Талапбаева Гульнар Едиловна

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к

Әбілтай Дана Оразбекқызы

«Экономика» мамандығының 1 курс магистранты

 

Халықтың өмір сүру деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі

 

Тұрмыс деңгейі әрқайсысы адамның, жалпы алғанда қоғамның тұрмыс-тіршілігінің қандай да бір жағын (қырын) бейнелейтін көрсеткіштер жүйесімен анықталады. Мұндай көрсеткіштерді жекелеген белгілері бойынша жалпы және жеке көрсеткіштерге; тұрмыс деңгейінің салалары бойынша экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, демографиялық, қауіпсіздік және т.б. көрсеткіштерге; бағалау әдістеріне қарай объективті және субъективті көрсеткіштерге; бағалау көрсеткіштерінің өлшем бірліктерінің сипаттарына байланысты құндық және натуральды көрсеткіштерге; көрсеткіштердің сипаттық белгілеріне байланысты сандық және сапалық көрсеткіштерге; табыс пен мүліктің бөлінулерін сипаттауымен байланысты табыс пен мүліктің бөлінуі қатынастары мен құрылымдары көрсеткіштеріне және т.б. көрсеткіштерге ажыратып, топтауға болады.

Жалпы көрсеткіштерге елдің, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының жалпы ахуалдарын сипаттайтын жанбасына шаққандағы ішкі жалпы өнім, ұлттық жалпы табыс және т.с.с. көрсеткіштер жатады.

Жеке көрсеткіштерге елдің жұмыс күшінің еңбек жағдайларын, тұрғын халықтың баспанамен және басқа мүліктермен қамтамасыздандырылу жағдайларын, халыққа көрсетілетін әлеуметтік-мәдени қызметтердің деңгейлерін сипаттайтын көрсеткіштер жатады.

Экономикалық көрсеткіштерге елдің, аймақтың экономикалық дамуы деңгейін және тұрғын халықтың әл-аухаттылығын, қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы экономикалық мүмкіндіктерін сипаттайтын табыс, жұмысбастылық, негізгі қорлар, инвестициялар және т.с.с. көрсеткіштер жатады.

Әлеуметтік көрсеткіштерге елдегі немесе аймақтағы зейнеткерлер, балалар, жұмыссыздар, мүгедектер секілді әлеуметтік топтардың құрылымын және олардың әлеуметтік қорғалуы деңгейлерін сипаттайтын зейнеткерлер, балалар, жұмыссыздар, мүгедектер саны, атаулы әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы, мүгедектікке жәрдемақы және т.с.с. көрсеткіштер жатады.

Демографиялық көрсеткіштерге тұрғын халықтың жыныстық, жастық, құрылымын және басқа да елдегі немесе аймақтағы демографиялық ахуалдарды сипаттайтын секілді көрсеткіштер жатады.

Экологиялық көрсеткіштерге елдегі тұрғын халықтың тұрмыс-тіршілігіне аумақтың экологиялық қолайлылықтарын сипаттайтын орманды алқаптар ауданы, тұщы су, оны тұтыну көлемі, қоршаған ортаны қорғауға мемлекеттік шығындар көлемі және т.б. көрсеткіштер жатқызылады.

Тұрмыс ахуалдың объективті көрсеткіштеріне тұрғындардың тұрмыс тіршілігін нақты мәліметтер көмегімен шынайы бейнелеуші, табыс, тұтыну шығыстары, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, көші-қон көрсеткіштері, қылмыстық көрсенткіштер, жұмысссыздық және т.б. осы секілді көрсеткіштер жатады.

Субъективті көрсеткіштер тұрмыс деңгейін тұрғындардың өздерінің субъективті бағалаулары бойынша анықталатын көрсеткіштер жатады.

Құндық көрсеткіштерге халықтың тұрмысы деңгейлерінің ақшалай (құндық) нысанда бейнелейтін, жалақы көлемі, әлеуметтік жәрдемақылар көлемі, тұтыну шығыстары көлемі, мемлекеттік шығыстар көлемі жне т.б. осы секілді көрсеткіштері жатады.

Натуральды көрсеткіштерге  тұрғындардың тұрмыс деңгейін анықтауда қолданылатын құндық емес нысандағы барлық көрсеткіштер жатқызылады. Мысалы, күндік тамақтанудың қуаттылығы.

Сандық көрсеткіштерге тұрмыс деңгейін сандық қалыпта бейнелейтін көрсеткіштер жатады. Мысалы, халықтың өмірінің күтілетін ұзақтығы.

Сапалық көрсеткіштер тұрмыс деңгейін сапалық тұрғыдан бейнелейтін көрсеткіштер жатады. Мұндай көрсеткіштерге халықтың тұрмыс деңгейін субъективті бағалауларда қолданылатын көрсеткіштерді жатқызамыз.

