Нурсеитова А.А.
А. Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға
оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі. Инженерлік-техникалық
факультетінің студенті Карамурзин Р.М.
Қазақ тіліндегі кірме
сөздердің үндестігі.
Тілдің сөздік құрамының
толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі
мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды.Сонымен қатар
өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы
да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп
отырады. Қазақ халқының ертедегі даму тарихына
көз жіберсек, көптеген елдермен үнемі тығыз байланысты
болғандығын көреміз. Бұл жайында Қазақ ССР
тарихында былай деп жазған: Қазақстан жеріндегі
халықтардың Қытаймен, Орта Азиямен, Волга Булгариямен
және Киев Русімен сауда байланыста өрістеген.
Қазақстанның, әсіресе, батыс, солтүстік батыс
аудандарының халқы Русьпен өте мөте берік байланыс
жасап тұрған. Русьпен, Шығыс Еуропаның басқа
халықтарымен арадағы осы сауда байланыстарында негізгі
делдалдыққа жүргендер булгарлар, хазарлар, онан кейін
печенегтер мен половецтер болған.
Византияның деректемелері Орта Азия халықтары мен Шығыс
Еуропа халықтарының арасында біздің заманымыздың 6
ғасырынан бастап ақ керуен саудасы болғанын айтады. Осындай
айырбас пен мәдени өзара байланыстар Қазақстан
тайпалары мен халықтарының мәдениетінің дамуында
үлкен рөл атқарған. Қазақ
халқының басынан кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра
елдермен араласып, әр кезеңде түрлі қарым
қатынастар жасағандығы мәлім. Ертеде тәжік,
өзбек, татар халықтары арқылы 8-11 ғасырда араб-парсы
елдермен, 12-13 ғасырларда
моңғол халықымен күшті байланыста болса, 18
ғасырдан, яғни Қазақстанның Ресей
қарамағына ене бастаған кезеңінен (1731 ж) бастап
күні бүгінге дейін орыс халқымен тікелей үздіксіз
қарым- қатынас жасап келеді.Осындай ұзақ
ауыс-түйіс мол байланыстан кейін қазақ тілінің
сөздік құрамында қыруар шетел сөздері пайда
болған. [2.135]
Кірме сөздер дегеніміз - тілдің
өзіндік сөзжасам тәсілімен емес, басқа тілдердің
ықпалымен жасалған немесе олардан енген сөздер. Яғни
сөздің дыбыстық тұлғасы да, мағынасы да
өзге тілге қатысты сөздер кірем сөздер делінеді.Жер
шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі
халықтардың қай- қайсысында болсын өзге тілдерден
ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі. Түркі тілдері
мен басқа тілдердің арасында да сөз ауысу тек біржақты
болмай, екіжақты болып отырған. Ғ. Мұсабаевтің
пікірінше, аң атаулары, әсіресе, құс атауларының
көпшілігі иран тіліне түркі тілдерінен ауысқан. Сонымен
қатар Н.К Дмитриевтің пікірінше, түркі тілдерінің
ықпалы славян тілдерінің тек лексикасына әсер етіп
қоймаған, славян тілдерінің грамматикасы мен фонетикасында,
бір сөзбен айтқанда, жалпы тілінің жүйесіне күшті
ықпал еткен.[2.135-136]
Тіл-тілдің лексикасында ауызша енген кірме
сөздер де, жазбаша енген кірме сөздер де бар. Ауызша түрде
енген сөздердің көпшілігі тұрмыс қажетіне
байланысты зат атаулары болып келеді. Мұнымен бірге олардың ішінде
мәдениетке байланысты ұғымдардың да атаулары болады.
Ауызша енген кірме сөздерге өте-мөте тән ерекшелік сол-
олар қабылдаушы тілдің дыбыстық заңдарына,
орфоэпиялық ерекшеліктеріне бағынып, соған
сәйкестендіріледі.Мысалы, орыс тіліндегі волость деген сөздін
қазақ тіліне енгенде, болыс болып өзгерілуі қазақ
тілінің ол сөзді өзіне тән дыбыстық ерекшеліктеріне
икемдеп игеруінен. Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер көбінесе
ғылыми-техникалық әдебиет пен өнер т.б. арқылы
енген және солардың белгілі бір саласында бейімделіп
қолданылатын сөздер болып табылады. Бұлар цивилизация
ұғымдарына телінген сөздер болу қасиетімен сипатталады.
