Б.А. Киршибаева
биология пәнінің аға оқытушысы
Орталық – Азия университеті, Алматы
Биология пәні
және этнопедагогика
Білімді,
елін – жерін шын жүрегімен сүйген, ұлттық санасы
дамыған ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі
күннің басты міндеті. Әр оқытушы өз
тәжірибесінде жас ұрпақтар бойына ұлттық сананы
қалыптастыруды басты мақсат етуі қажет. Ұлттық сана – адамдарды бір
арнаға тоғыстыратын күш. Сол үшін бүкіл
тәрбие жұмыстарын ұлттық педагогикалық негізде
қайта топтастыру қажет. Қазіргі жастар – жаңа талап,
жаңаша көзқарастармен қаруланған.
Ұлттық
рух қуаты – ұлы күш. Осы күшті жас
ұрпақтардың бойына дарыта білу, біздің басты
ұстанымыз.
Іс
жүзінде жастарға білім мен тәрбие беру барысында, жеке
тұлғаның жаны мен сезімін тәрбиелеу қалтарыста
қалып қоймауы қажет. Ол үшін Абайдың
педагогикалық – психологиялық тағылымдарын, Мағжан мен
Жүсіпбектің педагогикалық – психологиялық
еңбектерін негізге алып, қазіргі педагогикалық –
психологиялық зерттеулер мен ұлттық сана және
психология ерекшеліктерін ескерген оқулықтар шығару
және жоғары оқу орындарын осы оқулықтармен
толық қамтамасыз етуді қолға алу қажет.
[1.52-55б.]
Қазақ
топырағында өмір сүрген ғұлама
ғалымдардың, ақын –жазушылардың мұрасына,
халықтың мақал - мәтел, ертегі – аңыздарына,
ерлік – дастандарына сүйене, ұлттық мәдениеттің
ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе
жатқан тәлім – тәрбиелік дәстүрі туралы толымды
тұжырымдар жасаған республикаға танымал ғалым,
профессор Қ.Жарықбаев жетекшілік еткен, автор - ғалымдар әзірлеген Ә. Алдамұратов,
Р.Сүлейменова, А.Дүйсебаевтың ұлттық психология
салаларынан арнаулы дәрістер бағдарламасы, З.Әбілованың «Этнопедагогика»
оқулықтары бар.
Ата
– бабаларымыздың ғасырлар бойғы жинаған бай
тәжірибесін, жас ұрпақтың ақыл - ойын
өсіруде, табиғатты сүю мен биік адамгершілік,
қасиеттерді бойына сіңіруде негізгі қажеттіліктерді
толық пайдалануымыз керек. [2. 18-19б.]
Бүгінгі және келер
ұрпақтың елінің, туған жерінің тарихын,
халқының өнер – білім, рухани дәрежесін,
дәстүрін білуі – кісіліктің, адамгершіліктің негізі.
Бұл халықтық дүние таным жетістіктерін, бүгінгі
заманға сай қолдануға тікелей байланысты. Яғни,
студенттердің рухани әлемінің тұтастығын
қалыптастыруға басты назар аудару қажеттігі туындайды.
Себебі, жас ұрпақ
өзінің жаны мен сезім дүниесін, адамгершілік категорияларын,
қарым – қатынас психологиясын оқымай, меңгермей келіп,
өмір психологиясын толықтай түсіне алмайды. [3. 16,17б.]
Ата
– бабаларымыздың ғасырлар бойғы жинаған бай тәлім
– тәрбиесін жас ұрпақтың ақыл – ойын
өсіруде, еңбекке тәрбиелеуде, табиғатты сүю мен
биік адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруде қажымай
еңбектенуіміз керек. Қоғам алдындағы келелі міндеттерді
жүзеге асыруға бағыттау мақсатының іске асырылуы
халық дүниетанымының жетістіктерін қайтадан ой елегінен
өткізіп, бүгінгі заманға сай қолдану керектігі
ескеріледі. [4. 23 - 25б.]
