Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті

(Алматы қ.)

Kulyanda2009@mail.ru

famous-scientists.ru /11624/

 

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ

МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

 

       Берілген  мақалада  «Қазақ тілін оқытудың  тарихы» пәнін магистратурада  оқытудың мақсаты мен негізгі міндеттері қамтылған.

 

      This article discusses the main objectives and learning objectives of the subject "History teaching Kazakh language" undergraduates

 

      Қандай да болмасын ғылымның, тіптен  оның  жекелеген мәселелерінің өзіндік  қалыптасу  тарихы  болатындығы  ақиқат.

      Сондықтан қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми пән ретіндегі  мазмұнына сүйене отырып, оның қалыптасу және даму тарихын анықтау мәселесі  өзекті  болып табылады.

      Осыған орай озық әдістемелік ой-пікірлердің негізінде қазақ тілін оқытудың қалыптасу және даму кезеңдерін зерделеу қажеттігі туады.     

       «Қазақ тілін оқытудың  тарихы» пәнін  оқытудың мақсаты – өз алдына жеке ғылым саласы  болып есептелетін қазақ тілін оқыту әдістемесінің қалыптасуы мен даму тарихын  оқыту.

«Қазақ тілін оқытудың  тарихы» пәнінің негізгі міндеттері:

·        қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми пән ретіндегі мазмұнының негіздеріне сүйене отырып,оның қалыптасу және даму кезеңдерін нақтылау;

·        қазақ тілін оқытудың кезеңдерін анықтап, әр кезеңнің даму сатыларына сипаттама беру.

 «Қазақ тілін оқытудың  тарихы» пәнін оқыту нәтижесінде магистр:

·        қазақ тілін оқыту әдістемесінің    қалыптасып  дамуындағы  негізгі бағыттар мен ұстанымдарды білуі тиіс;

·        қазақ тілін оқытуға байланысты  ғалымдардың әдістемелік еңбектерінің осы ғылымды қалыптастырудағы қызметі, орны жайында жүйелі білімдері болуы қажет;

·        әр кезеңде қазақ тілін оқытуға қатысты жазылған ғылыми-әдістемелік еңбектерді талдап, жинақтай алатын дағдылары болуы керек. 

Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты екендігі Тіл туралы Заңда көрсетілген. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесі берілуіне байланысты тілді оқыту мәселесі қолға алынып, соңғы кезде қазақ тілін оқытуға байланысты зерттеулер, ғылыми еңбектер қатары көбейді.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі  өзінің қалыптасуының бастапқы кезеңдерінде білім мазмұнын анықтау жұмыстарынмен, яғни  бағдарламалар мен оқулықтар жасаумен сипатталды. Қазақ тілінің мектепте пән ретінде қалыптасуында әдебиет оқулықтарының, олардың авторларының тарихи қызметін атап өту орынды. Қазақ тілінің алғашқы оқулықтары мектептегі білім көлемін анықтау, жас өрендерге білім-тәрбие берумен қатар, қазақ тілін оқыту ғылымының баспалдағы қызметін де атқарды.

Жеке пәндерді оқыту әдістемесін тарихи тұрғыда зерттеу өзекті мәселелердің қатарына жатады. Білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие мен оқытудың үздіксіз процесі екендігі «Білім туралы Заңда» атап көрсетілген. Қазақ тілін оқыту да осы міндет үдесінен көрінуі тиіс.