ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ   БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

 

Сәдуақас Гүлбану Темириязқызы

Абай атындағы ҚазҰПУ мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.

Алтыбаев Мұратбек

 аға оқытушы

 

        Ақындар әдемілік негізін әдетте тек табиғат әлемінен іздеген. Әдемілік – жаратылыстың тылсым қасиеттеріне таңдана қарайтын адам жанына сырттан даритын ізгілік нұры. Демек адам сезімінен тыс табиғат шын мәнісінде эстетикалық сапаға ие бола алмайды, бұл үшін әр адам сұлулықты тани алуы және бағалай білуі қажет. Бұл жөнінде З.Қабдолов былай дейді: «Нағыз пейзаж – поэзия! Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті –  пейзаж жоқ» [1].

Пейзаждық лирикада табиғатты эстетикалық тұрғыда тану мәселесі көтеріледі. Адамның табиғатқа деген көзқарасы, ойы, жанашырлығы, табиғат туралы танымы ақын шығармашылығының өзегі  болып саналады. Автор оқырманға табиғат әлемінің сұлулығын алдымен өз жан-дүниесінен өткізіп алып, өз түйсінуі, сезінуі, өзінің шығармашылық концепциясы арқылы жеткізеді. Автор оқырмандарын айналасына бағдарлай қарап, өзін табиғаттың бір бөлшегімін деп сезіне білуге үйретеді. Сұлулықты сезіне білген адам оны қастерлей де біледі. Осы айтылғандардың барлығы табиғат лирикасына жазылған туындыларды бастауыш сыныптан бастап оқытудың маңызды екендігін көрсетеді. Табиғат лирикасы арқылы оқушылардың табиғатты аялау сезімін оятып, әсемдікті түсінулеріне алғашқы негіз жасауға болады. Демек табиғат лирикасы арқылы оқушыларға эстетикалық және экологиялық тәрбие теру мүмкіндіктері мол.

Осы тұста эстетика ұғымының мәнін аша кетейік. Философиялық сөздікте эстетика ұғымына: «Эстетика (гр. aisthetikos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым» – деп анықтама берілген.

Педагогикадан қазақша түсіндірме терминологиялық сөздікте «эстетика (aisthetikos – сезгіштік, сезімдік) – өнердің және көркем шығарманың даму заңдарын, идеялық мазмұны мен көркемдік пішіндерін, әлеуметтік рөлін зерттейтін ілім; сондай-ақ өнерге көзқарас жүйесі; адам мен әлемнің арасындағы құндылық қарым-қатынастың ерекше көрінуі ретінде эстетикалық, салалық зерттейтін фәлсафалық ғылым және адамдардың көркем іс-әрекеті» деп түсіндіріледі [2].

Бастауыш сыныпта табиғат туралы көркем шығармаларды оқыту барысында оқушылардың бойында табиғатқа деген сезім, сұлулық сезімі оянатыны сөзсіз. Мәселен, 1-сыныпта оқытылатын Ілияс Жансүгіровтің «Жазғытұрым» өлеңін алайық:

              Ой, балалар, балалар!

              Жылы-жылы жел соқты,

              Жылғалардан  су ақты.

              Қаңқыл-қаңқыл қаз кепті,

              Жер қарайды – жаз кепті  [3, 96-97].

 Осы өлең 3-сыныпта Абайдың «Жазғытұры» өлеңінен кейін толық келтірілген [4, 224-225].

Немесе, осы сыныптағы Сәкен Сейфуллиннің «Дала» өлеңін алайық. 

Құшағын жайған кең дала

Төсін ашқан анадай.

Қаладан келген сағынып,

Бейне бір жас баладай.

Далаға келіп көк-жасыл,

Кестелі жібек көрпедей,

Жас балаша шаттанып,

Құлай кеттім еркелей [4, 289].

Осы өлеңнің мазмұнын ашу арқылы балаларға туған жердің табиғаты, оған деген ақынның сезімі т.б. толық түсіндіруге болады. Бұл үшін мынадай сұрақтар қоюға болады:

-       Өлеңнің бірінші шумағында ақын жазғы даланы кімдерге теңейді?

-       Неліктен?

