Рскелдиева Д.Б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, Қазақстан

Фразеологизм терминінің қазақ және ағылшын тілдеріндегі баламалары

       Кез келген халықтың фразеологиялық қоры аса құнды лингвистикалық мұра болып табылады. Мұнда сол халықтың дүниетанымы, ұлттық мәдениеті, менталитеті, болмысы, салт-дәстүрі, наным-сенімі, қиялы, әдет-ғұрпы мен тарихы жатыр. Фразеологизмдерді зерттеу арқылы тек тілдің өткенін, түптамырын ғана емес, сол тілді қолданушы халықтың мәдениетінің тереңін білуге, тілінің тарихымен кеңінен танысуға болады.                               

Тіл білімінің жаңа бағытының негізін салатын «фразеология» термині жеке лингвистикалық пән ретінде ХХ ғасырдың 40-жылдары дүниеге келді. Фразеологияның алғашқы теориялық негізі және осы мәселе жөніндегі идеяны дамытушы Ш. Балли болса, оның Ресей топырағындағы фразеология ғылымының дамуы мен жаңа, жеке лингвистикалық сала ретінде қалыптасып дүниеге келуі академик В.В. Виноградов есімімен тығыз байланысты болып келеді.

Лингвистикалық сөздіктерде: «фразеология (гр. phrasis – cөйлеу оралымдары, logos – ғылым) – құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде бөлшектенбей, даяр қалпын сақтай отырып қолданылытын, мағына тұтастығы мен тіркес тиянақтылығы тән бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі күйін және тарихи қалпын зерттейтін тіл білімінің саласы» [1, 414]. Ал фразеология саласының негізгі зерттеу нысаны фразеологизмдер болып табылады. Фразеологизм дегеніміз – екі немесе бірнеше сөздердің тіркесуі арқылы тұтас бір мағына білдіретін тұрақты сөз тіркестері.

Тілдегі фразеологизмдер әр халықтың өзіндік ұлттық ерекшеліктерін көрсетіп отырады. Ә. Болғанбаевтің пікірінше, «фразеологизмдер – жансызға жан бітіретін бейнелеу құралы» [2, 107]. Фразеологизмдер – кез келген тілдің, ұлттың айшықты да мәнерлі, бай саласының бірі, халық өмірінің айнасы, ұлттық-мәдени өмірі мен ұлттық болмысының басты көрінісі. Тілдегі фразеологизмдер өзінің суреттеме, бейнелік, әсерлік, экспрессивті-эмоциялық, көркемдік қасиетімен басқа тілдік бірліктерден ерекшеленеді. Осындай көркем, бояуы қанық, алуан түрлі тұрақты тіркестер халық тарихын, ұлттық болмысын, мәдени құндылығын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жеткізіп келеді.

Фразеологияның зерттейтін пәні – кез келген халықтың сөздік қорында кездесетін сол халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын ажарлайтын фразеологизмдер. Фразеологизмдерге қатысты тіл білімінде қалыптасқан терминдер көп: фразеологиялық единица, идиома, тұрақты тіркес, фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірліктер, фразема, фраземика, фразеотіркес және т.б.

       Тіл білімі сөздігінде бұл терминнің ғылыми атауын фразеологизмдер деп, аталған терминге былайша анықтама берген: «фразеологизмдер (грек. phrasis – сөйлеу, logos – сөз; ағыл. phraseological unit, locution phrase, formula) – кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалынған, құрамы мен құрылымы тұрақты, сөйлеу кезінде конструкцияланбай, даяр қалпын сақтай отырып жұмсалатын біртұтас, мағына жағынан идиоматикалық единица» [3, 413]. М.М. Копыленко фразеологияның негізгі зерттеу нысаны ретінде «фразеотіркес» (фразеосочетание) терминін ұсынған, яғни фразеология объектісі болып табылатын «лексемалар тіркесі» тұжырымдамасының негізін қалаған.

       Р. Авакова «Фразеология теориясы» атты еңбегінде «қандай да бір тілдің фразеологиялық бірліктерін фразеология деуден гөрі (себебі ғылым саласымен омонимдес болып қалады) морфемика, лексика терминдеріне сәйкестендіріп фраземика деп атаған жөн» [4, 14], – деп «фраземика» терминін ұсынады. Фраземика термині тіл білімінде синоним ретінде жарыса қолданылып жүрген фразеологиялық оралым, фразеологиялық единица, фразеологиялық бірлік, тұрақты сөз тіркестері атауларының орнына қолданылады. Терминді алғаш рет Ресейдің фразеолог ғалымы Н.Ф. Алефиренко ұсынған.

