Туыстық
атауларының ерекшеліктері
Құрманғалиева
А.,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
2-курс магистранты
Туыстық терминологиясы лексиканың ең бір көне қабаттарына жатады. Осы лексика-семантикалық топтағы басты туыстық қатынастарды бейнелейтін атаулар әрбір тілдегі негізгі сөздік қорға кіреді. Белгілі бір тілдегі немесе тілдер тобындағы туыстық терминологиясын зерттеудің үлкен қиындықтары бар. бұл, осы сала бойынша жүргізілген зерттеулерде дәлелденгендей, отбасылық формасы туыстық жүйесіне қарағанда тезірек өзгеріске ұшырайды, осыған орай халықтардағы туыстық қатынастардың бұрыннан қалыптасқан жүйесіндегі терминология мен қазіргі ортасы формасын білдіретін атаулар арасында сәйкессіздік байқалады. Осындай құбылысты түркі халықтарынан да көруге болады.
Жекелеген түркі халықтарындағы
отбасылық-туыстық қатынастарды зерттеу мен сипаттауға
арналған еңбектерді революцияға дейінгі, кейінгі совет
ғалымдары Н.П.Дыренкова, В.А.Мошков, Л.П.Потапов, С.П.Толстов, А.Н.Бернштам,
А.П.Дульзон, Т.А.Жданко, К.Л.Задыхина, т.б. жазды. Туыстық
мәселелерін қараған ғалымдардың бәрі де
ең алдымен этнографиялық тұрғыдан
қарастырған. Сол себепті туыстық терминдердің
жол-жөнекей келтіріп отырған.
Біріншіден, түркі тілдеріндегі туыстық
атаулардың ойдан шығарылмағандығын, немесе осыған
орай, қате қолданымдардың бар-жоқтығын тексеру
үшін, екіншіден, нақты түркі тіліндегі, мәселен,
қазақ тіліндегі туыстық атаулардың түркі
тілдеріндегі туыстық атаулар жүйесіндегі орнын анықтап,
ортақтықтары мен айырмашылықтарын айқындау үшін
оларды тарихи-этимологиялық аспектіден қарастырғанды
жөн көріп отырмыз. Салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу
барысында түркітануда бұған дейін жазылған
еңбектердің нәтижелері мен деректерін пайдаланып отырамыз.
Олардың бастылары: Л.Покровскаяның түркі тілдеріндегі
туыстық терминдерін тарихи лексикологиялық тұрғыдан
зерттеген еңбегі, Ц.Номинхановтың түркі-моңғол
тілдеріндегі туыстық терминдерін қарастыратын мақаласы,
В.В.Радлов, Н.И.Ильминский, Л.Будагов сөздігіндегі, өзге де тарихи,
этимологиялық сөздіктердегі, түркі халықтарының
сөздіктеріндегі материалдар.
Түркілік туыстық жүйесінің ерекшеліктері Н.П.Дыренкованың «Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов» атты мақаласында өте-мөте толық сипатталған.
Мақала қырғыз тілінің ғана маңызды негізінде жазылғанмен сипатталып отырған туыстық жүйесінде өзге де көптеген түркі хаттарының түркі жүйесінің ұқсастықтар көп. Сол себепті қырғыздардан туыстық жүйесін сипаттамасын осы еңбекпен келтіргенді жөн санап отырмыз:
1) Қырғыздар туыстық категориясын жұрағаттық категроиясынан қатаң ажыратып отырады. Туыстық әке жақтан, шеше жақтан болып, екіге бөлінеді.
2) Қырғыз терминологиясына тән басты
ерекшелік, ескіден келе жатқан жіктемелік жүйенің айқын
байқалуы, сақталуы. Терминдердің тұтас бір
қатары, адамдардың үлкен топтарына бірдей қолданыла
береді.
Мысалы, Аке термині әкенің барлық ағаларына, туған-туыстарына, немере ағаларына, бәріне, Едіге термині әке жағынан болатын бүкіл апалды (туған тумағаг) тобына Сіңді – сіңлімді бәріне.
Сөйлеушінің жынысына байланысты апа – сіңліні атауға түрлі терминдер қолданылады.
