Психология/Психология развития

 

Аға оқытушы, психология магистрі Тукебаева С.А.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

ЖЕТКІНШЕК ЖАСТАҒЫ АГРЕССИЯЛЫҚ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ КӨРІНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Жеткіншектік кезеңнің шектері шамамен орта мектептің 5-8 сыныбына сәйкес келеді де, 11-12 жастан 14-15 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Жеткіншектік кезеңнің баланың дамуындағы ерекше орны оның "өтпелі", "бетбұрыс", "қиын", "сыналатын" кезең деген атауларында бейнеленген. Бұл - ең тынымсыз, ең қиын, ең қызба жас. Жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы - оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі, ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді игеруге, үлкендермен, жолдастарымен қарым-қатынас орнатуға бағытталады. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы адамның жеке басының моральдық, әлеуметтік негіздерін қолданып, қалыптасуының жалпы бағытының белгіленуі. Бұл кезеңдегі дамудағы биологиялық және әлеуметтік жағдайлардың рөлі туралы теориялық талас жарты ғасырдан астам уақыттан бері болып келеді. Жеткіншектер дамуындағы ерекшеліктер әр түрлі теорияларға негіз болды. Жеткіншектік шақтың басында балалардың сырт пішіні, мінез-құлқы ересектерге ұқсамайды. Олар көп ойнап, көп жүгіреді, алысып-жұлысып тентектіктер жасайды, әлі де бала бола жүріп, елеусіз есейеді. Жеткіншектің жеке басындағы басты жаңа құрылым өзі туралы "енді бала емеспін, ересекпін " - деген түсініктің пайда болып, өзіне жұрттың осылай деп қарауын тілейді. Мектеп пен оқу жеткіншектердің өмірінде үлкен орын алады. Оқу қызметіндегі ол қылықтардың сырттай көріну дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін. Жеткіншектер білімді, әділ, мейірімді, сабақтағы жұмысты ұйымдастыра білетін мұғалімдерді бағалайды. Мұғалім міндеті - оқу материалдарын қайталау арқылы мағынаны есте сақтауға үйрету болып табылады.

Жеткіншектік шақ - болашақ туралы балалық армандардық орнына өзінің мүмкіндіктері мен өмір жағдайларын ескере отырып, ол туралы ойлану басталатын, өз ниеті, іс-әрекетін жүзеге асыруға ұмтылатын кезең екендігін үнемі қаперде ұстауымыз қажет. Сананың дамуы баланың өз бетімен тәуелсіз талаптануын тудырады. Олар үйелменде, мектепте еңбек процесіне араласады, күнделікті өмірді бақылайды, ой-өрісі кеңиеді. Бұл жастағы бала намысқор келеді, үлкендер бақылауын әкімшілік шараларды ұнатпайды. Үлкендерді озбырлық жасайды деп ойлайды. Кейде түсініспеушілік осындайдан да туады. Үлкендерге байланып олардың мінезінен шындықты байқауға тырысуы үлкендер мен балалар арасында түсініспеушілік туғызады. Үлкендердің ойланбай асығыс шешім қабылдауы балаға зиян келтіруі мүмкін. Бұл жастағы балалар өнегелі адамдардың істерімен масаттанады. Осы тұрғыдан баланың мінезін тәрбиелеу, ықыласы мен қабілетін дамыту, мұқтаждары мен тілектерін қамтамасызыз ету дұрыс педагогикалық ойларға негізделуі керек. Осы ерекшеліктерді есепке ала отырып, тәрбие жұмысын тиімді етіп ұйымдастыру керек. Жеткіншіктер қоғамға пайдалы істерге ықыласты, ұжымшыл, жолдастық, достық сезімге бай, кітап оқуға, кинофильмдер көруге ынталы, спортты ұнатады. Отбасы жағдайы, ата-ананың кәсібі, материалдық жағдайы, білім деңгейі жеткіншектің өмірдегі жолын айқындайды. Ата-ананың саналы, мақсатты тәрбиесі бала өмірінде үлкен рөл атқарады. Отбасындағы жақсы қарым-қатынасты жоғалту, мектептегі сәтсіздік, келеңсіз топтағы құрбыларымен жақындық әр түрлі жолдарға итермелейді. Отбасы, мектеп, құрбы-құрдастар тобы – барлық жеткіншектердің нағыз табиғи ортасы, ең маңызды қоғамдық факторы. Демек, баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасы ерекше әсер ететіндіктен оның көп қырлы, жан-жақты болуы отбасына байланысты. Педагогикалық, әлеуметтік жағынан жіберілетін әлсіздік, оқу жүйесіндегі сәтсіздік - ауытқымалы мінез-құлықтың қайнар көзі. Жеткіншектің мінез-құлығындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Осы аталып көрсетілген ауытқу девиантты мінез-құлық деп аталады. Девиантты мінез-құлықтың бір түріне қылмыстық әрекетке апаратын агрессивті мінез-құлық (төбелес, тіл тигізу) жатады.

