Түрік халықтарының ежелгі батырлық дастандардағы елдік пен ерлік рухы

            Айтбаева Айман Ералықызы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті

Жансейітова Алмагүл Елемесқызы,  Қармақшы ауданы №109 мектеп мұғалімі          

Біздің заманымыздан бұрынғы  жазу-сызулар мен заманымыздың VІ-VІІІ ғасырларындағы тастағы жазулардан бастап,  ІХ-ХІV ғасырлардағы жазба әдебиетімізде ел бірлігі және ерлік, ел қорғау мәселесі жан-жақты сөз болып келе жатқаны әдебиет тарихымыздан белгілі. Ежелгі әдебиетіміз сақ, ғұн, түрік дәуірлерінен қалыптасып, одан Алтын Орда мемлекеті тұсындағы көшпенділер мәдениетімен, тарихымен жалғасын тапты.Ежелгі және орта ғасырлардағы ежелгі жәдігерліктер мен әдебиет үлгілерін  зерделей оқу нәтижесінде ел бүтіндігін сақтаудағы ата-бабаларымыздың ерлігін танып білеміз. Қазіргі Қазақстан жерінде біздің заманымызға дейінгі VІІ ғасырлардан заманымыздағы V ғасырлар арасында сақ,  ғұн,  үйсін тайпалары өмір сүрген. Тілі түркі тілі, жазуы түркі жазуы болғандығы жөніндегі бұлтартпас деректер Геродоттың “Тарих”,  ғұн, үйсін тайпаларының өмір тіршілігі жайындағы Сыма-Цянның “Жылнама”, Бань-Гудың “Ханнама” кітаптарында баяндалғанын қашаннан бері ғалымдармыз зерттеу еңбектерінде айтып келеді. Барлық еңбектердегі тоғысар ой мынадай: «Бір халықтың батырлық дастан тудыра білуі үшін сол халықтың тарихында мынадай шарттар болуы керек екен. Біріншіден, халық аңыз тудыратындай ең көне кезеңдерде өмір сүруі керек. Екіншіден, сол халықтың тарихында ұмытылмастай тарихи оқиғалар, үлкен соғыстар, ұлы көштер, басқыншылықтар, жаулап алулар, жаңа жерді мекен ету сияқты халықтың өмірі мен ой санасынан ғасырлар бойы шықпайтындай оқиғалардың да болуы қажет» [1,148].   Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтарды көне грек тарихшылары «скифтер» немесе «азиялық скифтер»                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                  деп атағаны да мәлім.  Адамзат тарихының алғаш жазылған қадым заман кітаптарының бірі «Авестада» сақтар мен олардың мекенін «Тұр» деп атаған. Ал қытайлар сақтардың отанын «Тукиу» дейтін болған. Фирдоуси «Шахнамада» сақтардың отанын «Тұран » деп көрсетеді. Көшпелі сақтар Евскин (Қара теңіз) мен Азов теңізі аралығында жатқан ұлан-ғайыр өлкеде бұдан үш мың жылдай бұрын мекен еткен. Бұл туралы мысал ретінде Н.Келімбетов Геродоттың дерегін келтірген: «Сақтар б.з.д 653-625 жылдар арасында ең мықты мемлекет еді. Бұл кезде Азияға әмірлерін жүргізіп, Ираннан өтіп Мысырдың қақпаларына дейін барған. Шығыста Қытай, Батыста Туна жазығына дейін созылып жатқан кең өлкеге қағандықтарын құрған. Сақтар Азияға үкім жүргізіп тұрған кезде басшылары Модова болған» [2,121].   Геродоттың жазуы бойынша Арал теңізі мен Каспий теңізі жағалауын мекен еткен сақ тайпаларын «массагеттер» деп те атаған. Массагеттер -  соғыс өнерін жетік меңгерген ежелгі тайпалардың бірі. Демек, ежелгі ата-бабаларымыздың аңыз тудыратындай ең көне кезеңдерде өмір сүргені, олардың өмір тарихында ұмытылмастай тарихи оқиғалар, үлкен соғыстар, ұлы көштер, басқыншылықтар, жаулап алулар, жаңа жерді мекен ету сияқты халықтың өмірі мен ой санасынан ғасырлар бойы шықпайтындай оқиғалар болғаны анық. 

