Филология
ғылымдарының
кандидаты
Акатаева Ш.Б.
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
Қазіргі қазақ поэзиясындағы тәуелсіздік
Тәуелсіздік
идеясы – қазақ әдебиетінде ежелден қоныс тепкен
ұғым. Тәуелсіздік дәуірінде бұл мәселе
қиялдан гөрі нақты шындық ретінде жырлана бастады.
Алайда оны қабылдау әртүрлі ыңғайда
болғанын байқадық. Азаттықтың әркімге де қуаныш
әкелгені анық. Әйтсе де, ол халықтың барлық
бөлігіне бірдей молшылық пен таусылмас игілік әкелген
жоқ. Жаһандану үдерісінің жағымсыз әсері
сезіле бастады. Ұлттық құндылықтарға
қауіп төнгені аңғарылды. Бұл талантты
ақындарды шамырқандырмай қоймады. Бір ұтымдысы –
жаңа кезеңде сын айтуға біршама еркіндік берілді.
Дербес
мемлекет ретінде Қазақ елінің тарихы ту сонау Жәнібек
хан мен Керей сұлтандардың тұсынан, яғни ХV
ғасырдан бастау алатын болса, ұлт тәуелсіздігі, мемлекет
тұтастығы жолындағы күрестер де сол қайсар
тарихпен желілес. Азатқұмар халықтың тәуелсіздік
жолындағы соғыстары тіпті бұдан арыдан – «тізесі барды
бүгілдіріп, басы барды иілдірген» Тоныкөк, Күлтегін заманынан
бері жалғасын тауып келе жатқаны тегінің терең
тамырларына үңілген исі қазақтың баршасына аян.
Ғасырлар бойындағы ұлт азаттығы үшін
дүркін-дүркін күрестердің соңғысы 1986
жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасы болды десек,
жаңсақ айтпаспыз. Ұлт намысы үшін иық тіресе бас
көтерген ұл-қыздардың ашу-ызаға толы
әрекеті шын мәнінде тұтас бір қазақ елінің
кемерінен асып төгілген толқуын білдірген еді.
Кіріптарлыққа, кіші ұлт санатында тіршілік кешуге еті
үйрене бастаған халықтың ар-намысы үшін
күйінген жастардың сол уақыттағы әрекетшілдігі
мен шешімталдығы, өршіл рухы таң қалдыра отырып,
жүрек түпкірінде мақтаныш сезімін оятары анық.
Елінің мүддесін қорғауға бел буған жалынды
қазақ жастары, бәлкім сол кезде алда қандай бейнетті
күндер күтіп тұрғанын болжап жатпаған болар.
Қалай дегенмен 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында
алаңда қайрат көрсетіп, ашық наразылық білдірген
қазақ ұл-қыздарының
қаһармандығы ұлтжанды ұрпақтың
жадында мәңгі сақталуы тиіс.
Еліміз
тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт аралығында
қазақ әдебиеті дамудың жаңа белесіне
көтерілді. Тәуелсіздік жазушыларға сөз
бостандығын алып келді. Сөз бостандығы қазақ
жазушыларына кеңестік дәуірде еркін бара алмаған, кең
қозғай алмаған тақырыптарға қайта
үңілуге мүмкіндік берді. Соның бірі – Желтоқсан
оқиғасы болатын.
1986 жылғы
желтоқсан оқиғасы ұлттық сананың ұлы
төңкерісі болды. Желтоқсан оқиғасы жаңа
тарихи кезеңге жол ашты. Қазақ халқы егемендігін
жариялап, Ата Заңын
қабылдап, өзін әлемге танытты. Тарихымыз бен
мәдениетіміздің көлеңкелі жақтарының
ашылуының ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызы
ерекше.
1986 жылғы
желтоқсан оқиғасының ұранына айналған
Е.Раушановтың мына бір өлеңіне көз жүгіртсек:
Қара бауыр
қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың
қалды сәбидің еңбегіндей былқылдып.
Қара бауыр
қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп
қалған тоғайға «қамықпа» деп
көңіл айт.
Ұя қалса
иесіз - айдын үшін сол қайғы,
Қаңғып
келген шүрегей көлге пана болмайды.
Өз
босағаң – бұл жердің тауы, қыры, белесі,
Босағасын басқаға тастай ма
екен, о, несі?
Қара бауыр
қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп
қалған тоғайға «қамықпа» деп
көңіл айт [1; 126].
Бір рет оқып
шыққанда, құс туралы өлең сияқты
болып көрінері анық. Бірақ бұл
өлеңнің ар жағында сол кездегі өмір,
халықтың тағдыры жатыр. Қонаевтың орнына келген
Колбинді «қаңғып келген шүрегей» деген сөздермен
берген. Саясаттың сойылынан жасқанбай, Желтоқсан
оқиғасына түрткі болған мәселені астарлап
берудің өзі Е.Раушановтың батылдығы іспеттес.
