Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті

(Алматы қ.)

Kulyanda2009@mail.ru

famous-scientists.ru /11624/

 

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ТҰҢҒЫШ

ОҚУЛЫҚТАРДЫҢ АВТОРЫ

 

       Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде белгілі ғалым Рабиға Сыздықова осы салада «одан кейінгі нақты іс істеген екінші адам (екінші Алтынсарин) – Ахмет Байтұрсынұлы», – деген әділ баға берді.

      Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін пән ретінде оқытатын тұңғыш оқулықтар – «Тіл – құралдың» үш бөлімін жазған. Ғалым бұл оқулығын жазғанда, қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек деп есептеп, сондықтан бастауыш мектептегі оқуға шамалап, қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін балаларға оқытуға арнап «Тіл – құрал» деген оқулықтарын шығарған.

      Автордың өз сөзінен  бұл анық көрінеді: «Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуымыз тиіс. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар, қазақ тілін наху, сарфы да үйретілерге керек. Үш жылдық бастауыш мектептегі оқуға шамалап қазақ тілінің наху, сарфын бөліп, балаларға ыңғайлы түрмен осы «Тіл – құрал» деген кітапшалар- ды шығарудамыз».

       Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтарында тілдің теориялық жағын меңгертумен қатар, тіл дамыту жұмыстары да қамтылған. «Тіл – құралдың» бірінші бөлімінде атауыш сөздер деген тақырыппен зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік туралы қысқаша мағлұмат берген, яғни осы сөз таптарының ережелерін, сұрақтарын мысалдармен көрсетіп, сол сөз таптарын оқушыларға тиянақты меңгерту үшін дағдыландыру, сынау мақсатында жаттығулар берілген. Ғалым бұл жаттығуларда мақал-мәтелдерді кеңінен пайдаланған. Мысалы, «Зат есім» тақырыбына қатысты жаттығуларда мақал-мәтел сөйлемдерінен зат есімдерді табу, астын сызу деген тапсырмалар көрсетілген. Мұндай тапсырмаларды беруде әдіскердің оқушылардың теориялық материалдарды меңгеруін ғана емес, тіліміздің асыл қазынасы мақал-мәтелдерді оқып, есте сақтауларын, сөздік қорларын толықтыруын көздегені анық байқалады.Ал «Сын есімге» қатысты дағдыландыру жаттығуда сын есімді зат есіммен тіркесте беріп, қайсысы зат есім, қайсысы сын есім екендігін айырту тапсырмасын көрсете отырып, ғалым қарама-қарсы мағыналы сын есімдерді алған (жақсы кісі, жаман мал; биік тау, аласа ағаш т.б.). Олай болса, Ахмет Байтұрсынұлы бұл жаттығуда да оқушыларға сын есім жайында теориялық білім берумен қатар оқушылардың назарын сөз мағыналарына аударуды мақсат еткені байқалады. Оқушылардың қарама-қарсы мағыналы сөздермен танысып, дағдыланулары олардың сөздік қорларын жетілдіретіндігі анық. Сын есімге берілген сынау жаттығуында да мақал-мәтелдер сөйлемдерін көшіріп, ондағы сын есім сөздердің астын сызу тапсырылған. Бұл тапсырманы орындау барысында да оқушылар сөйлем ішінен тек сын есімді табуға дағдыланып қоймайды, сан ғасыр халық жадында сақталып, ой елегінен өткен сөз асылы ­– мақал-мәтелдермен сөздік қорларын байытады.

       Ахмет Байтұрсынұлы оқулығында сөз тұлғалары

·  түбір сөз,

·  туынды сөз,

·  қос сөз,

·   қосалқы сөз,

·   қосымшалар  

деп бес түрге бөлініп, әрқайсысының ерекшелігін көрсеткен. Ғалым бұл тақырыпта сөз тудырушы жұрнақтарға ерекше көңіл бөлген, яғни он тоғыз түрлі жұрнаққа жеке-жеке сипаттама және дағдыландыру жұмыстарын берген. Мысалы, -лық жұрнағына дағдыландыруға 94 сөз беріп, сол сөздерге -лық жұрнағын жалғап, туынды сөз жасауды тапсырған. Осылайша оқушылар -лық жұрнағы арқылы туынды сөздерді жасап дағдыланады, әрі сол сөздер арқылы сөздік қорларын байытады. Бұдан ғалым оқулығындағы жаттығулардың қай-қайсысы да оқушылардың теориялық білімді меңгеруіне де, сөздік қорын байытып, тілін дамытуға да мүмкіндік беретіндігі анық байқалады. 

