Нурсеитова А.А.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Шәкәрім поэзиясындағы гуманизм тақырыбы

 

Шәкәрім поэтикасы қазақ сөз өнерін, өлең өрнегін, көркем ойды және көркем бейнелеуді жаңа деңгейге көтергені ақиқат. Шәкәрім поэзиясының басты қасиеті оның философиялық мазмұндылығы. Ақын қазақ өлең өнерінде пәлсапалық қағидаларды ұсына біледі.

Шәкәрімнің көркемдік поэтикасы – қазақ әдебиетінде жаңа бағыт пен жаңа үлгі ретінде дәлелденіп, ондағы қоғамдық рухани өмір туралы, руханияттың адамзатты тәрбиелеудегі орны туралы ерекше қайталанбас формалардың мәні сараланды.

Шәкәрімнің ел бірлігін сақтау, халқының білімді, ғылымды болуын аңсаудан туған өлеңдерінде ел бірлігін сақтау жауапкершілігін алға тартады. Билік мақсаты елдің игілігі емес, керісінше оны жаныштау, қорқыту мен тонау екендігін сездіреді. Ақын өлеңдері арқылы осы құбылыстарға қарсылық білдірді. Адам бақыты білімде, еңбекте, арда және отбасы ынтымағында деген идеяны уағыздады.[1]

Ақын қазақ жұртына тән бойкүйездік пен еріншектіктік, қорқақтықтың халық болмысына тигізетін зиянын баса айтты. Сол себепті өзгеріп жатқан дүниеге жаңаша қарауға және дұрыстыққа ілесе алмай, артта қалып қою проблемасы туындауы мүмкін екенін көре білді және одан сақтандырды. Қазақ халқының діншілдігінің осалдығынан. Жаратушыны тану, ақиқатты және жаңашылдықты білуде, оларды өмірлік принципке айналдыруда қабілетсіздік көрсететін тұстары көп деп көрсетеді.Сонымен қатар, кемшіліктердің бірі – руға бөліну, татулықтың аздығы. Бұлар отаншылдыққа, ел сүйгіштікке кері әсерін тигізуде, – деп білді. Шәкәрім халықты басқарып отырған төбе топтың, халық еңбегін жеп, алдап, сатып отыратындығына қатты қынжылып, мұндай кертартпа құбылыстар қазақ болмысына кері әсерін тигізеді, – деп қорытынды жасайды.

Кезінде Шәкәрімнің қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде «Айқап», «Қазақ» газет-журналдарында көптеген мақалалары жарияланып тұрған. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» мақалалары жарияланған.

«Би һәм билік туралы», «Қазақта ай аты жоқ», «Ашық хат», «Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат», «Сын әм сынауды сынау», «Сөз таласы», т.б. еңбектерінде қазақ қоғамының дамуының әлеуметтік-саяси мәселелерін қозғайды. Ақын елді жөндеудің басты  жолы билікті жөндеу деп біледі. Әділетті билік қана ел мүддесін көздейтін бір шараларды жүзеге асырады. Сондықтан билікке шын таза жандардың, білімділердің отырғаны абзал деген ұранды уағыздайды.

Би мен билік жөнінде билеуші мен биліктің ара қатынасын ашып, қазаққа тиімді жолдарын көрсетеді. Қазақ халқының мақсат-мүдделеріне сай келетін биліктің маңыздылығына мән береді. Халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қабілетті, биліктің тиімді жағына назар аударады.[2]

Сондай-ақ сын мәселесі, сын мәдениеті, сынның сауаттылығы жөніндегі ойлары да бүгінгі күні де мағынасын жоймақ емес.

Шәкәрімнің шығармашылығында ерекше ден қоятын тақырыбы – ғылым. Өмірінің соңына дейін оқу мен ізденіске, дүниенің терең тылсымына мән беріп, ой жүгірткен ақын ғылымның маңыздылығына айрықша мән берген.

Сондықтан Шәкәрім ғылым жөнінде адамға ең керегі жан тазалығы, ар тазалығы деп есептейді.

Сондай-ақ осы бөлімде ақынның «Жар», «Жаратушы» ұғымдары талданады. Ен далада Саятқораны тұрақ еткен кезеңіндегі Шәкәрім шығармаларының табиғаты бөлек. Оқшаулану, айнала дүниеден безіп тек Жаратушыдан ғана медет табу – биік рухани дамудың өз ортасымен қайшылығынан, сәйкестік таппай дағдарысқа ұшыруынан туатыны белгілі.

