ҚАЗАҚ
МОРФОНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Садуакас Нурбол Абдуллаулы
Филология
ғылымдарының кандидаты, доцент
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Қазақ тіліндегі
морфонологиялық құбылыстардың зерттелуі нәтижелері
бойынша фонетика саласындағы түсіндірілуі қиын бірқатар
мәселелердің шешімі табылды. Морфонология саласындағы
зерттеулер
фонетика-фонологиялық заңдылықтарды дұрыс тани
білуге де ықпал етті. Фонетика
саласын қарастыру барысында
әлі де кейбір алмасуларды
нақтылап, оның
қай саладағы өзгерістерге жататындығына ерекше
мән беру керек. Бұрынғы оқулықтардағы
деректерге зер сала қарап,
морфонологиялық құбылыстар
мен фонетика арасындағы өзгерістердің ара жігін зерделей түсу қажет.
Ғылым дамуының соңғы жетістіктері қазақ тіл
білімінің жан-жақты зерттеулермен толыға түсіп
жаңа бағытта ізденістер жүргізуіне жол ашты. Фонетика
мәселелерін қарастыру барысында
морфонология саланың
қазақ тіл білімінде зерттелуіне ерекше үлес
қосқан, морфонология жөнінде артына құнды
ғылыми мұра қалдырған ғалым
А.Айғабылұлы зерттеулерін
басшылыққа алып отырамыз. Морфонологияның зерттеу нысаны мен
бірліктері, оның пайда болу жолдары т.б. жан-жақты зерттелуі
фонетика мен морфология саласының да алға басуына игі ықпал етті,
себебі бұл саладағы кейбір түсіндірілуі қиын
құбылыстардың сыры ашыла түсті. Морфонология саласы
кейінгі кезде одан әрі жаңа ізденістермен толыға түссе
де, осы саланың зерттелуінің бастауында тұрған
ғалым А.Айғабылұлы
еңбектерінің
маңызы зор деп білеміз. Сондықтан морфонологиялық
құбылыстар мен
фонетика арасындағы
өзгерістерді қарастыру барысындағы күнделікті зерттеулерімізде
аталған ғалым еңбектерін басшылыққа алып
отырамыз.
Фонетика мен морфология - өзіндік зерттеу нысаны бар тіл
білімінің жеке-жеке саласы. Ал осы екеуінің
аралығындағы құбылыстарды немесе
заңдылықтарды тіл білімінің кейінгі кезде ғана зерттеле
бастаған бір саласы морфонология қарастырады. Морфонология термині
морфема /сөз тұлғасы/ мен фонологияға қатысты
алынған, морфонология сөзінен кірігу (гаплология) жолымен
ықшамдалып жасалған [1.145]. Оны алғаш тіл біліміне
Н.С.Трубецкой енгізді [2]. Морфонологияның дүниеге келіп, зерттеле
бастауына әсер еткен басты себептердің бірі фонетика мен морфология
аясында «шешімі қиын» мәселелердің саны артып, бірдей
құбылыстарды бірде фонетика, енді бірде морфология аясында
қарастырылуы еді. Дегенмен, зерттеушілер фонетика мен морфология
қағидаларымен түсіндіруге көне бермейтін
құбылыстарды байқап, оның басқа да сыры бар
екендігіне назар аударған. Морфонология нысанына енетін
құбылыстарды ең алғаш фонетиктер байқап, олар
фонетика заңына сәйкес келе бермейтін грамматикалық
өзгерістер болатынын аңғарып, оған жауап іздей бастады.
Мұндай заңдылықтардың бар екендігі туралы
алғашқы болып ой тастаған Бодуэн де Куртэне болды [3]. Ал осы
ілімнің негізін салған Н.С.Трубецкой болып табылады. Морфонология
мәселелері туралы түркітануда Э.Р.Тенишев, М.З.Закиев, И.П.Павлов,
А.А. Юлдашев, ал қазақ тілінде алғаш Н.Оралбаева,
А.Қалыбаева, М.Жүсіпұлының т.б. еңбектерінде
сөз болғаны аян. Тіліміздегі морфонология заңдылықтары
А.Айғабылұлының еңбектерінде арнайы қарастылырып,
жан-жақты зерттелді. [4].
Тіл білімінде фонологиялық және морфонологиялық
алмасулардың арасында қандай айырмашылық бар екендігін
нақты көрсетудің маңызы зор. Фонологиялық алмасу
негізінен қай тілде болмасын сөйлеуші ұлттың
артикуляциялық мүмкіндігіне байланысты қалыптасады да,
басқаша ауытқу болмайды. Морфонологиялық құбылыстар
болса, артикуляцияның мүмкіндігіне бағынбайды.
