Орынбасаров С.Ш.

Тараз қ. №7балабақша 

Оспанбаева А.Р

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Балабақша  балаларын  қазақтың ұлттық ойыны

арқылы тәрбиелеудің ерекшелігі

 

      Бала тәрбиесі – ықылым заманынан бастап адамзатты толғандырып келе жатқан өмірдің өзекті мәселесі.

      Қазақ халқы ежелден жас ұрпақты сегіз қырлы, ьір сырлы болып өсуін мақсат тұтқан. Баланы үнемі қамқорлыққа алып, жан-жақты тәрбиелеп отырған. Қазақ халқының ұлттық тәлімі мен өнегесі бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналуы – ел мүддесі, заман талабы.     

      Ұрпағын ойламайтын халық болмайды, онсыз өсіп-өну, ілгерілеу жоқ. Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының, аса құнды игіліктерінің бірі ұлттық ойындары. Ол – халық педагогикасының құрамды бір бөлігіне жатады.

      Қазақ халқының ұлы философ, ақыны Абай Құнанбаев:

                  Ойын ойнап ән салмай,

                  Өсер бала болар ма?

Деп айтқандай, баланың өміріндегі ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынға зер салып, ой жүгіртіп қарайтын болсақ, үлкен де мағыналы істер туындайтының байқауға болады.

      Ұлттық ойындар адамның ұзақ жылғы еңбегінің жемісі, ой құбылысының көрінісі, дүниені танып білуге талпынысының нышаны ретінде өмірге келгенің, оның бар өнерінің бастамасы, халықтың әлеуметтік-экономикалық тірлігінің негізі екенін болжаулай қиын емес.

      Халқымыздың ойынды тәрбие құралы деп танып, оны жеткіншек ұрпақтың ой-түйсігін ширықтырып баулитын тетік сынды бағаланған. Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, сонымен қатар оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігін де жебейді. Балалар ойын арқылы бір-бірімен тез тіл табысып, жақсы ұғысады бірінен-бірі ептілікті, сергектікті, тапқырлықты үйренеді. Ойын үстінде бала дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтып, айналадағы заттармен құбылыстардың ақиқат сырына қаныға береді.

      Балалардың ойынынан жұртымыздың ертеден келе жатқан кәсібі мен салтын, тұрмыс қалпын, еңбек дағдыларын байқау қиын емес, тіпті ұмытыла бастаған салт-дәстүр түрлері де ойыннан елес беретіні анық. Ересектердің есінен шығып кеткен халықтың кейбір ежелгі әдеттерінің, санамақ жырларының тек қана балалар ойындарында сақталып қалған түрлері де бар.

      Ұлт ойындары ауыз әдебиетінің бір тармағы деп тұжырымдауға да қисын бар секілді. Ойынның түрлері ауызекі тарай келіп, мазмұны толыса, молыға түседі. Жан-жануарларды бейнелейтін ойындардың кейбіреуі тұрмыстық ойын – сауық ретінде етек алғанымен кейбіреуі дене шынықтыру, спорттық мақсаттарды да өтейтіні де бекер емес.

      Тұрмыс-салт ойындарына «Түйе-түйе», «Сақина жасыру», «Белбеу тастау», «Көрші-көрші» жатады. Ұлттық спорт ойындарына: «Бәйге», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күрес», «Аударыспақ», «Арқан тарту», «Теңге ілу», «Білектеу», «Соқыр теке», «Ақ сүйек» жатады. Асық ойыны: «Алшы», «Хан талапай», «Асық ату» жатады. Ал, математикалық ойлану жүйесіне арна тартатын күрделі ойын түрі – «Тоғыз құмалақ».

      Ойын – балалардың ынтасын арттырудың маңызды құралы. Балаларға пайдаланатын ойындар олардың жас ерекшеліктеріне байланысты күрделеніп отырады. Яғни сәбилер тобындағы балалармен ойналатын ойынның мазмұны жеңіл болады, ал тобы жоғарлаған соң, яғни естиярлар тобы, мектеп алды топтарында бұл ойынның мазмұны күшейеді. Мұндай ойынның көптеген түрлері бар. Сондықтан бұл ойынды балалардың жас ерекшеліктеріне және өтілетін тақырыбына, мазмұнына сай етіп таңдап алғаны дұрыс. А.С.Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жасампаз өмірмен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын дегеніміз – ұшқын білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты».

