Биназарова Н.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚЫПШАҚ, МЫСЫР МЕМЕЛЕКЕТІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ

 

Еліміз егемендігін алғаннан бері Қазақстанның геосаяси жағдайы күрт өзгерген кезде тарихымызды зерттеу саласында үлкен бетбұрыстар болды. Әсіресе, бүгінгі күні қазақ халқының рухани өрлеуі мен тарихи санасының қалыптасуы заманында өзінің көршілес және алыс халықтармен және мемлекеттермен ғасырлар бойындағы болған қарым-қатынастары мен байланыстарына деген қызығушылығы едәуір артып отыр. Осы орйда, халықаралық аспектіге ие қыпшақ факторының белгілі ғылыми мағынаға бөленуі кездейсоқтық құбылыс емес. Өйткені, қыпшақтар ортағасырдың ең ірі этникалық топтарының  бірі ретінде бірқатар түркі халықтарының, соның ішінде бірінші кезекте қазақ халқының қалыптасуында елеулі рөл атқарумен қоса, Еуразия мен Жерорта теңізі аймағындағы бірсыпыра шетел этностары мен мемелекеттерінің тарихында өздерінің өшпес іздерін қалдырды. Олардың ішінде, Мысыр мен Шам елін ерекше атауға болады.

Жалпы ислам тарихында орны ерекше, мәртебесі биік болған мамлүк кезеңінен мұра болып қалған өте бай қолжазбаларында Дешті Қыпшақты мекен еткен, салты мен дәстүрі бір, тілі мен мәдени тамыры ортақ көшпелі халықтың  тарихын зерттеуде түркі, қыпшақ, моңғол және түркі-моңғол халықтарының байланысы арақатынасы және ерекшеліктері туралы мол құнды деректер сақталған. Аталған мемелекеттің кіндігі қазіргі Қазақстан жерінде орналасып, тарихи дамуы жағынан қазақ халқы олардң этникалық және мәдени мұрагері болып табылуы себепті, Дешті Қыпшақ мемелекетінің тарихын зерттеу ісі төл ғылымымыз үшін ең өзекті.

Дешті Қыпшақ және Мамлүк мемлекеті арасындағы 1261-1438 жылдарда орын алған саяси, әскери және дипломатиялық қарым-қатынастар мен байланыстары туралы отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектерінің негізінде кеңінен қамтылып, оның салдары ретінде пайда болған діни, этникалық, мәдени, әдеби, әдет-ғұрыптық, салт-дәстүрлік, тілдік, антропонимикалық және сауда байланыстары қарастырылды.

Алтын Орда мен Мысыр мамлүк мемлекеті арасында әскери-саяси, дипломатиялық байланыстарды орнатуда сұлтан Байбарыс пен Берке ханның рөлдері ерекше үлкен болды. Алтын Орда мен Мысыр мамлүк мемлекеттерінің арасындағы әскери-саяси байланыстардың ең күшейген кезінде екі мемлекеттің билеушілері арасындағы одан да жақындасудың құралы ретінде саяси құдаласудың қаншалықты маңызды болғандығы сұлтан Байбарыстың Берке ханның қызына үйленуі болса, екіншісі сұлтан ан-Насир Мухаммадтың Өзбек ханның жақын қарындасының біріне үйленуі болды. Екі мемлекет арасында өзара құдаласуға негіз болған көптеген факторлардың ішінде, ең біріншісі, ол – саяси жақындасу, яғни Құлағуға қарсы соғысу үшін құрылған одақтың да маңызы зор болды.

Заң саласындағы байланыстарға келер болсақ, мысыр қоғамында исламның алғашқы кезінен бастап тек шариғат заңы белгілі болды. Мамлүк кезеңінде Қыпшақ мамлүктерінің Мысырға өздерімен бірге Шыңғыс хан өз ұрпақтарына мұра етіп қалдырған заңын алып келді, дегенді айтады. Әлем тарихнамасында Шыңғыс ханның «Ұлы Жасақ» заңдар жиынтығы туралы бүгінгі күнге дейін арнайы зерттеудің болмауы бұл тақырыпты толық ашуға мүмкіндік бермеді. Дегенмен, бұл заңның мамлүктер кезінде Мысырда кең қолданыста болғанын, сұлтан Байбарыс өзінің мемлекеті мен әскерін «Йаса» заңының негізінде қайта құрып, өзінің алдындағы Ислам қоғамындағы бұзушылық пен тәртіпсіздікке шек қойғаны туралы отандық және араб жазба деректері негізінде көрсетілді.

Араб жазба деректері «ат-татар», «ат-турк», «әл-муғул» атауларының бәрі – туысқан бір халықтың атауы, екенін хабарлайды [1]. Яғни, нақтырақ айтсақ XIII-XIV ғғ. түркі және моңғол этностарының көшпелілікке негізделген салт-дәстүрлердің ортақтығымен қоса, олардың этникалық, мәдени, тілдік және рухани жағынан бір екендігін ортағасыр авторлары  анық байқаса керек. Мамлүк сұлтандары бұл орайда: «Біз және татрлар бір текпіз, бір-бірімізден бас тартпаймыз» деп айтуы олардың этникалық жақындығын аңғартады.

