Байоразов Ж.А

М.Төлебаев атындағы балалар саз мектебі, Жамбыл ауданы, Аса ауылы, Қазақстан

 

МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТЫ МЕҢГЕРТУДЕ ДОМБЫРА СЫНЫБЫНДА ОҚУШЫЛАРҒА ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ

 

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі жастар, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстаздарға жүктелетін міндет өте ауыр», деген болатын. Еліміздің мәртебесінің биік болуы ертеңіміздің иесі жас ұрпақтың белсенділігі мен іскерлігіне тікелей байланысты болмақ. Қазіргі таңда еліміздің келешегі болып саналатын ұлтжанды, елін сүйетін, әдет ғұрыпын, салт, санасын қастерлейтін ұрпақты тәрбиелеу басты парызымыз [1].

Еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытында болашақ ұрпағымызды өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, ділі мен дінін, мәдениетін, адами қасиетті терең түсінетін, шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі.

Осыған орай қазіргі таңда елімізде Ұлттық тәрбие мәселесі қолға алы нып отыр. Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған келеңсіз жағдайларды: ана тілін, төл тарихын білмеу, қарттар үйлеріндегі ата-әжелеріміз, салт-дәстүрін шала білетін жастар, тастанды жетім балалар мен «қиын» балалар, нашақорлыққа еліткен жастар т.б олардың алдын алып, болдырмаудың және жоюдың негізгі жолы. Бойында ұлттық тәрбие ұялаған ұрпақ дені сау, білімді, парасатты, ұлтжанды, толерантты болып өсері хақ [2].

Ұлттық тәрбие нақыштарының бастауы - тәрбиенің бастауы, ол тәрбие мен оқыту жөніндегі халықтың ғасырлар бойғы білімі мен тәжірбиесі. Қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық тәрбие арқылы ұрпағын әдептілікке, имандылыққа жалпы адамгершіліктің барлық қағидалары мен негіздеріне бейімдей тәрбиелеген дана халық емес пе? Ағартушы ғалым М. Жұмабаев «әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбиелеу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп», - деп жазады. Ендеше халқымыздың жылдар бойғы қалыптасқан тәрбиелік мұрасын жастар бойына сіңіре тәрбиелеу бүгінгі білім беру жолында да алдымызға қойған мақсат-міндеттердің қатарында болғаны дұрыс. Осы тәрбие нақыштары дұрыс жолға қойылған кезде біз оқушылардың сабақпен қатар тәрбиеге деген  қызығушылығын арттыра түсеріміз сөзсіз[3]. 

Сондықтан, алдымен қазақ жастарын ұлттық рухта, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ерекше маңызды. Қазақ халқы ұлттар арасындағы ынтымақтастықтың ұйтқысы бола бiлсе, тыныштық та, береке де, қалыпты даму да болады, дағдарысты да сәтті өткереміз деген пікірде. Осы қағида әр оқушының алдына басты мақсат етіп қойылса, ұлтжанды, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, толерантты, үш тұғырлы болуға тырысуға көбірек ұмтылар еді. Оқушылар арасында жүргiзiлген жұмыстарда, сабақта оларды Қазақстандық патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше мән беруiмiз керек. Болашақ ұрпағымыздың бойына Отаншылдық, азаматтық, жоғары ізгілік пен адамгершілік сезімдері жан-жақты жетілгенде ғана Қазақстандық патриотизм есімі асқақтай түседі. Осы қойылған мақсаттарды іске асыру үшін мұғалім сабақтарында пәннің ұлттық құндылықтарға тікелей байланысты жерлерін тереңірек түсіндірсе, оқушы жастардың ұлттық саз өнеріне, аспаптарына қызығушылығы арта түсер еді және олардың ұлттық мінез-құлқының, талғампаздығының, ұлтжандылығының қалыптасуы арта түсері сөзсіз[4].