Ежелгі дәуір әдебиетінің бастауындағы батырлық дастандардың туып, қалыптасуын түркітанушы ғалымдарымыздың бірі И.Жеменей   Қорқыт ата дастанының сюжетінің пайда болған ғасыры мен Афрасиабты жоқтау  дастанын жырлаған ғасырын шамалап б.з.д УІ -У ғасырдан біздің  заманғы УІІІ ғасырды қамтиды деп қарастыруда[3,14] . Бұл аралықтағы тарихи - мәдени ерекшеліктерге сай әдеби шығармалардың тақырыбы көбінесе: елдік, ерлік, салт дәстүр мен жоқтау сынды тақырыптарға жіктелгенін ерекше атап өтеді. Бұл түріктердің өмір сүрген тарихи оқиғаларға сәйкес қажеттіліктерінен туындаған тақырыптар. Түркілердің көшпенді жауынгерлік дәуірінде аталған тақырыптар олардың болмыс бітімін, тіршілік табиғатын бейнелейтін тақырыптар екендігін көрсетеді. Өйткені, аталған ежелгі дәуірлерде Ел болудың шекара сызығы  әр елді  басқаратын хан мен қағанның ел сүюдегі түйсігі, парасаты мен батырлығына тікелей байланысты болатын. Сондай -ақ  елмен бірге ер тұлғасы халық арасында ерекше назарда болған. Себебі халық Ел болып тұрақты бақытқа жету үшін ел қорғаған ерлермен бірлікте болу керек екендігін тарихи тәжірибелерден сезіп, үйренді. Ел қорғаған батырлардың ерліктері халықтың түйсігі ақындар шығармаларында көрініс тапты. Исламиаттан бұрынғы түрік  дастандарының классификациясын филология ғылымдарының докторы, профессор И.Жеменей былайша топтастырады: сақ дастандары (Қорқыт дастаны, Шу мәтіні, Алып Ер Тоңға мәтіні). Оғыз Қаған дастаны ( Атилла дастаны, Көктүрік дастаны , Көкбөрі мәтіні, Ергенекон мәтіні), Ұйғыр дастандары (Түрейіш,  Көш, Күлтегін жыры) [3,18]. Бұл батырлық дастандар-  өз заманының жаңғырығы. Әдебиет ешқашан заманға бағынбайды. Түркілік батырлық дастандарда ел болу үшін тер төккен қаншама ерлердің ерлігі сөз болды. Ежелден басталған ерлік пен елдік тақырыбы заманмен бірге мазмұнын, түрін өзгерте отырып, ұдайы алға шығып отырды. Түрік ғалымы Әли Өзтүрік: « Түркі мемлекеттері келімді кетімді, ал түрік ұлты мен халық даналығы мәңгілік жасайды. Түрік әдебиетіндегі дастандар, әсіресе тарихи дәуірлерде өмірге келген дастандардан , халықтардың дастандарынан өзгешелеу. Мысалы үшін түрік дастандарында жеке бастың қамы жоқ. Негізінен қоғамның қамы бірінші орында тұрады. Жалпы ұлтқа тән емес мотивтерді, көзқарастарды көру мүмкін емес. Алып қаһармандар әрдайым ұлы мұраттарды жүзеге асыру үшін күреседі. Бұл ұлы мұраттар тәуелсіздікті қорғау, ұлттық әдет ғұрыптарды жүзеге асыру, әлемге әмірін жүргізу» [3,19].  Иллаһи күштер де түрік дастандарында басқаша көрініс тапқан. Жаратушы күш түрік дастандарында қаһарманды өрге жетелесе, басқа ұлттардың дастандарында бұл керісінше болған. Олардың тәңірлері тіпті жеке бастың қамы үшін қаһармандармен күресіп те жатады. Түрік дастандарында әйелге деген көзқарас та бөлек. Әйелдер түрік дастандарында алыптардың ақылгөй жолдасы сияқты. Әйелдер ішкі қақтығыстарға немесе бөлінушілікке себеп болмайды.  Түркілік батырлық дастандарда ең басты ұлы мұраттар: тәуелсіздікті қорғау, ұлттық әдет ғұрыптарды жүзеге асыру, жеке бастың қамы емес, елдік мүддені алға қою. Соның бірі елге тірек болған Ерлерге жоқтау айтудың  халықтық сипат алуы сонау ерте дәуірлерде үрдіске айналды. Оның бір мысалы Афрасиабға арналған жоқтау жыры екенін білеміз. Бұл жоқтаудың ХІ ғасыр мұралары М.Қашқари мен Ж.