з.ғ.к., Сартбаева У.К., магистрант Адембаева Г.Р., аға оқытушы Еркебаева Н.А.

М.Әуезов ат. ОҚМУ, Шымкент қ., Қазақстан

ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҢ ҚАЙТАЛАНУЫМЕН КҮРЕСУ ЖОЛДАРЫ

 «Қылмыскерліктің алдын алу» дегеніміз, бұл – мемлекеттің, қоғамның, жеке және заңды тұлғалардың қылмыскерлікке жаңа адамдардың тартылуына, жаңа қылмыстық іс-әрекеттердің жасалуына, қоғамдық қатынастардың ары қарай криминалдануына жол бермеу мақсатында қылмыскерліктің детерминация және себептілік процесіне мақсатты ықпал етуі.

Біз бұрындары қылмыстылық дегеніміз - күрделі әлеуметтік құбылыс, сондықтан да оның себептерін ең тиімді қылмыстық саясат та жоя алмайды деп санағанбыз. Қылмыстық заң жүйесі қандай да бір қылмыстың алдын алу мақсатында қылмыскерге, сондай-ақ азаматқа ықпал жасай алады, жасауға тиіс те.

М.С. Баймурзиннің пікірінше, «таза» түрде қылмыстың алдын алу дегеніміз - криминогендік факторларды жою және қылмысқа дейінгі кезеңде адамның мінез-құлқын түзету арқылы қылмыстың жасалуына жол бермеу[1].

Ал, Б.К. Шнарбаевтың ойынша, қылмыстың алдын алу мақсатында ықпал жасалынатын объект «өте күрделі құбылыс», оған жеке адам, адамдар тобы, оларды қоршаған орта (оның ішінде тікелей қоршаған орта) және әр түрлі «заттар» - факторлар, себептер мен жағдайлар, мән-жайлар, т.б. жатады[2].

Алдын алу объектілері жайында сөз қозғағанда, тіптен, нақты кәсіпорын, аудан, қала, қандай да бір аймақ жайында айтуға болады.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, қылмыстылықтың алдын алуға анықтама берсек, ол - қылмыстылықтың себептерін және оған мүмкіндік тудыратын жағдайларды анықтау және жою мақсатында мемлекеттік, қоғамдық және басқа ұйымдардың жүргізетін, өзара байланыстағы әр түрлі шараларының жиынтығы [3].

Әңгіме әр түрлі субъектілерден тарайтын көп деңгейлі шаралар жүйесі жайында болып отыр.

«Қылмыскерліктің алдын алу» термині даусыз деп саналмайды, себебі орын алған бар нәрсенің алдын алу мүмкін емес. Ал қылмыскерлік, ол – бар нәрсе. Бұл тұрғыдан алғанда оған дау айтуға болады, бірақ ол ғылыми айналымға кіріп кеткендіктен қалыптасқан ұғымды өзгертіп жатқанның қажеті болмас. Мұндағы басты мақсат – қылмыскерліктің себептілігі мен детерминациясына баса көңіл аудару, адамдарды қылмысқа жібермеу.

Бұл терминмен қатар «сақтандыру» термині де қолданылады. Кейбір авторлар бұл екі ұғымды синонимдер дейді, кейбіреулері олардың арасында айырмашылық бар дейді. «Сақтандыру» туралы, көбіне, нақты қылмыстардың жолын кесуге қатысты айтады, бұл ретте қылмыстың ойластырылуы, оны жасауға дайындалу фактісін дер кезінде ашу және ол фактіге шара қолдану жайында сөз болады.

Қылмыскерліктің алдын алу жүйесінде үш түр бөлініп алынады: жалпы, арнаулы және жеке дара алдын алу. Бұлай бөлуге алдын алу қызметінің ауқымы негіз болған.

