СТУДЕНТТЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН КӨТЕРУДЕГІ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІНІҢ МАҢЫЗЫ

 

Сәдуақас Гүлбану Темириязқызы

Абай атындағы ҚазҰПУ мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.

Жумаш Жанар Еркінқызы

аға оқытушы

 

Тәуелсіз елімізде тірегі жас ұрпаққа білім беру, тәрбиелеу қандай дәрежеде болса, Қазақстанның ертеңгі болашағы сондай болмақ. Себебі кез-келген ұлттың болашағын ұрпақтары жалғастырады.

Жоғары мектептегі оқыту үрдісінің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оқытудың белсенді әдістері жоғары сапалы маман дайындауда маңызды болып отыр. Оқытудың бұл әдістері студентті білім, білікпен қаруландыра отырып, белсенді оқу-танымдық әрекетке бағыттайды, оқу ақпараттары студенттің жеке біліміне айналады.

Жоғары оқу орнындағы оқыту үрдісіне актив әдіс ретінде   А.М.Смолкин имитациялық әдісті ұсынады [1]. Имитациялық әдіс ойындық және ойындық емес болып бөлінеді. Ойындық әдіске іскер ойындар, жобалау әдістерін, ал ойындық емес әдістерге нақты жағдаяттарға талдау жасау, жағдаяттық міндеттерді орындау жатады.

Актив әдістердің мәні студент берілген тапсырмаларды өз беттерімен ізденіп орындайды, соның нәтижесінде дағды мен іскерлікті өз беттерімен қалыптастырады. Актив әдістерді пайдалану арқылы бұлармен қоса студенттің шығармашылық және қатысымдық қабілеттері дамиды.

Әдіс дегеніміз  дидактикалық мақсатқа жету үшін оқытудың тәсілі мен формасының сабақтасуы. Демек, әдіс студенттің танымдық әрекетін ұйымдастырудың тәсілі мен сипаты болып табылады.

 Оқыту білім алушының ақыл-ойының дамуын, адамның жан-жақты қалыптасуын қамтамасыз ететіні белгілі. Ондай мүмкіндік студенттің белсенді әрекетімен тікелей байланысты. Белсенділік студенттің игерген білім сапасына,  оны тиімді қолдана білу іскерлігіне байланысты болатыны аян. Ал танымдық белсенділік  студенттің өз бетімен ойлауы, жағдаяттың шешімін таба алуы, өз бетімен білімін толықтыру ынтасы, сыни ойлау мәдениетінің болуына байланысты. Студенттің бойында мұндай мүмкіншілікті қалыптастыруда оқытудың белсенді әдістерінің маңызы зор. Оқытудың белсенді әдістері дегеніміз – студенттің оқу-танымдық әрекетін туғызу амалы [2]. Ол студенттің де оқытушының да жұмысын жандандырады. Белсенді оқыту әдісі – ол оқу әрекеті. Өйткені оқу адамды дамытады, ал дамудың негізі – әрекет. Оқытушының белсенді әдістерді қолдануы арқылы студент кәсіби әрекетіне қажетті білім, дағды, іскерлікпен қаруланады. Белсенді әдістің негізінде оқытушы мен студенттің, студент пен студенттің арасында диалогтық  тілдесім болады. Ал диалогтың  үрдісінде студенттің тілдесім мәдениеті жетіледі, тілі дамиды. Өйткені белсенді оқыту әдістері студенттің танымдық белсенділігін көтеруде өз бетімен әрекеттенуін, танымдық міндеттерді шешуге қызығушылығын туғызуын, игерген білімдерін іс жүзінде қолдана алу мүмкіндігін туғызады. Белсенді әдістің мақсаты – білім, дағды, іскерлікті қалыптастыруда  студенттің бойындағы барлық психикалық үрдістердің (сөз, ес, қиял, зейін т.б.) қатысуын қамтамасыз ету. Демек оқытудың белсенді әдістері студенттің танымдық әрекетін, қызығушылығын қалыптастыруда өте пайдалы.

Студенттердің сөз мәдениеті дағдысын жетілдіруде олардың танымдық белсенділігін көтеретін актив әдістерге  мән беру  қажет. Әдістемелік, дидактикалық еңбектерге  талдау жасау барысында  әдісті білім алушы мен білім берушінің әрекетінің амалы, тәсілі, жолы деп түсінуге болады. Яғни  оқыту әдісін оқытушының студенттердің танымдық әрекетін ұйымдастыруда, оларды білім, дағды, іскерлікпен қаруландырудағы мақсатты, жүйелі жұмысы деп түсінеміз.

Оқыту екіжақты үрдіс болғандықтан, оқыту әдістері де әдістемелік еңбектерде екі түрлі тұрғыдан қарастырылады, яғни оқыту әдістері және оқу, білім алу әдістері. Бұлардың өзі іштей бірнеше түрге бөлінеді. Оқыту әдістерінің түрлері  де, оларға берілетін анықтамалар да, оларды жіктеуге негіз болатын факторлар да өте көп. Солардың ішінен біз әдістерді жіктеуде Л.П.Федоренконың пікірлерін негізге алдық. Ол тілді оқытуда әдістерді мынадай түрлерге бөледі: 1) тілді теориялық тұрғыдан игеру әдісі; 2) тілді теория-практикалық тұрғыдан игеру әдісі және 3) практикалық әдіс [3].

