Ниязханқызы Г.
тарих ғылымдарының кандидаты, Д. Серікбаев атындағы
Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Техникалық Университеті
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КӨШІ - ҚОН
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында
Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай
әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында
болуға ұмтылатыны атап көрсетілді. 2050 жылға
қарай жалпыға ортақ
еңбек қоғамын құру [1] мақсатын
нақтылай отырып, Елбасы Жолдауда ел дамуының жаңа
кезеңінің міндеттері мен оларды жүзеге асыруға
байланысты жүргізілетін іс-шаралардың жоспарларын белгіледі.
Осындай жағдайда тәуелсіздікті
тәу етіп, шынайы демократияға ұмтылған,
этносаралық түсіністік пен достықты өмір салты еткен,
болашағына сеніммен қадам басқан Қазақстан
халқының даму тарихына назар аудару қажет.
Кеңес дәуірінде өз туған жерінде
азшылыққа айналған қазақ ұлты тек
тәуелсіздік жағдайында басым көпшілікке айналды: 2009 ж.
ұлттық санақ бойынша 10 миллионнан асып, 63,1%-ға
жетсе, 2013 ж. 1 сәуірге 11058 мыңға жетіп, үлесі 65,2%
болды[2]. Бұл өсудің негізгі
қайнар бұлақтары: табиғи өсім мен шетелдердегі
5,5 млн. отандастарымыз. Тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан аса
отандастарымыз Қазақстанға қайта оралғаны
ұлтымыздың санын көбейтуге қосылған үлкен
үлес болса, сырттағы бауырларымыз егемен еліміздің төл
ұлтын болашақта көбейте беретін ірі қайнар
бұлақ болып қала бермек.
Қазақстанның
тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолы жеңіл болған
жоқ. Елдің демографиялық
және әлеуметтік дамуы ірі бетбұрыстар мен күрделі
өзгерістерді басынан өткізді. Мысалы, 1992-1997 жж. әлеуметтік-экономикалық
дағдарыстар демографиялық ахуалға кері әсерін тигізді.
Халық саны күрт төмендеді: табиғи
өсім төмендеп, тұрғындардың шет елдерге
көші-қоны басым үдеріске айналды. Республика
халқының этностық құрамының
арасалмағы өзгерді: еуропалық этнос өкілдері азайып,
қазақтар мен түркі-мұсылман этностары өкілдері
көбейді. Қазақстан Республикасында қазақтар
басымдыққа қол жеткізді. Аймақтық ерекшеліктер күшейе
түсті: Солтүстікте, Шығыс пен Орталықта
қазақтар үлесі өсті, қалалану процесі жаңа
бағыт алды – қазақтар қалаға бет бұрды,
халықтың білім деңгейі көтерілді; халықтың
мүліктік жіктелуі күрт күшейіп, жаңа әлеуметтік
құрылым қалыптасты.
Көші-қон
үдерістері де қарама-қайшылықтарға толы
кезеңдерді басынан өткізді. Кеңес өкіметі
дәуірінің соңғы жылдарында, 1970-1980 жж.
басталған көші-қондағы теріс айырым
тәуелсіздіктің алғашқы 13 жылында (1991-2003 жж.)
сақталып, теріс айырым 406,6 мыңнан асып түсті. Осы жылдары
елімізден 2108,5 мың адам
көшіп кетті. Оның басты себебі – көптеген ұлт
өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына,
алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуы болды. Қазақстанның
саяси, экономикалық, әлеуметтік даму бағыттарындағы
орасан зор ғаламдық өзгерістер көші-қон
мәселелерін күрделендірді: көшіп-қонған
адамдардың ауқымы мен көшіп-қону бағыттары
өзгеріп қана қойған жоқ,
көші-қонның жаңа түрлері (амалсыз
көші-қон, жер ауып келген халықтардың тарихи отандарына
қайта кетуі, экологиялық және тағы басқа) пайда
болды.