Қылмыскерліктің жалпы алдын алу дегеніміз – қылмыскерліктің барлық халыққа немесе оның топтарына ықпал ететін, жалпы экономикалық, әлеуметтік және өзге критерийлер бойынша бөлініп алынатын және бұл ретте ондай әлеуметтік топтардың іс жүзінде барлық өкілдеріне қылмыстық іс-қимыл мүмкіндігін жасайтын детерминация және себептілік процестерін жою жөніндегі шаралар жүйесі. Жалпы алдын алуға қатысты алатын болсақ, әңгіме бұл жерде - халықтың басым көпшілігінің қайыршылыққа ұшырау, ал ат төбеліндей адамдардың тікелей қылмыстық іс-әрекеттер жасап байып кету процесін тыйып тастау жайында; адал кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау және қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру (жуып-шаю) әрекетіне қарсы қатаң шара қолдану жайында болып отыр. Бұл аса мұқтаждықтан немесе қолы жүріп тұрғандар қатарына қосылсам ба деп криминалдық әрекетке ниеттенушілерге тосқауыл болады.

Мысалға мынандай жалпы алдын алу-шаралары жүзеге асу керек:

1. Ұтымды экономика, меншік нысанының көптүрлілігі, адамдардың іскерлік белсенділігі мен ынтасын көтерудің негізінде нарықтық қатынастарды қалыптастыру.

2. Жас адамдардың әлеуметтік, экономикалық және басқадай жағдайларын жақсартуға, олардың өз бетімен еңбекке және қоғамдық-саяси өмірге араласуы үшін мемлекеттік жастар саясатын қаржымен, заңмен қамтамасыз етуге шаралар қарастырып, оны жүзеге асыру.

3. Республиканың ірі қалаларында құқық бұзушылықтан алдын алудың кешенді шаралары жасалуға, онда қаланың экономикалық, әлеуметтік, географиялық және басқа ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Құқықтық тәртіпті қорғау шаралары тар мағынада емес (халық жасақшыларын құру, маскүнемдермен күрес, жатақханаларда тәртіп орнату, т.б.), оларды кең әлеуметтік ауқымда жүзеге асыру қарастырылады, мысалы, халықтың көші-қонын реттеу, қоғамға көндіктіру процесін басқару, қаланың инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысу, халықты қоғамдық тәртіпті қорғауға жұмылдыру, т.б.

4. Заңды жалпыға бірдей оқытуды және заңға тәрбиелеуді ұйымдастыру, яғни халықты құқықтық сауатылыққа шақыру. Халық арасында заңды жан-жақты насихаттау, атап айтқанда, жасалған қылмыс үшін жазаланбай қалу мүмкін еместігіне көз жеткізу, адамды қастерлеуге, оның жеке басын сыйлауға баулу, заңды, қоғамдық тәртіпті бұзуға болмайтындығын санаға жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор.

5. Құқық бұзушылықтың алдын алудың әлеуметтік базасын нығайту. Әлеуметтік-экономикалық шаралар арқылы көпбалалы отбасыларын, зейнеткерлерді, халықтың нашар тұратын топтарын мемлекеттік қамқорлыққа алу. Ең аз табысты және күн көріс үшін қажетті азық-түлік мөлшерін ауық-ауық қайта қарау. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерін, ата-анасының қамқорынсыз қалған, жетім қалған балаларға, қарттарға арналған үйлерді көбейту.

6. Азаматтардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыру. Құқық тәртібін сақтауға азаматтарды тартудың жаңа нысандарын табу. Жәбірленушілерді, куәлерді қорғауды заң бойынша реттеу. Заңдылықты нығайту ісінде белсенділік танытқан адамдарға әлеуметтік қолдау жасау.

7. Бас бостандығынан айыру орындарынан босанған адамдардың әлеуметтік ақталуына көмектесу. Оларды жұмысқа орналастыру жүйесін құру. Сотталған адамдардың қажетті жұмысшы мамандығын игеру үшін жаза өтейтін колониялардың жұмысын жақсарту және жетілдіру. Әлеуметтік ақтау орталықтарының, бас бостандығынан айыру орындарынан босанып келген адамдарды қоғамға көндіктірудің басқа да нысандарының қызметін ұйымдастыруға көмектесу, оларға қолдау жасау [4].