       Тіл біліміне қатысты сөздіктерде [3] фразеологизм ұғымына бара-бар қолданылып жүрген терминдерге төмендегідей анықтамалар берілген. Мысалы: «фразеологиялық единица» (грек. рhresis – сөйлемше, logia – ілім) – фразеологизмдермен бара-бар. Ал «фразеологиялық тіркес немесе идиома» – семантикалық жақтан ажырамайтын, біртұтас мағынасы құрамындағы сыңарларының негізгі номинативті мағынасынан мүлдем басқа мағына беретін сөздер тізбегі. «Идиома» (грек. idioma – ерекше сөйлемше; ағыл. idiom, idiomatic expression) – идиоматизм, идиоматикалық тіркес, фразеологизммен бара-бар, басқа бір тілге сөзбе-сөз аударуға келмейтін, стилистикалық та, семантикалық та айшықты ерекшеліктері бар тілдік единицалар.

Сонымен фразеология объектісі саналатын фразеологизм терминіне қазақ тілінде балама ретінде бірнеше ұғымдарды қолдануға болады. Алайда ғылыми түрде бекітілген, кеңінен қолданысқа ие, фразеология ғылымының мәнін ашатын «фразеологизм» термині екені белгілі.

Ағылшын тілінде де фразеологизм терминіне бірнеше балама бар. Мұны ағылшын тіліндегі «The New Oxford Thesaurus of English» жиілік сөздікте идиома терминімен қатар бір мағынада қолданылатын бірқатар терминдерден байқауға болады. Мысалы, «idioms», «collocations» «set phrases», «set expressions», «phraseological units», «fixed phrases», «idiomatic expression», «turn of phrase», «phrase», «locution» (formal). Ең жиі таралған термин – «idioms». Ағылшын және америка тіл білімінде «фразеологиялық бірлік» (phraseological unit) термині көп қолданылмайды, кең қолданысқа ие – «set expressions» және «idioms». Ағылшын тіліндегі сөздіктерде идиома терминіне төмендегідей анықтамалар берілген. «Idiom» – is a phrase or expression whose total meaning differs from the meaning of the individual words. Idioms come from language usage generally cannot be translated literally (word by word) [5, 47]. Ағылшын тілінің фразеологиялық қорын сипаттауда «idioms» термині барлық тұрақты тіркестерді толығымен айту үшін қолданылады.

Академик В.В. Виноградовтың фразеологияға қатысты танымал еңбектерінің жарық көруіне байланысты ағылшын фразеологиясын зерттеуші ғалымдардың бірқатары аталған орыс ғалымының пікірлерін ағылшын тілі материалдарына қатысты қолдана бастады. Орыс академигі В.В. Виноградовтың фразеологиялық теориясы негізінде «фразеологиялық бірлік» (фразеологические единицы) термині ғылымға енген болатын. Осы терминді ғалымдар тікелей аудару арқылы ағылшын тілінің фразеологиясын сипаттау барысында кеңінен қолданып келеді. Алайда, «фразеологиялық бірлік» (рhraseological units) термині ағылшын тілінде сөйлеуші халықтардың сөздік қорында, лингвистикалық терминдер сөздігінде көп қолданылмайды, аталған терминді ағылшын тілін, фразеологиялық қорын зерттеуші өзге елдің ғалымдары кеңінен пайдаланады.

Фразеологизмдердің негізгі қасиеттеріне тіркес тиянақтылығы, қолдану тиянақтылығы, оның бөліп жаруға келмейтіндігі, мағына тұтастығы, идиомалығы мен тұрақтылығы жатады. Фразеологияны тілдік жүйенің құрамдас бөлігі, құрылымдық және мағыналық жағынан ерекше қасиетке ие тілдік бірлік ретінде тану негізгі ғылыми дәйектеме болып табылады. Сондықтан да фразеологиялық бірліктерді жан-жақты талдаудың маңызы артып, зерттеуге деген қызығушылық толастамайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.     Тіл білімі сөздігі / Жалпы ред. Басқарған проф. Э.Д. Сүлейменова. Алматы: Ғылым, 1998. – 544 б.

2.     Болғанбаев Ә. Анатомиялық атауларға байланысты фразеологизмдер. Кітапта: Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері. – Алматы: Ғылым, 1989. – 176 б.

3.     Бұралқыұлы М. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Мектеп, 2008. – 677 б. 

4.     Авакова Р. Фразеология теориясы. Алматы: Қазақ университеті, 2009. –  291б.

5.     The New Oxford Thesaurus of English. 2004. – 792 р.