Терминологияның жіктемелік сипаты болуымен қатар, Әке жағынан болатын туыстық терминдерінде жас шамасы бойынша айырым белгілер қатаң сақталады. Мәселен, айтушының жасынан үлкен апалар мен одан кіші қарындастар. Ана жағынан болатын туыстықта, керісінше, жас үлкендігі бойынша ажырату деген жоқ. Бірақ бұл атауларда ұрпақ жағынан үлкен, кішілік қатаң қадағаланады. Әкелік жақтан бұл (ұрпақ жағынан болатын үлкен-кішілік) ескерілмейді.
Мәселен, әке жағынан туыстықта, әкенің ағасы/інісі жасы жағынан племяннигінен кіші болса, соңғыны – аға дейді, өзін іні санайды. Ана жағынан болатын аға/іні үшін жасқа қарамай бір-ақ темин қолданылады.
Даниялық ғалым К.Гренбек те дәл осы ерекшеліктерді байқаған. Туыстықтың түрлі дәрежесінде тұрған адамдар тобы үшін рбір термин қолдану; терминдерді үлкен-кішілік, жыныстық ерекшелік бойынша ажырату; терминологияда әке жағынан туыстық пен шеше жағынан туыстық терминдерін айыру, т.б. Бұлар – түркі халықтарындағы туыстықтың жіктемелік жүйесіне тән негізгі сипаттамалық белгілер. Ол, сонымен бірге, түркі-моңғол жүйесінің ұқсастығын да көрсеткен. Түркі туыстық жүйесінің осы аталған ерекшеліктерін ескере отырып, түркі тілдерінен туыстықты білдіретін терминдерді зерттеуге кірісуге болады.
Түркі тілдеріндегі туыстық терминологиясына
арналған лексикологиялық жұмыста, автордың алдында мына
міндеттер тұруы керек:
1) туыстық терминологиясы саласында бүкіл
түркі тілдеріне тән жалпыны анықтау, сипаттама беру;
2) осы лексика-семантикалық топ аясында әрбір түркі тілінің ерекшелігін анықтау.
Ұсынылып отырған еңбекте біз негізінен бірінші міндетті – қазіргі түркі тілдерінің бәріне немесе көбісіне ортақ терминдерді тауып, қарастыру ісін орындауды мүмкін деп таптық. Бұл терминдер (30-дан астам) – туыстық пен жұрағаттықтың барлық негізгі ұғымдарын қамтиды екен. Бұлардың көпшілігі тарихи тұрғыдан түркі және моңғол тілдеріне ортақ мұра.
Қарастырылатын терминдердің бәрі де, дәстүрге сай, қандас туыстық пен некелік туыстыққа бөлінеді. Бірінші бөлікте қандас туыстықтың негізгі ұғымдарын білдіретін терминдерге («ана», «әке», «ұл», «қыз», «аға», «қарындас»), және әке жағынан туыстық пен шеше жағынан туыстықты білдіретін арнаулы терминдерге сипаттама жасалды.
Екінші бөлікте шеше жағынан жақындықты бейнелейтін терминдер («күйеу», «әйел», «күйеу бала», «келін») мен күйеудің, әйелдің аға-қарындасқа, әке мен шеше жағына қатысты байланыстарын, жұрағаттықты білдіретін жалпы атаулар қарастырылады.
Осы аталған екі бөлік аясында терминдерді сипаттау реті семантикалық ұстаныммен бірге, синтаксистік ұстанымға да арқа сүйей отырып анықталады. Мәселен, қос сөз құрамында антоним мен синоним ретінде келтірілетін терминдер қатар сипатталады. Ата-ана, ұл-қыз, күйеу-келін, қарындаш-уруғ, т.б.
Қандас туыстық терминдерін қарастыруды «ұл», «қыз» терминдерінен бастаймыз. Себебі бұлардың семантикасы кең, олар ер - әйел оппозициясын да бейнелейді. Екіншіден, бұлардың орны ерекше. Олар жалпы түркі тілдерінің бәрінде бар, көне ескерткіштерде де, қазіргі түркі тілдерінде де семантикасы тұрақты.