Осыған қарамастан заң шығарушы ауырлататын және ерекше ауырлататын мән-жайларда жасалған пайдақорлық-зорлық қылмыстары үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыратын санкцияларды сақтауға, тіптен олардың санын көбейтуге бет алып отыр, бұл жағдай соттардың құқықтық санасына қатты әсер етуде.

Қылмыскерліктің арнайы алдын алу дегеніміз – қылмыскерлік детерминациясы мен себептілігінің жекелеген әлеуметтік топтарға қатысты процестерге, қылмыскерліктің жасалу ықтималдығы жоғары әрекет салалары  мен обектілерге ықпал етудің жүйесі. Қылмыскерлер үшін айрықша тартымды, олар шоғырланатын, ұйымдасып әрекет ететін нысандарға баса көңіл аударылады.

Әдебиетте басқадай да анықтама бар: «қылмыскерліктің арнайы алдын алуды криминологиялық білімдер мен дағдыларды қылмыскерлік-құқықтық нормаларды сақтау мақсатында адамдардың іс-қимылдарын реттеу үшін пайдаланатын мақсатты процесс деп анықтауға болады». Мұндай көзқарас криминологияның қайта туындауының алғашқы кезеңдерінде орын алды, ал кейін қылмыскерліктің жалпы және арнайы алдын алу туралы түсінік қылмыскерліктің себептілігі мен детерминациясы процестерін әр түрлі деңгейлерде: неғұрлым жалпы деңгейде – макро-, микро ортада, әлеуметтік-мемлекеттік ортада (жалпы алдын алу) және орта деңгейдегі ортада (арнайы алдын алу) жоюмен толығырақ сәйкестене бастады [5].

Қылмыскерліктің жекелеген түрлерінің ерекшеліктерін көрсететін криминологиялық жұмыстарда онымен күрестің ерекшеліктері де көрсетілген.

Қылмыскерліктің арнайы алдын алуда криминолог белсенді рөл атқарады: біріншіден, ол зерттеулердің мақсатты арнайы бағдарламаларын жасау үшін база болып табылатын нәтижелерін ұсынады, екіншіден, тиісті субъектілердің, объектілердің, қызмет саласының криминогендігін және виктимдігін төмендетудің нақты бағыттарын ұсынады; үшіншіден, осы бағыттарды іске асыру шараларының жүйесін жасауға қатысады. Олардың мақсатты арнайы бағдарламалар жобаларына криминологиялық сараптама жүргізуі жайында айтуға болар еді, егер мұндай бағдарламалар криминологтың қатысуынсыз жасалған болса. Ал, мұндай бағдарламалар әрқашанда криминологтың тікелей қатысуымен жасалады.

Жеке дара алдын алу, бұл – қылмыстық іс-қимылдың себептері мен жағдайларын жеке дара деңгейде, жекелеген адамдарға қатысты жою.

Жеке дара алдын алу: а) адамның ортасына, б) адамның, бәрінен бұрын оның жеке басының сипаттамасына, в) сол адамның ортамен өзара әрекеттестік процесіне ықпал етуді қамтиды.

Адамның ортасын сауықтыру – оның өмір салтын сауықтырудың, криминалдық контактілерді болдырмаудың, қылмыскерліктің құрбаны болу қаупінен сақтандырудың, ықтимал конфликтік ситуациялардың алдын алудың маңызды құралы.

Субъектінің жеке бастық және басқа сипаттамаларының оң өзгерісі оның әр түрлі жағдайларда ұдайы заңды іс-қимыл жасауына, келеңсіз контактілер мен іс-әрекеттер іздеуден бас тартуына көмектеседі. Адамның ортамен өзара әрекеттесу процесіне түзету енгізу дегеніміз оны оң әрекеттер, оң әлеуметтік байланыстар жүйесіне кіргізуді білдіреді (жұмысқа тұру, оң сипаттағы спорт командасына кіру, т.б.). Немесе, егер заң көтерсе, ондай адамның келеңсіз байланыстарына, түнгі уақытта үйден тыс жерлерде болуына жол бермеу жөнінде шара қабылдау және т.б.

