Иманова П.Ж., Машабаев А.Ж.
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан
Әйелдер қылмыстылығы
криминологиялық зерттеу объектісі ретінде
Елімізде жүзеге асырылып
жатқан экономикалық және саяси салалардағы
түбегейлі өзгерістер қоғамдағы дағдарыс
құбылыстарын туғызып, тиісінше жағдайға
сәйкес құқықтық инфрақұрылым
құруды талап етеді, Қазақстан Республикасының
заң шығару жүйесі де белгілі дәрежеде дағдарысты
бастан кешуде. Құқықтық реформа
нарықтық экономика талаптарына сай емес, көп жағынан
кенжелеп келеді. Әрине, қоғамдағы дағдарыс
заң шығару құқық қолдану
қызметінен де көрініс табады. Қазіргі кезеңде
заңдылық пен құқықтық тәртіпті
оң жолға бағыттау мемлекеттің басты
мақсаттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар,
мемлекеттің басты міндеттері болып заңдылықты
қатаң сақтау, құқықтық
тәртіп бұзушылықты түбегейлі жою,
қылмыстылықты және оның туындауына итермелейтін
себептерді тамырымен жою танылады.
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі бүгінгі
күнде көкейкесті болып танылатын қылмыстылық мәселесі.
Әлеуметтік қайта құрулар үрдісі елімізде
адамгершілік, ізеттілік жағдайын жақсарту, азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз
ету, қылмыстылықты дер кезінде анықтап, олармен тиімді күрес
шараларын жүргізуді талап етеді. Қоғамдағы
жағымсыз құбылыстардың бірі қылмыстылықпен
күресу мемлекетіміздің басты міндеті болып есептелгендіктен, оны
нәтижелі түрде жүзеге асыру Қазақстан
Республикасының тұтастығын, ұлттық
қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз
етіп, нығайтуға ерекше әсерін тигізеді. Ең
күрделі, даулы және аса зерттелмеген криминологиялық
мәселелердің бірі әйелдер қылмыстылығы. Тәжірибе
сараптамасының көрсетулері бойынша қылмыстылық,
соның ішінде әйелдер арасындағы қылмыстылық
қоғамға тереңдеп енуде.
Жалпы қылмыстылықпен күресуде әйелдер
қылмыстылығы өзекті мәселе болып
табылғандықтані, бұл тақырып жан-жақты
қызығушылықты береді. Әйелдер қылмыстылығы
ұғымын, оның сандық және сапалық сипатын,
қылмыскер әйелдердің тұлғалық
ерекшеліктері, оның қылмыстық мінез құлқына
әсер ететін факторлар, аталған қылмыстылықтың
дамуына септігін тигізетін негізгі себептер мен шарттарды жан-жақты
зерттеу қоғамдағы келеңсіз құбылыстармен
күресудің негізгі шараларын таңдап алуға жол береді.
Қылмыстық
жауаптылықтың негізін дұрыс анықтау
құқық қолдану органдарының сот
төрелігін жүзеге асыру барысында заңдылықты
қатаң сақтауының кепілі болып табылады [1, 57]. Біз
бұл мақаламызда әйел қылмыстылығы, оның
жалпы сипаттамасы, әйел қылмыстылығы дегеніміз не, әйел
қылмысының жағдайы, олардың тұлғалық
ерекшеліктері, әйел қылмысындағы
мінез-құлықтық психологиялық ерекшеліктері
және осы әйел қылмыстылығының алдын алудағы
болатын шаралар деген мәселелерге тоқталдық.
Жалпы, қылмыс жасаушы
әйелдердің тұлғасы дегенде біздің
байқағандарымыз мыналар: біріншіден, кезбелік өмір кешуші
әйел тұрақты жұмысы болмағандықтан
қылмыстың кез-келген түрін жасайды; екіншіден,
жезөкшелікпен айналысу, ұрлық жасау, алаяқтық;
үшіншіден, ішімдікке салынған әйел; төртіншіден,
жеңіл жүріс нәтижесінен жарық көрмеген бала
өмірін қию; бесіншіден, бүгінгі күні маңызды
мәселе нашақорлықты пайдалану, сақтау, сату
әрекеттерін істейтін адам. Қылмыскер әйелдің
тұлғылық белгілерін, психологиялық ерекшеліктерін
сипаттау барысында, қылмыс жасайтын әйелдердің типін
анықтап, типологиялық жіктеуін беру арқылы зерттеу
жүргізу әдістерін қолдана отырып, жоғарыдағы
пікірге келдік.
Әйелдердің жасаған қылмысы ер адамдар жасаған
қылмыстын өзінің кең көлемділігімен, қылмыс
түрлерімен, оның нәтижесіндегі салдарымен және
өзіндік тәсілімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер әйел адамдардың
әлеуметтік қызметі, биологиялық, психологиялық
өзгешелігіне байланысты[2, 11].
Әйелдердің жасаған қылмыстарының ең
көп тараған түрі бөтеннің мүлкін
ұрлауы (осы саладағы әйел жасаған қылмыстың
15%- ын 12%-ы жеке мүлік ұрлау); қызмет бабын пайдаланып
бөтеннің мүлкін ысырап ету және иеленіп алу (18-20%)
қорқытып алу (10-12%) алаяқтылық (8%)[3].
Көбінесе көптеген ұрлық жұмыс істеу барысында
жасалынады. Ұрлықтың төрттен үш бөлігі
қалада жасалынады, себебі ауылдық жерлерде сауда орындары,
кәсіпорындар өте аз кездеседі. Әйелдер қалтадан
ұрлап кетуді жасай қоимайды, ал жасаса көбінесе біреуге
көмектесу арқылы жасайды. Кейінгі кезде әйелдер пәтер
тонауға көптеп қатысып жүр.