Әлем
мемлекеттерінің табиғат байлықтарына деген
сұранысының өсуі кенге бай Қазақстанға
қызығушылықтарын арттыруда. Еуразия
құрлығының орталығындағы 2,7 миллион шаршы
шақырым жерді қамтитын Қазақстанның
экономикалық дербестігімен қатар территориялық
тұтастығын сақтауы халық санының өсуіне
тікелей байланысты. Дербес саяси, экономикалық саясат жүргізу
үшін халық санын арттыра түсу маңызды. Сондықтан,
Қазақстандағы көп этнос өкілдерінен
құралған халықтың достығы мен бірлігін
нығайтып, тұрғындар санының тұрақты
өсімін сақтау үлкен міндеттердің бірі болып табылады.
Ал, елдегі этнодемографиялық дамудың басты қозғаушы
күштерінің бірі – көші-қон процестері болып табылады.
Сондықтан, ірі міндеттерді жүзеге асыруда табиғи өсімді
қамтамасыз етумен қатар елдегі көші-қон
құбылыстарын реттеу де ерекше маңызға ие. Республика
халқының санының өсуі нәтижесінде еліміздің
аймақтары, облыстары, соның ішінде оның шет өңірлерін
тұрғындармен, еңбек күшімен қамтамасыз етуге
жағдай жасалады.
ХХ ғ. соңғы онжылдығында республика
халқының 1,2 миллионнан аса адамға кеміді. Осы кезеңде
келгені, кеткені бар 3,6 миллионға жуық адам
қозғалысқа түсті (1991-2000 жж. иммигранттар – 807
мың, эмигранттар – 2772 мың, барлығы 3579 мыңнан аса
адам көшіп-қонды) [3]. Бұл процесс көші-қоншылардың
келген және шыққан жерлеріндегі этникалық
құрылым, халықтың білім деңгейі мен
жастық-жыныстық құрылымындағы, некеге тұру
деңгейінің өзгерістеріне және табиғи өсім
үрдістеріне әсер етті. Ал, халықтың жастық
құрылымындағы өзгерістер
көшіп-қонушылардың белсенділігін айқындады.
Көші-қон
процесіне байланысты кез-келген мемлекет секілді Қазақстан
Республикасы да салиқалы саясат жүргізе бастады. Ол саясат
халықтардың орналасуына, тұрғындар өмір
сүрген жердегі саяси, экономикалық,
әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты
жүргізіледі. Бұл үрдісті жүргізу тетігі мемлекеттік
деңгейде талдандып, сараланып, көші-қон мен халықты
орналастыруға байланысты мәселелер ғылыми білімдер салаларының
қарастыратын мәселесіне айналуда. Тәуелсіз
Қазақстан Республикасы тұрғындардың табиғи
өсiмiн қажет ететiн, елiмiздiң болашақ
ұрпақтарын жалғастыратындай саясатқа
бағыт-бағдар бере алатын демографиялық саясатты алға
қойды. Демографиялық дамудағы басты мақсаттың
бірі осы саладағы келеңсiздікті жою, тұрғындардың
депопуляциялық үрдiстерiн тоқтату және халық
өсімін қамтамасыз ету. Әсіресе, ХХ ғ. 90-жж.
басталған республикадан тарихи отандарына қайта бастаған
басқа ұлт өкілдерінің көші-қонын
тоқтату немесе бәсеңдету. Республикадан басқа
мемлекеттерге қоныс аударушылардың басым бөлігі еңбек
ету жасындағылар, қажетті мамандық иелері, ғылыми сала
қызметкерлері. Қалай дегенмен де елімізге әр кезеңдерде
әртүрлі мақсатпен келген, немесе кеңестік тоталитаризм
кезіндегі күшпен қоныс аударылған басқа
ұлттардың қазіргі ұрпақтарының өз
отандарына біртіндеп қайтуы заңды құбылыс болып
табылады. Қазақ халқының «Басқа елде сұлтан
болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақыл
сөзінің дұрыстығы осы арқылы айқындала
түсетін сияқты. Әлі де басқа ұлт
өкілдерінің біраз бөлігі өздерінің тарихи
отандарына қайтатындығы ақиқат. Оның себептері
тарихи отандарындағы экономикалық, саяси ахуалдың
тұрақтана бастауы, мамандар мен жұмыс қолына деген
сұраныс және т.б. жағдайлар. Сондықтан,
республиканың болашақтағы өркендеуі мен беріктігін
қамтамасыз етуде қазақстандықтардың бір
бөлігінің басқа елдерге қоныс аударуларының
себептерін айқындап, бұл құбылысты неғұрлым
азайту азаматтық міндеттеріміздің бірі.