Мысыр мамлүк мемлекетінің Дешті Қыпшақпен байланыстарының бір белгісі ретінде Мамлүк архитектурасында кеңінен кездесетін «қошқар мүйіз» өрнегінің қыпшақтың мәдени әсерінің қатарына жатқызуға болады. Қазақтың төл өрнегі есептелетін, әсіресе халқымыз көшпелі өмір кешкен замандарда киіз үйді және басқа да тұрмыстық заттарды безендіруде кеңінен пайдаланылған, текемет, сырмақ, киім тігуде кеңінен пайдаланып келген «қошқар мүйіз» өрнегін [2] Мысыр жеріндегі мамлүктер билік еткен замандағы салынған ғимарттардың бойынан көптеп кездестіруге болады.

Салт-дәстүр саласындағы байланыстардың шеңберінде қарастырылған мамлүктердің тағамдары жергілікті мысырлық халықтың тағамдарынан көп өзгеше болғандығын хабарлайды. Мысалы, жылқы сойып жеу Мысыр және араб елдерінде бұрын болмаған бұл дәстүрді қыпшақ мамлүктерінің өздерімен бірге алып келгені анық.

Сұлтан Байбарыстың билік еткен заманынан бастап Мысыр жерінде «қымыз» ішу дәстүрінің орныққаны белгілі. Мамлүктердің кезінде кең етек алған жылқы сойып жеу және қымыз ішіу қазіргі уақытта түркі халықтарының ішінде қазақтардың арасында кеңінен сақталып отырғаны белгілі.

Екі ел арасында, 177 жылға созылған, ұзақ мерзімді қамтитын қарым-қатынас, бірінен соң бірі, жұбы үзілмей жалғасқан 47 ресми елшіліктердің, яғни, дипломатиялық миссиялардың болғаны тарихқа мәлім. Қайырдан Сарайға келген елшілер қатарында Қайыр елшілерімен бірге қайту – екі мемлекет қарым-қатынасындағы дипломатиялық дәстүрге айналған [3].

Жер қашықтығына қарамастан қарым-қатынас жасау жолдары құрлық және теңіз арқылы өтетін сапар айларға, ал кей жағдайларда, бір жылдан астам уақытқа созылған ұзақ, әрі ауыр, әрі қауіп-қатерге толы сапарлар, бірінен соң бірі кезектесе жалғасып, сол алыс замандағы, Ніл мен Еділ өзендерін мекендеген екі еларасындағы байланыстың қаншалықты күшті және берік болғандығын көрсетеді. Әсіресе, ислам мен христиан елдері, Батыс пен Шығыс арасында соғыс өрті лаулап тұрған замандағы жол қауіптілігін және жолаушылардың жекелей де, көпшілікпен де, жол аңдыған қарақшылар мен жыртқыш хайуандар тарапынан көптеген қауіп-қатерге душар болуын естен шығармауымыз керек. Оларды айтпағанда, жол үстіндегі Шығыс Византия сияқты христиан мемлекеттерімен бейбітшілік жағдайы тым тұрақсыз еді. Сондай кездердің бірінде, Сарайға сапар шегіп бара жатқан Мысыр елшілігінің бірін таяу Шығыстағы крестілер қолға түсіріп, оларды Триполи және т.б. қалалардағы құл базарларына апарып құлдыққа сатқан. Мұны білген Мысыр сұлтаны, Мысырда сауда жасап жүрген батыс сапудагерлерін тұтқындауға әмір берген [4].

Тілдік байланыстары саласында Мысырда билік құрған мамлүктер өзара қыпшақ тілінде сөйлескендері туралы хабарлайтын деректер көп. Бұл құбылысты араб зерттеушілері, мамлүктердің өз ана тілі мен төл дәстүрлерін жоғары құрметтеуінде, деп түсіндіруімен келісуге болады. Мамлүк сұлтандары Алтын Орда хандарымен ресми хаттарды үш тілде – араб, қыпшақ және моңғол тілдерінде жазысқан.

Мамлүктердің қыпшақ-түркі анторпонимдері саласында мамлүктердің есімдеріне «бай», «тай» және «бек» сөздерімен келетін адам аттары кеңінен талданып, көптеген мысалдар келтіріліп, қазіргі қазақ антропонимдерімен салыстырма жасау арқылы олардың арасындағы байланыстары ашылды.

Сұлтан Байбарыс негізін салған Мысыр Мамлүк мемлекеті екі жарым ғасыр, ал Алтын Ордамен жасаған дипломатиялық қарым-қатынастары 170 жылға созылды.  Моңғол халқы: «Ата-бабасының тарихын білмеген адам ну орманда адасқан маймылмен тең» деп тұжырымдаса, қазақ халқы: «Жеті атасын білмеген – жетесіздің белгісі» деп, ата тарихын білудің аталған дәуірін білуге талпыныс жасаймыз.

 

 

 

Әдебиет:

 

1.       Бартольд В.В. «История изучения востока в Европе и России», Л., 1925. Изд. 2-е.

2.       Саудабаев А. «Бейбарыс сұлтан»,  Алматы, 2000, 23-29бб.

3.       Батырша-ұлы Б. «Мысыр мен Таяу шығыстағы мамлүк ислам архитектурасы туралы», Отан, 2000, № 3. 44-47 бб.

4.       Батыршаұлы Б. «Араб деректеріндегі мамлүктердің аттары (есімдері) олардың шығу тегінің дәлелі ретінде» // ҚазМҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. 2000. № 3 (18). 22-28 бб.