Педагогические  науки/ 2. Проблемы подготовки специалистов

 

П.ғ.к., профессор Балкенов Ж.Ш., п.ғ.к., доцент Кипшаков С.А.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Бейнелеу өнеріндегі рухани мәдениетті ұрпақ тәрбиесінде қолдану

 

Рух – жалпы адамзаттық құбылыс, негізінен ол ұлттық формада өмір сүреді. Өйткені, қандай да адам болмасын, ол белгілі бір ұлттың, этностың өкілі. Ұлттық рухтың мазмұны – өз ұлтына деген ерекше сүйіспеншілік.

Ұлттық рухты қалыптастырудың, оны дамытудың негізгі құралы – тәрбие. «Адамға білімнен бұрын тәрбие беру қажет. Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы», деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, қазіргі таңда барлық білім ордаларының алдында «Кімді оқытамыз, кімді тәрбиелейміз, қандай маман даярлаймыз?» деген сұрақ тұр. Сондықтан біздің ойымызша, қазіргі қоғамда өзін-өзі үнемі дамытып отыруға қабілеті бар, рухани құндылықтардың туын ұстаушы, демократия, гуманизм, мәдениет сияқты жалпы адамзаттық бағалы қасиеттерді бойына сіңірген жоғары білімді мамандар қажет.

Солардың ең бастысы – бүгінгі шындықтың ұлттық өнер түрлерінде көркемдікпен бейнелеуін қарастыру – қазіргі бейнелеу өнерінің қаншалықты көркем пішінмен және өмірді қандай дәрежеде игергенін талдау.

Бейнелеу өнеріндегі өмір шындығымен тікелей астасып жатқан, тіршілік етудің әрбір сәтін жіті пайымдап, адам мен қоғам болмысының дамуының тұтас картинасының айшықталуын беретін сала – тұрмыстық жанр. Тұрмыс – сана мен ғұмыр кешу бағдарларын, жалпы әлеуметтік қозғалыс пен оның сан алуан қырларын білдіретін, ішкі психологиялық көңіл-күй алаңы мен мәдени-рухани қалыптардың тұтастандырылған ақиқаты екендігі сөзсіз.

Осы ақиқаттың ішкі мазмұны мен сыртқы формасын анық білдіре алатын және оның тұтастығын нақыштайтын өнердің бір саласы кескіндеме өнері. Кескіндеме өнеріндегі тұрмыстық жанр жалпы азаматтық таным-талғамның шеңберінде дами отыра, әрбір дәуірде, әрбір аймақта өзіндік ерекшеліктерімен дараланған.

Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен өркендеуі де, тұтастай алғанда, тұрмыстық жанрды айналып өткен жоқ. Оның түпкі нышандарының алғашқы байқалу сәтінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі жетістіктер әр түрлі кезеңдерді бастан өткерді. Сондықтан оның тарихи-әлеуметтік алғы шарттарын, қалыптасуының кезеңдерін, даму ерекшеліктерін таразылап өтуіміз керек.

Ғасырдан-ғасырға жалғасқан тұрмыс-тіршілігімізде көркем өнер қолөнермен терең байланыста сабақтасқандығы, оюмен ой айтқан өнерінің күрделі философиялық жүйесі ұсынылғандығы да қазіргі кезеңдегі қылқалам шеберлеріміздің бұл өнердің «жаңа» түрін тез арада игеріп, өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар ұлттық мектеп қалыптастыруға септігін тигізгендігі анық.

Себебі, біз назарға алып отырған басты буын, осы саланың генезисі бір ғасыр көлемінде жүзеге асқан. Ол кескіндеме өнері үшін онша үлкен мерзім емес, өйткені осы өнер саласы батыс елдерінде жүздеген жылдар бойы тәжірибе алаңында шыңдалып шыққан [1].

Тәуелсіздік жылдары едәуір дамыған өнердің саласы – сәулет, мүсін және сыршырай. Бейнелеу өнерінің қайраткерлері тарихи тұлғаларға арнап дәстүрлі классикалық та, модерндік те формада ескерткіштер орнатып, елге танымдық мәні бар істерді атқарып жатқанын, сондай-ақ сәулетшілер қалаларда әр стильде ғимараттар мен үйлер тұрғызып, шаһарларымыздың көркін өзгертіп жатыр.

Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғымды білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды – ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы – қарыз бен болашақ ұрпақ алдындағы – парыз деп түсінуіміз керек.

Қазақтың ұлттық бейнелеу тұрақты көрініс шексіз дала, табиғи кеңістік бейнесі дәстүрлі мазмұнды қамтығанмен, оның аяқталмайтын шексіздігі мәңгіліктің асқақтығын айшықтайтын, тура қабылдау сәтінде адамның өзінің «ұлылық» алдындағы дәрменсіздік сезімін ұғындырады. Осы тұста шексіз даланың көркемдік-ойтолғамдық шарттарын ұсынған Қ.Қабдрахмановтың: «Мен даланың бос кеңістігін ұнатпаймын, бірақ даланың ұшы-қиырсыздығын жақсы көремін. Бұл екі ұғымның арасында айырмашылық та бар... Мен даланың бос кеңістігін ұнатпағанмен, оны теріске шығармаймын, өйткені мен дала адамымын. Даланың бос кеңістігін білмеген болсам, даламның ұшы-қиырсыз екендігін де сезбеген болар едім. Ол – дала адамының, яғни менің өмірім» [2] деген толғанысы да қазақ сахарасының табиғи берілген әсемдігін, асқақтығын, үрейлік пен тұңғиықтылығын айғақтайды, әрі асқақтық пен шынайылықтың осы шексіздікке сыйғызылған нұсқасын білдіреді.

Картинадағы далада, көз алдыңызға елестеген даланың самал желі бетіңді аялағандай болса, шырылдаған бозторғай үнін әлемдегі ең керемет әуенге теңестіресің. «Қазаққа туған жердің мал-жанымен қатар торғайы да сүйкімді көрінеді. Оған құндылықтың бәрі де бірдей. Оның ыңғайға деген құмарттығы оңды жағдайда артты, сол жағдайға бейімделуіне өсті» [3], деп халқымыздың дала философиясын сараптаған ой-пікірлер де біздің осы пікірлерімізді қуаттай түседі.

Осыған орай, бұл жанрдың елімізде одан әрі дамуы мен өркендеуін дәйекті зерттей түсу қажеттілігі туындайды. Бұл мәселе О.В. Батурина атап көрсеткендей: «Проблемы самоидентификации были напрямую связаны с поиском образного выражения ментальности, в изобразительном искусстве в том числе» «Өзін-өзі теңестіруді шешудің күрделі мәселесі тікелей ментальдық бейнелік түрін іздеуге байланысты, бейнелеу өнері де соның ішінде» [4] болатын болса, ендеше біз қарастырып отырған тұрмыстық жанрдың ерекшеліктерін тарихи тұрғыдан ашып көрсету ұлттық рухты, мәдениетімізді қайта жандандыру мен нығайта түсудің шарты болмақ.

Ал, оның түпкі мақсатында инновациялық терең білім алу қажеттілігі мен технологиялар әлемінде қабілеттілік таныту сұранысы мен мұндалап тұр.

 

Әдебиеттер:

 

1. Бытовой жанр. Истоки: Материалы из Википедии свободной энциклопедии: Версияи 11451024, сохран. В 12:40 UTC 15 ОКТЯБРЯ 2008// Википедия, 2008.-Режим доступа: http// ru. Wikipedia.org/? Oldid=11451024

2. Әлемдік мәдениеттану ой санасы. Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеттану парадигмалары // 10 томдық. – Алматы: Жазушы, 2006. – 10 т.

3. Молдабеков Ж. Төлтуманың рухани бастаулары// Проблема духовности в современном мире. Сборник материалов международной научно-теоретической конференций, посвященной 70-летию К.Ш. Шулембаева. 16-17 марта 2007 г. КазНПУ им. Абая, ИФиП МОН РК, АСНК, Алматы.- Издательство «СаГа». -2007. 560 с.- 58-63 бб.

4. Батурина О.В. Пейзажная живопись Казахстана. – Алматы: Арекет, 2009.-163 с.