Бұрын әйелдер пара беріп немесе пара берушілердің «делдал»
болып жүрсе, қазір пара алушы әйелдердің де саны
өсіп отыр оларға құқық қорғау
саласында, соттар, прокуратура жұмыскерлері және ішкі істер органдары
кіреді.
Әйелдердің күш қолдану арқылы жасаған
қылмысына ерекше көңіл аударуға болады. Осы
қылмыстың 1 % адам өлтіру және өлтіруге оқталу
үшін сотталғандар, 1 % адам денесіне ауыр жарақат
түсіру үшін сотталғандар, 3 % бөтеннің мүлкін
тонау үшін сотталғандар. Кейінгі жылдары зорлауға
қатысқаны үшін сотталғандар бар. 2015 жылдан
әйелдердің кісі өлтіру қылмысы артып отыр (9,3 %-дан 12
%-а өскен, 2015 ж. денеге ауыр зақым келтіру (6 %-дан 9 %
-ға), бұзақылық (3,9 %-дан 7 % -а),
қарақшылық (3,9 %-дан 5 % -а), өскен 2014 ж. 121776
әйел қылмыс жасаса, 2015 жылы 141930 әйел қылмыс
жасаған[3].
Әйелдердің істейтін тағы бір қылмыс түрі -
баласын өлтіру, бұл ауылдық жерлерде де кездесіп
тұрады. Бұл қылмысты көбінесе жастар жасайды, себебі
олардың отбасы, материалдық жағдайы, баспанасы жоқ. Соңғы
жылдарға қарағанда бұл қылмыс түрі үш
есеге артып отыр. Қылмыс жасаған әйелдердің жартысы
тұрмысқа шыққандар. Көп еркектер әйелі сотталған бетте тез-ақ
жаңа отбасын құра алатындығы туралы фактілер көп.
Мынадай мәліметті
мысалға келтіруге болады: сотталған еркектерден
әйелдерінің айырылысқаны 11,9 % болса, сотталған
әйелдерден еркектердің айырылысқаны 23,5 %-ын
құрайды, ал жазасын өтеген ер адамдардың 2,8 %-ті,
әйелдердің 1,2 % некеге тұрған.
Қылмыскерлердің ішінде орта арнаулы білімі бар және
жоғары білімді әйелдер көптеп кездеседі. Бұлардың
көбісі денеге ауыр жарақат түсіру, ұрлық,
парақорлық қылмыстарын жасағандар. Ал 44 %-ың белгілі
бір жұмысы болмағандар[3].
Әйелдің
қылмыс жасауына мына факторлар әсер етеді екен: әлеуметтік
бақылаудың болмауы; жұмысшылар арасында тәрбиелік
жұмыстардың жүргізілмеуі; адамдардың белгілі бір
кәсібі маманы болмауы; адамдар арасындағы қастастық;
өмір сүрудің қиындауы; нашақорлыққа
салыну және т.б.
Тарихи қырларынан
қарағанда әйелдер қылмыстылығын талдау
қылмыстылықты әлеуметтік криминологиялық сипаттауда
әйелдің ролі оның қоғамдық қатынастар
жүйесіндегі ролінің өзгеруіне тәуелді. Егер бұрын
әйелдер қылмыстылығы көбіне туысқандары мен
көршілеріне қарсы күшқолданудан көрінетін
тұрмыстық сипатқа ие болса, қазіргі заманда
әйелдер тек тұрмыста емес, әр түрлі қылмыстардан
көрінген криминалдық белсенділік танытады. Әйелдер
қылмыстылығын алдын алудың негізгі бағыттары төмендегідей:
- әйелдер
қылмыстылығын алдын алу шараларын қамтамасыз етуге
лайық қылмыстық құқықтық
саясатты қалыптастыру;
- әлеуметтік
кепілдіктер, ана, балалықты қорғау, материалдық
жағдайы төмен әйелдерді, мүгедек, жалғыз басты
ана, жетім балаларды, зейнеткерлерді қолдау деңгейін
арттыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге
асыру;
- әйелдердің
білімі, біліктілігін арттыратын, жұмыссыздық деңгейін
төмендететін, еңбек нарығында әйелдерді кемсітуге
қарсы тұратын мемлекеттік стандарттарды жасақтау;
- әйелдердің
денсаулығын жақсартуға, имандылығы, рухани
байлығы, инабаттылығы деңгейін жоғарлататын,
құқықтық мәдениетін және заңды
бұзушыларға қарсы қоғамдық жағымды
пікірді қалыптастыратын шараларды жасақтап енгізу керек;
- қоғамдық
ұйымдар, діни бірлестіктер, қайырымлық қорлардың
күшімен әйелдерді әлеуметтендіру жүйесінің
жұмысын жетілдіру.
Әдебиеттер:
1. Есематова А., Уалиева Ж. Қылмыс
объектісін анықтаудың өзекті сұрақтары //
Заң және заман. -2015. -№1(169). -С. 57-61.
2. Басенко М.С. Психологическая
характеристика личности женщины, потребляющей наркотики, и ее учет в
воспитательной деятельности в местах лишения свободы. Автореф.канд.дисс. -М., 1991. -29с.
3. ҚР Бас Прокуратурасы
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитетінің есебі 2014-2015ж.ж. // pravstat.prokuror.kz/rus