«Халық
педагогикасы – білім мазмұнында» айдарын аша түсетін
педагогикалық мәні жоғары, өскелең
ұрпақты халықтық дәстүрге
жақындастыратын сабақ жоспарлары мен тәрбие сағаттары
көптеп ұсынылуы қажет деп ойлаймын. Себебі, этнопсихология мен этнопедагогика, оқу және
тәрбие жұмыстары белгілі бір кешенді жүйенің
бөлігіндей өзара байланысып жатыр. Оқу – тәрбие
үрдісін ұлттық тәлім – тәрбие негізіне
сүйене отырып әлемдік өркениетпен, әрі мемлекеттік
идеологиямен байланыстыра жүргізу – педагогтар қауымына аз міндет
жүктемесе керек. Бұл көптеген ізденістерді қажет ететін
үлкен мәселе.
Мен
өз тәжірибемде этнопедагогиканың элементтерін биология
сабақтарында пайдалануды ұсынып отырмын. Мысалы, «Атадан ұл
қалса - өзі қалғаны, қыз қалса - ізі
қалғаны», «Жеті атасын білмеген, жетімдіктің белгісі» деген
халық даналықтарын ұстана отырып, адам анатомиясы және генетика пәндерінде
тұқымқуалаушылық, белгілердің берілу қасиеттерін жете меңгерту
үшін қазақтың мақал - мәтелдеріне
сүйене түсіндірген жөн.
Қазақтар
тілек – баталарды, адамдардың бойындағы қасиеттерді мінез –
құлқын малға теңеген. «Жуас түйе
жүндеуге жақсы», «Ақсақ қой түстен кейін
маңырайды» деген мақал - мәтелдерден адамдардың
психологиялық мінездері көрініс алады.. Мысалы, ер жігіттің
мынадай көзге түсер қадір қасиеттері болуға
тиісті деп есептеген: жылқыдай мінезді, нардай төзімді,
құлындай сүйекті, ат жақты т.с.с. «Алып – анадан, тұлпар
– биеден», «Малды берсең қойды бер, ұлды берсең бойды
бер», «Шешенің сөзіндей, ботаның көзіндей» деген халық даналықтарын
ұстана отырып, қазақтар ақылды ойына – көркі сай
әйелдерді аруанаға теңейді. Өз балаларын жақсы
көрген көңіл – күйлерін, сүйіспеншілік мейірімін
ата - аналары ерке құлынға, сүйкімді ботаға,
қоңыр қозыға салыстыра теңейді.
Қорыта
айтқанда еліміз егемендік алғаннан бері ұлттық
мектептердің іргетасы қаланып, өзіндік ажары айқындалып
келеді. Бұл ұстаздардың педагогикалық іс –
тәжірибелерін таратып насихаттауға кеңінен жол ашады.
Ұстаз қаншалықты ізденсе, болашақ
ұрпаққа соншалықты сапалы білім бермек. Тәуелсіз
еліміздің дамуы үшін мәдени – рухани жетістіктерін келешек
ұрпаққа қалдырудың үлесі зор.
Халықтың даналық мұрасын сақтаудың негізі –
тәрбиеде.
Әдебиеттер
1. Төреханов С. //Тәрбие қайтсек баянды
болмақ? Қазақстан мектебі.
Ғылыми –
педагогикалық журнал. - Алматы. №
4, 1998 .
2. Қайырғалиев Т. //Психологиялық білім
қажет Қазақстан мектебі.
Ғылыми –
педагогикалық журнал. - Алматы.
№ 7, 2000.
3. Мырзақұлұлы Н. //Сананы тұрмыс
билемей ме? Қазақстан мектебі.
Ғылыми –
педагогикалық журнал. - Алматы. №
2, 2004.
4. Сұлтанғалиева Э. //Даңғайыр
дала... дүниетаным ...
Қазақстан мектебі.
Ғылыми –
педагогикалық журнал. - Алматы. №
3, 2008.