Теориялық әдісті іске асыру тәсілдері: теориялық материалды  түсіндіру, айту, әңгімелеу, негізгі әдебиеттерді оқу т.т. Теория-практикалық әдісті іске асыру тәсілдері: бақылау, тілдік талдау, диктант. Практикалық әдісті іске асыру тәсілдері: тілдік жаттығулар, тренинг-ойтолғаулар, монологтік айтылымдар, баяндама, хабарлама жасау, реферат, мәтінге лингвистикалық талдау, сөйлемді қайта құру, мазмұндама, шығарма, әңгіме жазу, т.т. Аталған әдістердің барлығы да тілдің ерекшелігін (қолданыстық, мағыналық, стильдік) сезінуді тірек ету ұстанымына негізделеді. Оқыту үрдісінде грамматикалық модельдеу, мәтінге лингвистикалық талдау, іскер ойындар, кейс-стади (сабақты нақты жағдаятқа негіздеп өткізу), рефлексия (өзінің мүмкіншілігін білу, тану) тренинг технологиясы (қатысымдық іскерлікті дамыту мақсатында) сияқты әдістер  пәнді сапалы меңгертуге, студенттердің қызығушылығын туғызуға толық мүмкіндік берді. Үлгі (модель) сөзінің шығу төркіні сөздіктерде әр түрлі түсіндіріледі. Бірі латын, ағылшын тілінен шыққан сөз десе, бірі итальян, француз тілдерінен шыққан деп көрсетеді.

Лингвистикалық  энциклопедияда «тілдік үлгі»это образец, служащий стандартом, то же, что «тип», «схема»», парадигма», «структура» деп айқындалады. Бұл әдістің мәнін Л.А.Сергиевская: «суть этого метода в представлении явления языка в виде отвлеченного образца. Такой образец состоит из минимума компонентов, необходимых для создания определенной единицы языка», – деп тұжырымдайды [4].

Модель, модельдеу ұғымы дидактиканың  ғылыми-танымдық әдісі ретінде қарастырылады. К.А.Штофф модельді «шындық өмірді терең түсіну мақсатында оны сыртқа шығару құралы ретінде» қабылдайды [5]. В.В.Краевский модельді «зерттеу пәнінің белгілі бір жақтарын, байланысы мен функцияларын құрастыратын элементтер жүйесі», – деп анықтайды [6]. А.Н.Дахин модельді «болашақта зерттелетін нысанның элементтері арасындағы құрылымдарды, ерекшеліктерді, қарым-қатынастар мен байланыстарды сызба, конструкциялар, белгілік формалар немесе формулалар арқылы неғұрлым қарапайым, тереңдетілген түрде көрсететін жасанды құрастырылған үлгі», – деп сипаттайды [7]. Г.И.Саранцевтің пікірінше: «материалдың бір бөлігін ойша немесе практикалық түрде қысқартып, көрнекі түрде беру», «нақты немесе болжанған ерекшеліктер мен құрылымдар көрініс табатын зерттелетін нысанның нақты бейнесі» [8]. Демек, тілдік үлгі дегеніміз арнайы таңба, графикалық сызба арқылы берілетін сөйлемнің, немесе сөздің формуласы болып табылады.

Сөз мәдениеті дағдысын қалыптастырудың, жетілдірудің басты мақсаты студенттерде әдеби тілдің нормасын сезінуі, сол арқылы дұрыс қолданыс пен одан ауытқуды, оның себебін ажырата алу дағдысын қалыптастыру екені белгілі. Ал студентте мұндай қабілет болуы үшін грамматикалық модельдеу, яғни тілдік үлгі әдісін қолдану олардың сөздік қорын байытады, сөйлемді дұрыс құруға қалыптастырады, ойлануға мүмкіндік туғызады. Тілдік үлгі әдісін тілдің барлық деңгейіне қолдануға болады.

Оқытудың актив әдістері студенттердің өз бетімен ойлау, кез келген  жағдайлардан шығудың жолын іздеуде игерген білімін тиімді пайдалана алу, өз бетімен  шешім қабылдау, ұжыммен тығыз байланысқа түсу, өз ойын дәлелдей алуға, қатысымдық біліктілік қабілеттерін қалыптастырады.

Бұл – келешек маманның кәсіби сапасы. Демек, оқытудың актив әдістері студенттің шығармашылық белсенділігін, білім алуға деген қызығушылығын дамытады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Смолкин А.М. Методы активного обучения. – М.: Высш. Шк., 1991. – 175 с.

2.Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологий. – М.: Педагогика, 1989. – 190 с.

3.Федоренко Л.П. Закономерности усвоения родной речи. Учеб.пособие, – М.: Просвещение, 1984. – 159 с.

4.Сергиевская Л.А. Модели сложного предложения //Типология языковых моделей: Сб. науч. трудов. Вып.2. – Рязань: Изд-во РИНФО, 2000. – 188 с.

5.Штофф В.А. Роль модели в познании. – Л.: Изд-во: Ленинград, 1963. – 128 с.

6.     Краевский В.В. Проблемы построения целостной теории содержания образования и процесса обучения. Сб. научных трудов. – Челябинск: ЧГПИ, 1988. – 138 с.

7.Дахин А.Н. Педагогическое моделирование: сущность, эффективность и неопределенность //Педагогика, 2003. – № 4. – 22 с.

8.Саранцев Г.И. Теория, методика и технология обучения //Педагогика, 1999. – №1. – С. 74-79.

 

Резюме

В статье расматривается роль активных методов в развитии творческой активности студентов.

Summary

In the article the role of active methods is examined in development of creative activity of students.