Экономические науки/ 15.Государственное регулирование экономики 

Бердімұратова Қ.Қ. - PhD докторант

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Қазақстан

Қазақстан Республикасы жоғары білім беру жүйесін дамытудың шетелдік тәжірибесі

 

Жоғары білім беру  – аса күрделі әлеуметтік-экономикалық механизм. Бүгінгі күнгі жоғары оқу орындарының басты міндеті – бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау екендігі даусыз. Заман талабы өзгерген сайын жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгереді.

         ҚР жоғары білім беру саласында оқыту – білім беру үдерісін жетілдіру үшін әлемдік жетістіктерді жүйелі талдау өзекті мәселелердің  бірі.

Қазақстанның егеменді   мемлекет ретінде қалыптасу  барысында білім беру саласындағы жүргізіліп жатқан  реформаның қоғамдық тұрғыдан үлкен маңызға  ие болып отырғаны белгілі. Бұл мәселеге келгенде, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі сәтті реформаны жүзеге асырып үлгерді. Қазіргі кездегі мемлекетіміздегі жүзеге асырылып жатқан білім беру жүйесін реформалау,  осы саланы экономикалық-ұйымдық, құрылымдық жағынан  өзгертуге негізделген біртұтас кешенді іс-шаралармен тығыз байланысты.

Қазіргі таңда, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде шетел тәжірибелері қарқынды қолданылуда. Жоғары білім жүйесіне енгізілген үш сатылы білім беру, кредиттік жүйе – инновациялық реформалардың бастапқы жемісі.

         Әлемнің алдындағы қатарлы елдерінде жоғары және жоғары оқу орныннан кейінгі білім беру жүйесінің дамуын сараптасақ онда кредиттік білім беру жүйесін мамандар даярлауға үш сатылы модульді кеңінен таратқан: бакалавриат, магистратура, РһD доктарантура.

Бұл модуль АҚШ университеттерінде және Европаның көптеген елдерінде қолданылады. Бұл білім беру жүйесі қазіргі таңда академиялық ұтқырлықты және еңбек нарығының тез өзгеріп тұрған шағында мамандарға деген сұранысты қамтамасыз етеді.

Мысалы, Германияда 376 ЖОО бар, оның 139-ы университет, ал 237-сі қолданбалы ғылымдар университеті, оның ішінде 62-сі жеке білім ордасы. Студенттердің жалпы саны -2,2 млн. Елдегі көптеген оқу орындары мемлекеттің меншігінде. Жеке ЖОО-лар аз. Сапасы жоғары білімнің үлесі мемлекеттік оқу орындарында көбірек. Германияның білім беру жүйесінде студенттерге оқыту бағдарламасын еркін таңдау құқығы қарастырылған. Германиядағы білім жүйесі басым түрде мемлекет тарапынан қаржыландырылады[1]. Жұмыс беруші де маман дайындауға мүдделі, сондықтан олар бұл іске белсенді араласады.  Бүгінде Германиядағы барлық университеттер Болон жүйесіне көшкен. Болон жүйесінің қажеттілігі: бірыңғай еңбек нарығын қамтамасыз ету, әр азаматтың ЕуроОдақтың кез келген елінде оқып не жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, ұлттық жоғары білім жүйесінің үйлесімділігі мен салыстырылатындығына қол жеткізу мақсатынан туындап отыр.

Сонымен қатар, Австрияның білім жүйесі әлемдегі озық жүйелер қатарында. Австриялық жоғары оқу жүйесі 3 сектордан тұрады: классикалық универстеттер және өнер университеттері; университеттік емес саланың академиялары; жоғары кәсіптік мектептер. Австриядағы барлық дерлік университеттер мемлекеттік, тек бірнешеуі ғана жеке жоғары оқу орындары. Австрия университеттері кең профильді теориялық білім берумен ерекшеленеді. Маңызды ерекшеліктері еркін оқыту. Студент өз бағдарламасын өзі қалыптастырады[2].

Еліміздің жоғары білім беру  жүйесін ілгерілету бағытында әр алуан ізденіс, көзқарастардың бары анық. Кейінгі жылдардағы осы бағыттағы реформалардың да түпкі мақсаты білім кеңістігіне қозғау салуы көздейді. Қазақстанда  жоғары оқу орындарын жаңаша жіктеу енгізілді: ұлттық жоғары оқу орны, ұлттық зерттеу университеті, университет, институт, академия, зерттеу университеті. Жалпы 133 жоғары оқу орны (9 ұлттық, 31 мемлекеттік, 13 азаматтық емес, 1 ДБҰ, 1 халықаралық, 16 акционерленген, 62 жекеменшік) жұмыс істейді.

Жоғары оқу орындары студенттерінің контингенті 571,6 мың адамды құрайды. Мемлекеттік білім беру гранттары есебінен студенттердің 25%- ы, шартты негізде 75%- ы білім алады[3].

1-кесте. Қазақстан Республикаы жоғары оқу орындарының саны мен студенттер контингенті

жылдар

ЖОО саны, бірлік

Студенттер саны, мың адам

2009

148

610,2

2010

149

620,4

2011

149

629,5

2012

136

597,8

2013

133

571,6

Ескерту: ҚР Білім және Ғылым Министрлігі мәліметтері негізінде құрастырылған

 

Әлемдік тәжірибе бойынша 1 млн. халыққа орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келеді екен. Осы көрсеткішті ескерсек, онда Қазақстанда шамамен 100 жоғары оқу орындары болуы тиіс. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарын оңтайландыру  мәселесі жүзеге асырылуда. Бүгінде олардың саны 149-дан 133-ке дейін қысқартылғаны бізге белгілі.  Оның негізгі себептерінің бірі, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі білім беру сапасы жағынан сын көтермейді.