Қазақ дүниетанымында Көк аспан ерекше
ұғымға ие. Мәңгілік еркіндіктің,
бостандықтың символындай көрген. Аспанға алақан
жайып, сәби көңілмен жақсылық тілеген, жауына
қарғыс айтқан. Көк Тәңірге сыйынған!
Сол арманға айналған аспанын көру үшін құс
бейнесін, соның ішінде поэтикалық образға айналған
көк ала үйрек, қасқалдақ, қаз,
аққу, бүркіт, қыранды кие тұтып,
көңіліне орнықтырған. Бір ғана мысал,
қазақ «қасқалдақ», орыс «лысуха» деп атайтын үйректің
бір түрі – ала жаздай батпақтан шықпай,
құнжыңдап күн кешетін құс.
Қазақ оған аса назар салмайды да, етін де жемейді, тек бір
қат нәрсені «қасқалдақтың қанындай»
деп атап жатады. Ал осы елеусіз үйрек жылы жаққа ешкімге
көрінбей ұшып кетеді және құстардың ішінде
ең биікке, кейде, тіпті, ауасыз қабатқа дейін көтеріліп
ұша береді екен. Қасқалдақтың тағы бір
қасиеті – өзі өскен көлге қайтып
оралатындығында. Қазақ сонда ертеден-ақ
қасқалдақтың осы қасиетін біліп, оның
аспанның ең биігіне көтерілетініне тәнті болып, өз
туған жерін тауып қайта ұшып келетініне таңғала
қуанып, өлең-жырға қосқан. Бұл
қазақы рухтың еркіндікті сүйген, ерлікті паш еткен
көрінісі емес пе?! Кешегі 86-ның желтоқсанынан кейін
бостандық үшін қасықтай қанын қиған
қазақ жастары Есенғалидың «Қара бауыр қасқалдағы»
өлеңін гимнге айналдырып жіберуінің сыры да осында жатыр.
Осыдан кейін рух ұлт қанында жоқ деп қалай айта
аласың?!
Қазақстанның
тәуелсіздік алуына байланысты қазіргі қазақ поэзиясында
алдыңғы буын ақындары тоталитарлық тәртіп
қысымымен айта алмаған тақырыптық желілер бой көтерді.«Қазақ
ұлттың келешегін ойлайтын, оның экономикалық
тәуелсіздігін алуы мен өркениетке қол созуын, дүние
жүзіндегі басқа ұлттармен тең өмір сүріп,
ғылымы мен мәдениетінің дамуын тілейтін
көзқарастар мен прогресшіл идеялар қазіргі қазақ
ақындарының шығармаларының басты ерекшелігін танытады»
[2;97].
Ұлттық
мүддені, ұлттық намыс, ұлттық мінез,
ұлттық рухты жырлау азаматтықтың басты белгісі деп
білеміз.
Еліміз тәуелсіздік алған тарихи күнде
дүниеге келген ең алғашқы өлеңдердің
бірі мынадай сыр ақтарады:
Өзіңдікі - Елің де,
Өзіңдікі – Жерің де.
Өзіңді өзің еткен бақ –
Тәуелсіздік – төріңде!
Қара мына ғажапқа:
Теңдік тиді қазаққа –
Езгідегі ұрпағың
Енді айналмас мазаққа!
.. Қанатыңнан қайырылып,
Қыр-арқаңнан майырылып,
Қонақ –
Тәуелсіздіктен,
Қала
көрме, айырылып!... [3; 48].
Ақын Иран-Ғайып «тауың да, бақша,
бауың да, досың да, қатал жауың да – сенікі»,
«Туың да, От пен Ауа, суың да – өзіңдікі» деп
шалқып тасып оқырманымен сыр бөлісіп отырады да,
«Қонақ – Тәуелсіздіктен, \\ Қала көрме
айырылып!...» деп күтпеген түйін жасайды. Ойыңызды он
саққа жүгіртеді. «Адам – өмірге қонақ».
«Өмірде адамдар бір-біріне қонақ». Жарайды. Бұл
түсінікті. Ал тәуелсіздік неге қазаққа –
қонақ?! Оу, бүгін қонып, ертең аттанатын
қонақ болса, ол қашан келеді деп ғасырлар бойы несіне
зарыға күттік?! Не үшін күресіп, не үшін
қан төкті?! Төрімізге шығарғанымыз,
тәуелсіздікті, қадірлі қонағымыздай қадірлеп,
құрметтегеніміз шығар. Тәуелсіздік «тек төр
менікі» дейтін шіренген қонақ па?! Тәуелсіздік тек
төбемізге көтеріп, құлдық ұрсақ
қана бізді ұната ма?! Қонақ – Тәуелсіздік
аяғына жығылып, жалынып, жалбарынып, тілеуін тілесек қана
аттанып кетпей, аялдап қалатын қонақ па?! Иран-Ғайып
қайдағы-жоқтағы теңеуді тауып алып,
тәуелсіздікті – қонақ деп қабылдатқысы келетіндей
көрінуі мүмкін.