Ұл. Көне түркі ескерткіштерінде оғул түрінде ұшырасады. Оғыз тобы тілдерінде де солай. Ұйғыр тілінде: oqul. Хақас, тува, шор тілдерінде – оол, Якут тілінде дауыссыздың түсуіне байланысты дифтонг пайда болған уол. Қыпшақ тілдерінде: о > у → ул болады. Татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақ тілдерінде бастапқы (у)-дың созылыңқылығы мүлде байқалмайды деуге болады. Алтай тілінде уул варианты түрінде айтылды. Өзбек тілінде әдеби нормаға сай: уғил, чуваш – ывал.
Ұл-дан таралған туынды атаудың бірі – қазақ тіліндегі ұлан. Түркі тілдерінде түрлі тұлғаларда ұшырасады: алт. уулан (жас жігіт, бозбала), татар. олан (балақан, сәби), азерб. оғлан, түркмен. оглан, тур. оglan («ұл бала, жас жігіт») мағынасында қолданылады. Оғлан сөзі түрік тілінде бұған қоса «қызметші» мағынасына ие. Шағатай әдебиетінде ұлан (оғлан) ерекше мәнге ие болған. Бұл титулмен өзбектер ішіндегі сұлтандар тегіне жататын адамдар тобын атаған. Адам есімінен кейін келгенде ғана оғлан сөзі ханзаданы, хан тұқымынан шыққан төрені білдіреді. Бұл сөз әскери қызмет пен лауазымдар қатарында есімсіз қолданыла береді және бұл жағдайда армияның оң немесе сол қанатын басқаратын қолбасшыны білдіреді. Осыдан келіп атты ұландар атауы қалыптасқан. Қазіргі өзбек тілінде сөздің тарихи термин ретіндегі мағынасы бар: «сарайда тұратын ұлан, жас әскер».
Ескі дәуірдегі ескерткіштерде оғул түбірінің өзі кең мағыналы болған.
Ибн-Муханна сөздігінде «бала, тұқым». М.Қашғари сөздігінде: qyz ogul, quz oglan – мұндағы оғыл, оғлан – тұқым, бала мағынасында.
Оғлақ ═> (ы)лақ. Қазіргі түрік, түркімен, азербайжан – (оғлақ), өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ – ылақ.
Сонымен, тірі жан-жануардың бәріне ортақ «бала, тұқым» деген бастапқы кең мағынада қолданылған оғұл, оғлан, оғлақ сөздерінің мағынасы кейіннен тарыла бастады да, нақтылана берді. Қазіргі кезде туыстық термині ретінде тұрақталды. Осылайша, біз терминнің семантикалық даму жолы туралы А.Н.Бернштамның айтқан пікірімен келісеміз:
А.Н.Кононовтың пікірінше: ogul сөзі
(ұл) екі элементтен тұрады: оғ (< öғ ’шеше’ //
ок «тек, ру, тайпа» + кішірейту жұрнағы – ул (мыс. Сің – іл).
Осылайша, оғул («кіші шеше» > тұқым > ұл.
Қыз. Бұл да жалпытүркілік атаулар құрамына кіреді. Азерб., түркімен: гыз. Чув.: хыр.
Қыз – барлық қазіргі түркі тілдерінде «қыз» мағынасында ұшырасады. Ерекше ═> туваша: – ’ұрғашы’, «әйел». Хыр адыг – ’ұрғашы аю’, Хыр бөрү – ’ұрғашы бөрі’. «Қыз» ұғымы тува тілінде уруг терминімен беріледі.
Як. кыыс (қыз, немере қыз).
Демек, уол, кыыс – туыстық терминдері ретінде кеңірек
мағынада қолданылған. Сонымен, екі жайтты көрсетуге
болады:
1) оғул, қыз – анықтауыштар (анықтауышты
тіркестерде);
2) олардың өзі анықталатын сөздер. Бірінші жағдайда қыз әдетте ’бала ’ мәніндегі сөзге анықтауыш болады: тат., каз., к-калп. қыз бала, башк. қыз бала, узб. қыз бола, алт. кыс бала, хак. хыс пала. Оғыз тілдерінде: кыз чоджук.
МК сөздігінде qосик сөзінің негізгі мағынасы: торай.
