Ерниязова Жанат Нурахметовна
э.ғ.к, қауымдастырылған профессор м.а
Мырзаханов Кеңесхан Зейнуллаұлы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
Экономика мамандығының магистранты
14-29 жас
аралығындағы әрбір қазақстандық жас бала
өмірінің маңызды бөлігін жұмыспен қамтылу
мәселесі құрайды. Жоғарыда айтылып өткендей,
өздерінің жас мөлшеріне байланысты жас адамдар қандай
да бір салада үлкен тәжірибеге ие болмағанымен, ірі
көлемді инновациялық және шығармашылық
мүмкіндіктер, сондай-ақ жемісті еңбек етуге деген
айрықша құлшынысқа ие.
Саясаттанушы Гүлден
Жоламанованың мақаласы Қазақстан
Республикасындағы жастардың жұмыспен қамтылу
мәселесіне арналған. Өзінің «Қазақстан
Республикасының жастар нарығындағы жағдайың
сараптамасы» атты мақаласында ол жоғары оқу орындары
түлектерінің жұмыспен қамтылу деңгейінің
төмен болу себептерін келтіреді:
Біріншіден, жоғары
оқу орындарына белгілі бір мамандықты оқуға
түскен жастар еңбек нарығындағы ағымдағы
сұранысқа назар аударады. Ал оқуларын аяқтаған
жастар заман талабына сәйкес мамандықтарға деген
сұраныстың да өзгеріп кеткенін түсінеді.
Екіншіден,
техникалық мамандықтар, ақпараттық технологиялар
саласындағы мамандар, сондай-ақ, био және нанотехнология
салаларындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік
гранттар санының арту үдерісіне қарамастан, білім беретін
оқу ордаларының професорлық-оқытушылық
құрамы мүлдем өзгермейді, осыған байланысты, студенттерге
берілетін білім нарықтағы жұмыс берушілердің
талаптарына сай келмей, бұрынғы сабақтастығын
сақтап қалады.
Айта кететін жайт,
жоғары оқу орны түлектерінің оқу үрдісінде
алатын теориялық білімі, іс жүзіндегі дағды мен ептілікті
былай қойғанда, еңбек нарығындағы жұмыс
берушілердің талаптарына мүлдем сәйкес келмей жататын
жасырудың қажеті жоқ. Осылайша,
Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы
студенттердің мамандану деңгейі шынайы өмір ағымы мен
талаптарына жауап бермейді деуге толық негіз бар. Бұл университет
қабырғаларында білім беретін
профессорлық-оқытушылық құрамның
өзгермеуі мен берілетін білімдердің бұрынғы сарынмен,
жаңа үрдерістерге сәйкес болмауына байланысты.
Ағымдағы өмір көрсетіп отырғандай, жоғары
оқу орындарының түлектері өз мамандықтары бойынша
жұмыс таба алмай, басқа кәсіппен айналысады немесе
сұранысқа ие мамандықты алу мақсатында қайта
оқуға түсуге мәжбүр.
Бұл
мәселенің шешімін табудың өзіндік жолы ретінде
«Дипломмен ауылға» акциясы ұйымдастырылған болатын. Ауыл
шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, 2009 жылы
әлеуметтік саланың 6 582 маманы ауылдық жерлерге көшіп
жұмысқа тұрды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Оразаев
М. айтуы бойынша,, олардың 78% – мұғалімдер, ал
қалғандары – денсаулық сақтау, әлеуметтік
қамсыздандыру, мәдениет пен спорт салаларында жұмыс істейтін
мамандар. Оразаев М. сөзіне сенсек, бұл бағдарлама осы жылы
да жалғасын таппақ. Сонымен қатар,, «көтерме
жәрдемақы ретінде төленетін ақшаға қосымша
бюджеттік несие беру мақсатында 3,5 млрд. теңге бөлінетін
болады”, деп атап өтті вице-министр. Бұл акция 6 582 жас
маманның жұмыспен қамтылу мәселесін шешті, алайда
бұл 600 000 жас маманның небары 1 % құрап отыр.
Игерілген
мамандықтың қыр-сырын іс жүзінде шыңдай
түсуге университет қабырғасынан жаңа шыққан
жастарды жұмыс берушілердің қабылдамауы да кедергі болып
отыр. Тіпті жолы болып, сынау мерзімінен сүрінбей өтіп
жұмысқа қабылданған жас түлектің
жалақысы оның қажеттіліктері мен талаптарына жауап бермейтіні
анық.
