Ғабдулла Б.Б.

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Рүстемова Ж.А.

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ

Төлеутай Ақшолақов - әдістемеші ғалым

 

Белгілі педагог, әдебиетші ғалым, әдіскер-ұстаз, профессор, халық ағарту саласындағы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты  Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов.  «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналынының тұңғыш редакторы. Көптеген әдістемелік оқу құралдары, зерттеу, монографиялардың авторы.

Төлеутай Қазиұлы 1915 жылы 4 мамырда Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы №4 ауылда туған [1].

Өмірінің алғашқы кезеңдері жайлы 1989 жылы «Қызыл ту» газетіне берген сұхбатында Т.Ақшолақов: «Арманымыз – оқу. Сол арманымыз бізді астанамыз Алматыға жетектеді. Қазір де халқымызға мәшһүр ақын Қалижан Бекқожин екеуіміз осында келіп, зоотехникалық-малдәрігерлік институтының даярлық бөліміне түсіп, оны тәмамдап, бірінші курсында оқып жүрген кезімізде, ашаршылық апаты басталады. Күнкөріс қиындады. Елден келер жәрдем жоқ. Мұнда қол ұшын берер таныс-жақынымыз жоқ. «Есің барда ел таны» дегендей, оқуды тастап, «Кереку, қайдасың?» деп елге тарттық. Мұнда келсек, ашаршылықтан өліп, жадап-жүдеген адамдардан аяқ алып жүре алмайсың. Күнелту үшін қызметке тұру керек болды. Сол ниетпен аудандық комсомол комитетіне келдім. Бірінші курста оқыды деген документімді көрді де, мені қуана қарсы алды. О кезде институтта оқыған жан некен-саяқ шақ. Қолма-қол аудандық партия комитетімен келісіп, мені аудандық газеттің жауапты хатшысы қызметіне жіберді. Газет қызметінен еш хабарым жоқ мен жүрексініп, бас тартып көріп ем, болмады, білімің бар, үйреніп кетесің деп аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бадри Әлімов (о кезде екінші хатшы болып есептелетін әрі сол тұста газеттің уақытша редакторы қызметін атқарады екен) ақыры мені көндірді. Сөйтіп, «Колхоз» газетінің жауапты хатшысы болып шыға келдім. Сол кезде мен небары 17 жаста ғана екенмін. Кейін газетке әдеби қызметкер болып Қалижан, белгілі журналист марқұм Әнуар Әукенов, әрі драматург, әрі журналист Атығай Шанин істеді. Бәріміз де - өрімдей жаспыз.

Сол газетте істеген шағымыз бір қызықты кезіміз екен. Ынталымыз. Білуге, үйренуге деген құштарлығымыз қандай! Әлі күні сол шақтарымыз жадымызда қалған, есімізден әсте шықпайды. Көп тағылым алдық, әдебиетке, журналистикаға деген іңкәрлік, құмарлық сол кездерден басталды. Қаламымыз да алғаш сонда ұшталды. Газет бізге өмір мектебі болды. Кейін институт бітіріп, мұғалімдік қызметте жүргенде, Жазушылар одағы өкілі ретінде газет төңірегіне бірталай талантты жастарды жинап, әдебиет үйірмесін құрдық. Сол үйірмеде халық ақыны Естай, жас ақындар С.Анисимов, Х.Зәкіров, журналист Ф.Боярский сияқты белгілі талантты адамдар да болды» – деп айтып өтеді[2].