Сондықтан морфонологиялық құбылыстар
бірыңғай қалыпта кездесе бермейді. Фонетикалық
құбылыстар көрші дыбыстардың ілгерінді, кейінді
ықпалы нәтижесіндегі өзгерістерге тәуелді болса,
морфонологиялық
құбылыстар – сөйлеу кезіндегі әртүрлі
айтылу дағдысымен нормаға түскен, артикуляциялық
жағынан бағынышты болмайтын өзгерістер.
А.Айғабылов фонетика мен морфонологиялық
құбылыстарды бір-бірінен ажырата білу жөнінде
төмендегідей мысалдарға назар аудартады. Тіліміз
артикуляциялық базасының мүмкіндігінде жоқ сш,шс, нк,ақ, нг дыбыстар тіркесімі
айтуда басшы /-башшы/, күшсіз
/-күшсіз/, түнгі /түңгү/ өзгереді. Ал ек-ін /егін/, түп-і /түбі/,
ақ-ыс /ағыс/ деген
сөздердегі к, п, қ
дыбыстарын ұяң г, б, ғ
дыбыстарымен айтамыз. Бұл өзгерістер қазіргі
қазақ тілі фонетикасы оқулықтарында кейінгі ықпал
заңымен түсіндіріледі. Ал екі,
апа, көпір, мықын деген сөздердегі к, п,
қ неге ұяң дыбыстармен айтылмайды?! Демек,
А.Айғабыловтың көрсетуінше, бұл артикуляциялық
мүмкіндікке қатысы жоқ өзгеріс дағдысына
байланысты пайда болған нормалар ретінде морфонологиялық
құбылыс деп қаралуы керек екен. Ғалым «Егер
қазақ тіліндегі ілгерінді ықпал, кейінді ықпал жолымен
түсіндірілетін өзгерістерді артикуляциялық мүмкіндікке
қатысты өзгеріс пе, әлде сөйлеу кезінде әр
түрлі айтылу дағдысымен нормаға айналып кеткен өзгеріс
пе деген сұраққа жауап алсақ, фонетика мен
морфонологияның еншісін де бөлу қиын болмайды», - дейді
[4.12].
Фонетистер тарапынан ілгерінді, кейінді, тоғыспалы
ықпалға жатқызылып
жүрген өзгерістердің бәрін фонетика заңымен
түсіндіре беруге де болмайды. Себебі А.Айғабылұлы зерттеуі
нәтижесінде фонетикалық құбылыс пен
морфонологиялық құбылыстардың ара жігін ашып,
түсінуге мүмкіндік болды. Мысалы, тарақ /тарағым/, керек/керегім/, ала кел /алагел/ деген
сөздердегі қатаң дыбыстар өзінен кейін не бұрын
келген дауысты дыбыстар әсерінен ұяңдап алмасады деген пікір
бар. Ал шындығында, дауысты дыбыс қатаң дыбыстардың
барлығымен де тіркесе алады. Мысалы: жақын,
мықын, арқа, теке, ешкі; Сондай-ақ,
А.Айғабыловтың көрсетуі бойынша, фонетикалық дыбыс
алмасуда белгілі бір жағдайда бір ғана өзгеріс болса,
морфонологиялық дыбыс алмасуда белгілі бір жағдайда түрлі
өзгеріс болуы әбден мүмкін. Мысалы, фонетикалық
құбылыс заңы бойынша көптік жалғауының бірі
/ Мысалы: - лар/
жалғанған сөзге келесі варианты /-лер,-дар,-дер,-тар,-тер/ жалғанбайды, ал
морфонологиялық құбылыс кезінде бір тұлғаға
жататын –шік/тік, шек/тек
жұрнақтары бір сөзге жарыса жалғана беруі мүмкін /бүр-шік, бүр/тік/;
Морфемалар жігінде п дыбысының
у дыбысымен алмасуы фонетика
оқулықтарында бұрын регрессивтік ассимиляция деп
түсіндіріліп келді. Енді бұл алмасу морфонологиялық
құбылысқа байланысты екендігіне көз жеткіздік. Сонымен,
А.Айғабылов п дыбысына біткен сөздерге дауысты дыбыстан
басталатын қосымша жалғанғанда п дыбысы барлық жағдайда ұяңдап, б дыбысымен алмаса бермей, басқа
да үш түрін көрсетеді:1)
сап-сары, теп-тепеңде; 2) жап-жамыл; 3) жап-жауып; «Демек,
бұлайша ауытқуға ие болып отырған п-б алмасуы фонетика еншісіне жата алмайды»,- дейді [5.27]. Міне,
осындай толымды зерттеулер нәтижесінде морфонологияның нысаны,
оның фонетика мен морфологиядан айырмашылығы анықталады.
