БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ АЙМАҚТЫҚ-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Утегенова К.А. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, э.ғ.к.

Нурпеисова А.Ж. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің магистранты

Балық шаруашылығы кіріс көзі және экономикалық өсім үшін база ретінде халықты жұмыспен қамтитын, балық өнімінің экспортқа шығаруын, басқа да әлеуетті мүмкіндіктерді арттыратын, сондай-ақ биологиялық әртүрліліктің қайта жаңартылып отыратын көзі ретінде үлкен мәнге ие.

Республиканың балық шаруашылығының негізін су айдындарының балық шаруашылығы қоры құрайды, оның құрамына жалпы ауданы 3 млн. га астам болатын Каспий және Арал теңіздері су айдындарының, Балқаш көлінің, Бұқтырма, Қапшағай, Шардара су қоймасының, Алакөл көлдер жүйесінің және басқа да су айдындарының едәуір бөлігі кіреді. Су айдындарында балықтардың 100-ден астам түрі мекендейді, оның ішінде коммерциялық тұрғыдан алғанда ең бағалы балықтар: көксерке, сазан, ақ амур, дөңмаңдай, табан балық, қаракөз болып табылады.

Балық ресурстарын сақтау мақсатында мемлекеттің қызметі балық ресурстарын қорғауды және өсімін молайтуды, сондай-ақ олардың орнықты пайдаланылуын реттеуді жүзеге асыруға шоғырланатын болады. 2006 жылдан бастап, балық ресурстарын пайдалануды реттеу балық шаруашылығы су айдындарын пайдаланушыларға ұзақ мерзімді пайдалануға беру жолымен бекіту арқылы жүзеге асырылады.  2015 жылғы 1 қарашаға дейін республика бойынша 3094 балық шаруашылығы су айдындары мен (немесе) учаскелерінің ішінде су айдындарының 1731-і немесе 56%-ы 1024 пайдаланушыға бекітілген, ал су айдындарының (учаскелерінің) 1363-і немесе 44%-ы резервте тұр. Су айдындарын пайдаланушылар өздеріне 10 жыл ішінде өз қаражатын балық ресурстарын қорғау, өсімін молайту, ғылыми зерттеулер жүргізу және материалдық-техникалық базаны нығайту мақсаттарына жұмсау міндеттемесін алған болатын[1].

2006-2014 жылдар аралығында пайдаланушылар осы бағыттар бойынша

11,5 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсады. 2015 жылдың 9 айы бойынша Балық

шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес пайдаланушылар шамамен 780 млн. теңге жұмсады.

Жыл сайын балық шаруашылығы ғылымының және мемлекеттік экологиялық сараптаманың биологиялық негіздемесі негізінде республиканың балық шаруашылығы су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі балықтары мен басқа да су жануарларының аулау лимиті бекітіледі.

Уәкілетті органның бұйрығымен 2015 жылға арналған балық аулау лимиті - 64,8 мың тонна, оның ішінде теңіз балықтары түрлерін 11,0 мың тонна көлемінде бекітті.

2015 жылғы 9 ай ішінде 23,9 мың тоннасы ауланды. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін мемлекет бюджетіне 431,0 млн. тг. сомасында төлем түсті.

Экономикалық интеграция үрдісінде ішкі нарықта Қазақстан кәсіпкерлерінің бәсекелік мүмкіндігі зор. Өйткені, алыс шетелден әкелінген балықтар жол бойы қатырылып, өз құнарлылығын жоғалтады.

Қазіргі таңда балық шаруашылығының Қазақстан экспортында алар орны зор. Қазақстан шетелге жыл сайын құны 93 млн АҚШ доллары болатын балық өнімдерін экспорттайды. Балық шаруашылығына жылына 200-300 млн теңге инвестиция салынуда. ТМД елдері арасында Қазақстан ішкі су қоймасының көлемдері бойынша Ресейден кейінгі орында тұр. Қазақстанның көлдері, өзендері, су қоймаларының жалпы көлемі 3 млн га құрап отыр. Тұрақты аулауды қамтамасыз ету үшін елімізде 11 ірі балық өсіретін қойма бар. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның балық шаруашылығының табысы жылына 1 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Мұндай жоғары көрсеткішке жету үшін инновациялық әдістерді меңгеріп, балық өсірудің, жасанды тәсілін жолға қоюдың ғылыми негіздемесін жасау маңызды.