Башқұрт тілінде ең кіші қызды атағанда кинйә (соңғы, кейінгі) анықтауышы қолданылады: кинйә кызым (кейінгі, ең кіші қызым).
Қыз термині күрделі терминдер құрамына кіреді: кыз кардаш «қыз қарындас», кыз оғул «қыз, бойжеткен», оғул кыз «балалар».
Башк. qïd qïrqïn (қыз, қыз-қырқын), қыз-мыз, qïd-mïd. Кыркын – бұрынғы заманда «күң, тұтқын қыз» мәнінде болған. Бұл туралы М.Кашғари сөздігінде бар.
Қазақ тіліндегі
қыздық (абырой) сөзінің түркі тілдерінде
туыстыққа қатысты мәні бар. Мысалы, оғыз тобында кызлык
– ’өгей кыз’. Осы жерде, түркі тілдерінде туыстыққа
қатысты –лық
тұлғалы туынды терминдердің көптігін айту керек.
Олардың мәні: аналык «өгей ана», аталық «өгей
әке», «тәрбиелеуші», бабалык «өгей әке», «қайын
ата», ағалык «әйелдің ағасы». Бұл
құбылыстар негізінен оғыз тілдері тобына тән.
Ана. Термин барлық түркі
тілдерінде бар. Тілдердің көбісінде: ана –«шеше», тел., шор –
әнә (äнä) – шеше, ене. Алтай тілінде – «кемпір,
әйел». Кейбір түркі тілдерінде екі варианты да бар: ана – «шеше»
және ене – «қайын ене». Туыстық атау ретіндегі негізгі
мағынасымен бірге ана
сөзінің басқа мағыналары бар.
Мысалы, Радлов
сөздігінде: 1) «шеше», 2) «апай», 3) «салиқалы әйел,
бәйбіше»,
4) «әйел жынысты», 5) «заттың басты бөлігі».
«Аналық бастау» – терминнің ең бастапқы, кең мәні осы. Қазірде де солай. Мысалы, татар тілінде ана мäчи «ұрғашы мысық», ана ÿрдäк «ұрғашы үйрек».
Кейбір түркі тілдерінде, көбінесе қыпшақ тілдерінде бірқатар туыстық терминдер шақыру формасын сақтаған. Соның ішінде ана да бар. Мысалы, башқ. әнәй «мама». Хак. иней «старуха», «супруга, жена». Тув. эне «тетя», эней «бабушка».
Көп жағдайларда
-й шақыру формантының
кішірейткіш-еркелеткіш – ка, – ке, –
кә-дан соң тұруы да мүмкін. Тат. әнкей «анашым».
Н.К.Дмитриев –кай, -кәй формасын тұтасымен еркелету формасының
қосымшасы санайды. Алайда, біраз түркі тілдерінде –ка, -ке
түріндегі және түбірге –ка, -ке-сіз, бірден –й
жалғанатын түрлері бар. Мысалы, «Алтай тілі грамматикасында» – й
форманты – құрметпен қаратпа атау қосымшасы ретінде
көрсетіледі: анай, еней. Қазіргі алт., қазақ,
қырғыз сөздіктерінде энеке формасы қаратпа сөз ретінде қолданылады.
Қазақша енеке, қырғызша энеке (жас әйелдің
өз күйеуінің шешесін еркелете атауы). Түркі тілдерінде анасы
түріндегі еркелете шақыру формасы да бар. Башқұрт
тіліндегі мағынасы басқаша: инәкә - кіндік шеше.
Ата. Адамға да, жан-жануарға да қолданылатын атау. Қазіргі түркі тілдерінде ата терминіне қарағанда ана көбірек, кеңірек қолданылады. Мысалы, түрік тілінде ата атауы аталар сөзі, ата йурду тәрізді тіркестерде кездеседі. Ал туыстық термині ретінде → баба қолданылады.
Тілдердің көбісінде ата – «әке» мағынасында, ал баба – «ата, ұлы ата» мағынасында ұшырасады. Мәселен, азербайжан, башқұрт, қарақалпақ, татар, өзбек, ұйғыр тілдерінде осылай. Түркімен тілінде: әке (ата) және ата (ата), баба → нағашы ата. Қазақ тілінде: ата, баба (бабай) – ата, атай. Қырғыз тілінде баба тек ата-баба тіркесінде ата-бабамды мағынасында кездеседі.
