Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы  ұлттық тәрбие жайы

Айтбаева Айман Ералықы Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті

Талқанбаева Әзиза Серікқызы Қармақшы ауданы №109 мектеп мұғалімі

ХХ  ғасырдың басында білім мен ғылымның ұлт тағдырында алатын орны, оның өзектілігі туралы мәселе қозғаған қазақ зиялыларының көшбасшысы А.Байтұрсынов жанұшыра ұмытылмас жасау керектігін ескерткен. Сол көкейтесті мәселе әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. Сондықтан көпшілікті, оның ішінде ұстаздар қауымын ойландыруы хақ. Ұлы ұстаз: «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұратындығын, кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрамыз. Оқусыз халық  қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші»[1,265]. Алаш ардақтысы, ұлттық педагогикамыздың негізін қалаушылардың бірі М.Жұмабаев: «Біз дәл қазір ұлттық мектептің берік негізін қалауымыз керек. Соңғы кездері біз соқыр еліктеу ауруына шалдыққанымызды ескеруіміз керек. Бұл дерт жаңа мектептің негіздерін құруда ғана емес, шаруашылық және саяси өмірдегі қайта құруда да байқалады. Біз қазақтың жанына жаңа бейне беруіміз керек. Қазақтың жанын басқа үлгіге қарай ауыстыру қорқыныш тудырады. Жаңа мектептің негізін қалай отырып, осы соқыр еліктеу жолына тағы да түсіп кетпегеніміз дұрыс болар еді»[2,49] деген болатын. Қазақ жастарының бойындағы қабілеттерін ел мүддесі үшін қолдана білуін, танымдық жаңашылдыққа бет алуын арман етті.  Мағжан арман еткен жаңашылдық  мен ұлттық тәрбие мәселелері бүгінгі күні өзекті сипатқа ие болып отыр.  Мектебіміз түгіл, отбасылық тәрбиемізге де кіріп алған өзге жұрттың тәрбиесі ұрпағының келешегіне кесірін тигізерін Мағжан күні бұрын білді. Соқыр еліктеудің соңы сүріндірерін, опындырарын біліп, сақтанудың жолдарын қарастырды. Ұлттық тәрбие- ұлттық сана-сезімі жоғары болашақ маман жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге- жерге, тілімізге, дінімізге , салт-дәстүрімізге деген құрмет жатыр. «Ұлттық тәрбие» атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев болды. «Педагогика» атты еңбегінде: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті. Бiр ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұрмысы, мiнезi көрiнiп тұрады… Ұлттың тiлiнiң кеми бастауы – ұлттың құри бастауы» [2,16]. Ата-бабамыздан мирас рухани байлыққа үстірт қараудан  ақын ұрпағын әбден сақтандырған. Атақты Бонапарт: «Халық толық азат болу үшін ұл-қыздары дана, басшысы құдай текті болуы керек» депті. Ұлттың кемелденуі  -ұлынан, елдің көгермегі- ерінен екенін әсірелеп жеткізген. Азаматы парасатты болса, халықтың жұлдызы жанады, басшысы кемеңгер болса, бағы жанады. Елбасының «Табанды тұлғалар тәрбиелеу арқылы ғана ел тәуелсіздігін баянды етуге болады» деуі де осыдан. М.Жұмабаев ұлттық тәрбиенің мақсаты мен міндетін белгіледі. Ұлттық тәрбие мақсаты- ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу,  ал ұлттық тәрбие міндеті- ұлттық тәрбиенің діңгегі- ана тілі болып қалатынын негіздеу екендігіне айрықша тоқталады. Ана тілі мен тарихын, мәдениеті мен ділін, салт-дәстүрі мен дінін құрметтеуде жастардың ұлттық интеллектуалдық мінез-құлқын қалыптастырудың жолдарын көрсетеді. Қазақ халқы арыстанның айбатын, жолбарыстың қайратын, қыран құстың қырағылығын дәріптеген. Жастар бойынан осындай ұлттық ерекшелікке тән қасиеттерді көрсем деген ақын болашақ жастарға сенім білдіреді. Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі. Бүгінгі күннің шешімін табуда кезек күттірмейтін мәселелердің бірі де жастардың ұлттық санасын оятып,  жат діни ағымдарға кіріп кетпеуін, бұрыс жолға түспеуін қадағалау. Мектеп бағдарламасына дінімізді танытуға бағытталған жұмыстардың қолға алынуы көпшілікті қуантуда. Қазақстан білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – әлеуметтік-экономикалық өзгермелі жағдайларда жаңа үдерістерге бейімделуге қабілетті және ол жағдайларды жақсартуға игі ықпал ете алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар – білімділік, рухани сауаттылық, жоғары интеллектілік, кәсіби сауаттылық. Осыған байланысты білім беру институттарының бала дамуындағы қоғамдық жауапкершілігі артып отыр. Жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуын, өзіндік көзқарасының қалыптасуы және ой-өрісінің кеңеюін қамтамасыз ету басты назарда тұрған мәселе. Елбасы «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа жолдауында ұлттық тәрбие  берудің маңыздылығы жайлы: « Ұлттық намыс –ұлы ұғым. Ұлттық намыс ұлттық рухтан тамырланатынын, ал ұлттық рухты сақтау үшін тәрбие ісін ұлттық мазмұнда дамыту керектігін» [3] ел өміріндегі дерек-дәйектермен жеріне жеткізе дәлелдеді. «Ұлтты жаңа сапалы мазмұнда жаңғырту ұзаққа созылатынын, ол үшін үйренетін ұлттан енді үйрететін ұлтқа айналуға тиіс» [3]  екендігімізді алға тартты. Бұл бағдарламалық құжатта жоғары және арнаулы оқу орындарының алдында заман талабына сай тың да жаңа міндеттер қойылып отыр. Оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізуге, оқытушы-педагогикалық құрамның сапасын жақсартуға,біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құруға, талапты шәкірттер үшін білімге қолжетімдіклік аясын кеңейтуге, тағы да басқа өзекті мәселелерге келіп саяды.Осы орайда, Елбасы тек білім беріп қана қоймай, алған білімдерін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге икемделу қажеттігін нақтылай түсті. Бұл білімгерлерге деген талапты күшейте түсу деген сөз. Мағжан ұлттық психологияны қалыптастыруды да көлемді түрде сөз етедi. Ол жан көрiнiстерiн “бiлу, яки ақыл, сезiм яки көңiл, һәм қайрат”  деп үшке бөлiп қарастырады. Олардың өзара  табиғи үйлесiмiн Абай тұжырымымен байланыстырды. Ол сыртқы сезiмдердi: көру, есту, иiскеу, тату, сипау (ет сезiмi) деп беске бөлiп қарастырып, олардың атқаратын қызметiне, ерекшелiктерiне сипаттама бередi.  М.Жұмабаев: “Адамның әдемiлiктi сүю сезiмiн тереңдететiн де осы есту сезiмi”, – дей келiп оларды дұрыс жетiлдiрудiң жолдарын көрсетедi. Бұларды жетiлдiруде ұлттық дәстүрге сүйене отырып жүргiзудi, мәселен құлынның кiсiнеуiн, қойдың маңырауын, түйенiң боздауын ажырата бiлу арқылы тәрбиелеудi ұсынады. Біріншіден ұлттық тәрбие беруде халықтың бай ауыз әдебиетін оқытудың маңыздылығын түсіндірді. Мағжан қазақ әдебиетінің қалыптасуында ежелгі сақ, хұн, түрік,қыпшақ дәуірінен бастау алған ауыз әдебиетінің роліне ерекше ден қойған. Халқымыздың аса бағалы рухани байлығы деп бағалап, оны сақтауға ерекше мән берген. Мағжан  бала тәрбиесінде фольклорды пайдалануының бір себебі -халық ауыз әдебиетін халықтың санасын оятып, сол арқылы әлеуметтік орта мен қоғамдағы орын алып отырған келеңсіздікке қарсы күрестің құралы деп түсінді. Ақынның 20-30 жылдары жарық көрген «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт», «Ертегі», «Қанышбай қысасы» поэмалары арқылы қазақ әдебиетінің генетикалық нәрі ұлттық қайнарда жатқандығын дәлелдейді. Әдебиеттің генетикалық нәрі ғана ұлттық қайнарда жатқаны емес, ұрпақ тәрбиесінің де түбірі сонда жатқандығын негіздейді.  Біздің халқымыздың бала тәрбиесіндегі ерекшелігі - ежелден қалыптасқан ауыз әдебиетінің  түрі боп саналатын бесік жырында, ертегілерінде, мақал-мәтелдерінде, батырлар жырларында. Ол адам өмiрiндегi қиялдың (фантазияның) рөлiне тоқтала келiп “Қиялы дамымаған адам мылқау адам… Қиял адам ойын дамытады… Ол үшiн балаларға жастайынан қиял-ғажайып ертегiлер айтқызып үйрету керек”,- дейдi. Оқушылардың танымдық-шығармашылық ойын дамыту оқу әрекетін белсендірумен тығыз байланысты. Ал белсенділіктің  бастауы – қызығушылық, яғни мотивациялар жүйесі, қызығушылық өз қолымен істегн әрекеттен  нәтиже алудан,өз еңбегінен ләззат алудан туындайды. «Бала еш уақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан,балаға ылғи пайдалы іс беріп отыру керек.