Көптеген саз аспаптарының ішінде домбыраны алатын болсақ, оның негізгі репертуары - күй болғандықтан, сол күйлердің мазмұны бізді қазақ халқының басынан кешірген қилы да, қиын тарихи оқиғалармен таныстыруға жетелейді. Домбыраны, яғни күйлерді үйрету барысында тарихи тақырыптағы музыкалық шығармалар өз заманының туындысы, сол замандағы халықтық рухтың ескерткіші іспеттес болғандықтан, күйдің шығу тарихын оқушыларға міндетті түрде айтып, түсіндіріп, олардың алған әсерлерін  ортаға салып, талқылауға болады. Музыка арқылы оқушылардың санасына үлкен әсер етуге болады және өзіне әсер еткен тақырып бойынша өздігінен терең ізденіс жасауға апаратын қызығушылық тудыруы әбден мүмкін.

Мысалы, қазақ халқынының басынан өткен тарихи кезеңдеріне байланысты мына шығармаларды ұсынуға болады; Моңғол дәуіріне байланысты Ақсақ құлан күйін, Қазақ Жоңғар соғысына қатысты Елім-ай әнін, Исатай Таймановтың көтерілісіне байланысты Құрманғазының Кішкентай күйін т.б. Қазақ тарихында із қалдырған ірі оқиғаларға қатысты ән-күй шығармалары бүгінгі күнге дейін сақталып, жетіп отыр. Енді сол мұраларды домбыраны үйрету кезінде пайдалану оқушыларға сол заманның лебін сезінуге көмектеседі.

Сонау ықылым Ұлы түріктер заманында «Тәңірінің 366 күйін» қаған алдында қандай аспапты тартқаны бізге әлі күнге белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен, ғылыми болжам жасап көрсек, күйлер негізінде қобыз аспабымен тартылуы мүмкін деп жорамалдауға болады. Ал, академик В.В.Ви ноградов осыдан екі мың жыл бұрын қос ішекті аспаптың болғанын, оның бейнесін сомдаған, академик Ә.Марғұлан қобыз бен қоңыраудың суреті бар бақсының тас мүсінін тапқан. «Ақсақ киік» күйінің аңызы домбыра бетіндегі үндік ойықтың пайда болуы жайлы болжам жасауға мүмкіндік берсе, ал «Шайтан тиек» туралы аңызда домбыра құлағының түбіндегі ішекті көтеріп тұратын кішкене тиектің пайда болуы жайлы сөз болады. «Тауқұдырет» туралы күй аңызында екінші ішектің пайда болуы жайлы хабар берсе, Ш.Уәлихановтың бақсылардың бірінші ұстазы Қорқыт екенін айтқан дерегі өте маңызды[5].

Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М.Шахановтың «халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек» деген сөзін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, білім, ғылым саласындағы қызметкерлер оқушыларға салт-дәстүрлерді жай ғана айтып қана қоймай, олардың тәрбиелік түп-тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре, санасына жеткізе білуіміз керек. Ұлттық тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің, ата-аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені, бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы - отбасында, екінші – мектеп пен оқу-орындарында болғандықтан, ата-ана мен мектеп, оқу-орындары тығыз байланыста болуы шартты нәрсе. Мектебіміз бен оқу орындарымызда ата-аналармен бірлесіп осы тақырыпта білім алушыға ой салатындай  әр сабақты жүйелі, қызықты етіп өткізуді дәстүрге айналдырса.

 

Әдебиет:

1.        Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2007 жылдың  28 ақпанындағы қазақстандықтарға жолдауы. - Егеменді Қазақстан. 2007ж

2.        А.Қ.Жұмаділ. Казахский национальный университет имени Аль-Фараби и образовательная стратегия нового Казахстана. материалы ХХХҮІІІ научно методической конференции ППС КазНУ им Аль-Фараби КНИГА І Алматы, 2008г.

3.        А.Ж.Байоразова.   «Жастардың патриотизмі мен азаматтығын қалыптастыруда тәрбие жүйесін іске асыру: тәжірибе, проблемалар, перспективалар» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференция. 22-23 қазан, Алматы, 2009ж. 

4.        С.Әбішқызы, Ж.Сарманов. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние» 2008 ж. 

5.        С.Ғ.Тәжібаева. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру тұжырымдамасы. Алматы: Қазақстан мектебі № 3, 2007 ж.