Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті
(Алматы қ.)
famous-scientists.ru /11624/
ҚАЗАҚ
ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНДЕГІ
ЫБРАЙ
АЛТЫНСАРИННІҢ РӨЛІ
Қазақ
даласында тұңғыш рет мектептер ашқан ұлы
ағартушы Ыбрай Алтынсарин оқыту жұмысы әрбір мектепте
оқу құралымен жүргізілуі керектігіне ерекше мән
беріп, өзі алғашқы оқулықтарды жазған.
Ағартушы өзі жазған оқу
құралдарында көрнекілікке де мән берген.
Бұған оның «сол кездегі баспаның мүмкіндігінше,
балаларды түсіндірулермен жалықтырып алмас үшін,
сөздердің бүкіл грамматикалық өзгерістері мен
жалғауларын ірі, ал екпінділерін курсив әріптерімен белгілеп
бердім», – деген сөзі дәлел. Әрине, ағартушы өзі
жазған оқу құралдарында қазіргідегідей
көрнекіліктің түрлерін пайдаланды деп айта алмаймыз,
бірақ балаларды сабаққа қызықтыруда,
жалықтырмауда, өтілген материалды оқушының жақсы
меңгеруіне яғни тілдік
жадығаттарды тиянақты игерген баланың сөйлеу
тілі де дұрыс дамитындығына көрнекіліктің септігі
тиетіндігін ескергендігі бұл сөзінен анық
аңғарылады. Бұдан Ыбрай Алтынсарин оқулығы
дидактиканың көрнекілік қағидасына негізделгендігі де
байқалады. Ал көрнекілік оқушыны сабаққа
қызықтыратын әрі сөйлетуге, сөздік қорын
байытуға әсер ететін, сөйтіп оқушы тілін дамытуға
ықпалы күшті әдістің бірі екендігі белгілі.
Көрнекіліктерді студент тілін дамытуда да кеңінен
қолдануға болады. Бұдан ағартушы өз оқулықтарында
белгілі бір қағидаларды сақтағаны, яғни,
қазіргіше айтқанда, дидактикалық ұстанымдарды ескергені
анық сезіледі. Олай болса,
дидактикалық қағидаларға сәйкес
жазылған Ыбрай Алтынсарин оқулықтары оқушыларға
тек қана грамматикалық білім жүйесін меңгерту
мақсатын көздеп қойған жоқ,
оқушылардың тілін дамыту міндетінің де ауыр жүгін
көтеретіндей дәрежеде болғаны деп есептейміз.
Ыбрай
Алтынсарин сонымен бірге, әр сабақта таныстырылатын жаңа
тақырыпты оқушылардың тиянақты меңгерулеріне
ерекше көңіл бөлген. Ағартушының өз
сөзімен айтқанда, «...балалар берілген сабақты түсініп
алғанға дейін, орынсыз ілгері озып кетуге болмайды». Әрине
бір тақырыпты оқушы меңгергенше соза беруге
болмайтындығы, әр тақырып бағдарламалық
талапқа сай белгіленген сағат бойынша өтілетіндігі –
қазір де әдістемедегі басты талап. Ағартушы бұл жерде
мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр, яғни
өтілген тақырыпты оқушы жақсы меңгергенше, келесі
сабақтарда қайталап отыру секілді әдіскерлік шеберлікке
меңзейді. Олай болса, өтілген тілдік материалдарды қайталап,
оқушы есіне түсіру – тек ережені немесе жеке сөздерді айтқызу емес, баланы
сөйлеуге жетелейтін жұмыс
түрлерін жүргізу деген сөз. Өтілген тақырыпты
қайталап отыру тілдік нақты материалдар арқылы жүзеге
асатындығы белгілі. Бұл жұмыста мұғалім сол
тақырыпқа сай келетін
көркем сөз үлгілерін кеңінен пайдалана отырып,
тақырыптың нысанасын сол мәтіндерден тапқыза отырып,
әрі ережені есте сақтауға, әрі оқушы тілін
дамытуға мүмкіндік жасайды. Олай болса, ағартушының
бұл әдісі де тіл дамытуға ықпал етеді. Бұл әдісті студент тілін
дамытуда да пайдалану тиімді болып табылады.
Ыбрай
Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық
қызметін зерттеген Ә.Сытдықов оның «тілді
үйретуде алғашқы сабақтар керектігі сөздік
қорды жинақтауды қамтамасыз ететін қызықты
әңгіме айту, сөйлесуден құралуға тиіс
екендігін, оқушы белгілі мөлшерде сөйлеу материалын
меңгеріп, ... сөздердің жай ерекшеліктерін айыра білетін
болуға тиіс», – деген пікірлерін дұрыс сараптап көрсеткен.
Ыбрай Алтынсарин оқушының
сөздік қорын байытуда қызықты әңгіме айту,
сөйлесудің мәні үлкен екеніне назар аударған.
Қызықты әңгіме айтуға, сөйлесуге
бағыттайтын сабақ екінші тілді үйретуде ғана емес,
өз ана тілінде оқытатын мектептер үшін де тиімді,
сондықтан бұл жұмыстар қазір де күнделікті
сабақта мектептерде ғана ескеріліп қоймайды, жоғары
оқу орындарында студент тілін дамытуға да пайдалы тәсіл болып
табылады.
