Хасенов Болат Рашидович (Е.А.Бөкетов атындағы
ҚарМУ, Қазақстан)
ТҮР-ТҮС
АТАУЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ТАРИХЫНАН
Түр-түс атаулары –
қазақ тіл білімінде біршама зерттелген мәселе. Ең
әуелі бұл сын есімнің категориясы ретінде қаралып,
сапалық сын есімге тән мағыналық, грамматикалық
табиғаты, қолданылу аясы, жасалу жолдары т.б.
анықталған.
Бабаларымыз түркілерден
қалған асыл мұра – барлық түркі жұртына
ортақ дүние болғандықтан, тіл біліміндегі оның
зерттелу тарихында да белгілі ортақтық болатыны даусыз. Сол себепті
де түр-түс атаулары – сапалық сын есім ретінде жиырмадан
астам түркі тілдерінің бәрінде де лексика-грамматикалық
және этимологиялық тұрғыдан зерттелген, анықталған
және белгілі дәрежеде
жүйеге түскен категория[1].
Қазіргі таңда
түр-түске қатысы бар бірнеше ғылыми зерттеулер
бар. Атап көрсететін
болсақ, Ұ. Серікбаеваның «Қазақ тіліндегі
«ақ» және «қара» түр-түс атауларының
этнолингвистикалық сипаты» [2], Р.
Лауланбекованың «Түр-түс компонентті күрделі
аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім үлгісі
бойынша)» [3], Н. Аитованың «Түс-түстер семантикасының
когнитивтік құрылымы» [4] және т.б. зерттеулерде
түр-түс атауларының түрлі ерекшеліктері нақтыланып,
айқындалып, жүйеленген.
Түркі тіл білімінде алғашқы болып
түр-түс семантикасын арнайы қарастырған А.Н.Кононов
болды. Ғалым-түрколог 1975 жылы шыққан «Семантика
цветообозначений в тюркских языках» атты мақаласында қара,
ақ, көк, сары, қызыл, ала сөздерінің
мағынасына тоқталған [5]. Ғалым
түр-түстердің мағынасына бұған дейін
түркологияда ешкім де ғылыми дәйектеме
жасамағандығын ескертеді. Бұл мақалада ол
түр-түстердің этнонимдерде, топонимдерде кездесуіне
тоқталып, олардың ауыс мағынада жұмсалу сипатын көрсетеді.
Қара сөзінің жиырмаға жуық мағынасын
анықтаған.
Қазақ тіл білімінде түр-түс
атауларын зерттеу Ә.Қайдар бастаған ғалымдар тобынан
басталады деп айттық. «Сырға толы түр мен түс» деген
еңбекте авторлар (Ә.Қайдар,т.б.) түр мен түсті
таза физикалық құбылыс ретінде қарастырып, жарық
сәулесі мен түр-түстің өзара байланысын
және оның адамның көру мүшесі – көзбен
қабылдану жүйесі айтылған [1].
Ұ.Серікбаева ақ пен қара түсін
этнолингвистикалық қырынан зерттеді. Осы зерттелімде бұл
түстердің мағыналарына сәйкес тілімізде көптеп
кездесетін және жұптаса қолданылатын контрастивті тіркестердің
этнолингвистикалық табиғатын зерделеген, ақ және
қара сөзінен сөзжасманың синтетикалық,
аналитикалық моделдері арқылы жасалған жаңа
сөздерге халықтың салт-дәстүріне,
дүниетанымына сүйе отырып, олардың мән-мағынасын
ашқан.
Түр-түс атауларын когнитивті лингвистика бойынша
қарастырған зерттелім – Н.Аитованың жұмысы. Бұл
жұмыста когнитивтік семантикадағы мағынаның
лексикалық мағынадан ерекшелігін былайша көрсетеді:
«Когнитивті тәсілде мағына тіл білміндегідей сөз
мазмұны ретінде көрінбейді. Когнитивтік семантикада мағына
(семантика) когнитивтік модельдің ерекше «қысқарымы» ретінде
көрінеді. Мағына концепт құруға мүмкіндік
береді, ол табиғи тілде ақпараттық құрылым
арқылы ойша кодталған және санада бекітілген, сондай-ақ
мағына негізінде прототип, тілдік мазмұн жатады. Мағына
индивид жетістігі ретінде қарастырылады» [4,16]. Яғни бұл жерде адам сөз
мағынасын білгенде нені біледі, мағынаның
таңбалық, түсініктік жағы неге негізделеді,
қандай негіз-тірек пайдаланылады деген мәселелер когнитивтік
семантика мәселелері болып табылады. Когнитивтік семантиканың
өзіндік тәсілдері (пропозияциялық құрылым,
радиалды құрылым) бар. Семантикалық талдауда
сөздің денотатив, сигнификат, коннотация негізге алынса, когнитивті
семантика талдаулары өзгеше болып келеді және когнитивистикада
сөз әлемнің тілдік бейнесін құрастыруға
бағытталынады.