Табыс пен мүлікті бөлу қатынастары мен құрылымы көрсеткіштері қоғамдағы табыс пен мүліктің бөлінуі жағдайын, құрылымын бейнелейтін көрсеткіштер жатады. Оларға Лоренс қисығы, Джинни коэффициенті, децильдік коэффициент, квинтельдік коэффициент және т.с.с. көрсеткіштерді жатқызуға болады.

Статистикалық көрсеткіштерге нақтылы аумақтағы және мерзімдегі (уақыт кезеңіндегі, сәтіндегі) халықтың тұрмыс-тіршілігінің сандық-сапалық жалпылама сипаттамаларын бейнелейтін үйшаруашылығының ақшалай табысы, тұтыну шығыстарының көлемі және құрылымы, жинақтарының шамасы және т.с.с. көрсеткіштерді жатқызуға болады.

Елдің немесе аймақтың тұрғын халқының тұрмыс деңгейінің және өмірі сапасының зерттеулерінде әлем елдерінің және біздің елдің тәжірибелерінде халықтың тұрмыс деңгейінің көрсеткіштерінің алуан түрлі жүйелері қолданылады. Мұндай  көрсеткіштердің алуан түрлілігін ескере отырып, тұрмыс деңгейінің салалары (өрістері) бойынша көрсеткіштерді топтастыра қолдануды ұсынамыз. Мұндай топтастырулар халықтың тұрмыс деңгейін анықтауға қажетті барлық дерлік көрсеткіштерді қамтыған тұрмыс деңгейі көрсеткіштерінің нақтылы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл үшін бірінші кезекте тұрмыс деңгейі көрсеткіштерін табыс деңгейі, тұтыну деңгейі, жинақтау деңгейі, мүліктік қамтамасыздандыру деңгейі, білімге қол жетімділік деңгейі, денсаулық сақтау деңгейі, салауаттылық деңгейі, демографиялық деңгей, экологиялық қолайлылық деңгейі, экономикалық мүмкіндіктер деңгейі, саяси мүмкіндіктер деңгейі, әлеуметтік қорғалу деңгейі, мәдениет-өнер-демалыс деңгейлері және қауіпсіздік деңгейі көрсеткіштеріне ажыратып топтастырамыз.

Біз ұсынып отырған аталмыш тұрмыс деңгейінің көрсеткіштері, анықталу кезеңдеріне байланысты сипаттаушы, негізгі және қорытынды көрсеткіштерге ажыратылады. Халықтың тұрмыс деңгейінің сипаттаушы көрсеткіштері – халықтың тұрмысының нақтылы бір қырының жай-күйін сипаттайтын жалпы көрсеткіштер. Мысалы, ІЖӨ және т.с.с.

Осы сипаттаушы көрсеткіштерден олардың орташа статистикалық мәндері арқылы тұрмыс деңгейінің негізгі көрсеткіштері анықталады. Мысалы, жанбасына шаққандағы ІЖӨ, елдегі тұрғын үйдің жанбасына шаққандағы ауданы және т.с.с.. Алынған негізгі көрсеткіштер тұрмыс деңгейінің көтерілуіне ықпалдарды бейнелеуі сипатына байланысты оң және теріс ықпалды негізгі көрсеткіштерге ажыратылады.

Негізгі көрсеткіштерден, олардағы мүмкін теріс ықпалдардан арылта отырып, тұрмыс деңгейінің қорытынды көрсеткіштері қорытылып алынады. Мұндай қорытып алулардың екі тәсілі бар. Егер, негізгі көрсеткіш оң ықпалды көрсеткіш болса, қорытынды көрсеткіш негізгі көрсеткішпен есептеледі (тең болады), ал негізгі көрсеткіш теріс ықпалды көрсеткіш болса, қорытынды көрсеткіш бір санының негізгі көрсеткішке қатынасымен анықталатын болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Исахова П.Б.Күнкөріс минимумы - әлеуметтік индикатор ретінде  / П. Б. Исахова // ҚазҰУ Хабаршысы. Экономика сериясы . - 2006. - № 1. - 72-76 б.

2 Н.Ж. Бримбетова «Социальное реформирование и конкурентоспособность регионов в условиях глобальной финансовой нестабильности». - Мировой экономический кризис: теории, методология, практика. Под.ред. Абишева А.А., Мухамбетова Т.И.,-Алматы, Экономика, 2009- 920 б.

3 Шеломенцева В.П. Уровень жизни населения Казахстана (экономико-
социологический аспект)
. −Павлодар, 2001. -264 б.