Шақыру формасы: атакай, әткәй, атай. Алтай тілінде шақыру формасы: адай (туыстар арасындағы ең үлкен), ада – «отец», «предок».
Қазақ тілінде бұрынғы кездерде атеке сөзі «атай» мағынасында да, «ұстаз» мағынасында да қолданыста болған. Азербайжан, түркімен тілдерінде: аталык «өгей әке». Өзбек тілінде: оталик → 1) рубасы; 2) хан жанындағы биік лауазымды тұлғалардың бірі (Орта Азиядағы феодалдық хандықтарда); хан сарайындағы бас министр.
Бур. – монғ. баабай:
1) «әке», 2) «ата, атай»; 3) арғы ата. «Ұлы, үлкен»
мәндеріндегі сын есімдерден жасалған бірқатар күрделі
туыстық терминдері ата
сөзіне анықтауыш болады. Қазақ. ұлы ата
(арғы ата), ұйғ. «әкенің ағасы»,
башқ. олатай, тат. дәү әти (атай), дәү
әни (әжей). Башқұрт тілінде анықтауыш ретінде қарт
сөзі қолданылады: gart ata, gart
иней. Түрік тілінде: büyüк baba, büyüк anne.
Түркі тілдерінде ана-ата
тіркесі де, ата-ана тіркесі де бар.
Бірқатар түркі тілдерінде бұлардан да өзгеше
қолданымдар бар: түрік. ана бaбa, гагауз. ана боба.
Кейбір зерттеушілер дауыстыдан басталған вариантты яғни ана баба
вариантын дұрыс дейді. Алайда, бұл мәселеде
тарихи-этнографиялық жайттарды ескеру қажет.
Әже. Көне түркі ескерткіштерінде бұл термин 3 вариантта кездеседі: äčі, äčü, іčі. Кең мағынада: → «жасы үлкен туыс». Алайда, түркі тілдерінде осы тұлғада кездесетін сөздердің мәндері алуан түрлі болады екен. Тув. ача «әке», ачай «әкей» (қаратпа сөз), өзб. ача (обл.) «әже, ұлы әже», ұйғ. ача «үлкен апа», хак. ақа (үлкен аға) шор. аджа, ача «үлкен аға», «үлкен апа». Алт. ачы: 1) әкенің інісі; 2) ағаның ұлдары, қыздары, немерелері. Демек, алтай тілі бойынша бұл әкенің інісінің барлық туыстарын атаған.
Хак. ачы «әке жақтан туыс». Қазақ, қырғыз, түрікмен тілдері: әже. Қырғ. эже «үлкен апа». Түркм. эже: 1) мама (қаратпа); 2) әке жақтан әпке, үлкен апа. Бур.-монг. эжы «мама, шешей». Ачы // әже сөздерінің ортақ мағынасы: «жасы үлкен туыс»
Апа. Көне түркі ескерткіштерінде: ара, аčü ара «үлкен туыстардың аталуы». Қазіргі түркі тілдерінде: башқ. апа, апай (апа, әпке), қазақ: апа 1) «апа», 2) ана (қаратпа сөзде); апай (әпке, апа!) қарақалп. апа («апа, үлкен апа, әже») қырғ.апа «апа», «ана». Тат. апа, апай «апа»; түрк. апа «апа», өзб. опа «апа», «ана», ұйғ. апа «апа»; чув.аппа «апа», тув. уба «апа». Жалпы мағына: «жасы үлкен туыс әйел». Башқұрт тілінде және түркі тілдерінің біразында бұл еркекке де айтылады: апа «үлкен аға» (башқ.).
Термин көбінесе қыпшақ тобындағы тілдер мен өзбек, ұйғыр тілдеріне тән.
Сіңлі. Мағынасы жағынан апа-ның антонимі.
Орхон ескерткішінде: сіңіл «қарындас /сіңлі».
Қазіргі түркі тілдерінде: башк. Һеңле, қазақ. сіңлі (апасына қатысты).
