Қожабекова Райхан
Тұрсынзадақызы, ф.ғ.к.,аға оқытушы
Қасымбекова Элмира
Талгарбековна, АӘИУ-нің ІІ курс магистранты
«Тіркескен күрделі сын есімдердің
жасалуы мен зерттелуі»
Қазақ тіл бөлімінде күрделі сөз
мәселесін алғаш көтерген - Қ.Жұбанов.
Күрделі сын есімдердің ішінде тіркескен сын есімдер тілімізде
кеңінен қолданылады. Күрделі сын есімдер деген атау
алғаш А.Ысқақов пен К.Аханов еңбектерінде
қолданылып, ғылыми айналымға түсті. Ал,
Н.Сауранбаевтың педучилищелерге арналған оқулығында
жалпы күрделі сын есім туралы онша сөз болмайды [1,91-98].
Қазақ ССР Ғылым
академиясының «Қазіргі қазақ тілі» кітабында да
күрделі сын есімнің жасалу жолдарының тек мынадай
түрлері ғана берілген:
1.Негізгі және туынды сындардың қосарлануы
арқылы жасалады (үлкенді-кішілі, таулы-тасты т.б.).
2.Таза сын есімдердің өзара тіркесуі арқылы жасалады
(қара көк, көк ала, сары ала т.б.).
3.Сын есім мен туынды сын есімнің тіркесуі арқылы жасалады
(сары тонды, көк көйлекті).
4.Сын есімдер мен басқа есімдердің тіркесулері арқылы
күрделі сын есім жасалады (бидай өңді, жұмыс басты,
көп балалы) [2,82].
Зерттеуші Ғ.
Әбуханов: «Сын есімдер морфологиялық құрамына
қарай жалаң және күрделі болып екіге бөлінеді.
Екі не бірнеше сөздер тіркесіп немесе қосарланып айтылып, бір
нәрсенің сындық белгісін білдіріп тұрса , күрделі
сын есім дейміз»,- деп айтумен ғана шектелген [3,136-140].
Зерттеуші Ж. Шәкенов күрделі сын есімдер мынадай үш
түрлі:
1.Сапалық сын есім мен сапалық сын есімнің тіркесуі
арқылы жасалға күрделі сын есімдер. Мысалы, қызыл күрең, ақ
құба, ақ көк, қара сұр, ақ боз, торы
ала, т.б.
2.Алғашқы сыңары негізгі (сапалық)
соңғысы –ты (-ті), -ды (-ды), -лы (-лі), -тай (-тей), -дай (-дей)
жұрнақтары арқылы жасалған туынды сын есім болып
келетін күрделі сын есімдер. Мысалы,
ұзын бойлы, қара мұртты, ашық өңді, салпы
ерінді т.б.
3. Қосарлану арқылы
жасалған күрделі сын есімдер. Мысалы, үлкен-үлкен,
биік-биік, шикілі-пісілі, ұзынды-қысқалы, т.б. жасалу
жолдарын ғана көрсетеді [4,96].
Ғалым А.Ысқақов
1964 жылғы өзінің зерттеу еңбегінде тіркескен
сөздерді «лексикаланған тіркес» деп атап күрделі
сөздердің құрамында қарастырған
[5,129-130].
Қазақ тілі грамматикасында тіркескен сын есімдердің мынадай түрлері берілген:
а) негізгі сапалық сындардың бір-бірімен тіркесуі
арқылы жасалған сын есімдер. Мысалы, көк ала, ақ сары,
қара көк, қара торы т.б.
ә) негізгі сындар мен туынды сындардың бір-бірімен тіркесуі
арқылы жасалған күрделі сын есімдер. Мұндай
конструкциялы тіркестерде, көбінесе негізгі сын есім туынды сын есімнен
бұрын тұрып, оның анықтауышы ретінде қолданылады.
Мысалы, көк көйлекті, қара қасты, кең
маңдайлы, орта бойлы т.б.
