История
Шертекова Салтанат,
№56 орта мектебі, Жаңақорған
кенті, Қызылорда облысы, Қазақстан
Қазақстандағы
ауылшаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен қазақ
шаруаларын отырықшыландыру
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыздың басынан
кешкен зұлматты кеңестендіру жылдарының
ақиқаттарын ашық айтуға мүмкіндік алдық.
Тарихшы ғалымдар, зерттеушілер мен ізденушілер ұжымдастыру
кезеңіне бірқатар құнды-құнды зерттеулер
жасап, осы зұлматтың ақиқаттарына жету үшін
жан-жақты ізденістер жасауда. Сол зерттеулердің әсерінен
көптеген шындықтардың беті ашылуда.
Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму
жолымен келе жатқан қазақ ауылы, осы ауылдың тіршілік
көзі болған мал шаруашылығын күйрету 1925 жылғы
қыркүйек айында Қазақ өлкелік партия комитетіне
Ф.И. Голощекиннің жауапты хатшы қызметіне келуімен тығыз
байланысты. Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты жеке
меншіктегі ұсақ шаруашылықтардың басын қосып,
қоғамдасқан ортақ шаруашылық құру
еді. Б.а, шаруаларды кооперациялау болып табылады.
Осы кезге дейін партияның ХV сьезі (1927ж)
ауылшаруашылығын ұжымдастыру сьезі, деревняны
ұжымдастыруға бағыт сілтеген сьезд аталып келді. Ал,
шындығында сьезд тек ұжымдастыруға ғана емес,
кооперацияның барлық түрлерін қалыптастыра дамыту керек
деп нұсқаған. Кулакты тап ретінде жою мәселесінде
де сьезд: бұл іс бірте-бірте жүргізіліп, онда
да кулак шаруашылығы зорлықпен емес, керісінше,
экономикалық әдістермен жойылатын болсын деген. Бірақ сьезден
кейін партия, үкімет басшылары ұжымдастыру мәселесін даралап
алға шығара бергені шындық.
Ұжымдастыру Қазақстанда өте тез
қарқынмен жүргізілді. 1929 жылдың
1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары
аралығында 100 мың кедей және орташалардың шаруашылықтары
ұжымдастырылды [1, 4 б.].
Саяси және экономикалық сипаттағы ұжымдастыру
науқанын тез арада жүргізу үшін шаруашылықтарды жаппай
ірілендіру басталды. Қазақстандағы жаппай
ұжымдастырудың тез қарқынмен жүруі
шаруалардың өз еркімен болмай, күштеу, зорлау, жазалау
әдістері арқылы жүзеге асырылып отырды.
Ауқаттының малын еріксіз ортаға алып, енді жекешенің
күн көрісіне жарап отырған азын-аулақ малды
да сыпыра бастады.
Сол тұста «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ
қалмасын», «Қайдан тапсаң одан тап - қаптың
түбін мықтап қақ» деген ұрандар тарады. Зорлаумен
ортаға түскен мал күтімсіздіктің салдарынан жаппай
қырыла бастады. 1929 жылы 1 қаңтардағы архив
құжаттарындағы мәлімет бойынша 47 миллионға
жуық мал болса, 1934 жылы 1 қаңтарда не бары 4,5
миллионы қалды [2, 170 б.].
Жаппай ұжымдастыру саясатын жүргізу Қазақстан
шаруашылығы үшін орны толмас қайғылы
оқиғаларға алып келді. Оның шаруашылығының
қалыптасқан құрылысын бұзды, елдің
әлеуметтік-демографиялық дамуына өзгерістер әкелді.
Республиканың барлық аудандарына тәркілеуді өткізу
жөнінде нұсқаулар жіберілді. Заң бойынша малы,
дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті
ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға
шаққанда400-ден астам малы бар, жартылай көшпелі аудандарда
300-ден астам малы бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар
және бұрынғы сұлтандар мен хандардың
ұрпақтары жатқызылды [3, 35 б.].
1928 жылы тамыздың 30-да Қазақ АКСР ХКК-нің
«Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі
және отрықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы
қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді.Науқанды
1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни
бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Қазақ
қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928
жылғыжүргізілген тәркілеу барысы мен оның
нәтижелері көрсетіп берді.
Алдын-ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы
байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді.
Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана
тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64 пайызы ғана.
Оның себебі алдын-ала жасалынған малдың есебі дұрыс
емес еді. Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға
мәжбүр болды.
Барлық тәркіленген малдың
10,2 пайызы отырықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі
аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген
малдың 118919 басы жекешаруашылықтарға (74,3%) және
колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде
жаңадан 292 колхоз құрылды [4, 7 б.]
Көптеген қазақ партия-кеңес қайраткерлері
тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ
қоғамынның экономикалық деңгейінің
төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге
бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық
мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды.
Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық
жағынан да, рухани жағынан да ештеңе
ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу
«қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне
әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа
қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму
қарқынын тежеді. 1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П
Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және
мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы»
қаулы қабылдады.Қаулыда Орталық комитет жаппай
ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын
үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы
ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза
астықты аудандар жатты. Оларға Орта және төменгі Волга,
Солтүстік Кавказ аудандары кірді.
Ол аудандарда шаруа қожалықтарын социалистік жолмен
қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау
белгіленді; Екінші топқа елдің Украина, Орталық қара
топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанның
астықты аудандары жатты. Бұл аудандарда ұжымдастыруды
аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа
қожалықтарын ұжымдастыруды 1932 жылдың көктемінде
аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа
өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде
шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың
көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына
қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары
осы үшінші топқа жатқызылды. Алайда Қазақстанда
ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен
салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин
мүлде қосылмады.
Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ
екеніне қарамай, ұжымдастырудың жоғары
қарқынын мақтаныш етті. Голощекин Жер халық
комиссариатының комиссары Яковлевке
(ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары
кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК
төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа
жібергенжеделхатында 1929-1930 жылдары республикада ұжымдастыруды
күшейту үшін жоспардың қайта қаралғанын,
сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен
350 мың шаруашылықтың қамтылатынын көрсетті.
Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру
жоспары қайта қаралды [5, 9 б.].
Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының
тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 пайызы,
1931 жылдың қазанында 65 пайызы ұжымдастырылды,
яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы
республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен
70-тен 100 пайызға дейін шаруа қожалықтары қамтылды [6,
302 б.].
Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысындажіберілген
зорлық-зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы
14 наурызда қабылдаған «Колхоз
қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен
күрес туралы» қаулысында партия бағытын бұрмалау деп
қана бағаланды. Большевиктік орталық билік ауыл
шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін
дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу
қажет деді.
Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған
саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің
шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып
жатқаны мойындалмады. Күштеп ұжымдастыру науқаны
кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары
қарқынмен жүргізілді. 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары
өзінің өте құпия хатында барлық
жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті
кулактар екенін, ал қалғанықатардағы
еңбекшілер екенін мойындаған [7, 36 б.].
Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы
күшпен ұжымдастыру саясатының беташары іспетті болды.
Қазақ байларының малдарын тәркілеуден материалдық
жағынан да, рухани жағынан да кедейлер
еш нәрсе ұтпады. Бұл науқан қазақ
даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге
әкелді. Дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи
ортаға бейімделген түрі - ірі байлар қожалықтарын
күйрету Қазақстандағы мал шаруашылығының
даму қарқынының тежелуіне, тауарлылығының
күрт төмендеуіне негіз жасады.
Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың
наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге
жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың
өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға
дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы
Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын
көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың
өзіндеҚазақстанда 30-дан астам үлкенді-кішілі
халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең
көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық,
Батпаққара көтерілістері жатады.1929-1930 жылдар
аралығындағы қыс айларында наразылық өте
күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге
хабарлауға мәжбүр болды. [8, 53 б.].
Сондай-ақ, отырықшыландыру науқаны да жаппай
ұжымдастыру науқанымен қатар жүргізілді.
Отырықшыландыру барысында жеделдету мақсаты қойылып,
қазақ ауылының ерекшеліктері ескерілмей, екі жолмен
жүргізілді. Оның біреуі - жүздеген шаруашылықты
бір жерге иіріп әкеліп, шоғырландыра орналастырып, малын өнім
дайындау қорына өткізу. Екіншісі - әлгіндей көп
халықтың киіз үйлерін қар үстіне көше
секілдендіріп тігіп, поселкелер құру, бұлардан ұжымшар
жасау. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа
сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының
тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды. Отырықшыландырудың
алғашқы жылының қорытындылары бұл
бағыттың қате екендігін көрсетіп берді. Бірде-бір
бағдар бойынша міндеттер мен жоспарлар орындалмады [9, 208 б.].
Сонымен, ұжымдастырудың айқын тарихы -
«тәжірибе жасау мен қателіктердің», аяусыз да ымырасыз
идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы
қақтығыстардың тарихы. Қазақ даласында
ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың
дәстүрлі мәдениетін күйреткен ХХ
ғасырдың 20–30 жылдары - Қазақстан тарихының
күрделі беттерінің бірі. Сонымен, осы жылдарда
Қазақстанда жүзеге асырылған
әлеуметтік-экономикалық процестер қазақ
халқының дәстүрлі даму жолын талқандап қана
қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ
халқының халықтық салт-дәстүрлерін
аяқ асты етті. Нәтижесінде адамзат өркениетінде өзіндік
орны бар, бірегей қазақ ұлтының өзінің
рухани тамырларынан қол үзу, өзінен үлкен
ұлттың жетегінде кету процесі белең алды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас
редактор Ә. Нысанбаев -Алматы "Қазақ
энциклопедиясы" Бас редакциясы, 1998 - 4б.
2. Сабыров С. Қазақстан тарихы. Алматы: Ғылым,
2002–170 б.
3. Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жеке меншік
қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен
тағылымы". //Тарих ғыл. докторы. дисс. авторефераты.- Алматы,
1994 - 35 б.
4. Омарбеков Т. Атабаев Қ. "Кооперативтендіру сабақтары.//
Лениншіл жас, 1988-№ 31, 3-4 тамыз, 7б.
5. Төлепбаев Б.А. Осипов В.П. Асырмай да, жасырмай айтылар
шындық // Социалистік Қазақстан, 1989- № 4,
14 қаңтар, 9б.
6. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы
/Мәтін/ ерте дәуірден бүгінге дейін. 2-ші басылым.Алматы:
Қазақстан, 2005–302 б
7. Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С.,
Әбілғожин Ж.Б. Қазақстандағы күштеп
коллективтендіру: қорлық пен зорлық. -Алматы, 1992.
-36 б.
8. Қойгелдиев М. Қ. Тұтас Түркістан идеясы
және Мұстафа Шоқайұлы. -Алматы: Қазақ
университеті, 1997. -53 б.
9. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих
тағылымы не дейді? -Алматы: Ана тілі, 1993. -208 б.