Қылмыстық іс-қимылдың жеке дара алдын алу әдістеріне адамға қажетті әлеуметтік көмек көрсету, онымен тәрбие жұмысын жүргізу, заң негізінде және шегінде ғана мәжбүрлеуді қолдану жатады.

Өзіне қатысты осындай алдын алу шаралары жүзеге асырылатын нақты адамды таңдағанда мына мән-жайлар ескеріледі:

1)                Адамдардың іс-қимылдарының сипаттамалары: а) қылмыстарды жасауы. Алдын алу объектілері, әрқашанда: қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеген адамдар, қылмыстық жауапкершіліктен ақталмайтын негіздер бойынша босатылған адамдар, өздеріне қатысты тәрбиелік ықпалдың мәжбүрлеу шаралары қолданылған кәмелетке толмағандар және т.б.; б) адамның қылмыстық іс-қимылымен заңды байланыстағы құқыққа қарсы басқа іс-әрекеттерді жасауы; в) адамның аса биморальдық іс-әрекеттер жасауы (ішімдікке салынуы, есірткі қолдануы, т.б.); г) адамның жасқа, басқа да әлеуметтік позицияларға, рөлдерге айқын сәйкес келмейтін және де қылмыстық іс-қимылдармен байланыста болуы заңды іс-қимылдары. Жеткіншектердің жезөкшелігі, олардың темекіге, ішімдікке құштарлығы, оқуды ерте тастап кетуі, мысалы, олар темекі, ішімдік, сәнді киім алу, достарын сыйлау үшін ересектерден жасырын ақша іздеуге мәжбүр болады, келешекте адал қызмет етіп өздерін толық қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылады. Шағын ғана жалақымен отырған қызметкерлердің қымбат шетелдік туристік сапарға шығуы, өте қымбат киім, машина алуы оған баса назар аударуға негіз болады. Егер бұл борыштың нәтижесі болса, онда мұндай қызметкерлерге заң шегінде ықпал ету – оның сыбайластық іс-қимылының алдын алудың маңызды кезеңі.

2)                Адамдардың әлеуметтік ортасының сипаттамасы. а) қылмыс жасалатын; б) қылмыстық іс-қимылмен заңды байланыстағы өзге құқық бұзушылықтар жасалатын; в) аса биморальдық іс-әрекеттерге жол берілетін, заң негізінде жатқандарға қайшы келетін идеялар, көзқарастар, құндылықтар жүйесі уағыздалатын және өзін қылмыстық іс-қимылда көрсететін (теріс сипаттағы топтарда, заңсыз секталарда); г) әлеуметтік позициялардың, рөлдердің және құндылықтардың қатты қақтығыстары бар ортада тікелей жүрген немесе оның ықпалын сезіп жүрген немесе оған бағдар алған адамдар тиісінше бөлініп алынады. Мысалы, соңғы жағдайда мәжбүрлі мигранттардың мүлде басқа жағдайда тұрған, өзге әлеуметтік позиция ұстанған және бейімделудің аса үлкен қиындықтарын басынан кешіруші бірқатар топтарын бөліп алуға болады. Мұндай адамдар қылмысқа оп-оңай құрбан да, қатысушы да болып кетеді.

Қылмыскерліктің алдын алуда мынадай кезеңдер бар: 1) ертерек алдын алу; 2) тікелей алдын алу; 3) қылмыскерліктің өзінше детерминациясының алдын алу. Тиісті шараларды қылмыстық іс-қимылдың уақытына қатысты қабылдау уақыты оларды бөлектеудің критерийі болады [6].

Қылмыстарды ескерту - қылмыстарды жасауға жағдай жасайтын себептер мен шарттарды шектеу немесе жою мақсатындағы экономикалық, идеологиялық, түзету және құқықтық шаралардың жиынтығын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жүзеге асыруы болып табылады. Қылмысты ескерту шараларының жүйесін ғылыми тұрғыдан әзірлеу, соның ішінде қылмыстың қайталануының, криминологияның міндеттерін құрайды.

Сотталғандарға қылмыстық жаза қолданылады, ол мемлекеттік мәжбүрлеудің ең өткір формаларының бірі.