Сол уақытта бала өмір бойы пайдалы іске әдеттеніп кетеді»,-дейді. Мағжан– әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі бола отырып (“Айда атыңды, Сәрсембай”, “Шойын жол”) , бала тәрбиесінде туған жердің табиғатын қорғай білудің қажеттігін талап етті. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қарады. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ. Ал табиғат адамсыз да күн көре беретіндігін түсіндірудің қажеттігін нақтылай түсті. Ол техикалық прогреске қарсы болған жоқ, оның ұлттық-мәдени, рухани дәстүрлерді бұзуына қарсы еді. Техника жетістіктерін қызыға жырлай отырып, туған жердің әсем табиғатынан айырылып қалмауға үндеді. Сол себепті шәкірттерді табиғат аясында оқытудың, еңбек жасатудың тиімді екендігін талқыға салды. М.Жұмабаев қашан да тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырды.  М.Жұмабаев халық тәрбиесін қастерлей отырып, оны да жұрт талқысынан өткізіп қабылдаудың қажеттігін ескертеді. “Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр”, -дей келіп, автор тәрбиешінің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне ден қояды.  Қоғамға қалыпты бейімделген, қалыптасқан және әлеуметтік нормаларды игерген адам қоғамда тұлғалық дамуға, жүйелі өмір сүруге қол жеткізеді. Отбасында алған –тәрбие, білім беру мекемелерінде алған- білімі мен тәрбиесі және тағы басқа институттардан алған оң құндылықтар адамның өмір бойы дұрыс, салауатты өмір сүруінің кепілі болады. Адам баласының хайуанаттан басты ерекшелігі оның «өте әлсіз, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды» дей келе, оған дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық һәм құлық тәрбиесін беру керектігін ескертті. Баланың дұрыс әлеуметтенуінде тәрбиешінің маңызды роль атқаратындығын осыдан бір ғасыр бұрын  жан-жақты талдап берді. Автор олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын тәптіштеп түсіндіре келіп, былай дейді: “Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын...баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару”, - деу арқылы өмір салттарымызды жырға қосты.Жанталасқан заманда алыс пен жақын деген ұғым теңескен. Есігіңді қағып тұрған ғаламмен табыспасаң, адамзаттан алыстайсың. Ұшқыр ғасыр жүйріктен тұлпарға, тұлпардан пыраққа айналмасаң шаң қаптырады. Қорыта келгенде, ұлттық тәрбие дегеніміз- дені сау, ұлттық сана- сезімі оянған, рухы биік, мәдениеті жоғары, ар- ожданы мол, парасатты, еңбекқор, іскер, т.б. жағымды қасиеттері жеткілікті адамды тәрбиелеу. Тәлім- тәрбиенің негізіне адамгершілік, имандылық, ізгілік, елжандылық үрдістер, соларға негізделген айла- тәсілдер алынуға тиіс. Ұлттық тәрбие барысында ұлттық сананы қалыптастыру ең маңызды шарттардың бірі десек қателеспейміз. Бүгінгі мектептеріміздің басты міндеті- елінің индустриальдық-инновациялық жүйесінің дамуын қамтамасыз ететін  белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу, жастарымызды білім және мәдени- рухани тұрғыда басқа өркениеттермен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете отырып, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу. Тәрбиенің басты нысаны елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек.           

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы.4-том.-Алматы: Алаш,2006

2.Жұмабаев М. Үш томдық толық шығармалар жинағы. 3-том. –Алматы: Жазушы,2003

3.Н.Назарбаев. Қазақстан халқына жолдау. «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».Егемен Қазақстан,2014