КӨМЕКШІ СӨЗДЕРДІҢ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Нұрсұлтанова А.,

Абай  атындағы ҚазҰПУ-дың 2-курс магистранты

(Қазақстан, Алматы)   

 

     Тілші ғалым К.Аханов сөз таптары жөнінде: «Тіл білімінде ертеден бастап, сөздерді негізгі немесе атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп әр түрлі топтарға бөледі. Атауыш сөздердің қатарына заттар мен құбылыстардың, сапа-белгінің және іс-әрекеттің атаулары жатады. Олардың әрқайсысында толық мағына бар және сөйлемде өздігінен дербес мүше ретінде қызмет атқара алады.   ...Көмекші сөздерде атауыш сөздердегідей дербестік жоқ. Лексикалық мағынаның әлсіреп күңгірттенуі және ондай мағынаның грамматикалық мағынамен ұласып кету, сөйлемде дербес мүше бола алм ауы көмекші сөздерді сипаттайтын және оларды атауыш сөздерден ажырататын белгілер боп саналады» дейді. Осы нақтыланған лексико-семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай қазақ тіліндегі сөздер  атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп аталатын үш топқа бөлінеді, ол топтар лексика-грамматикалық жақтарынан сараланып, ішінара тағы да топ-топтарға бөлінеді. Әдетте, сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен  белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз. Сөздердi таптастыруға байланысты көптiң ойларына профессор М.Оразов «Көмекшi сөздер» деген еңбегiнде айтып, С.Исаевтың пiкiрiне қосылады. С.Исаев сөз таптастыруда бірден-бір қажеті ұғым грамматикалық мағына ұғымын жан-жақты зерделеп, оны айқын қалыпқа түсірді. Грамматиканық   мағынаны   сөздің   негізгі   грамматикалық өзегі ретінде анықтай отырып, ғалым оны (грамматикалық мағынаны) жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын анықтаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық  мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп іштей үшке беледі. Ғалым және сөз таптастырудың белгілі үш принципі  негізінде осы үш грамма-тикалық мағына (семантикалық принцип негізінде жалпы грамматикалық мағына, морфологиялық принцип негізінде категориялық грамматикалық мағына, синтаксистік принцип негізінде қатыстық граматикалық мағына) жатқанын айтып дәлелдеді. Сонымен, С.Исаев және М.Оразов сөздерді таптастыруда семантикалық принцип морфологиялық принцип және синтаксистік принципті негізге ала отырып қазақ тілінде мынадай сөз таптарын көрсетті:

Зат есім 2. Сын есім 3.Сан есім 4. Есімдік 5. Үстеу 6. Етістік 7. Еліктеу сөздер 8. Шылау 9. Одағай 10. Модаль сөздер.

      Ғалымның модаль сөздерді де жеке сөздерді де жеке сөз табы ретінде қатарға қосуы сөз таптастыру мәселесіндегі жаңалық болды. Қазақ тілінде сөз таптастыру проблемасының зерттеліп жарық көруі ХХ ғасырдың 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы – 1914 жылы «Тіл құралы» деген атпен Орынборда жарық көрген А.Байтұрсынов жазған оқулық. 1914 жылы жарық көріп, кейіннен бірнеше дүркін қайта басылған еңбекте автор сөздерді алдымен атауыш сөздер, шылау сөздер, одағайлар деп үш топқа бөледі де, бұлардың біріншісіне зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістікті; екіншісіне үстеу демеу, жалғаулық деп аталатындарды жатқызады да, одағайды өз ішінен еліктеуіш, септеуіш одағайлары деп екіге бөледі. Осы еңбегінде айтылған пікірлерін «Тіл құралының» 1924 жылғы басылымында кеңейте, дәлдей түседі. Бұған қарап, А.Байтұрсынов тіліміздегі сөздерді таптастыру ісінің берік іргетасын қалаушы деуімізге болады.      Сөз таптарының негізгі бөлігін құрайтын атауыш сөз  деп өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданатын және жұмсалатын, өздеріне тән толық лексикалық мағыналары бар, өзіндік дыбыстық құрылымы бар дербес сөздерді айтамыз.       Атаушы сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғандықтан, адамның қатынас құралына негізгі арқау есебінде қызмет етеді де, өзге сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке дара тұрып та қолданыла береді. Сонымен, қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздер ең әуелі атаушы, көмекші, одағай сөздер болып үш топқа бөлінсе, ішінара тағы да жеке топтарға бөлінеді. Атауыш сөздер есімдер, етістіктер деп топталса, есімдердің өздері атаушы есімдер, үстеуші есімдер болып бөлінеді. 

      Есімдер мен етістіктердің, сондай-ақ көмекші сөздер мен одағай сөздердің құрамдарына енетін топ-топтардың өзді-өздерін лайық семантикалық және грамматикалық сыр сипаттары болады. Бұл мәселелер жеке-жеке сөз таптарының тұс-тұстарында қаралады.