Сондай-ақ Ыбрай
Алтынсариннің сөйлеуге үйретудің, жазуға
жаттықтырудың тәсілдері, грамматиканы үйренудің
әдістері жайлы айтқандары мен К.Ушинскийдің көзді де, қолды
да, құлақты да, тілді де, зейінді де үйрету керек,
баланың барлық қабілетін арттырып, оның дербестігін
күшейту керек деген әдістемелік нұсқауларында
ұқсастықтар бар. Мұндай
ұқсастықтың болуы да заңды, өйткені
К.Д.Ушинскийдің балаларға арнаған шығармаларын
қазақшаға аударған, өз оқулығына
енгізген ағартушы оның әдістемелік еңбектерімен таныс
болмады деп айта алмаймыз. Бұдан Ыбрай Алтынсариннің тек қана
оқулық авторы емес, бала психологиясына да көңіл
бөліп, қайткенде де жас ұрпақты сөзге шебер,
тәрбиелі, білімді етіп шығаруға ынтазар болғаны
көрінеді.
Мектептердегі
бірнеше жылдық тәжірибесінің негізінде ағартушы
«оқыту жұмысы мағынасыз болмауы үшін,
оқылған сабақтың мәнісін түсіндіріп, таныс
емес сөздерді жаттап алуы үшін, жазып алатын дәптер
береміз»,- деген әдістемелік ой айтады және бұл жұмысты
оқушылар емін-еркін оқи бастағанда қолдану керектігін
ескертеді. Ағартушының бұл айтып отырған таныс емес
сөздердің мағынасын түсіндіру, оны бөлек
дәптерге жаздырту, жаттығу секілді жұмыс түрлері
қазіргі мектептердегі жүргізілетін сөздік
жұмысының алғашқы сүрлеуі деуге болады.
Өйткені қай сыныпта да болмасын сөздік жұмысының
жүйелі түрде іске асуы керектігі – тіл дамыту жұмысындағы
басты міндеттердің бірі. Ал сөздік жұмысының
жүргізілуі жайында кейінгі буын әдіскер ғалымдар да өз
еңбектерінде ескеріп отырған.
Ағартушы өзі
жазған оқулықтарында балаларға тәлім-тәрбие
берерлік, өсиет-өнегеге құрылған
әңгімелер мен өлеңдерді кіргізді. Ол хрестоматиясы арқылы балаларды тек қана
оқуға, білім алуға үндеп қойған жоқ,
оларды адамгершілік, ізгілікке, еңбекқорлық, адалдық,
қайырымдылық секілді жақсы
мінез-құлыққа тәрбиелеуге ерекше мән берді.
Ағартушының оқулығындағы әңгіме,
өлеңдердің әрқайсысының мазмұны
тәлім-тәрбиеден тұратындығын қаншама ұстаз
өз шәкірттеріне ұғындырғанын, әлі де
ұғындыра беретіндігіне дәлелдің еш керегі жоқ.
Олай болса, Ыбрай Алтынсарин оқулығында дидактиканың білім
мен тәрбие бірлігі ұстанымының іске асқандығын да
мойындауымыз қажет. Ағартушының
оқулықтарындағы әңгімелер, өлеңдері
күні бүгінге дейін мектеп оқулықтарында әрі
білімдік, тіл дамытушылық, әрі тәрбиелік мақсатта
кеңінен пайдаланылып келе жатқаны белгілі. Жоғары оқу
орындарында да жаттығу мәтіндерінің теориялық
тақырыптарға сай болуымен қатар, тәрбиелік
жағынан да көңіл бөлінеді. Сондықтан Ыбрай Алтынсарин
оқулықтарынан басталған мәтінге қойылатын талап
жоғары мектеп оқулықтарына да негіз болады.
Ыбрай
Алтынсариннің оқулықтары мен оның әр кезде
жазған хаттарынан күні бүгінге дейін әдістеме
ғылымында оның ішінде тіл дамыту әдістемесінде үлгі
боларлық осындай жайттарды молынан кездестіруге болады. Ең бастысы,
ұлы ағартушы еліміздегі тұңғыш оқулық
авторы ретінде танылды және таныла береді. Белгілі ғалым Ахмеди
Ысқақов Ыбрай Алтынсарин оқулығының
жазылғанына жүз жыл толуына орай жазған мақаласында «Балаларды
ана тілінде оқыту, ана тілінде оқулық жасау, кітап, газет
шығару, көркем әдебиетті дамыту, ана тілінде ғылыми
еңбек жазу... тағысын тағы игі істерді бастаушы да, бұл жөнінде
үлгі көрсетуші де Алтынсарин болды.
Қазақ тілінде
оқулық жасау, оны мектепте оқыту – оның
тұңғыш перзенті... Ыбрай Алтынсарин ана тілінде де
нағыз білім алуға, ғылым жасауға, мәдениетті
көркейтуге болатынына жұрттың көзін жеткізді. Бұл
үлкен де, болашағы мол, өрелі мәдениетке жасалған
алғашқы қадам еді.
Бұл мұраны
біз бек қадірлейміз, ұмытпаймыз! Оны ілгері дамыта береміз», –
деген өте орынды тұжырым жасаған.
Ал
ғалымдар А.Құсайынов пен Ә.Асыловтар ағартушы
оқулығының әлі күнге дейінгі
құндылығы жайында «Ұлы педагогтің хрестоматиясына
енген даналық хикаялар мен аңыздар, ауыз әдебиетінің
үздік үлгілері мен өзінің тамаша туындылары
қазіргі оқулықтар мен оқу құралдарында
(оқулық- хрестоматиялар, оқу кітаптары, мазмұндамалар
мен диктанттар, жаттығулар жинақтары т.б.) жиі
пайдаланылатындығын, ал оның сыры – автордың
дарын-даналығына қоса, «желкілдеп өскен көк
шөптей» жас ұрпаққа деген әкелік ұлы
сүйіспеншілігінде, оларға ұсынатын дүниелерді
іріктеудегі асқан жауапкер- шілігі мен өз мәнін ешқашан
жоймайтын адамгершілік құлық нормалары мен
құндылықтарын негізгі өлшем етіп алуында болса керек»,
– деген құптарлық пікір айтқан.