Морфонологияның ерекшелігін жете тану бағытында
М.Жүсіпұлы зерттеуіне де назар аударайық. Қазақ
тілі аффикстері құрамында кездесетін морфонологиялық
алмасуларды да тани білу қажет. Мысалы, дауысты дыбыспен бітетін
түбірге бір жағдайда н
сингармодыбыстарымен басталатын аффикстер жалғанады да, тағы бір
жағдайда д сингармодыбыстарымен
басталатын аффикстер жалғанады екен /бала-ның,
бала-дан, кеме-нің, кеме-ден/; [6.178].
М.Жүсіпұлы қазақ тілінің вокализм
жүйесінде бір-ақ түрлі морфонологиялық алмасу бар
екенін анықтады. Ол алмасу [ы, і]
дауыстылардың ноль дыбыспен алмасуы, яғни бұл дауыстылар
сөздің формасы өзгергенде «түсіп қалады»,
яғни дыбысталмайды.
Алмасулар: ы/0, і/0 (ноль): ойын – ойна, қырық-қырқыншы
ерік-еркім,
көрік-көркім [6.174].
Орыс тілінің дауысты дыбыстар жүйесінде морфонологиялық
алмасулардың түлері көп. Альтернация мүшелері ретінде
дауысты мен ноль дыбыс та, дауысты мен дауыссыз дыбыс та алмасуда
қатынасады екен:
Алмасулар: о/0, е/0: сонь – сна, день –
дня, пень – пня; т.б. [6.175].
Альтернациялық алмасуға қатынасатын дауысты
дыбыстардың саны екеу, үшеу болуы мүмкін, дауысты мен
дауыссыз тіркесіп алмасуға қатынасуы мүмкін, т.б.
Алмасулар: ы /у/о: засыхать – засушить –
засохнет;
е/о петь – пой;
и/е бить -
бей;
ев/у ночевать – ночую;
ов/у совать – сую; т.б. [6.175]
«Сонымен,
егер орыс тілінде дауыстылардың морфонологиялық алмасуы әрі
көп, әрі сан түрлі болса, қазақ тілінде
морфонологиялық алмасуда тек дауысты [ы, і] және /ноль дыбыс/ қатынасады. Қазақ
тілінде екі, үш дауыстыдан тұратын, дауысты мен дауыссыз біріккен
морфонологиялық алмасулардың болуы мүмкін емес, ал орыс
тілінде мұндай морфонологиялық алмасулар тілдің үлкен
ерекшелігі, белгілі қасиеті болып саналады»,- дейді
М.Жүсіпұлы [6.174-175].
Дегенмен, морфонологиялық құбылыстарды тап басып
көрсетуге келгенде әлі де әртүрлі
көзқарастар бар. Мысалы, қазақ тілінің дәстүрлі
зерттеулерінде ойын-ойна,
мұрын-мұрны, ерін-ерні деген сөздердегі ы, і қысаң
дауыстылардың түсіп қалуын, яғни қысаң
дауыстылардың ноль дыбыспен алмасуы «толық редукция» деп аталып,
фонологиялық алмасуға жатқызылған [7.74]. Ал
М.Жүсіпұлы мұндай алмасуларды морфонологиялық
құбылысқа жатқызады. Оның көрсетуі бойынша,
мұрын-мұрным, дарын-дарыным
деген сөздердің бірінде қысаң дауысты ноль дыбыспен алмасатын болса, екінші
дәл осындай жағдайда өзгеріс болмайды. Сондықтан бірдей
жағдайда екі түрлі алмасу болуы фонологиялық
құбылысқа жатпайды, оны морфонологиялық
құбылыс деп дәлелдейді. Фонологиялық
заңдылық бірдей жағдайда екі түрлі болуы мүмкін
емес. Демек, фонологиялық алмасуларда заңдылық толық сақталып
отырса, ал морфонологиялық құбылыстарда бір сөздерде
алмасу болса, дәл осындай жағдайдағы келесі сөздерде алмасу кездеспейді.