Тәуелсіздіктің тұрақтап
қалып қоятыны тұрмақ, оның өз аяғымен
яки күреспен келгеніне сенер-сенбес жұрттың көңіл
күйін ақын астармен әдемі жеткізе алған.
Құдайы қонақтай бұның келгені рас па, кетіп
қалмас па деген күпті сауал сананы буып тұрған кезде
бұдан басқаша айтса, бізді иландырмас та еді, бәлкім.
Әрине, басқаша айтып та, ақиқатты
анық жеткізуге болады. Бірақ, Иран-Ғайып өзінің
өлеңін жалаң патетикаға құрудан
қашқақтаған, ойлы оқырманның пікір
қорытуына түрткі болатын түйін жасаған деп білеміз.
Ал осы тәуелсіздікті жүрегі жарыла
қуанып қарсы алған қазақ азаматының,
ұлт перзентінің үні қазақ поэзиясында да әр
қырынан көрініс тауып, естіліп жатты. Әсіресе, Темірхан
Медетбектің «Тәуелсіздік» атты өлеңі – тағдырлы
өлең.
Тәуелсіздік!
Тәуелсізбін
мен бүгін,
Келді,
міне, азаттығым,
Теңдігім.
Бостандықта
бойлығым мен ендігім.
Шешіл
енді шемен болған шерлі үнім![4;76].
Ақын асып-тасқан көңілмен, тау
қопарар қуат күшпен, шалқыған шабытпен жыр
нөсерін төккен. Тауым да, орманым да, көлім де, далам мен
балам да, жарым да, жаным да, арым да, заңым да, әнім де –
бәрі-бәрі тәуелсіз, азат, бостан деп шартарапқа
шаттық құсын ұшырған арқалы ақынды
түсінуге болады.
«Тәуелсізбін! – танып тұрмын өзімді, //
Ұшырамын қанат байлап сөзімді. // Ешкім енді
көкірегімнен итеріп, // Ешкім енді шұқымайды көзімді» -
десе, мұны асылық айтты деп қабылдамаймыз, қайта осы ой
біздің де көңіл сарайымызды жаңғыртып
тұрғанын аңғарамыз.
Ал енді, тәуелсіздіктің туына қол
жеткізу бар да, сол туды құлатпай ұстап тұру бар!
Жұртшылықты торығу, ертеңгі күнге сенбеушілік,
өзін қоғамнан сыртқары қалғандай сезіну,
ешкімге керегі жоқтай, дүниені өзгертудің кілтін
әлдекім акеткендей дәрменсіздік билеп тастағалы біршама
уақыт болған.
Егемендік жарияланғанда елеңдескен
жұртшылықтың тәуелсіздік тұғырға
қонғанда түк болмағандай қалып
танытқанының тамыры тереңде. Халық, ел-жұрт
тәуелсіздік таңы атқанына, Қазақстанның
дербес мемлекет болып, әлемдік қауымдастықта өз орнын
тапқанына қатты қуанды. Іштей толқыды. Бірақ,
қуанғанның жөні осы деп жас балаша
алақайлаған жоқ, зарығып көрген жалғыз
ұлдың тілеуін тілеген шал мен кемпірдей «Тәңірі
Жалғызымды тіл-көзден аман сақтаса екен!», «Алла жар болып,
ғұмыры ұзақ болса екен!» деп қалбалақтап,
Жаратқаннан жәрдем сұрады. Көңіл түкпірінде
күдік пен үміт қатар алмасып, заманның бет ажары
қалай құбылып кетерін бағамдай алмаған
мың-миллиондардың жан толқыныстары мен жүрек
қиналыстары ақындардың аузынан мұң мен шерге
оранған жырлар болып төгілді.
Қызыл саясатқа
құлшынып қызмет істемеген, санаулы санаткер
ақындардың бірі Қуандық Шаңғытбаев:
Азат елдің азаматы – мен енді,
Кең кезеңге кеуіл сорлы кенелді.
Келем, міне, алшаң басып елімде
Ағытып ап мойнымдағы көгенді – дейді.
Ал баяғы «Ақтабан шұбырындыны» еске алған
Ұлықбек Есдәулет:
Атамекен - алып тозақ
мойыныңды қамыт қашап,
мойыдың-ау, ғаріп қазақ,
аһ ұрып – [5;33]депті.
