облысы Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан кейінгі үшінші орынды иеленеді.

Аталған екі фактор бойынша Жамбыл облысының аумағы иксодид кенелерінің өмір сүруі үшін өте қолайлы болып табылады. Бұл мәселе мамандар үшін кенелермен ұдайы түрде күрес жүргізуді талап етеді. Өйткені, біздің облыстың табиғи географиялық жағдайы мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Ал, мал шаруашылығының өркендеуіне қыруар әлеуметтік проблемалармен қоса кенелер де, олар тасымалдайтын аурулар да едәуір кедергі келтіретіні белгілі.

Табиғатта барлық тірі зат биологиялық тепе-теңдікте болатынын білеміз. Олай болса кенелердің де өз жаулары болуы әбден мүмкін. Әдеби еңбектерде ғалымдардың иксодид кенелерінің денесінде Bacteria thuringiensis (турингин және энтобактерин) бактериясы мен Beauveriabassiana (боверин) саңырауқұлағының өсетінін дәлелдеп, препараттар ойлап шығарғаны жазылған. Алайда кейінгі кезде бұл жұмыс тоқтап қалғанға ұқсайды. Кенелердің табиғи жауларын табу және кенелермен биологиялық күрес жүргізу  маңызды мәселердің бірі болып саналады.

Біз осы зерттеу жұмысымызда Жамбыл облысы территориясының аз ғана бөлігін қамти алдық. Облыс көлемі түбегейлі ғалымдармен зерттелетін болса, кенелердің көптеген түрлерін табуға болатыны анық.

Кенелерді жою үшін әртүрлі дәрі бүріккіш, тұрақты жауындатқыш қондырғылары немесе ірі қара мен қойға арналған тоғытатын қондырғылар – ванналар қолданылады. Ең қарапайымы – мал ұзына бойы жүзіп өтетін ванна. Бұл әсіресе қой өсіретін шаруашылыққа керек және мұны салуға ең қолайлы материал бетон.

Иксодид кенелерін жануарлар денесінде және қора-жайларда жою мақсатында көптеген инсектоакарицидті дәрілер пайдалануда. Алайда олардың кейбіреулері, мысалы диазинонның қолдануға ұсынылған 0,01%-ды ерітіндісі кенелерге тиімді әсер етпейтіні анықталды, ал ерітіндідегі әсер етуші дәрілік заттың мөлшерін көбейтсе мал ағзасына зияндылығы жоғарылайтыны белгілі.

Кенелерді жою үшін олардың өсіп-өнуін, мекен ететін ортасын жақсы білу қажет. Айталық, ұрғашы кененің шағылысуы олардың қан сорып қоректену кезінде өтеді. Тойынған соң кене иелерінің денесінен босап жерге түседі. Сыртқы ортада, күн көзі түспейтін, температурасы мен ылғалдылығы бір қалыпты жайлы таса жерлерде жасырынады және сол жерлерде жұмыртқа салады [2]. Ал мал қоралары кенелердің жұмыртқа салуына қолайлы болып табылады және бұл жәндіктердің қораларда қыстап шығатыны дәлелденген.

Қора – жайларда және мал тұратын басқа да орындарды кене және басқа да зиянкес жәндіктерден арылту үшін жылдың жылы мезгілінде алдымен акарицидті препараттардың сулы ерітінділерімен жуып-шайып,  орны кепкен соң акарицидті препараттардан жасалынған дусттарды сол жерлерге сеуіп тастау қажет. Жылдың суық мезгілдерінде қораның іші кеппей қалатындықтан, сулы ерітінділерді қолданбай, тек қана дусттарды себуге тура келеді.

Сондықтан да, қазіргі таңда синтетикалық пиретройдтардан тұратын инсектоакарицидтік дәрілер сыналуда. Бірақта, кез-келген инсектоакарицидті дәрілер у болып есептеледі. Олардың барлығы да қолданғанғанда мал организміне зиянын тигізбей тұрмайды.

Инсектоакарицидті дәрілік заттар көбінесе концентратты эмульсия түрінде шығарылады. Оларды кенелерге қарсы қолданғанда мал дәрігерлері, дезинфекторлар қажетті қолдану нұсқамасына сай пайдаланады.

Қыста қорада ірі қарада көбінесе Hyalomma кенелерін кездестіруге болады. Оларды жою үшін хлорофостың, дельтаметриннің, севин, инсорбцид т.б. пиретроидтардың дусттарды пайдаланады. Бұл үшін мал дәрілейтін операторлар арнаулы дайындықтан өтеді.

Зерттеулердің қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіш құраған малдардың пироплазмидоздарының қоздырғыштарын тасымалдаушы кенелер H.detritum, H.anatolicum, H. plumbeum, Н.scupense түрлерінің басым бөлігі құмды- шөлді аймақта шоғырланғандығы анықталды. Яғни, осы аймақтағы мүйізді ірі қаралардың  трансмиссиялық ауруларға көптеп шалдығуының әсері де иксодтық кенелердің осы өңірді мекен етуінде болып табылады.

Сондықтан да, облыс аумағының табиғи-географиялық орны, климаты және азықтану үшін мал басының көптігі иксодтық кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы екенін ескере отырып, осы және  басқа да аймақтарда иксодтық кенелерге қарсы ұдайы күрес шараларын жүргізіп тұру қажет деп есептейміз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Галузо И.Г. Кровососущие клещи Казахстана. -  Алма-Ата, 1946. –Т 1.-146 с.

2. Чеботарев Р.С. Меры борьбы с зимним заклещеванием крупного рогатого скота // Ж. «Советская ветеринария», 1937. - № 9. - С.18-20.

3. Есімбек Ж. М. Арахноэнтомология. – Новосибирск, 2002. - 3-60 б.

4. Абуладзе К.И. и др. Паразитология и инвазионные болезни с.-х. животных –М.: Агропромиздат,1990. - С. 366-379.

5. Бэкер Э., Уартон Г. Введение в акарологию.- Москва, ИЛ,.  1955.

6. Фишер фон Вальдгейм Г.И. Энтомология Российской империи, Москва, 1823.

7. Ли П.Н. Борьба с иксодидами – переносчиками эндоглобулярных паразитов животных // Тр. ВАСХНИЛ «Арахнозы и протозойные болезни с.-х. животных». – М. Колос, 1977-с.11-22