Сонымен қатар, елімізде
мамандануға бағыттау, жастарға еліміздің
экономикалық талаптарын ескере отырып мамандықтың түрін
таңдауға көмектесу жұмыстарын реттеумен айналысатын
арнайы қызметтің жоқтығын да ерекше атап өткен
жөн.
Жастардың
қызметтік мансапты жылдам өсіруді көздеп, жұмысты
«әлеуметтік лифт» ретінде қарастыратындарын жасырудың
қажеті жоқ. Ал жұмыс берушілердің көпшілігі жас
кадрларды «қосымша оқытуға» қаражат
шығындауға әркез дайын бола бермейді. Сонымен қатар,
жұмысқа орналасқан жоғары оқу орындарының
түлектері үшін ешқандай әлеуметтік көмек,
ең алдымен, тұрғын үй алу мәселесі
қарастырылмаған. Өздігінен аяғынан тік тұруды
көздеген жас мамандар үйлі-баранды болуға да асықпайды.
Осылайша, бүгінгі таңда Қазақстандағы ер
адамдардың некеге тұру жасы 28-30 құраса, әйел
адамдардың ішінде – 27 жасты құрайды . Сол себептен де,
жұбайлардың жасы 29 аспайтын, сондай-ақ балалары бар жас
отбасына арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу
мүмкіндігі де өте төмен. Мемлекеттік бағдарлама бойынша
пәтер алатын жас мамандардың қатарынан жастарды көру
мүмкін емес, ал қазіргі жағдайда олардың басым
бөлігінің жалақысы отбасын асырауға де жетпей жатады.
Сондай-ақ, Алматы қаласында пәтер жалдап тұруды
әрбір мемлекеттік қызметкердің қалтасы көтере
бермейді.
ҚР Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы ҚР
Үкіметінің жанындағы техникалық және кәсіби
білім беруді дамыту және кадрларды даярлау жөніндегі
Ұлттық кеңес құрылды. Нәтижесінде,
әкімшіліктер мен орта және кіші бизнес субъектілерінің
арасында 16,2 мың келісімге қол қойылды. 2009 жылы
өндірістік іс-тәжірибеден өтуге 48 мың жұмыс орны
берілген болатын.
ҚР статистика
Агенттігінің мәліметтері бойынша, жастар арасындағы
жұмыссыздық деңгейі 2005 жылғы 13,4% көрсеткіштен
2009 жылы 5,9% төмендеген. 2010 жылдың 3 ақпанында
өткен ҚР білім және ғылыми министрлігінің
кеңейтілген отырысында Министр Ж.Түймебаев 2009-2011 жылдарға
арналған «Ауыл жастары», «Дипломмен ауылға», «Жастардың
кадрлық қоры», «Жастар – Отанға» және «Жастар
практикасы» жалпы ұлттық бастамалық жобалардың іске
асырылып жатқанын мәлімдеді.
«Жастар практикасы»
жобасы 2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасының аясында басталып,
бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерді. Бұл жоба оқу
орындарының түлектеріне игерілген мамандық бойынша
іс-тәжірибе жинақтақтап, кәсіпқой мамандармен
бәсекеге түсуге мүмкіндік береді. Іс-тәжірибеден
өту мерзімі 6 айды құрайды.
Жастар практикасына жоғары
және орта кәсіби білім беретін мекемелердің түлектері
жіберілді. Ал оның ұзақтығы, жоғарыда аталып
өткендей, алты айдан аспауы тиіс. Бұл бағдарламаның
жүзеге асуы мен бөлінген қаражаттың қайда
жұмсалғаны туралы ақпарат БАҚ таратылмады. Жалпы
алғанда,
«Жастар практикасы»
бағдарламасын кеңейту барысында 51 мың жас маман жіберілген
13 мың кәсіпорынмен келісімшарттарға қол
қойылған болатын. Алматы қаласының жастар саясаты
мәселелері бойынша басқарма бастығының қызметін
орындаушы Бахтияр Макеннің айтуынша, 2009 жылы 3044 жас маман
жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, болашақ
мамандардың жұмыспен қамтылуын қарастыратын 1000 астам
келісімдерге қол қойылды.
«Жас Отан» ЖҚ аясында
«Жастар – Отанға» жобасы жастар арасындағы әлеуметтік
маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған.
Осылайша, 2009 жылы билік органдары жастардың 50 әлеуметтік
жобаларына қолдау көрсеткен болатын.
