Естаева Р.Е.

Тараз қ. №7балабақша  тәрбиешісі

Оспанбаева А.Р

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Мектепке дейінгі мекемелерде топсеруенді

ұйымдастырудың маңызы

2012 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» енгізілді. Осы стандарт тәрбиелеу мен оқыту мазмұнына қойылатын нормалар мен талаптар жүйесін белгілейді, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарындағы педагогтар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің жоғарғы көлемін бір жастан бастап алты жасқа дейінгі балалардың даму деңгейіне және олардың балабақша, мектеп алды даярлық топтары және отбасы жағдайында негізгі құзыреттілікті игеруіне қойылатын талаптарды анықтайды

 Табиғаттың әсемдігін көріп, сезіне білу балалардың өмір тәжірибесін байытып, эстетикалық талғамын дамытады. Бала сәби шақтан бастап-ақ халықтың бай мұрасын бойына сіңіріп өссе, табиғаттың сан сырын, қоршаған ортаны қадірлеуге, қорғауға, сақтауға ынтасы зор болатыны белгілі. Бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі - өзімізді қоршаған табиғи ортадағы жан-жануарлар, өсімдік, өзен, су, ауа және орман тоғайларды қолдан келгенше табиғи күйінде сақтап, болашақ ұрпаққа қаз-қалпында қалдыра білу болып табылады. Оны іске асыру үшін балабақша табалдырығынан бастап балаларға экологиялық білім мен тәрбие беру керек.      Ол үшін балабақшада ұйымдастырылатын топ серуендер мен экскурсиялардың маңызы өте зор.

Балаларды өсіріп, тәрбиелеуде барлық салалардың маңызы көп, соның ішінде баларға табиғатты таныстыру маңызды рөл алады. Балалар күнделікті табиғатпен және неше түрлі жаңалықтармен кездеседі. Сондықтан да табиғаттың сұлулығын, жаңалығын түсініп, жан-дүниесімен қабылдап және табиғатты сүйіп, қорғауды үйрету - әрбір тәрбиешінің басты міндеті болып табылады. Тәрбиеші балаларды серуенге алып шыққанда, қоршаған ортаның әрбір кереметін балаларға жеткізіп, олардың санасындағы алуан түрлі ойларын, қиялдарын оятып және оны одан әрі дамытуға тәрбиелеу қажет.

Балабақшада балалар серуенге ықыласпен жиналуы үшін тәрбиеші оның мазмұнын күні бұрын ойластырады, ойыншықтардың көмегімен немесе олардың немен айналысатыны туралы әңгімелесуі арқылы сәбилердің серуенге деген ынтасын туғызады. Егер серуендер мазмұнды да көңілді болса, балалар әдетте серуенге бар ынтасымен шығады.Балаларды киіндіруді көп уақыт алмайтындай және олар бір - бірін ұзақ тосып қалмайтындай етіп ұйымдастыру керек. Бұл үшін тиімді жағдай жасау керек. Әрбір топқа жеке-жеке шағын шкафтарды және баланың отыруына, шалбарын немесе аяқ киімін киюіне әрі оның үстіне бір-біріне кедергі жасауына қолайлы банкеталары мен орындықтары бар шешінетін кең бөлме қажет.Тәрбиеші балаларды өз бетінше және белгілі бір тәртіппен киініп, шешінуге үйретуге тиіс. Олардың барлығы алдымен шалбарын, аяқ киімдерін, содан соң орамалын, күртесін, құлақшынын, қолғабын киеді.

Серуеннің ең негізгі бөлімі – ойын. Ал балаларды серуенге шығаруда ең кемінде үш ойын ойналу керек. Күндізгі серуенге  ойын таңдағанда, серуеннің алдындағы  балалардың айналысқан қызметін есепке алу қажет. Тыныш сабақтардан кейін қозғалысы молдау ойын таңдау қажет. Серуеннің басында барлық топпен ойнау керек. Дене тәрбиесі және музыкалық сабақтарынан  кейін  қозғалысы орталау ойын жоспарлаған жөн. Ондай ойындарды серуеннің ортасында немесе аяғында ойнату қажет. Балалардың қозғалыс дағдыларын пысықтайтындай, дамитындай жаңа ойындарды  жоспарлап жазып үйрету керек.  Бір жылы бойы шамамен 10 - 15 жаңа ойындар өткізу керек. Ойынды таңдау жыл мезгіліне, ауа райына, серуеннің өткізілу уақытына байланысты. Әрбір топта ойындар картотекасы болу керек. Осы компоненттердің бәрі серуенді қызықты және қанықты етеді. Серуенді ауа-райына, бақылайтын нысанға, өтілген сабақтарға байланысты әр түрлі жүйелілікте жүргізуге болады. Ең бастысы, серуеннің  әрбір компоненті балалардың дене тәрбиесінің дамуына, денсаулықтарын шыңдауға, сонымен қатар көңіл-күйлерін көтеруге әсерін тигізеді.

Серуенде неғұрлым қимылды ойындар басты орын алады. Ойын - тек көңіл көтеру ғана емес, сондай-ақ оның көмегі арқылы жас балаларға қоршаған өмірді таныстыратын да тәсіл болып саналады. Балалар неғұрлым аз болған сайын олармен жүргізілетін білімдік - тәрбиелік жұмыстардың тәсілі ретінде ойын да соғұрлым жиірек қолданылады. Негізінен балалар ойыны әр түрлі типтерге бөлінеді. Мәселен: дидактикалық, аулада ойналатын еркін ойындар, серуен, экскурсия кезінде ойналатын ойындар, табиғаттың табиғи материалымен ойналатын ойындар, рөлдік ойындар, т.б.