Сөздердің бұл тобы білдіретін ұғымы мен
мәніне байланысты интернационалдық сөздер болуға
икемделеді де, олардың тілден тілге ауысу, кең түрде таралу
қасиеті басым болады. Ондай сөздердің кейбіреулері
өзінің білдіретін ұғымы мен мазмұнының
айрықша маңызды болуына байланысты дүние жүзіне,
күллі халықтардың тіліне ауызша түрде де, жазбаша
түрде де еніп, жаппай және жиі қолданылатын сөздерге
айналады. Мысалы, орыс тіліндегі Совет, спутник деген сөздер бүкіл
әлемге таралып, әртүрлі тілдерде сөйлейтін
халықтардың баршасына бірдей таныс сөздерге айналып
отыр.[4.164]
Қазақ тілінің сөздік
құрамындағы кірме сөздер негізінен төрт
халықтың тілінен енген:
1) Араб тілі 2) Парсы тілі 3) Моңгол тілі 4) Орыс тілі.[2.136]
Араб- парсы тілдерінен
ауысқан сөздердің барлығы бірдей қазақ
тілінің сөздік қорына енбегенімен, оның ішінде
сөздік қордағы қазақтың тума сөзіндей
ұзақ өмір сүру, жаңа сөздер жасауға
ұйытқы болған жасамыс байырғы сөздер көптеп
табылады. Араб-парсы сөздері
тілімізге негізінен үш сала бойынша енген: [2.137]
1. Ғылым мен мәдениетке, әлеуметтік өмірге байланысты:
тарих, әдебиет, мәдениет, хакім,тәрбие, тәржіме,
емтихан, емле, ғылым, пән, сәлем, сапар, қазына,
әдет, қабілет, қанағат, мағлұмат, назар,
мәжіліс, мекеме, мектеп, мемлекет, мансап, парасат, пақыр,
бұқара, салтанат, медресе, дидар, бишара, аброй, дұшпан т.б.
2. Үй тұрмысы мен шаруашылыққа, саудаға
байланысты: бәс, жиһаз, парық, қаражат, кіре, шерік,
ауқат, қасап, несие, шарап, бағбан, халва, дәм,
дүкен, дарбаза, дихан, кеме, мақта, миуа, зембіл, сарай,
құмыра т.б.
3. Дінге байланысты: Құран, имам, мешіт, мүфти,
құдірет, құрбан, қазірет, қиямет,
шариғат ,айт , тамық, құтба, зікір, зекет, бейіш, намаз
т.б [2.139]
Қазақ тілінің
моңғол тілдерімен қарым-қатынасы екі түрлі
жағдайда қарастырылады. Бірінші, қазақ тіліндегі
моңғол тілдерінен тікелей ауысып кірген сөздер жайында.
Бұған ең алдымен екі халықтың ғасырлар бойы
көршілес тұрып, бір-бірімен тікелей қарым –қатынас
жасауы себеп болған. Сонымен бірге 13 ғасырда моңғолдардың
Қазақстан және Орта Азия жерін жаулап алып, ол жерлерде
Шыңғыс әулеті билеген ұлыстар мен ордалардың 15
ғасырға дейін үстемдік етуінің әсері тиген. Тіпті
қазақ хандықтары құрылған 15-18
ғасырларда да моңғолдармен тегі бір Жоңғар
қалмақтары қазақ жеріне үнемі
шапқыншылық жорықтар жасап отырғаны тарихтан белгілі.