Қазақстан Республикасын әлемдік қоғамдастық нарықтық экономикалы  мемлекет ретінде таныды. Тәуелсіздігінің қысқа тарихи кезеңінде еліміз әлемдік қоғамдастыққа ықпалдаса отырып, экономикада айтарлықтай өсуге қол жеткізді.

Білім беру ісіндегі жаңа үрдістің мән-мағынасы, сипаты мен бағыт-бағдарын айқындаушы дәйекті факторлар: ҚР-ның     тәуелсіз    егеменді мемлекет болып қалыптасуы; экономиканың нарықтық моделін ұстанып, меншіктің түрлі пішімдерін дамыту; ұлттық білім беру ісінің әлемдік білім жүйесіне кіруі болып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазақстанның білім беру жүйесінің негізін қалаған екі іргелі стратегия қабылданды. Олар: 2000 жылғы «Білім беру» бағдарламасы және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еді.

2000 жылы қабылданған “Білім” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында  жоғары білім беру мамандықтарының жіктеуіші жетілдірілген.  Оқу процесінің технологиялы болуын қамтамасыз еткен бастауыш курстардың біріздендірілген білім беру бағдарламаларымен қоса жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары әзірленді. Жоғары білімге даярлық мамандықтары мен бағыттарының пәндері 7000 үлгі оқу бағдарламаларымен қамтамасыз етілді [4].

Қазақстанның Болон үрдісіне енуіне сәйкес, әлемдік білім кеңістігіне бағыт алуда мемлекетіміздің Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың  2015 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдады [5].

Болон келісімінің басты бір мақсаты – жоғары оқу орындарының одан әрі сапалы дамуына көмектесу; оқу үдерісін, бір жағынан, күрделендіру, екінші жағынан, жастардың әлем деңгейінде білім алуын жеңілдету; жоғары оқу орындарының ерекшеліктерін сақтау және халықаралық білім беру кеңістігін нығайту болып табылады.

Білім беруді дамыту тұжырымдамасында білімге тән біліктілікті өзара тану жөніндегі Лиссабон конвенциясының, жаңа қоғамның даму сатысына лайық мамандар даярлау үрдісін айқындаған Болон декларациясының негізгі ұстанымдары мен білім берудің халықаралық стандарттық жіктелуіне сәйкес бірқатар өзгерістердің көрініс табуы да содан.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050 Cтратегиясы» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында мемлекетіміздің барлық салаларына қатысты мәселелер жан-жақты қамтылып, жүзеге асырылуға тиісті  нақты міндеттерді айқындап берді. Осы жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі жоғары  білім беру саласы. Жаһандану заманында жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қатысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей,өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс»,-деп атап көрстетті [6].

2011 жы­лы елімізде  Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітілді. Бұл стратегиялық құжатта Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік саясатының 2011-2020 жылдарға арналған білім беру саласының ұйымдастыру негізі қаланды.

ҚР-да 2011-2020 жылдарда білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, білім берудің қазақстандық жүйесі, жаһандық бәселекестіктен көріну үшін білім беру саласында озық халықаралық тәжірибелерді қолдануды, сонымен бірге тиімді адами капиталды құ­ру, инновациялық жобаларды іске асыру үшін жо­ға­ры білікті кадрларды тәрбиелеу және жаңа тех­нологияларды құруға ерекше назар ауда­рылды [7]. Халықаралық білім кеңістігіне бетбұрыс жасаудың басты мақсаты- әлемдік стандарттармен сәйкестендірілген еліміздегі жоғары білім беру сапасын қалыптастыру, сондай-ақ, оның бәсекелестігі мен тартымдылығын арттыру болып саналады.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жылдарының басты жетістіктерінің бірі – одан арғы жұмыстың құқықтық негізін қа­ла­ған «Білім туралы» және «Ғылым туралы» екі Заңның бекітілуі болып табылады. Оларды іске асыру үшін 2011 жылғы бірінші жарты жылдықта 83-тен астам нормативтік құ­қықтық актілер бекітілді.

Кез келген мемлекет білім беру жүйесін дамытуда  үнемі ізденісте. Өйткені, заман талабына сай ол өз талаптарын да өзгерте бермек. Сондықтан біздің елімізде бұл үрдіске бар белсенділігімен қатысуға ат салысуда. Ал ол үшін шетел тәжірибесінен үлгі ала отырып, елімізде жоғары білім беру жүйесін жетілдіру қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Образование в Германии. Электронный ресурс. http://www.dteducation.com

2.     Кислицын К.Н.Перспективы развития современного высшего образования в Европе//  Журнал: Знание. Понимание. Умение. 2010 № 2. стр. 36-40

3.     www.edu.gov.kz

4.     Қазақстан Республикасы “Білім мемлекеттік бағдарламасы” / Қазақстан мұғалімі. – 2000. - №33-34

5.     «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы  // Білім және ғылым хабаршысы, 2004, № 1, 3-18 б.

6.      Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2050» Стратегиясы. 14 желтоқсан 2012 ж.  www.akorda.kz.

7.     ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарда арналған мемлекеттік бағдарламасы. 2010ж.  // htpp: www.edu.gov.kz