Медиева С.Х.,Асетова Ж.Б.,Намесхан А.

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ., №86  ЖББОМ Қарағанды қ.  Қазақстан

Кіші мектеп жасындағы оқушыларды

тәрбиелеу мен білім берудің отбасымен сабақтастығы

 

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адмдаы қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және жеке адамның шығармашылық рухани, біліктілік күш қуатын жетілдіру, жеке тұлғаның жан-жақты толысуына жағдай жасай отырып, зерделі азамат даярлау міндеті көзделген. Қоғамдағы болып жатқан түрлі бағыттағы өзгерістер жоғарғы мектеп жағдайында білім берудің қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен саралай отырып, бағалауды, жастарды шығармашылық әлеуметтік дамытуды талап етеді.

Баланың жеке тұлға ретінде дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңейту үшін арнайы сабақтар, тәрбие жұмыстары жүргізілуі қажет.   

Жанұя – бала өмірінің айнасы. Баланың бос уақытын ұйымдастыруда ата-ананың ықпалы зор. Бос уақытын орынды және түрлі тәрбие жұмыстар арқылы пайдалану, сабақтан тыс уақытта жүзеге асырылады. Бала 24 сағаттың 5-ақ сағатын мектепте өткізеді, ал қалған 19 сағатын үйде өткізеді. Мектепте білім берумен қатар тәрбие жұмысы жүргізіледі. Сондай-ақ әр сабақта, әр сынып сағаттарында, үзіліс кезінде де үнемі бала тәрбиесінде көңіл бөлініп тұрады. Бұл аз. Кейбір ата-аналар баланың бос уақытын пайдалануына көңіл бөлмейді, теледидар көруден бас алмайды. Оның бала көретіні, көрмейтіні болады. Оған ата-ана тыйым салмайды. Қазір телесериалдың балаға деген тәрбиелік мәні аз жоқ десе де болады. Бұл баланы тәрбиелеуге кері әсер етеді. Баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастырудың мәні зор. Оған мектеп ата-ана, мұғалім де аса назар аударуы керек[2].

Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың дербестігін тәрбиелеу үшін тәрбиеші ойынды қарапайым қимыл ойындарынан бастап күрделі «Сақина салмақ», «Қыз қуу», т.б. балалар тобына біріктіре отырып біртіндеп көбейту керек. Мұндай жағдайда тәртіп-тірлікке тәрбиелеу яғни ойын ережесін орындау да тәртібіңді, мақсатыңды іс-әрекетке ұштастыратыны белгілі.

Қандай да болмасын жаңа ойынмен таныстырғанда алғашында талапты тәрбиеші, кейін ойын бірнеше рет қайталанған соң, балалап бір-біріне ойын ережесіне сай талап қоя бастайды. Сонымен даярлық топта тәрбиеші қимылды ойындарды ұлттық және спорттық деп бөле отырып, ойын ережесіне сәйкес өз беттерінше бірлесіп ойнауға үйретеді, ол балаларды болашақта өз ортасында қалай өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Көп жағдайда тәрбиеші ұсынатын ойынды өз тобында кімдер біледі, қалай, кіммен ойнауға болатынын сұрап өзі қалаған балалармен ойнап көрсетуді ұсынады. Қажет жағдайда көмектесе отырып, балалардың бір-бірімен санаса отырып, келісе, ойын мазмұнына орай іс-әрекет жасауға үйретеді. Бұдан шығатын қорытынды: олардың таным, қимыл белсенділігін арттырып, ептілігі, тапқырлығы шыңдалады. Ойын баласынан ойлы дананың өсіп шығуы-өмірдің кезекті заңы. Бұл заң жөнінде С. Торайғыров «Ой дегеніміз қарапайым білім негізін үйрету мен тәрбиелеуде ойын арқылы баланы мектептегі оқу ісіне дайындау болып табылады. Бұл жерде істің тетігін шешетін басты тұлға-тәрбиеші». Олай болса бүгінді тәрбиешінің педагогтік шеберлігі қаншалықта жоғары болса, оның шығармашылықпен жұмыс істеуі соншалықты тиімді болмақ [1].

Жас ұрпақ өз халқының мәдениетімен, асыл мұраларымен ұлттық әдебиеттер арқылы танысып келеді. Халық ойынды тәрбие құралы деп таныған. Ойында сабақта қолдану оқушылардың ой-өрісін жетілдірумен бірге, өз халқының асыл мұраларын бойына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізе білу құралы.

Ойын арқылы бала қоршаған оратын өз бетінше зерделейді.

