Тастанбекова Айгерім

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЗМНІҢ БЕЙНЕЛЕНУ ТӘСІЛДЕРІ

       

Қазақ прозасының ерекше өркен жайып, ізденістің жаңа арнасына түскен кезі ретінде 80 жылдарды айрықша атауға болады. Төл әдебиетімізге соны леп, жаңашыл ой-өрісті алып келген жазушылар қатарында, Д.Исабеков, Б.Нұржеке, Т.Нұрмағамбетов, Т.Әбдік, М.Байғұт, С.Нарымбетовті көреміз. Атаулы кезеңдегі қаламгерлер  Көркем шығармада кейіпкердің әртүрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстары әрдайым өзгеріп, іс-әрекет, сезім қайшылықтарын тудыратын психологиялық құбылыстарды тереңдетіп, күрделендіре бейнелеу психологизмнің табиғатын  айқындап берері хақ. Осы арада суреткер психологизміне тән екі қасиетті атап өткен жөн. Ол біріншіден, күрделі психологиялық жағдай мен психологиялық процесті талдау. Екіншіден, кейіпкердің рухани жан әлемінде жиі болатын күйзеліс, психологиялық қиналысты беру атмосферасы. Осы психологиялық атмосфераны беру үшін ең алдымен жазушы сол сәтті дәл де нанымды беретіндей бейнелі, көркем сөздер пайдалану керек. Сонымен бірге көркем әдебиеттегі психологизм, оның көркемдік бейнелеу тәсілдері, ішкі монолог, ой ағысының пейзаж, портрет, көзқарас мимикасы (ымдау) ишара түс көру т.б. бұлардың бәрі ішкі монологтың элементтері даралық сипатқа ие болып, әдеби процесте өзіндік өсу заңдылығымен дамуын біз қазіргі қазақ прозасынанда байқай аламыз.

С. Нарымбетов шығармаларында адам жанының ішкі иірімдерін беру ерекше образ тудыруымен ерекшеленеді. Жазушының соғыстан кейінгі жылдардағы оңтүстік өңірдегі оқиғалардан сюжет құрастырудағы ізденісі де айрықша. Суреткер таңдап алған кейіпкерлер өз ортасының, күнделікті тіршілік күйбеңнің адамдары. Әйтседе олардың фәни дүниеге деген көзқарастары әрқилы. Кейіпкерлердің бетбейнесін ашуда лирикалық проза стильн шебер қолданған жазушы персонаждарды түрлі ой ағынына жетелейді.

Лирикалық прозаны зерттеуші ғалымдар А.Павловский, В.Воронов бұл ағым туындыларын психологизм принципімен жазылған шығармалардың қатарына жатқызады. Лирикалық проза мен психологизмнің туыстығы ашық айтылмаса да, Я.Эльсбергтің :“Шын мәніндегі әрі терең лирикалық стильдің тасасында өз ойлары, сезімдері мен тебіреністері немесе солардың кейбір қырлары мен қасиеттері туралы хақы бар адам тұруы шарт”, - деген, С.А.Липиннің: “Лирикалық проза жазушының шындыққа тікелей қатынасы, оның өзі жайлы сыр ашуы”, - деген пікірлері осы екі ұғым арасындағы түбірлі туыстықты байқатады. Әрине, лирикалық прозаның әдеби тенденция екені, психологизм – бейнелеу принципі екенін ұмытпаймыз. Алайда, психологизм заңдылықтары лирикалық прозада елеулі орын алатыны шүбәсіз.

С.Нарымбетовтің «Тентек», «Созақтан келген Гамлет» әңгімелеріндегі автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы ішкі монолог, ішкі сөз, сана тасқыны, түс көру секілді аналитикалық принцип арқылы берілсе, рухани әлемді бейнелеудің жанамама тәсілдері – бейвербалды ишараттар, сыртқы көріністері, көркемдік деталь, заттық әлем, психологиялық орта т.б. принцип ретінде көрінеді .  Мәселен «тентек шалдың» қолын көкке көтеріп, көзін аларта қарауы, теңіз жағалауындағы долы толқындардың жағаға сартылдап соғылы, жансыз жанардың сол бір нүктеден айнымай тесірейуі, бәрі-бәрі шығарманың көркем палитрасын безбендей түскен.   

С.Нарымбетов повестерінің ерекшелігі – автор оқырман назарын кейіпкердің ішкі сезімдеріне, түйсіктеріне назар аудартып отыратындығында. Адам болмысына қатысты терең философиялық толғаныстар бір ғана адамның өз басынан өз психологиясынан тартыс табасыз. Кейіпкерлердің мінезін, қоғамға көзқарастарын білдіру үшін автор небір қиын ситуацияларға араластырып отырады да бірегей образ жасайды.