Баласағұн қаламына ілініп, ел жадында қалуы Ел тағдырына, Ер тағдырына біздің бабаларымыздың қаншалықты зор мән көрсеткендігі. Бүгінде ежелгі түрік халықтарының  арғы ата тегі  саналатын ғұндардың, сақтардың , оғыздардың батырлық жырлары арасындағы мазмұн, түр, стиль бірлігі көркемдік дәстүр тұрғысынан ғылыми негізделді. Сол себепті б.з.д дәуірлерде шығарылған Қорқыт , Алып Ер Тоңға, «Шу батыр»,  Оғыз қаған, «Атилла», «Көк бөрі» және «Ергенеқон»  дастандары бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар бастаулары болып табылады. Сондай - ақ бұл дастандар өзінен кейінгі тарихи кезеңдердегі Түрік қағандығы тұсындағы сегізінші ғасырдың әдеби  жәдігері Күлтегін жырларына да үлгі болды.  Сондықтан Түрік қағандығы тұсындағы жазба әдебиет  өзінен бұрынғы сақтар мен ғұндардың   ауыз әдебиеті үлгілерімен генезистік, типологиялық, дәстүрлік үндестікте дамыды. Түрік халықтар тарихындағы ең ескі дастан  алғашқы Түрік мемлекеті болып есептелетін сақтар дәуірінен қалған Алып Ер Тоңға және Шу дастандары болып есептеледі. Алып Ер Тоңға -Иса пайғамбардан бұрынғы дәуірдегі түрік - иран соғыстарында ерлігімен есте қалған қаһарман. Бұл соғыс туралы дастан жазған ирандық атақты ақын Фирдоуси Алып Ер Тоңғаны Афрасиаб деген атпен атайды.  «Алып Ер Тоңға» дастанының сюжетінде түркілердің атамекені Тұранға көрші отырған Иран елінің әскері қайта –қайта шабуыл жасап, тыныштық бермейді. Тұран елінің сұлу қыздарын, асыл бұйымдарын тартып әкетіп зорлық көрсетеді. Сол заманда Тұран елінде «арыстандай айбарлы, көк бөрідей такаппар» Ер Тоңға деген батыр жігіт болады. Ер Тоңға халқының көрген қорлығына шыдамай жорыққа аттанады. Жауларын ойсырата жеңіп, халық алдында Алып Ер Тоңға аталады да, Тұран падишасының тағына отырады. «Алып Ер Тоңға» дастанының негізгі идеясы Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртының ішкі ынтымақ бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу болып табылады. Бұл жыр Алып Ер Тоңға қайтыс болып, бүкіл түркі елінің күңіренген жоқтау жырымен аяқталады. Аяулы батырларына жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. Келесі бір дастан «Шу батыр» дастаны. Дастан сюжетінде Шу батыр талай қанды шайқастарды басынан өткізіп, күллі әлемді жаулап алған Ескендір Зұлқайнайынмен соғысқандығы баяндалады. Бірақ Шу батыр Ескендірдің алдынан қырық батырын ғана шығарады. Грек басқыншысы Ескендірді айласымен, қырық батырының ерлігімен жеңіске жеткендігі эпостық жыр үлгісімен беріледі. Шу батырдың көк сарайы, көк бөріні кие тұтып, көк байрақты көтеруі – бүгінгі көк туымыздың жалғасқандығындай сезіледі.  Түркітанушы ғалым А.Қыраубаева дастандардың тарихи шындыққа сай келетіндігін: «Алғаш түрік мемлекетін құрған сақтар дәуірінен Алып Ер Тоңға және Шу атты екі аңыз бізге келіп жеткен. Сақтар дәуірі мағлұматты тарихтан емес, негізінен осы екі дастаннан аламыз.Бұл мемлекетті ғұндар құлатқан деп білеміз. Алып Ер Тоңғаның тарихта болған адам екендігі шындыққа жатады»,- [4,19] деген пікір білдіреді. Қорыта келгенде, Түрік халықтарының ежелгі батырлық дастандары сол заманның тарихи ерекшелігінің жаңғырығы болып Елдік, Ерлік, Салт дәстүр мен Жоқтау сынды тақырыптарға шектеліп, бұл  дәстүр қазақтың батырлық дастандары «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларында да сақталды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Бердібай Р.Эпос –ел қазынасы. Алматы: Рауан,1995.-148б

2.      Келімбетов Н. Ежелгі дәуір  

3.      Жеменей И.Түрік халықтарының әдебиет тарихы.Алматы,2014.18-19 бб

4.      Қыраубаева А.Ежелгі әдебиет. Алматы: Өнер,2008.-19б