Жеке дербес мемлекет болып қалыптасып, өз саясатын жүргізе
бастаған Қазақстан алғашқы күннен
бастап-ақ терең тарихы бар көші-қон мәселелеріне
қатысты өз бағытын айқындады. Қазақстан Республикасында өткен кезеңдерде
туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған
отандастарымызды қайтаруда жүйелі істер атқарылды.
Арнайы шаралар арқылы тарихи отандарына қайтқан оралмандар
Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және
мәдени дамуына, демографиялық тиімді ахуалдың
қалыптасуына игі ықпал етіп отыр. Сонымен бірге, орыс тілін жете
білмеулері, тиісті мамандықтарының болмауы және т.б.
себептерге орай, алыс шетелдерден қоныс аударғандардың
бірқатарын жұмыспен қамтамасыз етуде қиындықтар
кездесті. Осы тұрғыда Елбасының Қазақстан
халқына арнаған жолдауында «...мемлекеттік жоспар негізінде келетін
оралмандардың білімдері мен кәсіби шеберліктеріне назар аударуды»
тапсыруы да туған жеріне қайтып оралып жатқан
отандастарымыздың тез арада ел экономикасына үлес қосуларына
деген ұмтылыстан туса керек [4].
Тарих және
этнология институтындағы халықтану және тарихи
тұлғатану бөлімінің ғалымдарының
зерттеулерінде Қазақстан халқының ұлттық
және әлеуметтік құрамының өзгерістеріне
әсер еткен негізгі фактор көші-қон үдерісі деп
көрсетіліп, көші-қон
тарихы үш дәуірге бөле қарастырылады. Үш
дәуірге бөлгенімен, оның ішкі кезеңдерін
әртүрлі көрсетіп келеді. Ғалымдардың бұл
мәселе жөніндегі пікірлерін талдай келіп, солардың ішінде
А.И. Құдайбергенова мен Ж.Ә.
Құдайбергеновалардың [5] тұжырымдарын қолдап,
Қазақстандағы көші-қон процестерін
төмендегідей дәуірлер мен кезеңдерге бөліп
қарастырамыз.
І - дәуір -
отарлық – ХVІІІ ғ. 30-жылдарынан 1917 ж. Бұл дәуір
негізінде үш кезеңге бөлінеді: 1-кезең – ХVІІІ ғ.
30-жылдарынан 1888 ж. дейін – Ресейдің ішкі және басқа
аймақтарынан келген көші-қон негізінде өз бетінше,
ұйымдаспаған, стихиялы түрде болды; 2-кезең – 1889 –
1905 жж.; көші-қон ресми, заң түрінде,
ұйымдасқан жағдайда, негізінде шаруаларды қоныстандыру
саясаты арқылы жүргізілді; 3-кезең – 1905 - 1917 жж.
көші-қон Столыпин аграрлық реформасының
ауқымында, шаруаларды қоныстандыру саясатының өрістеуі
арқылы жүрді.
ІІ-дәуір –
Кеңес заманы – 1917-1991 жж. Кеңес дәуірін 6-кезеңге
бөлуге болады: 1-кезең – 1917-1926 жж. – сырттан келетін
көші-қонның бәсеңдеген жылдары, 1916 ж.
көтерілістен, 1918 және 1921-1922 жж. ашаршылықтан
қазақтардың ауа көшіп, Ресейдің, басқа
шетелдердің (Қытай, Ауғанстан және т.б.)