Белгілі ғалым Н.Оралбаева Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына арналған ғылыми теориялық конференцияда жасаған баяндамасында ғалымның әдістемелік еңбектерінде уағыздаған, өз әліппе, оқулықтарын жасауға қолданған әдістемелік қағидалардың бірсыпыра екендігін айта келіп, солардың біразына тоқталған. «Тіл – құралға» халқымыздың  тарихындағы тұңғыш құнды оқулық», – деп баға берген. Мәселен, дидактиканың жеңілден ауырға деген қағидасының А.Байтұрсынұлы еңбектерінде әр қырынан көрінетіндігін, яғни алдымен ғалым оқушыға тілден білім беруде оқушының білімді меңгеру мүмкіндігін ескеруді ұсынып, оқушының әлі жетпейтін шамадан қиын материал беруге ғалым қарсы болғандығын, сондықтан да сабақты жеңіл мәселеден бастауды қатты ұстанғандығын дәлелдеген.А.Байтұрсынұлы қолданған бұл ұстаным оқушының теориялық білімді меңгеруі үшін ғана емес, сөздік қорын жетілдіріп, дұрыс сөйлеуіне бағыттайтын жұмыстар үшін тиімді екендігі анық. Өйткені қандай жұмыстың түрі де жеңілден ауырға қарай жүргізілсе, нәтижелі болатындығы анық. Мысалы, ғалымның «Етістік» тақырыбына берген дағдыландыру жаттығуы екі сөзден тұратын сөйлемдер болса (кісі сөйлейді, түйе боздайды, ит үреді т.б.), ол сөздердің қайсысы зат есім, қайсысы етістік екенін табу оқушыға қиын болмайды. Ал одан кейінгі сынау жаттығуының сөйлемдері күрделендіріліп, құрмалас сөйлемдер түрінде берілген. Сынау жаттығуын тағы да мақал-мәтел, жұмбақтарға құрған. Мұндай жаттығулардың оқушы тілін дамытуда да ықпалы бар екендігіне ғалым ерекше көңіл бөлген. 

А.Байтұрсынұлы оқушыға қазақ тілінен білім беруде оқушының білімді меңгеру мүмкіндігін ескеруді алға қояды. Оқушының әлі жетпейтін шамадан қиын материал беруге ғалым қарсы болған, сондықтан да сабақты жеңіл мәселеден бастауды қатты ұстанған. Бұл қағида тіл дамыту ісінде де ескерілуі қажет,яғни тіл дамытуға қатысты жұмыстар да бірте-бірте күрделендіріліп жүргізілсе, нәтижелі болады. Олай болса, А.Байтұрсынұлы ұстанған қағидалар тіл дамыту мәселесінде де құнды.

       Бұл қағидаларға А.Байтұрсынұлы әдістемелік еңбектерінде ғана көңіл бөліп қоймаған, оларды оқулық жазуда да ескерген. Ғалым оқушыларға тез хат танытуды көздеп, оқуға, жазуға үйретуді өте қысқа, аз дыбыстан тұратын сөздерден, яғни шағын сөздерден бастап оқытуды, содан соң келесі сатыда екі сөзді, үш сөзді сөйлемдерді беру арқылы күрделендіру әдісін пайдалан- ғандығын Н.Оралбаева ерекше атап көрсеткен.

 А.Байтұрсынұлы әліппе, оқулықтарында көрнекілік ұстанымына сәйкес оқушыны жалықтырмай, қайта қызықтыру үшін көрнекіліктерді түрлендіріп пайдаланған және әр көрнекілікті тиісті, өз орнына қарай қолданған.  А.Байтұрсынұлы оқулықтарында бейнелі көрнекіліктер (суреттер), символды көрнекіліктердің ішінде топшама (карточка), кестелер (таблица) кеңінен қолданылғанын А.Қыдыршаев өте орынды көрсеткен Ал бұл көрнекіліктер тіл теориясын оқытуда да, тіл дамытуда да тиімді әдіс екені қазіргі әдістемеде де анық байқалады.

       Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтарында тек оқуға жеңіл қысқа сөзді ғана алып қоймай, ол сөздердің жаңа өтілетін әріппен бірге қайталануын да көздеп, екі дыбыстан тұратын сөзден бастап, барған сайын сөздің дыбыс қана санын көбейтіп, күрделендіріп отырған. Олар соншалықты шебер таңдалып алынған, онда дыбыс қана қайталанбай, буын да қайталанып отырған. Бұл оқушының оқуын жеңілдетеді, есте сақтауына да күшті әсер ететіні сөзсіз.

       Аталған әдістердің бәрі де тіл дамыту үшін пайдалы, оқуға, жазуға үйретудің, тіл дамытудың жеңіл жолын іздеуден шыққан.

       Шындығында да А.Байтұрсынұлы оқулықтары, әдістемелік құралдары сол кезеңдегі өз тұстастары үшін ғана емес, күні бүгінге дейін құндылығын жойған жоқ. Бұған әдістеме ілімі бойынша соңғы кезде жазылған зерттеулерде Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектеріне, әліппе, оқулықтарына жоғары баға беріліп, бүгінгі оқыту ісімізбен сабақтастығы айтылып жүргендігі дәлел болады.

       А.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» деген кандидаттық диссертациясында ағартушы ғалымның өмір сүрген кездегі әдістеме ілімінің дамуын, әдіскердің әдістемелік ізденістерін тарихи-ғылыми тұрғыдан байыптап, оның  қазақ тілін оқыту әдістемесінің ірге тасын қалаған тұңғыш әдіскер ғалым екендігін дәлелдей келіп, ағартушы ғалымның әліппелеріндегі, тіл құралындағы тәсілдердің қазіргі оқулықтарда да кездесетіндігін, әсіресе, жаттығу түрлеріндегі ұқсастық жиі ұшырасатындығын, оның ішінде тіл дамытуға арналған жаттығуларды да нақты мысалдар арқылы көрсеткен. Өз ойын жинақтай келе А.Қыдыршаев «Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы», «Мактубаты» қазіргі бастауыш сыныптың «Ана тілі» оқулығының атасы, А.Байтұрсынұлының «Әліп-би», «Тіл – құралдары» – осы күнгі «Әліппе», «Қазақ тілі» оқулықтарының атасы», – деген түйін айтады.

       Бұдан А.Байтұрсынұлы өз оқулықтарында тіл дамытудың тамаша үлгілерін жасағаны анық байқалады.  

       Бұл аталған әдіскер ғалымдардың қай-қайсысы да қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының жүйелі қалыптасуына үлес қосты дегенде, олардың ұстаздық тәжірибелерінің үлкен көмегі болғандығын, сол тәжірибелерін қорыта отырып, ғылыми-әдістемелік еңбектер, оқулықтар, оқу құралдарын жазғандарына ерекше мән береміз. Әдіскер ғалымдардың әрқайсысының да әдістеме ғылымында сіңірген еңбектері өз кезеңі үшін қаншалықты мәнді де мазмұнды болса, әдістеменің кейінгі дамуында да соншалықты құнды. Өйткені, олар жазған оқулықтар мен оқу құралдары, әдістемелік еңбектері қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің негізін құрайды. Бұл алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарының құрылысын, әдістемелік негіздерін,  олардың бүгінгі оқыту ісімізбен сабақтастығын, үндестігін анықтау арқылы  оларды студент тілін дамыту мәселесін зерттеуде басшылыққа аламыз.

       Ғылымның бастау көздерін білмей, қай мәселенің де қазіргі дәрежеге қалай жеткенін түсіну қиын. Сондықтан осы аталған ғалымдардың ғылыми-шығармашылық еңбектеріне тоқтала отырып, олардың оқулықтары мен оқу құралдары дидактикалық қандай ұстанымдарға сүйеніп жазылғандығын, қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланғандарын, тіл дамыту мәселесіне қалай көңіл бөлгендерін айқындай отырып, сол әдіс-тәсілдердің пайдалы жақтарын ала білуіміз және тіл дамыту мәселесіне қатысты қазіргі оқулықтармен үндестігіне, жалғастығына назар аударуымыз қажет.     

       Осылай Ыбрай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған оқулық, оқу құралдарын, әдістемелік еңбектер жазу ісі тоқтап қалмай, одан әрі жалғасын тапты.