А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТҰЖЫРЫМДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ
ЛИНГВИСТИКАСЫНДА АЛАТЫН ОРНЫ
Ильясова Н.А.,
ф.ғ.д.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті,
Үсен М.,
Абай атындағы ҚазҰПУдың 2-курс магистранты
А.Байтұрсынұлының
тіл мен әдебиет саласына қатысты ғылыми тұжырымдарын
қазіргі қазақ лингвистикасындағы жаңа
бағыттардың өзегі ретінде бағалауға болады.
Бұл мақалада ғалымның ғылыми тұжырымдарын
саралай келе, лингвоэкология, лингвомәдениеттану, психолингвистика,
коммуникативті лингвистиканың бастау көзін танытатын
тұжырымдарды саралауды мақсат еттік.
Қазіргі таңда
халықтың саяси-әлеуметтік өмірінің, рухани
жан-дүниесінің, мәдени дәстүрінің ұлттық мүддемізге сай
дамуына лингвистикалық фактордың ыпалы зор екенін ғалым сол дәуірде-ақ
жете түсінген. А.Байтұрсынұлының “Біз сияқты
мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде
жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр
сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін
араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін
білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени
жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын
қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің
даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып
сөз табуымыз керек” деген пікірін саралайтын болсақ, мынадай
тұжырым жасауға болады: біріншіден, ғалым жаһандану
жағдайындағы тілдің тағдырын жақсы білген.
Өркениеттің дамуына байланысты тілде жаңа атауларды
қолдану қажеттілігі болатынын ескере келе, өз тіліңде
жоқ сөздерді дамыған елдің тіліндегі дайын
сөздермен толтыру үдерісі қалыптасатынын түсініп,
оның алдын алуды мақсат еткен; екіншіден, ана тіл мен басқа
тілді араластыра қолдану мәдениет жемісіне толық қолы
жетпегендіктің белгісі екенін көрсетеді; үшіншіден,
өркениеті дамыған елдердің тіліндегі сөздерді
қолданып, дайын мәдениетке қол жеткізу ана тілін жоғалтудың алғы
шарты екенін анықтайды; төртіншіден, дайын терминдерді (пән
сөздері) қолдануға қызықпай, керісінше, оны ана
тілімізден іздеп, ана тілімізді дамыту қажеттігін ескертті. Осыған
орай, ғалымның «тіл тазалығы» мәселесіне арнай
мән бергені де тегін емес екенін баса айтқан жөн. «Тіл
тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа
тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну
қажет болса, жұртқа сіңісіп,
құлақтарына үйір болған мағынасы
халыққа түсінікті сөздерді айту» дей
келе, «Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз – жатшылық (жат сөзшілдік)» деп
нақтылауын тіл шұбарлығынан сақтанудың белгісі
деп танимыз [1, 350 б.] Бұдан бүгінгі таңда айтылып
жүрген лингвоэкологиялық мәселелердің маңызын
көруге болады.
Тілдің
мәдениетпен байланысты қырын айқындауда да
А.Байтұрсынұлының аса көрегендік танытқанын
көреміз. Оны ғалым
«Сөз өнерінің ғылымы» деген атаумен береді.
Ғалым: «Сөз өнері деп нені айтамыз? Бір нәрсе туралы
пікірімізді, я қиялымызды яки көңіліміздің күйін сөз
арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады.
Іштегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін
тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз
арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады.
Шығарма дегеніміз осылай шығарылған сөз. Сөзді
бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі
жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді керек қылса,
өнер ғылымды керек қылады. Мұнан сөз
өнерінің ғылымы туады» дей келе, сөз
өнерінің ғылымын 2-ге бөледі. 1) Шығарманың
тілінің ғылымы; 2) Шығарманың түрінің
ғылымы.
Шығарма
тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің,
сөйлемдердің заңынан шығатын тіл
өңінің жүйелерін танытады, түрінің
ғылымы мазмұн жағының жүйелерін танытады. [1, 348
б.] Расында, сөз өнері – мәдениеттің жемісі екені еш
дау туғызбаса керек. Сөз өнерінің ғылыми негізі
көркем шығарманың тілдік ерекшеліктері арқылы
анықталатыны да даусыз. Бұл мәселені
А.Байтұрсынұлы қазіргі ғылым тілімен айтқанда,
құрылымдық парадигма аясында емес, прагмастилистикалық мақсатта анықтағанына
көз жеткізуге болады. Оған ғалымның сөз
өнері ғылымы мен сәулет өнерінің ғылымын
салыстыра отырып түсіндіруі дәлел. «... неғұрлым
сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым
үй де сәулетті, әдемі болып шығатыны сияқты неғұрлым
жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым
шығарған сөз пікірлі, әсерлі, әдемі болып
шықпақ. Жақсылап үй сала білу үшін сәулет
өнерпазы үй салуға ұсталатын заттардың
сыр-сыйпатын, қасиетін жақсы білуі тиіс; оларды тиісті орнына
жұмсауын жақсы білу тиіс.