әртүрлі аймақтарына барып, бас сауғалаған кез;
2-кезең – 1926-1939 жж. – көші-қонның сырттан келген
толқындары қайта өрістеген, соның ішінде басқа
аймақтардағы «сенімсіз халықтар» өкілдерін күштеп
депортациялаудың бастала бастаған, ал қазақтардың
бай-кулактарды тәркілеуден, 1931-1933 жж жаппай ашаршылықтан,
1930-жж саяси қуғын-сүргіннен қырылып, ауа көшкен
кез; 3-кезең – 1939-1945 жж. – Екінші дүниежүзілік
соғыс жылдары – Қазақстанға көптеген
халықтардың тұтас депортацияланған, соғыс
жақын аймақтар азаматтары эвакуацияланған,
Қазақстаннан 2 млндай адам Отан қорғауға
және тылдағы ауыр жұмысқа шақырылған кез;
4-кезең – 1946-1959 жж. – көші-қонның
әртүрлі бағытта, ішкі және сыртқы түрлері
кеңінен жүріп, шарықтаған жылдары. Бұл
халық шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту
үшін, әсіресе тың және тыңайған жерлерді
игеру, одақтық маңызы бар күрделі
өндірістік-территориялық комплекстерді қалыптастыру
үшін сырттан жұмысшы күшін көптеп әкелу, сонымен
бірге депортацияланған халықтар мен эвакуациямен келгендердің
өз тарихи отандарына қайтқан кез; 5-кезең – 1959-1970
жж. – сырттан келетін көші-қон бәсеңдеген,
соңында біртіндеп, теріс айырымға (келгендерден кеткендердің
көп болуына) әкелген жылдар; 6-кезең – 1970-1996 жж. –
сыртқы көші-қонның теріс айырым берген,
Қазақстан халқының саны мен құрамына
әсері әлсіреген кез.
ІІІ - дәуір –
Тәуелсіздік дәуірі – 1991 ж. – осы күнге дейін, бұл
дәуірді екі кезеңге бөлген жөн: 1-кезең –
1991-2003 жж. – шығыс славян, неміс және басқа этностар
өкілдерінің өздерінің тарих отандарына
қайтқан, шетелдердегі қандастарымыздың оралуы
басталған, дегенмен көші-қонның теріс нәтиже-айырма
(сальдо) берген жылдары; 2-кезең – 2004 жылдан басталып, осы
күндерге де жалғасып жата беретін кезең, теріс айырма
(сальдо) оңға айналған жылдар. Бұл кезең енді
ғана басталды, әрі қарай жалғаса береді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. ҚР
Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына
Жолдауы «Әлеуметтік - экономикалық жаңғырту -
Қзақстан дамуының басты бағыты». 2012 ж., 28
қаңтар. // Егемен Қазақстан. – 2012. - 28 қаңтар.
2. Казахстан за годы
независимости 1991-2009. Статистический сборник. – Астана, 2010. – С. 12.
3. ҚРОММ.
64-қ., 1-т., 3394-іс, 19-п.; ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 3945-іс,
55а-п.; Қазақстанның этнодемографиялық жылнамасы.
Статистикалық жинақ. –Алматы: Қазақстан Республикасы статистика агенттігі, 2006. – 440 б.
4. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан
халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік
саясаттың басты мақсаты». 2008 ж., 6 ақпан // Егемен
Қазақстан. – 2008. – 6
ақпан.
5.
Құдайбергенова Ж.А. Влияние миграционных процессов на изменения
историко-демографической ситуации в Казахстане (вторая половина ХІХ – начало ХХ
вв): дисс. …д.и.н.
- Алматы, 2010;
Құдайбергенова А.И. Кеңес дәуіріндегі
Қазақстандағы көші-қон үрдістері:
тарих-демографиялық аспект (1917-1991 жж.): т.ғ.д. ... дисс. - Алматы, 2010. – 331 б.;
Құдайбергенова А.И. Тәуелсіздік жылдарында
Қазақстандағы көші-қон мәселесінің
зерттелуі // Отан тарихы. 2011 - № 1;
Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы
көші-қон үдерісінің басқарылуы (1917-1939 жж.) //
Отан тарихы. - 2011. -№ 2.