б) басқа сөз таптары мен сын есімдердің тіркесуі
арқылы жасалған сын есімдер. Мысалы, ат жақты, төрт
бұрышты, сыңар аяқты, ат жақты, ат жалды, көп
балалы т.б. көрсетілген [6,82].
Профессор К.Аханов мектеп
грамматикасында күрделі сын есімдердің мынадай бірнеше түрін
көрсетеді:
а) сөздердің
қосарлануы арқылы жасалған күрделі сын есімдер
(үлкен-үлкен, дәмді-дәмсіз, аумалы-төкпелі т.б.
ә) негізгі (сапалық) сын есімдердің тіркесуінен
жасалған күрделі сын есімдер торы ала, көк ала қара
торы, қара көк, шұбар ала т.б.
б) негізгі сын есім мен туынды (-лы, -лі... тұлғалы) сын
есімнің тіркесуінен жасалған күрделі сын есімдер ( кең
маңдайлы, қара шашты, ұзын пальтолы т.б.)
в) зат есім, сын есім сөздермен туынды (-ты, -ті...
тұлғалы) сын есімдердің тіркесуінен жасалады. Мысалы:
қасқыр ішікті, төрт бұрышты т.б. [7,11].
Профессор С.Исаев 1973
жылғы жазған еңбегінде [8], қазақ тіліндегі
тіркес атаулыны ең алдымен үш топқа бөледі де,
оның ішінде тұрақты тіркестерді екі топқа жіктейді.
Мысалы: тіркес – еркін тіркес –
түйінді тіркес –
тұрақты тіркес – фразеологиялық тіркес – атаулық тіркес. Оның
ішінде күрделі тіркескен сөздерді «атаулық тіркестер» деп
атайды. Оын фразеологиялық тіркестерден айырмашылығын былай
көрсетеді: «мағынасының дәлдігімен, тұрақтылығымен
және көбінесе, терминдік ұғымдарды білдірумен
байланысты атаулық тіркестердің синонимдері болмайды. Ал,
фразелогиялық тіркестердің мағынасын екінші сөзбен я
тіркес құрауға лайықты ұйтқы діңгек
сөзі көрініп тұрады» дейді. Ғалым атаулық
және фразеологиялық тіркестердің грамматикалық
байланысу жолдарында өзгешеліктер бар екендігін атап көрсетеді:
«Фразеологиялық тіркес құрамындағы сөздер
қазіргі синтаксистік байланыс тәсілдерінің
қай-қайсысы арқылы болса да байланысып, өз ішінде
сөйлемнің барлық мүшесі бола алады. Ал атаулық
тіркестерде ондай универсалдық, жан-жақтылық жоқ.
Сын
есімдер туралы жеке - жеке еңбектерде, мақалаларда, мектеп пен
жоғары оқу орындарына арналған еңбектерде де
айтылғаны белгілі. Бірақ бұл еңбектердің
барлығында да күрделі сын есімдер көбіне таза
морфологиялық жағынан зерттеліп, сөз арасында ғана
затқа қатысты қолданылады деп айтылғанымен,
олардың тіркесу қабілеті, жасалу жолдары, құрылымдық
элементтері, семантикасы арнайы тереңірек зертелген жоқ. Профессор
А.Ысқақов өз еңбегінде күрделі сын
есімдердің қатарында тіркескен екі, үш компонентті
түрлері туралы атап көрсеткенімен, олардың семантикасы жайлы
сөз қозғамайды. Тіркескен сын есімдердің жасалу
жолдарына кеңірек тоқталады. Қазіргі қазақ
тіліндегі күрделі сын есімдердің негізгі сегіз түрлі
үлгісін көрсетеді. Соның ішінде тіркескен сын есімдерге
қатыстылары:
1.Сапалық
сын есімдер бір – бірімен тіркеседі. Бұл топқа қара ала, сары ала, торы ала, шұбар аал, қызыл ала деген
үлгі бойынша жасалатын, демек, алғашқы компоненті ауысып,
соңғы компоненті өзгермей тіркесетін сын есімдер де, қара көк, қара сұр,
қара торы, қара қоңыр, қара күрең,
қара шұбар, қара кер деген үлгі бойынша
алғашқы компоненті ауыспай, соңғы компоненті ауысып
жасалатын екі компонентті күрделі сын есімдер де, алқара көк, алқара кер тәрізді үш
компонентті күрделі сын есімдер де жатады.