Мұның бәрін жақсы білу үшін сәулет
өнерінің ғылымын жақсы білуі керек. Сондай-ақ
тіліндегі сөздерді құрастырып, қисынын келтіріп,
жақсылап бір нәрсе шығару үшін сөз
өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың,
сөздің, сөйлемнің сыр-сыйпатын тану, заңдарын
білу – бұл үйге керек заттардың сыр-сыйпатын білу
сияқты нәрсе, керек заттарды сайлап алып, үй салуға
кірісу дыбыстың,
сөздің, сөйлемнің жайын біліп алып, солардың
әрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі
әңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады» [1,
349 б.] Бұл тұжырымның ғылыми негізі өте
тереңде жатыр. Ғалымның сөздің,
сөйлемнің жайын біліп алу, солардың әрқайсысын дұрыстап
орнына жұмсау деп отырғаны
қазіргі кезде шешімін таппай жүрген тілдік бірліктердің
жұмсалымы, прагмалингвистика мәселесіне тікелей қатысты.
Прагматика терминін таңбалардың жалпы теориясы семиотиканың
негізін салған ғалым Ч.Морис ең алғаш өз
еңбегінде пайдаланғаны, тілдік таңбалардың сипатын
семантика, синтактика, прагматика үштігі негізінде
қарастырғаны белгілі. [2, 62 б.]. Қазақ тіл білімінде
бұл мәселенің жағасын Н.А. Ильясованың
еңбегінен көруге болады: «Семантика таңба мен сол
арқылы белгіленетін ұғым арасындағы байланысты,
синтактика таңба мен таңба арасындағы грамматикалық
байланысты, прагматика таңба мен оны қолданушы адам
арасындағы қатынасты
қарастырады. Сөйлеу актісінде бұл тіл
ұстанушының тілдік бірліктерді өз түпкі ниетіне сай
етіп іріктей білуі, қай сөзге баса мән беретіндігі, өз
сөзінің тыңдаушыға қандай дәрежеде
әсер етуін көздейтіндігі, соның нәтижесінде
адресаттың қандай да бір әрекеттерге баруына түрткі
болатындығы, сондай-ақ айналадағы адамдарға өз
сөзі арқылы өзін белгілі бір қырынан таныстыруға,
көрсетуге тырысатындығы т.б. барлығы жинала келе оның
түпкі ойының қоршаған ортаға дұрыс,
дәл, нақты күйінде жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Ғылыми тілмен айтқанда, мұны мәтінде алуан түрлі
тәсілдермен кодталған ақпараттың адресат тарапынан
дұрыс ашылып, адекватты түрде қабылдануы деуге болады» дейді
[3, 34 б.].
Ендеше,
А.Байтұрсынұлының
шығарманың тілінің ғылымы, шығарма
түрінің ғылымы дегенін
прагмалингистиканың негізі деп тануға болады.
А.Байтұрсынұлы тілдік
қатыныс пен психолингвистиканың сабақтастығын танытатын
лингвистикалық факторларға да ерекше мән берген.
«Біздің заманымыз жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен
сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен
сөйлесуге болмайды; жазумен дүниенің бір шетіндегі адам
екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу
қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан да артық.
Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп
сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің
кестесін келтіріп жазу сондай керек», – дейді [4, Б. 141-142]. Бұдан
тілдік қарым-қатынасқа түсудің формаларын
ажыратқанын білуге болады. Олар жазумен сөйлесу арқылы
жасалатын тілдік қарым-қатынас; ауызбен сөйлесу арқылы
жасалатын тілдік қарым қатынас. Олардың айырым белгілерін де
көрсетіп отыр. «Сөйлесу» сөзін де орынды қолдана
отырып, тілдік қатынас теориясына қатысты термин ретінде
сәтті қолданған. Қазіргі тіл ғылымында бұл
терминді ғалым Ф.Оразбаева былайша дәйектейді: «Сөйлесім –
адамдардың ұжымдық тобына тән басты
құбылыс. Сөйлесім болуы үшін бірнеше адамдардың
пікір алысуы қажет. Ол тек бір адамға қатысты болмай, екі
адамға не адамдар тобына байланысты болады да, әлеуметтік сипат
алады» [5, 260 б.].