1950 жылы Абай атындағы ҚазПИді тамамдаған. Әр жылдарда Павлодар аудандық газетінде жауапты хатшы, «Қазақстан» баспасында редактор болып қызмет еткен. 200-ден астам ғылыми жұмыс, қазақ әдебиетінің мектепте оқытылу проблемасына байланысты жеті монографиялық еңбектің, қазақ әдебиеті оқулықтарының авторы. Гончаровтың «Обломовын», Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаға аударып, Майра Уәлиқызы, Қажымұқан, Жаяу Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Сәбит Дөнентаев шығармашылықтары жөнінде көптеген зерттеу еңбектерін жазған. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Атап өткендей, Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов жеті монографиялық еңбек жазған. Соның бірі:  «Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты»(2001). Бұл әдістемелік еңбегі әдебиетті оқытуды өзекті бір мәселесі – көркем шығармаға эстетикалық талдау жасауға арналған. Ғалым шығарманы образдар жүйесімен біртұтас қарастырып, оны талдауға жүйелілік-құрылымдық әдісті ұтымды да орайлы қолданады. Автор бұл еңбегінде ғылыми болжам, топшылау, түйіндер жасаумен қатар, шығарманы талдаудың нақтылы жол-жобасын, үлгісін ұсынады.  Талдауға, негізінен, қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармалары алынған[3].

«Шығарманың көркем компоненттерін оқыту» атты еңбегінде(1968) орта мектепте көркем шығарманы оқып үйрену барысында Әуезов туындыларының сюжеті мен композициясын көптеген мысалдарының бірі ретінде қарастырып, идея мен түрдің тұтастық бірлігін бұзбай талдау қажеттігін сөз етті.  «Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын таныту» монографиясында(1975) әдебиеттану ғылымы мен методиканың өзекті бір проблемасы әдеби шығарманың эстетикалық табиғатын таныту мәселесіне арналған. Еңбекте ғылыми топшылаулармен қатар нақтылы шығармаларға талдау жаалған. Талдауларға ауыз әдебиеті шығармалары, сол сияқты Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Аманжолов, Ж.Сайн т.б. қаламгерлердің шығармалары алынған. Автор әр алуан әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнын ашуды көздеген. Ол өз талдауларында шығарманың ішкі құрылымына, бейнелі ойына иек артады, сол арқылы шығарманың идеялық мән-мазмұнына тереңдейді. Мәселен,  Әуезовтің оқу бағдарламасына енген шығармаларын оқып үйренуде әр түрлі әдістерді қолдана отырып, көркем туындыдағы идеялық-эстетикалық мән-мазмұнды ашуды көздеді. Бұл ретте «Абай жолындағы» Қодардың өлімі, Бөжей асы сияқты сюжеттік жетістіктерге эстетикалық талдау жасаудың үлгілерін ұсынды[4].

Ал «Көркем шығармаға талдау жасау» деген монографиясында(1983) негізгі ой-тұжырымдарын «Қараш-қараш» повесін, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абай тағы басқа кейіпкерлер характерлерін талдау негізінде өрбітті.

«Шығарманың көркем айшықтарын таныту» атты зерттеуінің(1994) алғысөзінде:«Мақсатымыз: зейнеті мен бейнеті мол ең абзал жан – мұғалім еңбегіне хал-қадірімізше қол ұшын беру»-деп жазылған[5].

2010 жылы Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов бақилық сапарға аттанды. 2013 жылдың 19-20 қыркүйегінде Павлодар облысының білім беру ұйымдарында әдебиеттанушы, ғалым, ағартушы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеутай Қазиұлы Ақшолақовтың 100 жылдық мерейтойына арналған мектеп оқушылары арасында «Өмірі үлкен өнеге» атты облыстық шығармалар сайысы өтті. Конкурс жеңімпаздары Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы білім беру басқармасының Білім беруді және тәрбиелеуді дамытудың инновациялық орталығының дипломдарымен марапатталады.

Өмірі үлкен өнеге болған Төлеутай Қазиұлы Ақшолақов қазақ әдебиеттануы мен әдістеме саласында мол мұра қалдырды. Оны талдау, жүйелеу, саралау – бүгінгі зерделі ұрпақтың міндеті деп білеміз.

 

Әдебиеттер тізімі

1.  Мұхтар Әуезов энциклопедиясы – Алматы:Атамұра, 2011.

2.   «Қызыл ту» газеті, 1989 жыл

3.  Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғаты. –Алматы:Ғылым, 2001. – 338 б.

4.  Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын таныту. – Алматы: Мектеп, 1975.

5.  Ақшолақов Т. Шығарманың көркем айшықтарын таныту.-Алматы: Рауан, 1994. – 224 б.