Мысалы, мұрын-мұрным,
сабын-сабыным. Бұрын фонетика
заңымен түсіндіріліп жүрген парақ-парағым, жүрек-жүрегім, доп-добым,
мектеп-мектебім сияқты сөздердегі қ/ғ, к/г, п/б алмасулары морфонологиялық
алмасуға жатқызылуы тиіс екен
Алмасулар: қ/ғ: парақ-парағым-парақтар;
к/г: терек-терегім-теректер;
п/б: доп-добым-доптар;
п/т: мектеп-мектебім-мектептер; [6.181]
М.Жүсіпұлының көрсетуі бойынша, «Орыс тілінде
дәл осындай көзге іліп аларлық морфонологиялық алмасулар
кездеспейді. Ал город [т] – города, рог [к] – рога сияқты сөздердегі
алмасулар морфонологиялық алмасулар емес, фонологиялық алмасулар
екеніне ешқандай дау жоқ. Мұндай сөздерде финалды
ұяң дауыссыз дыбыс қатаңдайды, ұяң және
қатаң дауыссыз дыбыстар үшін сөздің
финалдық позициясы - әлсіз позиция., себебі бұл позицияда
орыс тілінің ұяң, қатаң дауыссыздары
қарама-қарсылық оппозиция, корреляция жасай алмайды:
ұяң да, қатаң да болып дыбысталады» -, дейді [6.182].
Бұл туралы Н.Оралбаева мен А.Қалыбаева еңбегінде: «Кері
ықпал тұсында түбір соңы к, қ, п қатаң дауыссыздарға біткендерге
дауыстыдан басталатын екінші морфеманың басқы дыбысы әсер
етіп, көг-і, шоғ-ы, таб-ылды,
тау-ып, т.т. құбылулар да морфонологияның еншісіне
тиеді», - деп көрсетілді [ 8.77].
Морфонологиялық құбылыстарды морфологиядан ажырату
үшін төмендегі мысалдарға назар аударайық: қызық-қызықты,
тиіс-тиісті, мынадай-мынандай, барған едім-барған е/ді/м;
Осы мысалдардан сөзге басы
артық дыбыс қосылса да сөз мағынасында өзгеріс
болмағанын байқаймыз. Демек, А.Айғабыловтың айтуы
бойынша, морфология заңымен түсіндіре алмайтын мұндай өзгерістер морфонологиялық
құбылыстар деп түсіндірілуі керек.
М.Жүсіпұлының
пікіріне тоқталатын болсақ, фонологиялық алмасуда жеке
сингармофонемалар емес, бір сингармофонеманың позициялық
түрлері қатысады, яғни фонологиялық алмасу бір
сингармофонеманың құрамына кіретін сингармодыбыстардың
көлемін қамтиды [6.173]. Фонологиялық алмасу тарихи алмасу
емес, бүгінгі алмасу. Фонологиялық алмасу барлық
сөздерде бірдей кездеседі. Мысалы: қазақ тілінде: тіл алды /ң/, еріндік /м/, /б/-лардың
бас жағында тұрып, барлық қазақ сөздерінде
регрессивтік ассимиляцияға ұшырайды: нан ба /намба/ [6.173]. Сонымен, фонологиялық және
морфонологиялық алмасулардың төмендегідей ерекшеліктері бар екен:
Фонологиялық алмасу:
позицияға тәуелді, позициямен анықталады, барлық
сөздерде бірдей қызмет атқарады; Морфонологиялық
алмасу: позицияға тәуелді емес, позициямен анықталмайды,
барлық сөздерде бірдей қызмет атқармайды.
М.Жүсіпұлы
көрсетуіне қарағанда, қазіргі әдеби орыс тілінде
фонологиялық және морфонологиялық алмасулар
сөздің құрамында бір дыбыстар тіркесінде кездесуі
мүмкін. Мысалы:
намазать - намажу - намажь
резать
- режу - режь
Бұл мысалдарда з/ж алмасуы морфонологиялық /бейпозициялық/, ж/ш алмасуы фонологиялық /позициялық/ болады [6.173].
«Қазақ
тілінде мұндай жағдайды кездестірмедік: егер сөздің
құрамындағы бір дыбыстар тіркесінде морфонологиялық
алмасу болса, онда фонологиялық алмасу болмайды, егер
сөздің
құрамындағы бір дыбыстар тіркесінде фонологиялық
алмасу болса, онда морфонологиялық алмасу болмайды»,- дейді
М.Жүсіпұлы [6.174].
Сонымен,
мұндай алмасуларға байланысты қазақ тілінде универсалды
заңдылық жоқ, ал орыс тілінде бар. Орыс тілінде алмасуға
бір фонеманың позициялық түрлері қатынасады,
қазақ тілінде жеке сингармофонемалар қатынасады.