Жеткіншек жаста агрессиялық мінез-құлық жиі көрініс табады. Соңғы уақытта жеткіншек жастағы балалардың ауытқушылық мінез-құлығы ретінде қатігездік, агрессиялық жағымсыз ассоциалды мінез – құлықтарын интенсивті түрде зерттеу талап етіп отырады. Осындай ауытқушы мінез – құлықтың дамуына ықпал ететін факторларды зерттеу психология ғылымының негізгі мәселелері. Агрессияның әлеуметтік үйрену теориясы әлеуметтену процесінде меңгерілген жағымсыз мінез – құлық моделін көрсетеді. Кіші жеткіншек жастағы балалар басқа балалармен өзара әрекеттестікте және өзара қатынас барысында түрлі мінез – құлық модельдерін меңгереді. Өз құрдастарымен ойын балада агрессиялық реакцияларды көрсетіп, үйренудің мүмкіндігін туғызады.

Жеткіншек жаста баланың ішкі және сыртқы агрессиясы күшейеді. Жоғарғы қобалжу, күмәнданғыштық, түрлі қорқыныштарға бейімділік, мінез –құлықтағы қатігездік, агрессия сияқты ерекшеліктердің туындауына әкелуі мүмкін. Жеткіншектің жеке даралық сипаттамасындағы агрессиялық ересектердің түсінбеуіне қарсылық түрінде де көрінеді. Сонымен бірге өзінің қоғамда алатын орнына қанағаттанбаушылығынан туындайды. Агрессиялыққа оның темпераментінің табиғи ерекшелігі, мысалы тез қозушылық, әсерленгіштік эмоция күші, өзін -өзі ұстай алмау сияқты мінез бітістер ықпал етуі мүмкін. Осы мәселелер төңірегінде шетел зерттеушілері бала агрессиясы мен отбасындағы тәрбиелеу стилінің арасындағы тікелей байланысты тапқан. Шетелдік зерттеушілер А.Бандура мен Р.Уолтерс өз баласының агрессиялы әрекетіне аса көңіл бөлмейтін, тіпті қостауға бейім ананың баласы тағы да агрессиялы бола тусінетіндігін көрсетеді. Өте көп жалаған бала да жоғарғы агрессиялы мінез–құлық деңгейін көрсетеді, ата–анасынан, әсіресе әкесінен көп таяқ жеген бала өздерін бірқалыпты ұстап, тіпті тілалғыш болады да, бірақ басқалармен, өз құрдастарымен салыстырғанда жоғарғы агрессиялықпен ерекшеленеді. Жеке даралықты қалыптастыратын тиімді әуестенушіліктің жоқтығы, бос уақыттың молдығы делинквентті мінез–құлықтың қалыптасуының негізгі шарты.Толық емес отбасындағы жеткіншектербұзылған функционалды байланыс шамадан тыс бақылау, уағызға деген реакция, үйден қашу, кезбелік сияқты көріністерге ұласады. Жеткіншек балалардың девиантты мінез –құлықының алдын алу мен ескеру тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, психологиялық тұрғыдан да мән берілуі қажет. Алғашқы профилактикалық жұмыс төмендегідей шешілуі тиіс:

·  жеткіншектің жеке – даралық дамуының ауытқушылығына негіз болатын айналасындағылар жағынан әлеуметтік жағымсыз әсер мен тиімсіз факторлардың анықталуы мен жағымсыз бейімдейтін әсерлерді өз уақытында бейтараптандыру;

·  жеткіншектің мінез-құлқындағы ассоциялды ауытқушылықтың тиімді диагностикасы мен дифференцияланған тәсілдердің іске асуындағы тәрбиелілік профилактикалық амалдағы ауытқушы мінез-құлықтың психологиялық –педагогикалық коррекциясы.

Жеткіншектің агрессиялы мінез-құлқын зерттеуде Басса-Дарки сұрақтамасы кеңінен қолданылып келеді. Жеткіншек жастағы агрессияның алдын-алу үшін мінез-құлықтағы әлеуметтік ауытқушылыққа себепші индивидтік, жеке-даралық, әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық факторларға жүйелі талдау жүргізілуі, ауытқушылықтан сақтандыратын тәрбиелік алдын-алу жұмыстары толық үздіксіз жүргізілуі керек. Сондықтан жеткіншектегі ерте қалыптаспаған мінез-құлықтың мәселесі оның қалыптасуының сипаттамасын жүйелі талдау және үздіксіз адекватты тәрбиелік-корекциялық жұмыс баланың жағымсыз әлеуметтенуіндегі агрессиялы мінез-құлықтан сақтап қалудың сәті болып табылады.

 

Әдебиеттер:

1.   Аманова И.Қ. Жас ерекшелік психологиясы. – Алматы, 2011. – 136 б.

2.  Абрамова А.А. Агрессивность при депрессивных расстройствах: Дис. ... канд. психол. наук. - М., 2005. - 152 c.