Сондай-ақ, қазіргі таңда ғалымдар теңіз балықтарын Қазақстан су қоймаларында жерсіндіру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта еліміздегі барлық салада инновациялық технологиялар енгізілуде. Осы орайда біз отандық балық шаруашылығы мен балық өнімдерінің өндірісін заманауи бағытта дамытуға мүдделі. Соңғы жылдары облыстағы балық шаруашылығы тез дамып, аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналып келеді. Өткен 3 жылда балық аулау 2 мың тоннаға немесе 30 пайызға көбейді. Бұл Кіші Арал жобасының алғашқы кезеңі сәтті аяқталуымен тығыз байланысты. Енді біз балықты тек аулап қана қоймай оны өңдеуді дамытуымыз қажет. Соның нәтижесінде сыртқы нарыққа тек өңделген өнім шығаратын боламыз[2].

Облыс бойынша Кіші Арал  теңізі, Сырдария өзені мен жергілікті 176 су айдыны балық шаруашылығына маңызы бар деп есептеледі.  Балықшылар, өңдеушілер мен тасымалдаушылардың, квота берушілердің бір-бірімен ешқандай үйлесімділігі жоқтығының кесірінен Арал теңізінен ауланған балықтардың өңделмей сыртқа жөнелтіліп жатқанына облыс басшылығы алаңдаушылық білдірді. Көп ұзамай балық шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесін қалыптастыратын ұйым ретінде консорциум өмірге келді. Оған 17 шаруашылық, Қазақ балық шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы, «Байқоңыр» ӘКК мүшелігіне енді.

Қоғамдық ұйымның мақсаты – облыстағы балық шаруашылығы саласындағы құрылымдарға ғылыми-кеңестік, ұйымдастырушылық көмек көрсету, балық аулау, өңдеу,сатудың сапасын үйлестіру, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқару, жеке бизнес өкілдерімен отандық, шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық орнату, инвестициялық жобаларға қаражат тарту, салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қазақстандық, шетелдік мамандардың қатысуымен консорциум мақсаттарына сай форум, конференция, семинарлар өткізу, тағы басқа шаралар болып табылады.

Облысқа бөлінген балық аулау лимитінің 78 пайызы кіші Арал теңізінің үлесінде. Балық зауыттарына табиғат пайдаланушылардың аулаған балықтарын тапсыру жөнінде өзара келісімшарт бар. Балық кластерін дамыту тұрғысында Аралдан қос зауыт салынып, тиісінше сертификатталып, евростандарттарға сай кәсіпорын ретінде есептік нөмір иеленгені, өнімдері Еуропаға, Кедендік одақтағы мемлекеттерге сатып отыр.

Дегенмен, бірқатар проблемелер да жоқ емес. «Арал» СДО мен «Арал балық» зауытының теңізден бекітілген учаскесі немесе көлдері жоқ. Соның кесірінен мұндағы еңбек ырғағы қалыпты емес. Осының салдарынан өндірістік қуаттары 10-15 пайыз аралығын ғана құрайды. Оған қоса жағалауда қажетті инфрақұрылымның (флот, жол, балықшылар үйі, балық қабылдау пункттері) болмауы кері әсерін тигізуде. Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Мұз оятын, жылым, арқан тартатын агрегаттар тапшы. Теңіз беткейіне жол, электр жарығын жеткізу кезек күттірмейтін жайт.

Аудан көлемінде «Арал сервистік дайындау орталығының» маңызы жоғары екендігі белгілі. Аталмыш орталық 2008 жылы бұрынғы «Арал балық комбинатының» негізінде салынды. Еуростандарттарға сәйкес еуронөмірді иеленген. Зауыттың бағаланған құны 191 млн. теңге шамасында. Терең балық өңдейтін цехтары, балық қатыратын, сақтайтын орындары бар кәсіпорын. Италияның мұздатқыш агрегаттары қойылған. Өткен жылдың өзінде 14 млн. теңгеге техникалық жабдықтау жасады. Оның ішінде қомақты қаржыға NBK-3000 мұздатқыш агрегаты, балық ыстайтын қондырғы алынды. Балық фаршы, ысталған балық шығару бөлімшесі ашылды. Қосымша балық қатыратын жылдам камера іске қосылды. Оңтүстік қаржы компаниясынан жеткізілген автокөліктер, мұздатқыш агрегаттарының ақшасы уақытында қайтарылады деп межеленуде. Кәсіпорын пайдасынан биылғы жылы 30 млн. теңгеге шетелдік құрал-жабдықтар әкелінеді.

Арал ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға балық шаруашылығында резерв көп. Егер де тиімді пайдалана білсек, Елбасы Жолдауында және облыста қабылданған «2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының» мақсаттарын жүзеге асыруға сенім нық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.    Әкім Ж. Нарықтық қатыныстар жағдайындағы балық шаруашылығы өнімдерін өндірудуң кейбір экономикалық негіздерін зерттеу // Жаршы. Ғылыми-тоериялық және практикалық журнал. - 2007. - № 3. - бет. 8-13

2.       Ғаламтор ресурсы: http://www.alashgazeti.kz/p=171