2.Негізгі сын мен –лы (-лі) формалы туынды сын есім тіркеседі. Мысалы, кең маңдайлы, шошқа
сақалды, қызыл шырайлы т.б.
3.Зат есім мен сан есім, есімдік, есімше
формалары мен - лы
(-лі), - ды (- ді), - ты (- ті), формалы туынды
сын есім тіркеседі. Мысылы, теке
сақалды, бадырақ көзді, алтын баулы, камшат бөрікті,
құндыз жағалы т.б.
4.Зат есім, сан есімдер мен –
лық ( -лік), - дық ( -
дік), - тық, (- тік) формалы сын есімдер тіркесіп, күрделі сындар
жасайды. Мысалы, халық
аралық, бес жылдық, бес кісілік, екі –үш күндік, он
адам сиярлық т.б.
5.Тәуелдіктің
үшінші жағының қосымшасы қосылған зат
есімге (бірінші компонент) сын есім (екінші компонент) тіркесіп, күрделі
сын есім есебінде қолданылады. Мысалы, көзі ашық, тілі майда, басы бос, жөні түзу т.б.
деп көрсетеді.
Профессор
Т.Сайрамбаев тіркескен күрделі сын есімдерді сын есімді күрделі сөз тіркестер дейді де, негізгі сын
есім мен туынды сын есім тіркесіп, күрделі сын есім жасалатынын (қызыл шырайлы, орта бойлы, ашық
жүзді, т.б.), негізгі сын есім мен негізгі сын есім тіркесіп,
күрделі сын есім жасалатынын (қара
көк, ақ сары, қара торы, т.б.) айтып, профессор
А.Ысқақовтың тілі
майда, басы бос, жөні түзу сияқты формаларының
тіркесіп келуін күрделі сын есім деуге келмейтіндігін айтады.
Белгілі
бір сөз табына тән бір тектес сөздерден сабақтаса
құралған күрделі етістіктер компоненттерінің ара
қатынастары өзгеше болғандықтан, өз алдына бір
топ болып бөлінуге тиіс. Мысалы, ақ
шұбар, қара шұбар, көк шұбар, қызыл
шұбар, сұр шұбар деген тәрізді үлгі бойынша
жасалағн тіркестердің әрқайсысы екі – екі сөзден
құралған сын есімдер. Бірақ олардың
құрамындағы компоненттері бір күрделі семантикалық
ұғымды білдіреді. Осы себептен, құрамына қарай,
күрделі сые есімнің семантикалық мағынасы да
күрделі болады. Әдетте, осындай сын есімдер күрделі сын
есімдер деп аталады. Құрылымы жағынан бұлар екі
сөзбен ғана шектелмей, одан да артық сөздерлің
үйлесімді тіркесуінен жасалуы мүмкін. Мысалы, Енді сол көп қыздардың ішінен бөлініп
қалған бір ғана ұзын бойлы, ақ сұр
қыз бар. Сұлу денелі, ашық нұр жүзді ,әсем бойжеткен. Морфологиялық
құрамы жағынан жағынан да бірбеткей емес, әр
түрлі, мәселен, қара
кер жалаң түбір морфемалардан, орта бойлы деген күрделі сөздер түбір мне
қосымшалы морфемаға ажыратуға келетін тұлғалардан
тұрады. Түрлену жүйесіне келсек, тек қана
аналитикалық тәсілден болған түрлері кейбір шырайлық
формалармен өзгерсе, мысалы: қып
- қызыл ала. Ал аналитикалық тәсілге қосымша
синтетикалық тәсілден болғандары түрленбейді.