[2.143]
Қазақ тілінде моңғол тілдерінен
кірген сөздер үндестігі негізінен әкімшілік, ел билеуге
байланысты: ұлыс, нөкер, жасақ, ноян, құрылтай,
аймақ, жарлық т.б.. Жер-су атауларына байланысты сөздер
көп кездеседі: Тарбағатай, Қандағатай, Толағай,
Қатонқарағай, Баянауыл, Долаңқара, Зайсан,
Нұра, Мұқыр, Қорғалжын, Қордай, Алтай, Нор,
Нарынкөл т.б. [2.143]
Екінші, қазақ тіліне моңғол
тілдерінен ауысқан сөздерден басқа олардың
бірінен-біріне ауысты деуге келмейтін, екеуіне де ортақ сөздер
жайында. Қазақ лексикасында моңғол тіліндегі
сөздермен түртұрпаты, мағыналары ұқсас,
үйлес сөздер, әсіресе зат есім, сын есім, сан есім,
етістіктер көп табылады. Мысалы, қой(қон), қойшы(кончьн),
төл (тәл) т.б. [2.143]
Түркі тілдес халықтармен кірме
сөздердін үндестігіне байланысты: [1.9] Қазақ:
көз,бас,жал,қанат,жапырақ, жұлдыз, көл, тас, ай,
бір, көк;
Ноғай: көз ,бас,
йал,қанат, ярқақ, юлдыз,көл, тас, ай, бір, көк;
Әзірбайжан: гөз, бас,йал,
ганад, япрақ, улдыз, даш, көл, ай, бир, көй;
Қарақалпақ:
көз, бас, жал, қанат, жапырақ, жұлдыз, тас,көл, ай,бир, кок;
Қырғыз: көз,бас, жал,
қанат, жапырақ, жылдыз, көл, тас,ай,бир,көк;
Татар: көз,баш, йал, қанат,
яфрақ, йолдыз,күл, таш, ай, бер, күк;
Башқұрт: күз, баш,
йал, қанат, япрак, йондоз,күл, таш, ай, бер ,күк;
Орыс тілінен қазақ тіліне сөз енуі
сонау 18 ғасырдан басталады. Кірпіш, саман деген сөздерден бастап,
тілімізге енген сөздердің саны бұл күнде өте мол.
Орыс тілінен қазақ тіліне енген сөздердің саны
бұл күнде өте мол. Орыс тілінен қазақ тіліне
енген сөздерді Қазан төңкерісіне дейін енген
сөздер, Қазан төңкерісінен кейін енген сөздер деп
екіге бөлуге болады. Қазан төңкерісінен бұрын
орыс лексикасынан ауысқан сөздер айтылуы мен жазылуы жағынан
қазақ тілінің айтылу нормасына бағынып,
орфографиялық және фонетикалық өзгеріске
ұшырған. Мысалы: Болыс- волость, жәшік- ящик, сот-суд, божы-
вожжи, кереует- кровать, самауыр- самовар. Ал мұндай сөздер үндестік өзгеріске ұшыраған
жоқ. Мысалы: совхоз, колхоз, трактор, автомобиль, комбайн, клуб, институт
т.б. [3.22-23]
Басқа тілдік
сөздердің енуі, сондай-ақ кейде оларды кейбір жолымен аударып
алу қабылдаушы тілдің сөздік құрамын
толықтырып байытады. Кеңес дәуірінде түркі тілдерінің,
соның ішінде қазақ тілінің, лексикасы орыс тілінен,
орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген сөздермен
толығып, оның аумағы кеңіді. Белгілі бір тілдің
сөздік тілдің ішкі мүмкіндіктерінің есесінен,
бұрыннан бар сөздерден туынды сөздер жасаудың есесінен
дамып байыса, сонымен қатар басқа тілдерден жаңа
сөздердің енуі арқылы да толығып отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Қазақ тілі “Исаев С.М. 2007 Өнер баспасы 9,18 бет “
2) “Қазіргі қазақ тілінің лексикалогиясы мен
фразиологиясы” Ғ.Калиев,
3) Ә. Болғанбаев Алматы
“Сөздік-Словарь” баспасы
2006 130-143 беттер.
4) “Қазақ тілі” Бектұров Ш.К. 2006 Атамұра баспасы 10-28 беттер.
5) “Тіл білімінің негіздері” Кәкен Аханов “Өлке баспасы”
2012 161-171 беттер.