Осылайша, бүгінгі
таңда Республика аумағында жүзеге асырылып жатқан
жобалардың ішінде, 2009 жылғы көрсеткіш бойынша жоғары
оқу орындарының жұмыспен қамтылу ісінде «Дипломмен
ауылға» жобасы ең үлкен жетістіктерге жетті, ал оның
аясында 6 582 маман жұмыспен қамтылды. Қалған
жобалардың жұмысына қатысты жүргізілген сараптама
көрсетіп отырғандай, олар жоғары оқу орындарының
түлектерін кешенді жұмыспен қамту ісінде өз
тиімділіктерін көрсете алмады. Жұмыспен қамтылған жас
мамандардың саны бойынша екінші орын алатын жоба – «Жастар практикасы»
болып отыр. Айта кететін жайт, мұндай жобалардың басым
көпшілігі іс жүзіндегі жұмысты 2009 жылдың соңына
қарай бастады, бәлкім, нәтижелердің төмендігі
осыған байланысты болар.
Мұндай
мәселелерді шешудің жолдары мыналар:
Ең дұрысы – соңғы курстардағы болашақ
мамандарға жетекшілік ету, олардың іс-тәжірибеден өтуін
ұйымдастыру, оқу орнын аяқтаған жас мамандарды
жұмыспен қамту міндеттерін атқаратын арнайы ресурстық
орталықтың ұйымдастыруымен оқу ісін
іс-тәжірибемен қатар алып жүру. Мұндай
орталықтың қызметі Алматы қаласында түрлі
мамандықтар бойынша әртүрлі мекемелердегі жұмыс
орындары туралы мәліметтер қорын құру болуы
мүмкін. Мәліметтер қорын құру,
ағымдағы бос орындар мен болашақта босайтын жұмыс
орындарын бір орталықтан реттеу – қоғамымыздың басты
жарасына айналған жемқорлықты ауыздықтауға
мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ, жастардың
шақырған жерге жұмысқа шыға беруін болдырмай,
мамандардың игерген мамандықтары бойынша қызметке
тұруына көмек көртсетілуі тиіс. Және де, бұл
студенттердің екінші жоғары білім алуына немесе қайта
мамандануға жұмсаған шығындарын қысқартып,
мемлекеттің тарапынан бөлінетін гранттарға
шығындалған қаражат көлемінің құр бос
кетпеуін қадағалауға мүмкіндік береді. Сонымен
қатар, жас мамандардың игерген мамандықтары бойынша
жұмыспен қамтылуы еңбек нарығында
қалыптасқан жағдайды түзетуге мүмкіндік береді.
Бұл бизнестің өзіндік бір әлеуметтік жауапкершілігі
болмақ. Ең алдымен, мұндай жобаны студенттер мен жұмыс
орындары көп қала ретінде Алматы қаласының негізінде
бастауға болады. Алдағы уақытта, жоба өзінің
өміршеңдігін дәлелдеп жатса, мұндай орталықтарды
елордамыз Астана қаласы мен облыс орталықтарында ашуға
болады. Мұндай жобаның сәтті іске асуы – ұлт
гүлденуінің кепілі ретінде республикамызда бәсекеге
қабілетті жастардың қалыптасуына ықпалын тигізер еді.
«Жастардың
еуразиялық конгресі» ҚБ автордың пікірімен толықтай
келісе отырып, мәліметтер қорына негізделген ресурстық
орталықтың құрылуы жастардың жұмыспен
қамтылу мәселесін шешуге мүмкіндік береді деген ойда.
Бұл орталық бизнес пен азаматтық қоғам, бизнес
пен мемлекеттің арасындағы байланыс орнатушы түйін болмақ,
ал бұл, өз кезегінде, еліміздегі азаматтық
қоғамның дамуы мен бәсекеге қабілетті экономиканы
құрудың шешуші факторы болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Экономика труда:
(социально-трудовые отношения) / Под ред. Н.А. Волгина, Ю.Г. Одегова. - М.:
Издательство «ЭКЗАМЕН», 2003. – 736б
2 Никифорова А. Рынок труда. Труд в Казахстане:
проблемы, факты, комментарии. Аналитический журнал №9, сентябрь 2009 г. - б.4-13.
3 Социология молодёжи:
учебное пособие / под ред. проф. Волкова Ю.Г. Ростов-н/Д: Феникс, 2011. – 576б