         Шәкәрімнің өзіне  дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркемдік әлем жасағандығының куәсі – Жаратушы, Жар ұғымдарын көркем бейнелеу.[2]

Ғаламның небір тылсымдық күштерін, жан мен тән, әлем жайлы ғаламат ойларын адамзат баласына сыр етіп, айтып, жазып кеткен Шәкәрім мұрасының дені Саятқорада жазылғаны белгілі.

Көп үшін тілек тілеу Алладан ізгілік пен махаббат аңсап, ел санасын жақсартатын руахани нұрды, сәулені сұрау Шәкәрім өлеңдерінің  мағыналы да, мазмұнды бөлек бітімін құрайды.  Халқының құрсаулы қамыттан көтеріле алмай жатқан езілген еңсесіне демеу боларлық күшті жаратушыдан тілеу оның толысқан, рухани кемелденген шағындағы тұжырымдарын танытады. Бұл кезеңдегі Шәкәрімнің  өлең өрнегінің бөлектігі мен ой сұлулығы философиялық ұғымдарды суретті де, бейнелі іші мен  сырты жымдасқан туындыларға айналдыра білгендігімен құнды.

Ақынның  «Жарға жетсем болғаны» дейтін ой түйініне үңілсек, жаратушы образын бейнелеудегі асқақ та биік те ізігілікті зор махаббатты сезінесіз. Жаратушыны өз танымы арқылы оқырман жүрегіне жеткізу – Шәкәрім поэзиясының лейтмотиві.  Сонымен қоса, адамның жаратушысына деген ғашықтығы арқылы ізгілікке құштарлық сезімі мен дүние тазалығының шыңы махаббат  екеніне көз жеткізіледі.

Мұндай өлеңдерде қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлері, шығыс әдебиетінің желісі, Құран Кәрімдегі адам сүю, алла сүю сарындары қатарласа үйлесімділік тауып жатыр.[3]

Барлық діндердегі адамгершілік, мораль тақырыбына терең мән бере отырып, барлық  діндердің ортақ құдіреті – «Жаратушы – Құдай» мәселесін биік қояды. Бұл тұрғыда ақын дүниежүзілік жалпы адамзаттың даму тарихын білгенін  көруге болады. Адамның жан-дүниесі, көңіл-күйі, ниет-мақсаты жаратушыны cүюге бағытталса, сонда ғана адам шын ләззаттың, шын махаббаттың шуағына шомылады.

Өзiнiң ерекше жаратылысымен, iшкi көңiл көздерiмен ақын – құдайды танып бiлуге ұмтылған «шын асық», жоғары сезiм иесi. Оның танымындағы «нұр» сөзінің мәнісі тереңде. Өлең сөздеріне әдемілік пен ізгіліктің, жаратушы мен адам арасындағы нәзік байланысты сездіретін «нұр» сөзінің қолданысы ақын шығармашылығының рухани көркем деңгейін ашуда ерекше өң береді. «Нұр» – сөзі Алладан келер мейірімділік, шындық, сұлулық, ізгілік ұғымдарының мәнін жинақтап, көркемдік жүк көтеріп тұр. [3]

Түйіндеп айтқанда, Шәкәрім ана тіліміздің мүмкіндігінің молдығьш, поэзиямыздың мөлдір айдынын, тоқсан түрлі толғауы мен иірімін жіті таныған, сөзді құбылтып, айшықтаудың әр алуан сырларын жан-жақты меңгерген.Шәкәрім адамның ізгі қасиеттерін дамыту жолдарын айқындап, бұл тұрғыда адамзаттық игі дәстүрлерге сүйенеді. Мысалы, барлық діндердің мәнін дұрыс бағалай отырып, қазақ жұртшылығы үшін мұсылмандық жол құран ілімі дейтін тұжырымды ұстанған. Сол арқылы «Жар», «Жаратушы» ұғымдарын жаңғыртып, оны бүкіл дүние тіршліктің түп негізі етіп көрсетуге дейін көркемдеген.

Шәкәрімнің поэмалары тарихи және әдеби негіз ерекшеліктерімен, көркемдік және эстетикалық қуатымен, бейнелі көркем тілімен, сондай-ақ, өзіндік даралық сипатымен ерекшеленген, халқымыздың рухани қазынасына айналған көркемдік құндылық

 

               ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ                                        1.Орда Г. Шәкәрімтанудың негізін салушы // Шәкәрім әлемі, 2006.  №3. Б. 49-53.

2.Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы: Кенже пресс, 2000. –  216 б.

3.Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С. Дәуітов, [А.Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988. – 559 б.