Жанузакова К.Т.,

Ф.ғ.д., доцент, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан

Дуйсекеева Б.

Магистрант,  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан

 

МОДЕНИЗМ ЭСТЕТИКАСЫ МЕН  ЖАТСЫНУ КАТЕГОРИЯСЫ

 

Жатсыну, өгейлену сияқты философиялық категория – модернистік эстетиканың жілікті, маңызды  мәселесі. Модернизм негізінде айқын көрінетін спецификалық дүниетаным – қоғам тарапынан көрсетілген қысым мен рационалдық тәртіп орнаған әлемді адамның жатсынуы жатыр. Кейіннен мұндай дүниетанымдық аңсар постмодернистік танымда жалғасын тапты. Жеке тұлғаның жатсынуы романтизм эстетикасында да кездеседі. Өз ортасына, қоғамға қарсы тұрған романтикалық қаһарманның  қоғамды, адамдарды жатсынып, табиғатқа, тау арасына қашуы немесе өзімен-өзі оңашалануы, өз ойымен жеке дара қалуы, т.б. – романтикалық әдебиетте жиі көрінетін мотивтердің бірі. Бұл арада романтизмнің модернизммен, постмодернизммен  өзара ұқсастығы жеке тұлға концепциясында байқалады – тұлғаның үміті  мен нақты өмірлік тәжірибе арасындағы алшақтық, өмір мен ол туралы түсініктің  өзара  сәйкес келмеуі.

Сонымен қатар жатсыну деңгейі бұл көркемдік жүйелерде өзіндік ерекшеліктерге де ие. Романтизмде қаһарман жатсынуды, өзін-өзі жатсынуды жеңуге, әлеммен үйлесім орнатып, ішкі тұтастығын жоғалтпауға  тырысады. Бұл жағынан оның модернизммен кей тұста бірлігі байқалады. Модернизмде адам табиғатының жетілетініне, әлемнің өзгеретініне деген көмескі болса да үміт бар. Ал постмодернизмде жатсыну өзінің шарықтау шегіне, жоғарғы нүктесіне жетеді. Постмодернистік кейіпкер саналы түрде иллюзиялар әлеміне кетеді, транстық күйге түседі,  сонда ғана ол өзінің сан алуан кейпін біріктіріп, өзін  таба алады. Соның нәтижесінде модернизм мен постмодернизмде  әлемді хаос деп түсіну, үзік-үзік сана, өткіншілік, тұрақсыздық сезімі  мойын созады. Жеке тұлға әлемі бөлшектеніп, тұрақты, дәстүрлі құндылықтар қайта қаралады. Модернизм мен постмодернизмге «болмысты хаос пен абсурд деңгейінде суреттеу тән, көп жағдайда  жеке тұлға өзі түсініксіз, қисынсыз, иррационалды тұрғыда қабылдаған социумды жатсыну контексінде  қарастырылады» [1, 568 б.].

Өркениеті дамыған ХХ ғасыр адамзат тарихында ғылым мен техниканың шарықтауымен ерекшеленеді. Сонымен бірге бұл ғасыр рухани дағдарыстар мен қақтығыстар, катаклизмдер ғасыры да болды. Табиғат заңдарына үстемдік ету, қоғамдық әрекеттері арқылы жеке басының бостандығын, абсолютті еркіндігін шектеуі  адамдардың жатсынуына, трагедиялық ахуалға тіреді.

ХХ ғасырдың екінші жартысында адамға өркениеттің әсері туралы философ Н. Бердяев: «Адам өзінің  тарихи тағдырында түрлі кезеңдерді басынан кешірді және қашанда оның тағдыры трагедиялық болып отыр. Алғашында адам табиғаттың құлы болды, сондықтан ол өзін-өзі сақтап қалу үшін  тәуелсіздік, басының еркіндігін алу мақсатында қаһармандық күресін бастады, ол мемлекет мәдениетін, ұлттық қауымдастықтарды жасады, таптарды ойлап тапты. Енді  адам жаңа дәуірге аяқ басты. Ол иррационалдық қоғамдық күштерді  игергісі келді. Ол ұйымдасқан қоғам мен  дамыған техниканы жасады. Ол адамды өмірді ұйымдастыру мен табиғатты  түбегейлі билеудің құралына айналдырды. Бірақ ол өзі ұйымдастырған қоғам мен  ойлап тапқан техниканың құлына, машинаның құлына айналды» – деп жазады [2, 162 б.].

Адамның қоғамға көңілі толмай, өзін-өзі, басқа адамдарды, қоршаған ортаны, қоғамды жатсынуы – соңғы жылдары  ғалымдар назарын өзіне аударып келе жатқан ауқымды философиялық мәселе. Адамдардың өзінің қоғамдық әрекеттері олардың абсолютті еркіндігіне шек қоятынын адамзаттың түйсінуі жатсынуды дүниеге  әкелді. Осы уақытқа дейін әділ бағасын ала алмай келе жатқан бұл дүниетанымдық мәселеге кеңес тұсындағы материалистік көзқарастың салқыны  болғаны мәлім. Қазақ прозасында жатсыну мәселесі Т. Әбдіков, Д. Исабеков, О. Бөкеев, Ә. Кекілбаев, т.б. жазушылар шығармаларында кездеседі. Бірақ ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Д. Исабековтің «Тіршілік», «Дермене», «Сүйекші», т.б. повестерінде адамның социомәдени құрылымнан тыс қалатын, қоршаған ортаны  жатсынуынан туындайтын экзистенциализм сарыны  негізгі бағдарға айналған.