Соның нәтижесінде өзі көрген жағдайларды отбасылық тұрмыс пен қызмет түрлерін жаңғыртады. Мәселен, қазақтың ұлттық ойындары: «Бәйге», «Көкпар», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Қыз қуу», «Тоғызқұмалақ» т.б. балалардың еңбекке деген қарым-қатынасы мен қабілеттерін арттырады.

Ойын дегеніміз-адамның ақыл ойын дамытатын, қызықтыра отырып ойдан-ойға жетелейтін, тынысы кең, алысқа меңзейтін, қиял мен қанат бітіретін ғажайып нәрсе.

Ұлы педагог В.И.Сухомлинский: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәтіндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды», - дейді.

Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі.Оқу үрдісінде ұлттық ойын элементтерін пайдалану сабақтың тақырыбы мен мазмұнына сай алынады. Сонда ғана оынң танымдық, тәрбиелік маңызы арта түседі. Балаларды әсіресе, «Сиқырлы қоржын», «Көкпар», «Асық» секілді ұлттық ойындарға қатыстыру өте тиімді екеніне көз жеткізу қиын емес. Бұл оындарды жаңа материалды бекіту немесе қайталау кезінде қолдану керек деген пікір бар. Бада ойынның үстінде не соңында өзінің қатысу белсенділігіне қарай түрлі баға алуы мүмкін. Тәрбиеші әр баланың еңбегін бағалап, ынталандырып отыруы тиіс. Ойынның тәрбиелік маңызы мынада: ол баланы зеректікке, білгірлікке баулиды[3].

Бабаларымыздың асыл қазыналарына деген көзқарасын құрметтеуге, сөз әсемдігін сезінуге үйретеді. Батылдыққа, өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше еңбекке баулу сабағын ұлттық ойындар арқылы сабақтастырып түсіндіру пән тақырыптарын тез, жылдам меңгеруге ықпал етеді. Оқушының сөз қорын байытады.

Әр халық ұрпағының қайырымда да адал, әділ де ержүрек, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор, ар-ұяты мол, кішіпейіл болып өскенін қалайды. Ол үшін халық өзінің талай ғасырлар бойы жасап, әріден келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-дәстүрлеріне арқа сүйейді. Енді осы ұлттық ерекшеліктердің баланы тәрбиелеп мектепке даярлауға қажетті әдіс-тәсілдердің тиімді пайдаланылуы ғана бізге қажетті нәтижелерге қол жеткізбек.

Бұл жолда біз болашақ педагог- тәрбиешілер, ғалымдар, халақтық төл ерекшеліктерін терең меңгеріп, оларды бала тәрбиесінде алатын рөлін айқындап алуымыз керек. Ертеңгі болшағымыз – өскелең ұрпаққа сол тұрғыда білім- тәрбие беруіміз қажет-ақ. Мысалы, ұлттық ерекшеліктердің ішіндегі баланы мектепке даярлауда болсын, жалпы бала тәрбиесі болсын, тікелей тұтқасы ұлттық ойындар болып табылады.Біздің халқымыздың ұлттық ерекшеліктерінің қай-қайсысы болмасын бір-бірімен тығыз байланыста отырып, айналып келгенде халықтық, ұлттық колоритке, халықтың тұрмыс-тіршілігінің көріністеріне, ұлттық мінез-құлыққа келіп тірелетіні белгілі. Ұлттық ерекшеліктердің бай мұрасын жинақтай келе, оның бала тәрбиесіне тигізер асыл қасиеттерін іріктеп, «Халықтық педагогика» деген атпен бала тәрбиесінде қолданып жүргеніміз белгілі [4].

Халықтық педагогика-тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Халықтық педагогиканың бүгінгі күннің талап-тілегімен ұштастырыла жүргізілуі көп жетістіктерге қол жеткізбек. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары (эпос, ертегі, аңыз, шешендік сөздер, т.б.) бала тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тірелетіні сөзсіз.

 

Әдебиеттер:

1.     Измайлов А.Э. Народная педагогика возрении народов средней Азии и Казахстана. М., «Педагогика», 1991.

2.     Жазықбаева Ұ.П. Бастауыш сатыда жеке тұлғаны ұлттық тұрғыда қалыптастыру. «Бастауыш мектеп» журналы №10, 2012ж. 3 бет.

3.     Берғалиева С. Оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие беру. «Бастауыш мектеп» журналы №3, 2012ж. 60 бет.

4.     Оразбаева Б.З. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ата-ана рөлі. «Бастауыш мектеп» журналы №1, 2012ж. 54 бет.