Педагогические науки/Социальная педагогика

Салыбекова Қарлығаш Бақытқызы

№209 Ә.Әбутәліпов атындағы орта мектебі директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары

Түгіскен аулы, Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы, Қазақстан

 Жеңістің туын желбіреткен – ұлт бірлігі

Тіршілік жайлы терең ойды пайымдаулар мен пәлсапаға сүйенбей-ақ, қарапайым тілмен айтсақ, адамның табиғаты – қауымдаса отырып бейбіт өмір сүру, өзіңнен кейінгі ұрпаққа бұрынғыдан да өсіп-өркенделген мамыражай елді, ата-бабадан жинақталған рухани асыл қазынаны аманат етіп қалдыру. Бірақ сонау алғашқы қауымдық құрылыстан бері адам баласының соғыссыз өткен уақыты болмапты. Тірі табиғатқа тажал әкелетін, өркениетті кейін шегіндіретін сол зұлматтың ең сорақысы екінші дүниежүзілік соғыс болды.            

Соғыс жылдары Қазақстан жеріне қоныстандырылған ұлттардың бірі – қарашайлар болды. 1942 жылдың тамызынан 1943 жылдың қаңтарына дейін қарашайлықтардың жері неміс басқыншылардың қолында болып, бұл территория жаудан тазартылғаннан кейін кеңес үкіметі 1943 жылдың 12-қазанында «Қарашай автономиялық облысын жою және оның территориясын әкімшілік төңірегін қайта құру» туралы қаулы қабылдады. Қарашай автономиялық облысынан 45 529 адамнан тұратын 11 711 отбасы Қазақстанның Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылған. Негізінде жер аударылып көшірілгендердің басым көпшілігі жас балалар, әйелдер және қариялар болды. Қалмақтар 1943 жылдың 28 қазанында елдің шығыс, солтүстік аудандарына және Оралға жер аударылған. Қысқа мерзім ішінде 99 252 адам көшіріліп, оның 2268-і Қызылорда облысына қоныстандырылған. Көшіру операциясы барысында неміс оккупантарына көмек көрсетті, бандалық топта болды деген желеумен 750 қалмақты тұтқынға алған.

Қоныстанушылар үлкен қиыншылыққа тап болды. Орналасатын бос үйлердің жоқтығы мен азық-түліктің бітуі, медициналық көмектің болмауынан олардың арасында түрлі эпидемиялық аурулар тарады. Жұмысқа орналасу барысында қоныстанушылар жұмыс таба алмай, бір шаруашылықтан екіншісіне көшу барысы жиіледі.

Грузиядан көшіріліп әкелінген түріктер Қазақ КСР ІІХК-ның мәліметі бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Талдықорған және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылған. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіп келушілер шұғыл артты. Жаппай жер аударудың қарсаңында, 1939 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 54696 поляк, 3569 латыш, 808 ливан және т.б. тұратын. Елдегі неміс халқының да тағдыры осылай болып шықты.

1941 жылғы тамызда Қазақстанға 349713 неміс көшіріп әкелінді, олардың жалпы саны 441713 болатын. Қалған немістер Қазақстанға 1944-1945 ж.ж. көшіп келді. Мұның үстіне Қазақстанның және елдің басқа жерлерінде жалпы саны 2,5 млн.адам неміс және жапон әскери тұтқындары жұмыс істеді.

Кеңестік Қазақстан территориясына өткен ғасырдың 30-жылдары қоныс аударылған ұлттар, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезінде қоныс аударған әртүрлі ұлттар мен этностар саяси қысымшылыққа қарамастан жергілікті халықпен бірлесе отырып, республиканың бүлінген шаруашылығын қалпына келтіруде, тың және тыңайған жерлерді игеруде ерен еңбегімен үлес қосты. 30-жылдардың соңынан бастап КСРО шекарасы маңындағы ұлттар ішкі аймақтарға жер аударыла бастады. Ұлттық ғылым академиясының академигі М.Қ. Қозыбаев «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде «1937 жылы Қазақстанға 18526 корей жанұясы (шамамен 100 мың адам) зорлық-зомбылықпен жер аударылды. 1943-1944 жылдары қасиетті қазақ жеріне Солтүстік Кавказдан қуғындалған жарты миллионнан астам қарашай, балқар, шешен, ингуш, күрд, қалмақ т.б. халықтар пана тапты.

Ел қорғауға қазақстандықтар белсене қатысып, майданда да, тылда да небір ерен ерліктің үлгі-өнегесін көрсетті. Жауға қарсы қан майданда кеудесін оқ пен отқа тосты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп өшпес ерлік өнегесін қалдырған сарбаздардың серті ұрпаққа мәңгі өнеге!

Осы өмір мен өлім белдескен қан майданға Сыр жерінен 70 мыңнан астам адам аттанды. Кескілескен ұрыс даласында Сыр елінің перзенттері де ерліктің үлгісін көрсетіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Өкініштісі, Қызылордалық  35 мың адам майдан даласынан қайтқан жоқ. Жерлестеріміз ерлік пен елдіктің үлгісін танытып, Отан алдындағы парыздарын адал атқарды. 21 Қызылордалық Батыр атанып, 2 жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері атағын иеленді. 20 мыңнан астам жерлесіміз орден, медальдармен наградталды.

Біз қашанда ел мен жердің тәуелсіздігі үшін шейіт болған боздақтарымыздың әруақтары алдында құрметпен бас иеміз. Елі мен халқының бостандығы, бақытты болашағы жолында құрбан болған майдан батырлары ұрпақ  жадында мәңгі сақталады.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс біздің аталар мен апаларымыздың қаһармандыққа толы биік рухының символы болса, Жеңіс күні –аға ұрпақтың сол жанқиярлық ерлігін ел жадында мәңгіге сақтауға арналған ең қастерлі мереке.

Қорыта айтқанда, 70 жыл бұрын Жеңіс туын желбіреткен батырлар –бүгінде ел тілеуін тілеп отырған ардагерлеріміз жастарға өнеге, ел татулығының ұйытқысы, халықтың құты болып отыр.

                                       

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н. Тәуелсіздіктің он жылы: Бейбітшілік, прогресс және келісім. ҚР-ның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халықтары Ассамблеясының сегізінші сессиясындағы баяндамасы // Егеменді Қазақстан. – 2001. – 24 қазан.

2. Назарбаев. Н.Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің негізін қалаушы. – Алматы: Жеті Жарғы, 2006. – 163 б.

3. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және этномәдени бірлестіктер // Қазақстан мектебі. – 2009. – №3.

4. Береке басы бірлікте // Астана хабары. – 2006. –29 сәуір. – №58-59.