Р.Лауланбекованың «Түр-түс компонентті
күрделі аталымдардың танымдық сипаты (сын есім + зат есім
үлгісі бойынша)» атты кандидаттық диссертациясында
таңба-аталым неден басталады, қандай заңдылықтармен
жүзеге асады, белгілері қандай деген мәселелерді
жұмысына өзек етіп алған. Зерттеуші қазақ
тіліндегі түр-түс ұғымдарымен жасалған
күрделі аталымдардың
шығу төркінін, қалыптасу жолдарын айқындау
арқылы халық дүниетанымындағы тілдік таңбалардың мәнін анықтап,
түр-түс негізді күрделі атауларда аталым үдерісінің қалай жасалатынын,
қалай қалыптасатынын
қазақ халқының мифтік түсінігіндегі
түстік белгілердің қызметі арқылы дәлелдеген.
Бұл жұмыста түр-түс мағыналарын негізгі, ауыс,
туынды, символдық деп бөлген.
Ф.Р.Ахметжанова мен Қ.Т.Қайырбаеваның
«Түр-түске байланысты тұрақты сөз
тіркестері» атты зерттеу
еңбектері түр-түс атауларымен жасалған
фразеологизмдерге арналған. Ғалымдар тұрақты
тіркестерді мағыналық, тақырыптық топтарға
бөліп, олардың уәждік сипаттарын этонолингвистикалық
тұрғыда ашқан [6].
Қазақ халқының өмірінде
төрт-түлік малдың орны ерекше. Сондықтанда
халқымыздың мәдени өмірі, салты мен дәстүрі
төрт-түлікпен байланысты. Халқымыз төрт түлік
малдың түр-түсін саралап, оны әрі дәл
анықтап, өзіне сәйкес ат қойып, оны қолдана
білуге ерекше мән беріп келді. Осыған байланысты әр
түрлі атаулармен қоса, тұрақты тіркестер де
қалыптасқан. Төрт-түлікке қатысты атаулар,
олардың мағыналық ерекшелігі Ә.Қайдар
еңбегінде айқындалған.
Ал Ж. Байтелиева «Қазақ тіліндегі жылқы малына
қатысты фразеологиялық тіркестердің этномәдени
уәждемесі» атты диссертациясының бір тараушасын
жылқының түсіне қатысты фразеологиялық
тіркестерге арнаған [7]. Мысалы, Ала тайдай бүлдіру деген
тіркестің этнолингивистикалық уәждемесі берілген. Зерттеуші
Ш.Уалихановтың мынадай дерегін келтіреді:«Ала тайдай бүлдірді»
мәтелі қалмақтардың аңыздарымен
түсіндіріледі. Мен Құлжада ойрат тайпасының бір
қарт білгірімен әңгімелестім. Ол маған
Хо-Ұрлықтың қозғалысы, ноғайлар мен казактарды
жеңуі туралы көне жырларды айтып берді. Бұл кезең
туралы қырғыздардың аңыз-әңгімелері
қаншалықты қайғылы болса,
қалмақтардың аңыз-әңгімелері
соншалықты мадақтауға, мақтанышқа толы. Бұл
жырдан мен жоғарыда келтірілген мәтелді түсіндірудің
кілтін таптым. Ноғайлар қалмақтардың шабуылын күн
сайын үрейлене күтетін еді; қалмақтар
ноғайлардың күшінен қорқып оларға шабуыл
жасауға бата алмады. Кенеттен түнде ноғай ұлыстарында
ала тай бас жібін үзіп, үйірде ойран салады. Ноғайлар
қорыққандарынан туған жерлерін, малдарын тастай
қашады, содан кейін барып қалмақтың тайшасы Сары-Манджу
шабуыл жасап, ол жерді өзінікі деп жариялайды». Зерттеуші: «Ала тайдай
бүлдіру фразеологизмінің пайда болуы туралы Ш.Ш.Уәлиханов келтірген
этнографиялық дерек осы фразеологизмнің түпнегізі болып
табылады деген болжау жасаймыз», – дейді[7].