«Образға бірінші тән қасиет –
ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу»[6;166] дейді академик
Рымғали Нұрғалиев. Назар аударғанға, Т.Медетбек
«бұғау» мен «кісенді» еске алса, Е.Раушанов «аяғыма қараймын
– шідерім жоқ» десе, Қ.Шаңғытбаев «Ағытып ап
мойнымдағы көгенді» десе, Ұ.Есдәулет «мойыныңды
қамыт қажап» деп үндескен. Яғни, кешегі
дәуірлерде қазақ кешкен азапты ақындар
«бұғау», «кісен», «қамыт», «көген», «шідер»
сөздерімен тұспалдып, астарлап жеткізіп отыр. Енді, осы,
көген, шідер, қамыт атаулыдан құтылсақ, бұл
– тәуелсіздіктің арқасы дейтін емеурін
өлеңнің өзекті идеясына айналғанына куәміз.
«Қазақ әдебиеті қай кезеңде болмасын
өзіне дейінгі ұлттық әдебиетіміздің бар асылын,
үлгілі дәстүрін ала отыра дәуірге сай жаңа
көркемдік мүмкіндіктерді ашты. Әсіресе, мұндағы
жыраулар әдебиеті мен зар заман әдебиетінің, асқарлы
Абай өнегесінің құнарлы болғанын атап
айтқан абзал. Әдебиеттің әр кезеңінің
табалдырығын шығармашылық талаппен аттаған жас
ақын-жазушылардың қай-қайсысы да осынау бір ұлт
әдебиетінің қайнар көздерінен нәр алып барып түрлі
ізденістерге бой ұрды. Дәстүрлі жалғастыру мен
жаңашылдыққа ден қою ой-сана тұтастығына,
идеялық-көркемдік бірлікке алып келді. Бәрін біріктірген
ортақ ұлы мақсат – ұлттық сананы оятып,
азаттыққа қол жеткізу болатын.
Белгілі бір дәуірде өмір сүрген суреткерлер
шығармаларында болжалды идея үнемі бірыңғай күйде
көрініс таппай, сан-салалы көркемдік шешімдер арқылы бой
көрсететіні ақиқат. Әрбір әдеби
бағыттың, көркемдік әдістің өз шеңбер
шегі, шектеулі мүмкіндіктері бар. Әрбір үлкен
суреткердің айқындалған бағыты бар, ол сол өзі
ұстанған бағыт жолында еңбек етеді. Бұл
бағыттарды біріктіретін бір-ақ ұстаным бар, ол –
ұлттық рух» [7; 176].
Ұлттық рух жолындағы күрес
белгілі бір дәуірде идеяға айналады. Барлық адамзаттың
күш-жігері мен мүмкіндік-қабілеттері сол идея айналасында
қызмет етеді. Осылардың ішінде әдебиет өкілдері идеяны
жүзеге асыратын бірден-бір «күш иелері» болып табылады.
Әдебиет те, әдебиет тарихы да, әдебиет өкілдері де
қоғаммен тығыз байланыста өмір сүреді.
Біз шығармашылығын сөз етіп
отырған ақындар тәуелсіздік дәуірінің,
ата-бабамыз аңсап кеткен азаттыққа қол жеткен
күнде ғұмыр кешіп жатырған ұрпақтары.
Сондықтан қазіргі қазақ лирикасының
азаматтық ұстанымы мен идеясы – тәуелсіздікті сақтау,
құрметтеу, бағалау идеясымен астасып жатыр. Негізінен
тәуелсіздік идеясы сонау көне түріктер заманынан бастау алып,
күні кеше қол жеткен нағыз тәуелсіздік дәуіріне
дейін жалғасып келді. Біз үшін ұлттық
жетістігіміздің ең қымбаты да осы – тәуелсіздікке
қол жеткені.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Раушанов Е. Бозаңға
біткен боз жусан. – Алматы: Раритет, 2006.
2.
Әлібеков Ә. Ұлттық
поэзиямыздағы Ұлықбек жырлары. Астана хабары, 2004.- №56.
3.
Қирабаев С. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет.-Алматы: Ғылым,
2001.
4.
Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері
кім?/Т.Медетбек.-Алматы: Өлке, 2001.-248 б.
5.
Мұқашева Р. Қазіргі қазақ
поэзиясындағы ұлттық характерді бейнелеу жүйесі.
Автореферат /Р.Мұқашева.- Алматы, 2000.
6.
Нұрғали Р. Сөз өнерінің
эстетикасы. – Астана: Елорда, 2003.
7.
Әбдиманұлы
Ө. Қазақ әдебиетіндегі ұлттық рух. –
Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 192 бет.