Педагогика/ Методические основы воспитательного про­цесса

Жаксылыкова Н.Е., п.ғ.к., доцент, Сағидолла Н., магистрант,

Қазақ ұлттық аграрлық университеті,Алматы қаласы, Қазақстан

 

Болашақ кәсіптік оқыту педагогының педагогикалық технологияларын қолданудағы өзіндік жұмыстардың алатын орны

 

Еліміздің қазіргі әлемдегі орны адам капиталының сапасымен, білім берудің жай-күйімен және өндірісте техника мен ғылымды пайдалану деңгейімен анықталады. Технологияның дамуы жаһанданудың және еліміздегі бәсекелестіктің басымдылығы дамуының маңызды факторы болып табылады.

Ғылымның барлық салаларында білім мазмұны мен көлемі қазіргі әлемдік жаһандану кезінде өздігінен оқу іс-әрекетін тиімді ұйымдастыруға тікелей байланысты. Осыдан білім алушылардың өздігінен оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың оңтайлы әдістері мен тәсілдерін, оқыту түрлерін, нысандарын іздестіру өзекті сипатқа ие.

Сондықтан, білім алушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарының педагогикалық жүйесін оқу іс-әрекетінде арнайы ұйымдастыру – оқу процесін жетілдірудің негізгі шарты болып табылады.

Қазіргі білім беру жүйесіне тек педагогикалық және философиялық идеиялар ғана емес, әлеуметтік және саяси идеялар мен жаңарулар елеулі ықпал етуде. Соның бірі өзіндік жұмыстарды ұйымдастыруды мәселе ретінде қарастыра келіп, рухани адамгершілікті, көпмәдениетті тұлға тәрбиелеу мәселелерінің өзектілігінің арта түсуі болып отыр[1].

Адам бойындағы асыл құндылықтарды білім алушының бойына сіңіру, қоғамда өз орнын таба білетін дара тұлға ретінде тәрбиелеуде оқытушының алатын орны ерекше.

Бүгінгі таңда білім алушыларға тек қана білім, білік, дағдыларын ғана қалыптастырып қоймай, алған білімін өмірлік қажеттілігіне жарата алатындай, оны шығармашылықпен іске асыру жолдарын игеруді үйрету, оқуға деген танымдық қызығушылық қабілетін арттырып, өз білімдерін үнемі кеңейту қажеттілігін сезінуге жетелеу көзделеді.

Білім беру мекемелерінде болашақ кәсіптік педагогының қатысуымен өткізілетін сабақтар алдыңғы орында тұрғанымен, білім алушылардың қызығушылықтарына, бейімділіктері мен қабілеттеріне қарай олардың шығармашылық дамуына қосымша қажетті жағдайлар жасалады.

Білім алу адам өміріндегі ең басты қажеттіліктің бірі. Білім арқылы білім алушының дүниетанымы дамиды, ой-өрісі кеңейеді, белгісізді таниды, өзін толғандыратын сауалдарға жауап табады. Білім алушының өз бойында қалыптасатын осы қажеттіліктердің барлығы сабақ процесінде орындалатын түрлі тапсырмалар мен өзіндік жұмыстарға, жаттығуларға байланысты болады. Білім алушыға жүйелі түрде нақты, тиянақты тапсырмалар беру арқылы оның зейінін шоғырландырып, назарын нақтылы тақырыпқа аудару оларды ғылыми негізде ойлауға, ғылымды танып-білуге, өзін-өзі дамытуға үйретеді.

Өзіндік жұмыс деп – сабақтан алған білімдерін өз күш-жігерімен, білімімен орындайтын жоспарлы жұмыс. Бұл өзіндік жұмыстың тиімділігі зерттелініп отырған тақырыптың, қарастырылатын мәселенің барысында білімді тереңдету. Сондай-ақ өз пікірлерін айтуға, оны дәлелдей алуға, ізденушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіншілік алады.

Профессор Т.Сабыров өзіндік жұмысты ұйымдастырудың негізгі жолдары мен шарттарын анықтай отырып былай деп көрсеткен: «Оқушылардың өздігінен білім алуға деген қажеттері мен дағдылары өзінен-өзі пайда болмайды: мұндай қасиеттер мұғалім мен оқушылардың сабақ пен сабақтан тыс жұмыстарда бірлесе отырып,оқу-таным әрекетін ұйымдастыру үрдісінде қалыптасады»[2].

Білім алушылардың әр түрлі деңгейдегі өзіндік жұмыстарды орындауы олардың өзіндік танымдық қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді: танып білу қабілеттерінің дамуына, өзіндік ойлауға талпынуға, жаңа жағдайда дұрыс бағыт-бағдар жасай алуға, өз ойын еркін, дәлелді жеткізуге, ақпаратты сыни бағалауға, жаңа дерек көздерін дәйектілікпен талдауға көмектеседі.

Өзіндік жұмыстар әртүрлі әдістер арқылы іске асырылады, мысалы, жаттығулар, тренингтер, бақылау, есеп шығару, эксперимент жүргізу. Дұрыс ұйымдастырылған өзіндік жұмыстар білім алушының еркін дамуына, ойлау қабілеттерін жетілдіруге септігін тигізеді. Ахмет Байтұрсыновтың пікірі бойынша, «білім алушы білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек».

Қазіргі кезде білім беру тәжірибесінде сабақтың қалыптасқан дәстүрлі түрлерінен басқа, дәстүрсіз түрлері де пайда болуда. Ол, әрине қоғамның жаңару, жетілдіру жағдайында білім беру саласын реформалаумен тығыз байланыста іске асуда. Оқыту жұмысын ұйымдастырудың мұндай дәстүрсіз түрлері көбінесе оның жеке әдістеріне негізделіп құрылуда.

Педагог Р.Сүлейменовтың пікірінше, өздігінен істейтін жұмыстарда жеке тұлғаның іскерлік қабілеті, білім көлемі, білім молдылығынан туатын толық дербестігі айқын көрінеді. Өзіндік жұмыстар білім алушының дүниетанымына, ізденімдік қабілетінің дамуына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, өздігінен ой қорытып, шешім шығаруға, дұрыс сөйлеп, сауатты жазуға, тіл байлығын арттыруға жәрдемдеседі [3].

Қорыта айтқанда, сабақта жаңа педагогикалық технологиялардың  әртүрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, білім алушылардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, ой-пікірлерін еркін айтқызып, өз ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отырулары қажет.

Әдебиеттер:

1.Оқушылардың ғылыми қоғамдарын ұйымдастыру және республикалық ғылыми жарыстарын өткізуге әдістемелік нұсқаулар. Астана, 2007.

2. Сабыров Т. Ұлт тағылымы. - 2003. - № 2. - 104-106 б. 

3.Сулейменов С.М. Подготовка рабочих кадров через системы профтехобразования. – Алма-Ата, 2002. - 130 с.