Сондықтан мұндай алмасулар морфонологиялық алмасулардың
құрамына жатады. Яғни қазақ, орыс тілдері
арасында сыртқы тұлғасымен ұқсас
алмасулардың ішкі жан-дүниесі бір-біріне мүлдем
ұқсамайды, сондықтан бұлардың статусы бірдей
емес: қазақ тілінде – морфонологиялық алмасу, орыс тілінде – фонологиялық алмасу
[6.]. Фонетика заңдылықтары
бойынша көрші дыбыстардың бір-біріне әсер етіп алмасуын тіл
дыбыстарының позициялық өзгерісі деп түсіндірілетіні
белгілі. Ал кейінгі кезде фонетикалық дыбыс алмасуы деп
түсіндіріліп келген кейбір алмасулар табиғаты өзгеше
екендігіне назар аударылып, олардың морфонология заңдылықтарына
бағындырылатындығы дәлелденді.
Морфонологияның
жеке сала ретінде бірліктері болуы керек болса, А.Айғабылұлы
морфонологияның жеке еншісіндегі ұғымдарды да атап
көрсетеді. Бұрын фонетика саласында әңгіме болатын
игерусіз өзгерістер, сөз құрылымының
ықшамдалуы мен морфонологияда айтылып жүрген сөз
құрылымының ұлғаюы – таза морфонология бірлігі,
элизия, апокопа, гаплология, прокопа, метатеза, синкопа, қыстырма дыбыс,
селбеспелі дыбыс, субморф дегендер морфонология ұғымдарын
аңғартатын төл терминдер дейді [1.147.]. Морфонология тіліміздегі сөздердің
түсіріліп айтылу мүмкіндігі бар мағынасыз бөлшектерін
қарастырып, түсіріліп айтуға мүмкіндігі бар
дыбыстардың сөз құрылымын ұлғайтуға
себепкер болатынына назар аудартады. Мағынасыз бөлшектер сөз
басында келуіне қарай қатар дыбыс (протеза), тұлға
жігінде келуіне қарай қыстырма дыбыс, сөз соңында
келуіне қарай селбеспелі дыбыс, мағыналы бөлшектерге
(жұрнақ, жалғау) ұқсас келуіне қарай
тұлғасын (субморф) болып төртке бөлінеді [1.158].
Тұлға жігіндегі дауысты дыбыстар арасына осы дауысты дыбыстарды
сақтауды ғана мақсат ететін мағынасыз қыстырма
дыбыстар қойылады. Мысалы, зырылда+ық-зырылда/ы/қ
– зырылда +/у/+ық [1.159]. Ал ықшамдалған сөздер
сөз басында, сөз ортасында, сөз соңындағы
ықшамдалу деп үш топқа бөліп қарастырылған.
Мысалы, бақыр – ақыр, торы
ала – торала, орын + ы – орны, қайын іні – қайыныны – қайын,
аға-іні – аға-й-ыны – ағайын, т.б. [1.173].
Морфонологиялық
дыбыс алмасу, сөз құрылымының ұлғаюы,
сөз құрылымының ықшамдалуы жөніндегі
зерттеу деректері фонетика мен морфология саласына қатысты
бұрынғы қалыптасқан көзқарастар мен
танымдарды қайта қарап, морфонологияны тіл білімінің бір
саласы ретінде жете тануымызға жол ашты. Қорыта
айтқанда, қазіргі
зерттеулерде морфонология мәселелері
туралы А.Айғабылұлы
зерттеулеріндегі тұжырымдардың ғылыми маңыздылығы артып, осы
саладағы ізденістерге тірек болатын ұстаным, негізгі бағдар
болып отыр.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Қазақ грамматикасы. –
Астана, 2002. –784 б.
2.
Трубецкой Н.С. Основы фонологии –
М., 1960.
3.
Бодуэн де Куртэне И.А. О связи
фонологических представлений с представлениями морфологическими,
синтаксисческими и семасиологическими // Бодуэн де Куртенэ И.А. Избранные труды по общему языкознанию. - М.,
1963.
4.
Айғабылов А. Қазақ
тілінің морфонологиясы. - Алматы: Санат, 1995. – 136 б.
5.
Айғабылұлы А.
Қазіргі қазақ тілі.
Морфонология. – Алматы: Қазақ университеті, 1999. – 92-б.
6.
Жүсіпұлы М.
А.Байтұрсынов және қазіргі қазақ тілі
фонологиясы. – Алматы: Ғылым, 1998.
7.
Қалиев Б. Қазақ
тіліндегі дауысты дыбыстардың редукциясы. -Алматы: Ғылым, 1984.
8.
Оралбаева Н, Қалыбаева А.
Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі. –
Алматы: Ғылым, 1986.
9.
Мырзабеков С. Қазіргі
қазақ тілі фонетикасы. - Алматы, «Қазақ университеті»,
1997.