Орыс тілінде жарық көрген еңбектерден
Ш.Жарқынбекованың, Г.Гиздатовтың зерттеулерін атап
көрсетуге болады. Түр-түстердің
танымдық-прагматикалық сипаты, ассоциацивтік өрісі, қазақ
халқының әлемнің тілдік бейнесін жасаудағы
идиоэтникалық болмысы, өзге ұлттардан (орыс) ерекшелігі,
ұқсастығы, тілдік сана, т.б. күрделі мәселелер
осы ғалымдар тарапынан зерделенген.
Түр-түс мағынасын айқындауда,
этимологиялық талдау жасауда сөздіктердің маңызы зор.
М. Қашқаридың «Дивани лұғат ит-түрігі»,
«Қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»,
«Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі»,
Э.В.Севортянның «Түркі тілдерінің этимологиялық
сөздігі» (1974), «Түркі тілдерінің этимологиялық
сөздігі» (1997), т.б. Бұл ретте М.Қашқаридың
«Дивани лұғат» еңбегіне қысқаша тоқталуды
жөн көреміз. Сөздікте негізгі түр-түс
атауларының барлығы да бар. Мысалы, көк, қара, жасыл,
қоңыр, сары (сарығ), қызыл. Сонымен қатар,
қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын сөздерге
иағыз, ар, шілгү (күрең) сөздерін
жатқызуға болады. Иағыз йер – қоңыр жер. Ал ар
сөзі де ежелде қоңыр мағынасында
қолданылған. Сөздікте түр-түс атауларымен
жасалған фразеологиялық бірліктер, мақал-мәтелдер де
кездеседі. Көк көрді – қиыншылық көрді, көк
көз – соқыр, көк темір бекер тұрмас, бұ көк
кірсін, қызыл шықсын (антқа байланысты) т.б.
Түр-түске қатысты құнды
пікірлер Р.Сыздықтың, мифолог С.Қоңдыбайдың,
топонимист Б.Қойшыбаевтың, т.б. еңбектерінде де бар.
Қорытындылап айтатын болсақ,
қазақ тіл білімінде түр-түс атауларының зерттелу
тарихы тәуелсіздік алғаннан кейін басталады. Бұған
дейін түркітануда, қазақ тіл білімінде түр-түске
қатысты зерттеулерді А.Н.Кононов, Э.Севортян, Ә.Қайдар,
Р.Сыздық, т.б. ғалымдар
жүргізді. Алайда түр-түстің табиғатын,
оның адам танымы, ойлауы, қабылдауы, дүние бейнесін
түзуі деген өзекті мәселелер еліміз еркіндік алғаннан
кейін ғана қолға алынып, зерттеу нысандарына айналды.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1 Қайдаров Ә.,
Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі
көрінісі. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 160 бет.
2 Серікбаеваның Ұ.
Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара»
түр-түс атауларының этнолингвистикалық сипаты.Фил.ғыл.канд.дисс.автореф.–Алматы,
2003. – 28 бет.
3 Лауланбекова Р.Түр-түс компонентті күрделі
аталымдардыңтанымдық сипаты (сын есім + зат есім үлгісі
бойынша).Фил.ғыл.канд.дисс.автореф . – Алматы, 2010. – 29 бет.
4 Аитова. Түс-түстер семантикасының
когнитивтік құрылымы.
Фил.ғыл.канд.дисс.автореф . – Алматы, 2003. – 29
бет.
5 Кононов .
Семантика цветообозначения в тюркских языках. 1976. – С. 547
6 Ахметжанова
Ф.Р., Қайырбаева Қ.Т. Тұрақты сөз тіркестері
құрамындағы түр-түс атаулары //
Қазақстан-2030: региональные проблемы научно-технического
прогресса. -Устъ-Каменогорск: Изд-во ВКТУ, 1998. 173 бет.
7
Байтелиева Ж.Қазақ тіліндегі жылқы малына қатысты
фразеологиялық тіркестердің этномәдени
уәждемесі.Фил.ғыл.канд.дисс.автореф. –Алматы, 2007. – 28 бет.