Қылмыстың қайталануына қатысты соттау мен жазалаудың рөлі тек қылмыстың мазмұнын, оның мақсатын, соттау мен жазалау тиімділігінің шарттарын қарастыру, сондай-ақ қылмыстардың қайталану себептеріне соттау мен жазалаудың тигізері ықпалының негізінде ғана түсінікті болады.[7]

Жазалау – бұл қылмыстық заңмен көзделген және қылмысқа кінәлі тұлғаға соттың қолданатын мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары болып табылады, ол өз құрамында жаза мен түзетуді және халық пен мемлеке атынан айтылатын кәнәлі мен оның әрекетін кері моральдық-құқықтық бағамы болып табылды. Заң бойынша жазалаудың дене жарақатын салу немесе адам намысын таптауға бағытталған мақсаты болмайды.

Қылмыстарды ескертудегі дұрыс рөл түзелуге көнбейтін сотталғандар тарапынан қылмыстың қайталануы үшін жоғары жауапкершілікті көздейтін заңның нормаларымен құқықтық үгіт-наихатты атқаруы мүмкін.

Құқықтық үгіт-насихатты сотталғандардың арасында жазамен қорқытуға болмайды, егер бұл жаза – оның міндетті бөлшегі болып табылса да. Құқықтық үгіт-насихаттың міндеті – «құқықтық шараны» суреттеу емес, қоғам мүшелерінің міндеттерін қоғам мен мемлекет алдында түсіндіру болып табылады.

Қылмыстық заңдылықтың түзелмеген сотталғандарға  ескертпе ықпалдары қылмыс жеткілікті түрде жазалауға болатын жағдайда ғана мүмкін болады. Айқын түрде заң қылмыстың қайталануы үшін жоғары жауапкершілікті қарастырады. Заңдылықтың ескертпе ықпалының күші сотталған тұлғаларға қылмыстың ашылу, қылмыскерлердің жазалануы туралы халықтың ақпараттардың деңгейіне байланысты болып келеді.

Жоғарыда айтылып өткеніндей соттаумен қол жеткізілген түзетуді бекіту мен жазасын өтеп келген, бостандық алған тұлғалар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан көмекті қажет етеді және де олардың тәртібіне бақылауды, әсіресе бірінші кезеңде талап етеді.

Оның үстіне  тәртіптері қауіп төндіретін сотты болған тұлғаларға әкімшілік және де қоғамдық бақылау орнатқан жөн, олар түзелмеуі мүмкін және қайтадан қылмыс жасауы мүмкін. Сотталған тұлғаларға әкімшілік және қоғамдық бақылаулар бәрінен бұрын оларға дұрыс өмірге араласуларына көмек көрсетуден, олардың тәртіптері мен тәртіптерінің қауіптілік тұрғысынан дамып кетпеуіне қадағалаудан тұрады.

Жақсы ұйымдастырылған әкімішілік қадағалау бақылауда жүрген тұлғалардың тәртіптерін бақылауға мүмкіндік береді немесе қиындатады және олардың тарапынан қылмыстың қайталануының жолын  кеседі.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1        Баймурзин М.С. Криминология: Курс лекций / Под ред. И.Ш. Борчашвили. – Караганда: КарЮИ МВД РК им. Б. Бейсенова. 2002г.стр.-85

2        Шнарбаев, Б.К., Наказание по уголовному законодательству Республики Казахстан. Алматы, 2002 г.стр.-58

3        Алауханов Е.О. Криминологические проблемы борьбы с корыстно-насильсвенными преступлениями. Алматы, 2002.стр.-187

4        Алауханов Е.О. Пайдақорлық-зорлық қылмыстардың алдын алудың криминологиялық проблемалары. З.ғ.д. ғыл... диссертация. Алматы, 2004ж.201-бет

5        Кудрявцев В.Н. Правовое поведение: норма и патология. М., 1982.стр.-49

6        Рахметов, С.М. Преступления против правосудия. Алматы, 2007г.стр.-167

  7 Агафанов К.А. Уголовная ответственность рецидивистов и вопросы профилактики рецидива. Горький, 2002г.стр.-115.