Право/История государства и права.

Сейсенбаева Роза Мадуархановна

Шымкент көпсалалалы колледж, оқытушы, Шымкент қ,. Қазақстан

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы

 

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген.

Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.

Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер белсенді ықпал етті. Шын мәніндегі би атанған кісілер – қазақ халқының тарихында қайталанбас ерекше, біртуар тарихи тұлғалар, өз заманында халық би деп танығандар – шешендігі мен әділдігі зор қоғам қайраткерлері еді.

Даулы істер, әдет-ғұрып нормаларымен қатар өмірлік тәжірибе нәтижесінде жиналған, бақылаушылық, аналитикалық талдау жасау арқылы пайда болған жалпыға мәлім емес білімді қолдануды талап ететін жағдайлар жиі кездесетін. 

Халық арасындағы билер мен ақсақалдар өмірлік тәжірибесіне, көрегендігіне, әділеттілігіне, ақылдарына сүйене отырып, даулы мәселелерді шешкен. Оларды ешкім тағайындамаған және сайламаған. Әдет-ғұрып құқық нормаларын жақсы білуі, сөйлеу шешендігі, жеке басының қасиеттерінің кіршіксіз болуы нәтижесінен халық мойындауымен ғана би атағын ала алатын.

Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды.

Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да (оның өзінде халық ақ киізге көтеріп сайлауы тиіс), мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесісіз шешілмеген. Біз бұдан қазақ даласында атам заманнан ақ билік бөлінісі принципінің болғанын көреміз.

Қазақтың әдет-ғұрып нормаларының тағы бір артықшылығы, қолданылатын жазалардың тым қатал емес, яғни ізгіленгенінен айқын көрінеді. Сондықтан да болар, қазақ даласында түрме, абақты, бас бостандығынан айыру деген жазалау шаралары болмаған. Оның есесіне Тәуке хан тұсындағы «қанға қан» ұстанымының орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылған. Құн төлеу негізінде кісі өлтіргені үшін немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы төлеу ұстанымы жатыр.

Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.

Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деуге болады. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген. Алты алаштың да бүтіндігін, татулығы мен басының амандығын тілеп, сол үшін еңбектенді.

Тарихи деректерге сүйене отырып, зерттеушілер қазақ билерінің іс қарауы қоғамдық іс-шара ретінде қаралып, қандай дау болса да билердің шешімі бүкіл жұртшылықты қанағаттандырғанын көрсетеді. Жалпы танылған пікір бойынша билер сотының мынадай қайталанбас ерекшеліктері болған:

1) қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жастан бастап жүзеге асқан. Қазақтардың арасында «он үште отау иесі» деген ұғым қалыптасқан.

2) билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік дала конституциясы ретінде танылған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтық ережелері құнды болды. Егер де даулы істерді қарау барысында шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарында қаралған болса, онда соларда көрсетілген ережелерге сүйенген.

Қорыта айтқанда, ел арасындағы дау-дамайды, ағайын арасындағы кикілжіңді, кісі арасындағы жанжалды билер қазақ қоғамында қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр негізінде әдемі де келісімді этикалық қағидаларға сүйене отырып шешкен. Билер өздерінің кәсіби қызметін қарапайым адамдар арасындағы үйлесімді сыйластыққа ұластыруды көздеген.

Әдебиеттер

1. Нурлин А.Қ. Қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесіндегі билер институты (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасыр). Заң ғ.к. дисс. - А., 2004. – 136 б.

2. Адамбаев Б. «Қазақтың шешендік сөздері», «Ана тілі» баспасы, 2007.

3.     Кенжалиев З. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі мәдениеті. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 192 б.

4.      Нукетаева Д.Ж. «Қазақ хандығы тұсындағы заң жүйесі негізінде оқушыларға құқықтық тәрбие беру» Пед.ғ.к. – А., 2010 – 117 б.