-       Жазғы дала неліктен «кестелі жібек көрпедей»?

-       Ақын нені көк ала кілемге теңейді?

-       Ақынның көк шалғынға, гүлдерге «жан бітіріп» суреттеген жолдары қай шумақта және қалай берілген?                           

3-сыныпта Абайдың «Қыс» және С.Сейфуллиннің «Қызыл шұнақ» өлеңдері берілген. Аталған екі өлеңді салыстыру арқылы бірдей тақырыпқа жазылған өлеңдердің өзіндік ерекшеліктерін танытуға болады.

        Ана тілі сабағында мұғалім әдеби шығармалардың жәрдемімен сабақ үдерісінде бастауыш сынып оқушыларына тұрмыс қажетіндегі және табиғаттағы адамдар іс-әрекетіндегі сұлулық туралы түсініктер береді. Оқушыларға эстетикалық тәрбие берудегі мұғалімнің негізгі міндеті шығарманың мазмұнын дұрыс қабылдап, сол арқылы оқушының бойына жан сұлулығын ұялату болып табылады. Оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде әдеби шығармалардың, соның ішінде табиғат лирикасының маңызы зор.  Көркем шығармадағы кейіпкердің ұнамдысы да, ұнамсызы да оқушы санасына әсер етеді. Ұнамды бейне өнеге көрсетсе, ұнамсыз бейненің іс-әрекеттері жирендіреді. «Ана тілі «оқулықтарында мұндай мысалдар көптеп табылады. Кейіпкерлерді ажырату, талдау, олардың іс-әрекетіне ой салу да оқушылардың эстетикалық талғамын арттырады. Оқушыларға әдеби шығарма арқылы эстетикалық тәрбие беру оқушылардың шығарма мазмұнын, персонаж іс-әрекетін толық түсінген жағдайда ғана нәтижелі болады. Бастауыш сыныпта эстетикалық тәрбие беру бірнеше салалардан өтіледі. Олардың алғашқы сатысында мұғалім жаңа материалды түсіндіреді.  Ол мәтінді нақышына келтіріп оқытудан басталады. Әдеби шығарманы нақышына келтіріп  оқу – бастауыш сыныпта ана тілі сабақтарында негізгі мәселелердің бірі. Өзі нақышына келтіріп оқи алмайтын мұғалім оқушылардың эстетикалық сезімін оятып, олардың ойын шығарма мазмұнын түсінуге аудара алмайды. Шығарманы  нақышына келтіріп оқу үлгісін мұғалім өзі көрсетеді. Мазмұнына байланысты мәтіннің кейбір жерлерін қатты, кей жерлерін орташа, ал кей жерлерін жай дауыспен оқу керектігін көрсетіп, шығарма персонаждарын дыбыс толқыны және тоны арқылы мінездеу жолдарын оқушыларға үйретеді. Сонымен қатар экскурсияға, серуенге шығып, оқушыларды табиғат көркімен таныстыру, жан-жануарлар мен құстар өмірінен, табиғат құбылыстарынан хабардар ету – эстетикалық тәрбиенің бір құралы болса, екіншісі – бейнелеу өнері. Бұл өнер оқушылардың эстетикалық танымын қалыптастырып, әдемілікке деген құштарлығын оятады. Ана тілі сабағында қыс, көктем, жаз, күз көріністерін және мәтіннің мазмұнын пейзажды суреттеп қағазға түсіріп, одан өзі салған суреттерін әңгімелеп, мазмұндап берудің көп маңызы бар.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Сөз өнері, Алматы, 1992

2. Философия: жоо студенттеріне  арналған оқулық// құрастырған Т.Ғабитов. А., 2006

        3. Әуелбаев Ш., Ізғұттынова Р. т.б. Ана тілі (1-сыныпқа арналған оқулық), Алматы, 2009

4. Рахметова С., Әбдікәрімова Т., Қабатай Б. Ана тілі (2, 3-сыныпқа арн. оқулық) Алматы,  2010 ж.

Резюме

В статье рассмотрены некоторые вопросы эстетического воспитания учащихся начальных классов при обучении лирики природы.

Summary

In the article some questions of aesthetic education of initial classes of students are considered at educating of lyric poetry of nature.