Жалпы
тіркескен сөздер туралы азды-көпті пікір айтқан
ғаламдар қатарында: А.Ысқақов, К.Аханов, Н.Сайрамбаев,
Ж.Шакеновтерді атауымызға болады. Тіркескен сын есімдер
Г.Мамаеваның 1999 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі
күрделі сын есімдер» деп аталатын диссертациялық еңбегінде,
профессор Н.Оралбайдың 2002 ж. жарық көрген
«Қазақ тілінің сөзжасамы» деген еңбектерінде
де айтылған. Мәселен, Н.Оралбай:
«Тіркесті күрделі сөздер неше сыңардан
құралса да, оның сыңарлары
бөлек - бөлек жазылады. Тіркескен күрделі сөздер айтылуы
жағынан бір ұдай, бір ықғақ арқылы
ерекшеленеді. Күрделі сындардың құрамындағы
сыңарлардың ара – жігі бөлінбей, біртұтас
ырғақпен айтылып, бір сөздегі бір екпінмен айтылады», - деп
мысалмен түсіндіреді. Сондай-ақ автор тіркескен күрделі
сындардың сыңарлары болып көбінесе сын есімдердің
өздері қатысатынын және зат есім, сан есім, етістіктер де
болатынын айта келіп, олардың құрамы мен
мағыналық топтарын атап көрсеткен. Ал, автор 2007 жылы
жарық көрген «Қазақ тілі сөзжасамы» деген
еңбегінде тіркескен күрделі сөздерді Б.Қасым
еңбектеріне сүйене отырып «атаулық тіркестер» деген
жаңа термин атайды [9,122].
Тіркескен
күрделі сын есімдерді тану үшін, біріншіден, тұтас бір
ұғымды білдіретіндігін, екіншіден, құрамындағы
сыңарлары үнемі мағыналық тұтастыққа
жұмсалатын, қызметі жағынан бөлшектенбейтін,
үшіншіден, сыңарлары құрастырушы қызмет атқаратын,
бірұдай бірлікте болатын негізгі белгілері саналады. Әрине,
теориялық анықтамалар мен дәйектемелерде, тұтастай
алғанда, ауытқушылық, қайшылық жоқ.
Бұл екі жақты тұлға мен мазмұн бірлігі
сөздердің қызметі мен өмір сүруінің негізгі
шарты болып саналады және тілдік айналымда қолданыс қызметін
атқарады. Сонымен, тіркескен күрделі сын есімдер тұлға
мен мағынаның бірлігінен тұратын тілдік дербес бірлік.
Тіркескен күрделі сөз жасалуы үшін сөздің
сыртқы қалпын сақтай отырып, ішкі мазмұнның
толық өзгеріске енуі де, тілде бар заңдылық. Осы
тұрғыдан алғанда, тіркескен күрделі
сөздердің жасалуына ортақ заңдылықтар,
алғышарттар бар. Бұл заңдылық – жалпы күрделі
сөздерге ортақ заңдылық.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Сауранбаев Н. Қазақ
тiлi. - Алматы, 1953.
2. Қазіргі
қазақ тiлi. - Алматы, 1954.
35. Әбуханов Ғ.
Қазақ тiлi. - Алматы, 1960.
4.Шәкенов Ж. Қазіргі
қазақ тiлiндегi сын есiм категориясы. - Алматы, 1961.
5.Ысқақов А.
Қазіргі қазақ тiлi (морфология). - Алматы, 1964.
6.Қазақ
тілінің грамматикасы I том. -
Алматы, 1967.
7.Аханов К. Қазақ
тiлi оқулығы. Фонетика, морфология, лексика. - Алматы, 1974.
8.Исаев С. Қазақ әдеби
тілінің совет дәуiрiнде
дамуы. - Алматы, 1973.
9.Салқынбай А.
Қазақ тiлi сөзжасамы. - Алматы, 2007.