А.А.Залевская: «Ресейлік
психолингвистиканың спецификасы – бастапқыда лингвистердің,
психологтардың, физиологтардың концепциясының негізінде
қалыптасқан сөйлесім
әрекетінің теориясы ( речевой деятельности теории) екені ешкімге
дау туғызбайды»,– дейді [6, 19 б.]. «Психолингвистиканың зерттеу
нысаны әрқашан сөйлеу жағдаяттары немесе сөйлеу
әрекетінің жиынтығы болса, [7, 16] бұл мәселе
А.Байтұрсыновтың еңбегінде былайша көрініс
тапқан. Ғалым сөйлеуді «сөздің жалаң
түрі», «сөздің көркем түрі» деп екіге бөледі. Ғалым:
«сөзді жалаң түрде айтқанда, күш көбінесе
зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір
дәлелді болып, айтылған сөз адамның ақылына
қонуы көбірек көзделеді. Сөзді көркем түрде
айтқанда, күш көбінесе қиял мен қисын (түйіс)
жағына салынып, сөз әсерінің күшімен
көңілге ұнауы көбірек кездеседі» – дейді [1, 394 б.].
Бұдан тілдік қатынас оның ішінде сөйлесім әрекеті
теориясы мен психолингвистиканың сабақтастығын
айқындайтын факторларды анық көреміз. Ғалым
«көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін
тілі» деп атай келе, «Жалаң сөз зейін байлығына
қарайтын нәрсе, көркем сөз қиял байлығына
қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені
тұрған қалпында алып айтады, көркем сөз
дүниені көңілдің түйген, қиялдың
меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз
айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп,
ақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын
қиял мезгеуінше бейнелеп, әліптеп, көбінесе,
ұйғару түрінде айтады. Жалаң сөз дүниеде
шын болған шын бар нәрселерді әңгіме қылады.
Көркем сөз сөз болуға ықтимал деген
нәрселерді де алып сөз қылады. Қатта қисынын
келтіріп, болмаған нәрсені болғанға, жоқ
нәрсені барға ұйғарып сөз қылады.
Қисынын келтіріп, қиялдан тудырып, әдемі әңгіме
шығару ақындық дарыған адамның қолынан
ғана келеді. Жалаң сөздің қара сөз деп,
көркем сөздің дарынды сөз деп аталу мәнісі де
осыдан». Ғалымның ұсынған көңіл тілі, зейін тілі, зейін байлығы, қиял
байлығы, көңілдің
түйгені, қиялдың меңзеген әлпі сияқты пән сөздері қазақ тіл ғылымында
арнайы зерделеніп, қолданысқа түсе қойған
жоқ. Жоғарыда ғалым атап кеткен «жат сөзден қашу»
мәселесі бүгінгі таңда ескерілмей, ғалым тілімен
айтқанда, өз тілінде жоқ деп, мәдени
жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі
мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра шұбар тіл жасап
алғанымыз жасырын емес. Өкінішке орай, ғалымның
бастамасы жалғасын таппай, ана тіліміздің шұбарлануы
бұл күнде кеңнен белес алып барады. Бұл
мәселенің тілші-ғалымдар тарапынан көтерілуі де А.Байтұрсынұлы идеясының
өміршеңдігін көрсетеді.
Әдебиеттер:
1. Байтұрсынов
А. Сөйлеу әуезділігі //
Ақ жол. Өлеңдер мен тәржімалар, публ. мақалалар
және әдеби зерттеу. – Алматы, 1991. - 460 б.
2. Морис Ч. У. Основания теория знаков
// Семантика. - М.: Радуга, 1983. – С. 37-90.
3. Ильясова Н.А. Қазіргі
қазақ тіліндегі қатысымдық бірліктер: когнитивтік
аспектісі.докт.дисс.Алмат, 2010.- 280 б.
4. Байтұрсынов
А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. − 448 б.
5. Оразбаева
Ф. Тілдік қатынастың теориялық негізі // Тіл әлемі. –
Алматы: Ан Арыс, 2009. - 368 б.
6. Залевская А.А. Введение в психолингвистику. – М.: Рос.Гос. Гуман. 2000. – 382 с.
7. Леонтьев А.А. Основы
психолингвистики. – М.: Смысл, 1997. -
288 с.