      Ел арасында көп тараған ойын-сауық ойындарының түрлерін баланың жас ерекшелігіне қарай бөліп саралап, алуан түрлі рухани талап-тілектеріне сәйкес бағыттауға тиістіміз. Ең басты міндет ұлттық ойынның өзіндік құндылығын жоғалтпай ойынды мазмұнды, қызықты ұйымдастыруға жағдай жасау, тәрбиеге де, ой-санаға да лайықты деп пайдалана білу. Мәселе бір ғана ер балаларға арналған «тай жарыс», «құнан жарыс», «жорға жарыс», «ат жарыс», «түйе жарыс», «жаяу жарыс», «қап киіп жарысу» баланың күшін дамытып ерлік жігерін, денесін ширатып, бұлшық еттерін қатайтатын, төзімділікке, батылдыққа, ептілікке баулитын, тез ойланып әдіс табуға машықтандыратын қасиеті қаншща ма? Немесе күш жетілдіретін қорғанудың ұлттық өнері саналатын «қазақша күресті» алайық. Мұнда адам өзін ұстап, өз бойындағы күшін, әдіс-айласын түгел пайдаланады. Күрестің «тауық күрес», «аударыспақ» дегендей толып жатқан түрі баршылық. Солардың қай-қайсысының  болсын көздейтін түпкі ниеті ұлттық ойында балалардың нені және қалай ойнайтынына байланысты туындайтын мақсатына қарай өмірдің алуан түрлі құбылыстарын бейнелеуі мүмкін. 

      Сәбилер тобында - бұл жастағы балалардың зейін көлемі тар деңгейде болғандықтан, ойын маңызы да шағын болып келеді. 3-4 жастағы балалар 10-15 минут ойнайды. Мектеп жасына дейінгі баланың жас ерекшелігіне байланысты бұл жастағы балалар – «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Ақ сандық, көк сандық», «Жігіттер», «Ұшты-ұшты», «Сақина және жинау», «Көрші-көрші» т.б

     Ойын арқылы өзіндік мінез-құлқы қалыптасады, балалар әдепті, қайырымды, адамгершілік қасиеттері қалаптасады. Ойын – балалар үшін қиялын қозғап, сезімдерін аялайтын, денеге қуат, жанға мият, рухани азық береді. Ойын барысында белгілі бір әрекет жасай отырып, қоғамдық өмірге қатысудың алғашқы үлгісін алады, ересектермен арадағы қарым-қатынас құрылымын түсінеді. Ойын арқылы өзі өмір сүріп отырған, дамып отырған белгілі бір әлеуметтік ортадағы норма мен әрекетті қабылдайды, құштарлығын арттырады, тілдің дамуына, ақыл-ой дамуына да әсер етеді. Балалар тек ғана ойын арқылы емес ауыз ертегілер, мысалдар тыңдау арқылы адамгершілік қасиеттерге, ерлікке, батылдыққа тәрбиеленеді.

        Халқымыздың тарихи-мәдени мұраларының түрлері сан алуан. Солардың қай-қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған.

   Осындай аса құнды мәдени игіліктердің бірі-ұлттық ойындар. Бүгінде ойынды халық педагогикасының бір бөлігі деп тегін айтпаса керек, адам баласы жасаған жеті кереметтің қатарына сегізінші етіп осы ойынның аталып жүруі жайдан жай емес.

   Қазақ халқы-материалдық мұраларға қоса мәдени қазыналарға да аса бай халықтардың бірі. Сондай қомақты дүниелер қатарына ұлттық ойындар жатады. Баланың негізгі іс-әрекетінің өзі – ойын. Халқымыздың баланы «ойын баласы» деп те атауы бекерден бекер болмас.

Балаға дүниенің қызығы сол – ойын, барлығын ойынға айналдыру. Сондықтан балаға тәрбие бергенде ойын мен тәрбиені ұштастырып, баланы ойната тұра, оның бойына рухани, адами құндылықтарды сіңіру ата-ананың да, ұстаздардың да, бір сөзбен айтқанда жөн сілтеушілердің міндеті. Халық даналығы да соны меңзейді.

Бала мен жеткіншекті ойнатып қана қоймай, бойына ұқыптылық, адамгершілік, татулық, намысшылдық, ептілік, шапшаңдық және т.б. секілді адами қасиеттерді сіңіретін негізгі құрал – ұлттық ойындар. Сонау ерте замандардан бері талай батырларымыз, ақын-жырауларымыз, бозбала-бойжеткендеріміз сол ойындарымызды ойнап, халық даналығынан сусындап келді емес пе?!

   Бүгінгі мектеп жасына дейінгі балалар оны оқып үйрене отырып, өздеренің кім екендіктеріне барлау жасауына, ата-бабаларының психологиялық болмысы мен ойлау жүйелірене зер салуларына, көздеген мақсаттарын саралап, жете білулеріне, дәстүрлер жалғасып отырып, өткен мен бүгінді байланыстыра білулеріне, сөйтіп «мәңгүрттікке» тосқауыл қоюларына септігін тигізбек.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сағындықов.Е. «Қазақтың ұлттық ойындары». - Алматы,1991.

2. Төтенаев.Б. «Қазақтың ұлттық ойындары». - Алматы,1994.

3. Сағындықов.Е. «Ұлттық ойындарды оқу-тәрбие ісінде пайдалану». -  Алматы,1993.

4. Болғамбаев.М. «Қазақтың ұлттық спорт түрлері». - Алматы,1985.

5. Табылдиев.Ә. «Халық тағылымы». – Алматы,1992.

6. Сейсенбек.А. «Қуыр-қуыр, қуырмаш». – Алматы,1993