Педагогика/Методические основы воспитательного про­цесса

Абилбашарова Азиза

№51 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

Жаңақорған кенті,Қызылорда облысы,Қазақстан

 

Мұғалімнің педагогикалық шеберлікке өзін-өзі тәрбиелеуінің кейбір бағыттары

 

Тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі – сөздердің дұрыс айтылуы мен дұрыс жазылуы болса, мұғалімнің сөйлеу тілінде сөз бен сөз тіркесін, сөйлемді дұрыс қалыптастыра білу үшін ой тиянақтылығы, әсерлілігі, сөз дәлдігі, сөйлемдердің өзіне тән әуені, ырғағы, үні, интонациясы, т.б. сөйлеу тілінің сапасын арттыруы қажет.

Сөздерді айтудағы дыбыс өзгерістері орфоэпиялық нормаларға сай болғанымен, жазуда олар ерекше жағдайда ғана болмаса, орфографиялық ережелер бойынша жазылады.

 Орфографиялық нормалардың ғылыми негізі – сөз құрамының дәстүрлі қалпын бұзбай, дыбыстардың ілгерінді, кейінді ықпалы, ығыспалы заңдылықтарын біліп, орфоэпиялық нормаларды сақтап сөйлеу мұғалімнің сөйлеу сапасын арттырады.

Мұғалімнің педагогикалық техникасы, ол шебер қойылым және әртүрлі практикалық міндеттерді шешудегі педагогикалық ықпал ету тәсілдерінің дәлділігіндегі маңызды кәсіби біліктілігі, яғни, олар: интенсивті танымдық іс-әрекетке оқушыларды жұмылдыру, сұрақтар қою, жеке тұлғамен және ұжыммен қарым-қатынас орнату, бақылау жүргізу, ұжымды ұйымдастыру, өз көңіл-күйін, дауысыңды, мимикаңды, қимыл-қозғалысыңды меңгере алу.

Педагогикалық техника мұғалімнің іс-әрекетінің ішкі мазмұны мен оның сыртқы әлпетінің үйлесімділік бірлігін сәйкестендіреді және оның рухани және сыртқы мәдениетінің үйлесімділігінде іске асады. Олай болса, техника – тәсілдердің жиынтығы, оның құралы – сөйлеу және қарым-қатынастың вербальды емес құралдары болып табылады.

Мұғалімнің сөйлеу тілінің сапасы мен оқушының қабылдаған білімі, оның сөйлеу әуені, үні, айту заңы дұрыс қалыптасуы керек. Ол үшін кез келген мәтінді не кеспе қағаздарды оқығанда дауыс ырғағын келтіріп, сөздің анық, түсінікті болуын естен шығармау керек.

Мұғалімнің тілінен кездесетін кемшіліктердің бірі – сөз арасында жиі кездесетін: жаңағы, яки, яғни, мінекей, жалпы, маған, иә, мәселен, әлгі, т.б. қыстырма сөздердің қайталануы. Оқушы ондай жағдайда сабақ тыңдамай «жаңағы» деген сөзін бірнеше рет айтты деп санап отырады. Ол мұғалімдерді де, тыңдаушыны да мезі етіп, жалықтырып жібереді.

Ұстаздың басты мақсатының бірі – оқушының тілін дамыту. Бұл өмір талабынан, тұрмыстық қажеттіліктен туындайды. Қоғамдық мәдениет өскен сайын өмірдің сан-саласында қолданылатын тілдің мәдениетіне қойылатын талап та күшейе түсері анық. Ол үшін оқушылар тілін ауызша да, жазбаша да дамытуды алғашқы кезден бастап қолға алу керек. Оқушылардың сөз тіркесін, сөйлем құрылысын, морфологиялық тұлғыдан дұрыс қолдана білуі тіл мәдениетінің негізін арттыруға үлес қосады.

Қазіргі кезде мұғалім мен оқушының өзарақарым-қатынасы әріптестік көзқараспен ерекшеленуі тиіс. Ол коммуникативті болуы қажет.

Басқаша айтқанда, педагогикалық қарым-қатынас барысында бұйрықтарды, айыптауларды болдырмау, шексіз пікірталастарға жол бермеу шарт. Жұмыс барысында мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін, істі білетіндігін, қолайлы шешімдерді табу ептілігін көрсетуі тиіс. Мұғалім үшін оның әңгіме жүргізу ептілігі шешуші мәнге ие. Демек, ол сөйлей білуі керек. Оның арнайы білімімен не айту керек екендігі анықталады.

Оқытушы мен оқушының арасындағы қарым-қатынастың басты құралы – сөз. Сондықтан мұғалім тарапынан айтылатын сөздің мазмұнына сәйкес оқушының іс-әрекеті әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, үнемі қорқыту, басыну, зеку, ұрсу, т.б. оқушылардың мінез-құлқына ауытқулар туғызады. Нәтижесінде бұл ауытқулар оның іс-әрекетіндегі жұмысының тиімділігіне ықпал етеді. Атап айтсақ, беделімен басу, зеку, ұрысу оқушыда мынадай мінездер қалыптасуы мүмкін: тұйықтық, қашқалақтық, жалтақ, ынжық, қорқақтақ, жасқаншақтық, т.б., ал керісінше, оқушыларға ақылмен айту, жақын тарту, сенім білдіру, мақтау, мадақтау, беделін көтеру, қолдау, қуаттау олардың іс-әрекетін, мінез-құлқын ынталандырады, өзіне және ұстазға сенім тудырады.

Осылардың барлығы белгілі бір сөз, сөз тіркестері арқылы айтылады. Демек, ұстаздардың сөздік қорында осыған сәйкес сөздер, сөз тіркестері жинақталуы керек. Сондай-ақ, ұстаздар, сөздің күші, әсері, қуатының ұрымтал тұстарын ұғынулары қажет.

 

Әдебиеттер:

1. Әбдіғапбарова А. Болашақ педагогтардың сөйлеу мәдениетіндегі өзін-өзі танытуы. Оқу-әдістемелік құрал. - Алматы: «Қазақ университеті», 2007. – 47 бб.23-24 бб.

2. Юсупов Б.Ю. Мұғалімге тән педагогикалық қасиеттер. Оқу құралы.  -А., 2000.

3.Жүсіпова Ж.А. Педагогикалық шеберлік: Оқулық. Алматы: 2011, 316 бет.