Кеңестік қоғамда тұлғаның еркіндігі мен жеке кеңістігіне қол сұғу, бостандықтың шектеулілігі адам мен қоғамның қайшылығын ұлғайта келіп, жатсынуды тереңдетіп жіберді. Кей жағдайда романтикалық кейіпкер қоғамды ғана жатсынып қоймай, өз-өзін де жатсынады. Қазіргі таңда жатсыну мәселесі әдебиеттану мен философия үшін ғана маңызды емес, басқа ғылым салалары: мәдениеттану, әлеуметтану, психология да оған қызығушылық танытуда. «Қазіргі өркениеттің қауіпті тұрақсыздығын, мейлі түрлі дәрежеде болсын, оның  мүшелерінің біразы сезініп қана қоймай, мойындайды да. Алайда осы адамдардың көпшілігі жатсыну әрекетінің адамзат тарихында  шынайы трагедиялық шырқау биігіне жеткен тұсында  тіршілік етіп жатқанын сезінбейді де [3, 117 б.].

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетте адамның қайғы-қасірет алдындағы шарасыздығы, терең  жатсынуы, «Меннің»  барлық  «Мен-емеспен» арадағы қайшылығы, субъектінің жалғыздығы мен тәуелділігі туралы идея  өзіне дейінгі әдебиеттен тамыр тартып  жатыр. Әдебиеттануда ұзақ жылдар бойы шығарманы айналамыздағы «өмір шындығының айнасы» деп тану, әдеби туындыдағы болмысты тап өмірдегідей суреттеу орын алып келгені мәлім. Сондықтан шығармада өмірде кездеспейтін мәселелер бейнеленсе немесе ол болмысқа, логикаға  сай келмей жатса қабылдауымыз қиынға соққан кездер болды. Бұған, әрине, әдебиетте өмір шындығын көркем бейнелейтін бірден бір әдіс ретінде социалистік реализмді мойындау да әсер етпей қоймады. Бірақ нағыз суреткердің көркемдік әлемі мен ізденістер аясы қалыптасқан тар шеңберге, бір қалыпқа сыймай, одан әлдеқайда кең болары даусыз. Нағыз суреткер өз заманының кезеңдік тынысына, уақытқа шідерленбей, шығармашылық рухани ішкі дербестігін сақтап қалуға тырысады.

Қорыта айтқанда, қазақ прозасында 70-жылдардағы жатсыну тақырыбы (Д. Исабеков «Қарғын» романы, Т. Әбдіков «Оң қол» әңгімесі) 90-жылдары жалғастық тауып, тереңдей түсті. ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ прозасы планетарлық ойлау жүйесімен ерекшеленеді. Жазушылар шығармаларында әлем мәдениетінің, өркениеттің, биосфераның тағдыры, жаратылыс жұмбақтарының алдындағы адамның дәрменсіздігі мәселелері бой көтереді.  Олар өз туындыларында өткен дәуірлердің рухани және адамгершілік тәжірибесін  айқындауға ұмтылады.  Осыдан келіп әлеуметтік-философиялық жинақтауларға ден қою басым түседі.

Модернистер әлемдік деңгейдегі қоғамдық қайшылықтар, санадағы қақтығыстар кезінде адам дүниенің мағынасыз екенін, өзінің фәнидегі жалғыздығын түсінеді деген пікірлерді алға тартты. Жалғыздық қасіреті қоршаған ортаны адамның жатсынуы модернизм  өкілдерінің шығармаларында айрықша көрініс тапты. Қазақ прозасындағы  адам табиғатының трагедиялығы, болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығы бейнеленген, адамның панасыздығын, қорғансыздығын меңзейтін модернистік сипаттағы шығармаларда жатсыну мәселесі жоталанып алға шығады.  Модернизмді хаосты әлемді адамның жатсынуында айқынырақ танылатын ерекше дүниетаным ретіндегі тарихи-философиялық  және әдеби-көркемдік категория деп тануға болады. ХХ ғасырда модернистік бағыттар мен интенциялар әдебиеттің алуан көркемдік тінін құрай отырып, бір мәдени кеңістікте қатар өмір сүрді.

Әдебиеттер:

1              Литературная энциклопедия терминов и понятий / под ред. А.Николюкина. – М.: ИНИОН РАН, НПК Интелвак, 2001. – 799 с.

2              Бердяев Н.А. Человек и машина // Вопросы философии. – 1989. – № 2. – С.143-162.

3              Грицанов А.А., Овчаренко В.И. Человек и отчуждение. – Минск: Вышейш.шк., 1991.127 с.