Дидактикалық ойындар - бұл ойындарда табиғаттың табиғи заттары (көкөністер, жемістер, гүлдер, тастар, тұқымдар, кепкен ұрықтар), өсімдіктер мен хайуанаттардын суреттері  бейнеленген суреттер, үстелде ойналатын ойындар мен әр қилы ойыншықтар пайдаланылады. Табиғаттың табиғи   материалымен   немесе   оның бейнеленуімен ойналатын дидактикалық ойындар балалардың сезімдік жағынан (сенсорлық) тәрбиелеуде танымдық  іс-әрекетінің дамуында негізгі тәсіл болып табылады. Ойындар сабақтарға, экскурсияларға, серуендеулерге арнайы бөлінген уақыттарда өткізіледі. Сабақтарда қолданылатын дидактикалық ойындар балаларға заттардың қасиетін  тануына   және табиғатты   бақылау   кезінде алған елестетулерін анықтай түсуіне кемектеседі.

Ал рөлдік ойындарда балалардың ойыны экскурсиялар немесе серуен-деулер кезінде қабылдағандарын әрдайым шығармашылықпен қайтадан жаңғырту болып табылады. Онда өсімдіктер, жануарлар және адам еңбегі жайында алған елестетулері бейнеленеді. Мұндай ойындарда балалар бақылағандарын қайталайды, білімдерін және алған дағдыларын нығайта түседі.Тәрбиеші балалардың ойындарын бақылай отырып, оларды қажетті заттармен жабдықтайды, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап таба білуге көмектеседі, елестетулері дұрыс болмаса түзетеді. Ойын балаларға міндетті түрде таңылмауы және онда олардың тек қана өз қабылдауларын қайталауы өте маңызды. Мұндай ойындарды бақылау тәрбиешінің балаларды танып-білуі, олардың білетін елестетулерін және табиғат пен еңбекке деген көзқарасын есепке алуы үшін мол материал береді.Сонымен қатар бақша, гүлзар, шалғындық өсімдіктері туралы білімді бекіту және байқағыштықты дамыту үшін дидактикалық ойындар өткізеді. Өсімдіктерді жапырақтарына қарап айыра білу үшін «Қай өсімдіктің жапырағы?» ойынын ұйымдастырады. Тәрбиеші балалармен бірге бақша өсімдіктері жапырақтарынын, сыртқы түріне (тегіс, жылтыр, кедір-бұдыр), пішініне (жұмыр және сопақша), жиегіне (тегіс, тілімделген) назар аударып, оларды анықтап қарайды. Осыдан кейін тәрбиеші жапырақтарды балаларға үлестіріп береді, балалар жүйектерге жақын барып, оларды жемістер жапырақтарымен салыстыруы, содан соң қайтып келіп, алынған жапырақтардың қай өсімдіктерде өскенін айтып беруі тиіс. Гүлзар, бақ, шалғындық өсімдіктерінің жапырақтарымен де осындай  әдіспен  ойын  өткізуге болады.

Бақшада, гүлзарда және табиғат мүйісінде үнемі жұмыс жасау - өсімдіктер мен жануарларға деген ынта - ықыласты арттырады, балалардың табиғаттағы заттарды сүюіне және оларға ұқыпты қарауына тәрбиелеуге көмектеседі, енбек сүйгіштік пен басқа да адамгершілік сапаларының қалыптасуына ықпал етеді. Қолдарынан келетін дене еңбегі балалардың жалпы жетілуіне пайдалы әсер етеді, анализаторлардың, ең алдымен қозғалғыштар қызметінің дамуына ықпал жасайды.

Балаларды еңбекке баулу қызметі. Тәрбиеші балаларды еңбекке баулу (топ ауласында, орындықтарда) жұмыстарын, олардың қандай түрде өтілетінін көрсетіп жазулары керек – жеке немесе топпен, ұжыммен. Еңбек балалар бақшасында жер ауласындағы және табиғат мүйістеріндегі, кейде сабақтардағы өсімдіктер мен жануарларды күнделікті күтуде қолданылады. Бірақ балалардын еңбегін өз мақсатына айналдырып қолдануға болмайды. Қайдан да болмасын бір еңбектің дағдыға тәрбиелей отырып, табиғат жөніндегі білімдерді бір мезгілде кеңейте және бекіте түскен жөн. Сөйтіп, мысалы, егу алдында балалар дәндерді (пішінін, көлемін, түсін) қарап шығуға, сағақты отырғызу алдында өсімдік бөліктерінің  атын   (сабағын, жапырақтарын, гүлдерін) атауды қайталауға тиіс.

 

              ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.     С.Қирабаев  «Егемен Қазақстан» 2013жыл. [1; 2 б].

2.     Р.Нұрахметова. Автореферат. «Мектеп жасына дейінгі балалардың серуенін ұйымдастыру» Қызылорда қаласы 1988жыл. [2; 19 б].

3.     Р.Нұрахметова. Автореферат. «Мектеп жасына дейінгі балалардың серуенін ұйымдастыру»  Қызылорда қаласы 1988жыл. [3; 5].

4.     «Мектепке дейінгі тәрбие және білім мәселелері» журналы. 2013 жыл. № 6. [4; 35].