Қазақ, қарақалпақ тілдерінде сиңилден дамыған екінші форма сиңли қолданылған. Көп тілде жалпы апа-қарындас мәнінде болса да, қазақ, башқұрт, қырғыз тілдерінде тек қана жасы кіші қызды (сіңліні) жасы үлкен апаға, әпкеге қатысты атауға байланысты қолданылады.
Сиңли↔апа қыпшақ тілдеріне, өзбек, ұйғыр тілдеріне тән.
Аға. Азербайжан, қырғыз, татар, түркмен: ага; башқ.,
қазақ, қ-қалп., түркмен, хак., як. аға;
өзбек, ұйғыр, хак., ака. Көне ескерткіштерде: аqа.
Қырғызша аке, қазақша әке // әкей
варианттары бар. В.В.Радлов қазақ тіліндегі äкä мен шағатайша ака-ны ата+кä –ден дамыған
дейді. Дегенмен, ескі ескерткіштерде äкä бар. Аға сөзінің В.В.Радловта 6 мағынасы
көрсетіледі. Ол ака
сөзін «әке» мағынасында береді. Оңтүстік-батыс
тілдер тобында туыстық атау ретінде сирек ұшырасады. Негізінен
басқа мәнде қолданылады. Мысалы, түрік, азерб.,
аға – «мырза», «бастық». Түрік тілінде мәні
жуықтайтын бір ғана мысал бар: аğаbey «аға». Түрікмен
тілінде: акка - ’апа’. Мұны түсіндіру қиын.
Аға // ака = «жасы
үлкен аға». Моңғол тілдерінде де осы мағына
кездеседі. Жалпы «ерлер жағынан жасы үлкен туысқан» – деген
мағынасы ең көне болуы мүмкін.
Іні. Көне
түркіде: іні «жасы кіші туыс». Қазақ,
қарақалпақ, қырғыз, түрікмен, өзбек
тілдерінде «іні» мағынасында. Алтай тілінде: иин.
Қазақ тіліндегі
«туысқандар» мағынасындағы ағайын сөзі
(<аға+ини) екі сөздің кірігуінен пайда болған.
Қарындас сөзі ұға білгенге «қандас»,
«бауыр», «туыс» мағынасындағы сөз. Қазақ
халқының арғы тарихымен тығыз байланысты туған
«Елім-ай» өлеңінде: «Қарындастан
айырылған жаман екен, қара көзден мөлдіреп жас келеді»,
– делінген. Осында қарындас деп түп мағынасында «туыс» ,
«бауыр», «ағайынды» айтып отырғаны түсінікті.
М.Әуезовтің шығармасында қарындас сөзі
«туысқан», «ара ағайын» мәнінде жұмсалған.
Сонымен, жоғарыда айтылған пікірлерді қорытындыласақ, қарындас сөзі
қазақ тіліндегі ертеректе жарық көрген
шығармаларда «туысқан»,
«ағайын» деген мағынаны білдіру үшін
қолданылғандығын, ал, қазіргі кезде «жасы кіші
әйел баласын» (ер кісіге байланысты) атау үшін
жұмсалатындығын байқадық. Ал, жоғарыда
аталған сөйленістердегі іні мағынасы алтай тілінің
әсері екендігі дау тудырмайды деп ойлаймыз, яғни қарындас атауының ініге
байланысты жұмсалуы тек жергілікті тіл ерекшелігі ретінде сақталып
қалғаны.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Покровская
Л.А. Термины родства в тюркских языках. // Историческое развитие лексики тюркских языков:
М.: Изд-во АН СССР, 1961. – С. 1-82.
2. Номинханов Ц.Д.
Термины родства в тюрко-монгольских языках. // Вопросы истории и диалектологии
казахского языка. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1958. Вып.1. –С. 42-48.
3. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Т. I-IV. СПб., 1888
– 1911.
4. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского
наречия. Казань, 1861.
5. Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречии. Ч.1-2. СПб.,
1869.
6. Дыренкова Н.П. Брак, термины родства и психические запреты у кыргызов. // «Сборник этнографических материалов», под. ред. проф. Богараза-Тана, № 2. Л., 1927, С. 7-25.