АБАЙ
ҚҰНАНБАЕВТЫҢ «ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ» ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК МАҢЫЗЫ
Мадалиева
Ж.Қ.- философия
ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы ҚазҰПУ
жалпыуниверситеттік саясаттану және әлеуметтік-философиялық
пәндер кафедрасының доценті
Абай
Құнанбаев – қазақ халқының ұлы
классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани
мақтанышы. Абайдың мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен
шығармалары бүкіләлемдік қазынаға
қосылған алтын қор екені сөзсіз.
Абай
шығармаларын үш топқа біріктіруге болады: біріншісі –
өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі
– ғақлия немесе қара сөз деп аталатын прозасы;
үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе, орысшадан аударған
өлеңдері. Абайдың осы үш бағыттағы
қандай шығармасын алсаң да, тіпті ол табиғатты айтсын
мейлі, махабатты жырласын, адамның ары мен арманын тілге тиек етсін, адам баласының жағымсыз
қасиеттері мен арамза мінез-қылығын сынға алсын, халқының ауыр тұрмысы мен
надандығын, билікті уысында ұстаған, өзгені емес,
қара басының қамын ойлайтындарды мінеп-шенесін,
бәрінен ақынның
жүрегі елім деп соғатынын,
жұртым деп қабырғасы қайысатынын,
қазағым бар болсын, алға бассын, өссін,
өркендесін деп толғанатынын көруге болады.
Ақынның әрбір өлең жолы оның жан айқайы, жүрек лүпілі.
Халықты өнерге, білімге, ғылымға шақыратын
өлеңдері, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат
лирикасы, әсіресе санасы барға ой салатын, көкірегін оятатын
«қара сөздері»
бұған дәлел.
Абайдың
шығармашылығында өзіндік орны бар, оның
ой-өрісінің биік белесін әйгілейтін шығармасы –
«Қара сөздер». Аты ақындық тілден, поэзия тілінен шығып, ойын
қара сөздермен баяндауына байланысты қойылған деген ой
тудыратын бұл туынды 1890 жыл мен
1898 жыл арасында жазылған. Шындығына келгенде бұл жай қара сөздер емес,
автордың өзі айтқандай, «жер ортасы жасқа келгенде»
оның өмірлік ой толғауынан туындаған мазмұны
жығынан да, мәні жағынан
да аса маңызды
шығарма.
Ақындық өнерінің шыңына
шығып, өмір сүрген ортасының қыр-сырын,
тыныс-тіршілігін, қарама-қайшылығын терең біліп,
өзі солардың шешімін табуға тікелей араласқан,
ой-өрісі өзі өмір сүрген уақыттан озық
болған ойшылдың жан-дүниесінің қиналысынан
туған. Қоршаған қоғамның
күйбең, кері кеткен тіршілігі ақынның тынысын тарылтып,
өзін түсінетін, пікіріне құлақ түретін, ой
бөлісетін орта таба алмай, бар ойын қағаз бетіне
түсірді. Ол санасын сергелдеңге салған мәселелер туралы
өз көзқарасын білдіріп, өмірлік ұстанымын
баяндады. Ал бүгінгі ұрпақ оны оқи отырып, сол
заманның бүкпесіз шындығымен, қазақ
қоғамында орын алған
кемшіліктермен танысады, өткеннің қыр-сырын
ұғына түседі. Ұлы
адамның тағдырына көз жүгіртіп, оның
ұлылығының
мән-жайына қанығады, өзінше ой түйеді.
Өзінің әділдік, адамгершілік
жолындағы күресінен күткен нәтижесін көре алмай,
«алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық...
қылып жүрген ісіміздің бәрінің
баянсыздығын, байлаусыздығын көрдік, бәрі
қоршылық екенін білдік» дей келе Абай Бірінші сөзін
«кімде-кім жазғандарымның ішінен керекті сөз тапса, жазып
алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім
өзімдікі» [1],- деп аяқтаған еді. Содан бері бірнеше буын
Абайдың 45 «Сөзден» тұратын шығармасын оқып,
барынша жете түсінуге тырысып, одан өзіне өмірлік азық
болатын өсиет-өнеге алды. Бұл үдеріс үздіксіз
жалғаса бермек. Осы орайда абайтанушы-ғалым Ғарифолла Есім:
«Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ
түгілі, тіптен оның шығармаларын жаттап алу да аз,
мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы кемелденіп, толысқан
сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан
өз түсінігін табады...» - деп нық сеніммен өз пікірін
білдіреді [2].
Абайдың
«Қара сөздер» деп аталатын мұрасы көркем прозаның
өзінше бір бөлек, ерекше түрі болып саналады. Абайдың
қарасөздерінің жанрлық және стильдік
ерекшеліктері туралы зерттеушілердің пікірлері әртүрлі.
Мысалы, бүкіл ғұмырын Абай шығармашылығын
зерттеуге арнаған ғұлама-жазушы Мұхтар Әуезов: «Жалпы алғанда
Абайдың осы барлық қарасөз дейтін мұралары
көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны боп
қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы
жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль, мазмұны
жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі
тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде
бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше
адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет,
толғау тәрізді» [3],- деп ой қорытады.
Б.Кенжебаев қара сөз жанрлары туралы біршама
пайымдаулар жасап, ақынның қай қара сөзінде
ғибрат, ғақлия, қай сөзінде нақыл
сөздер бар екенін айта келіп, Абай қара сөздерін: «сын,
сықақ, сюжетсіз жазылған көркем әңгіме,
басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика
Эссе – жазба» [4], - деп бағалайды.
Абайдың қара сөздерінің
жанрлық және стильдік ерекшеліктерін арнайы зерттеген Х.Ж.
Сүйіншәлиев оны алты топқа бөледі: «Олар: 1. Өсиет-ғақлия
(поучение, рассуждение). 2. Тастих (утверждение) ретінде келетін
философиялық трактат; 3. Нақыл сөз (афоризм, изречение); 4.
Кеңес әңгіме (беседа), дидактикалық насихат
(назидание); 5. Сын мақала ретіндегі публицистика; 6. Көркем
прозалық элементтері бар әңгіме» [5].
Зерттеушілердің көпшілігі ақынның
бұл
шығармасын нақты бір сюжет желісінде өрбімейтін, шағын
көркем туынды деп тани отырып, оның мазмұнына ерекше
мән береді. Шығармамен
алғаш танысқаннан бастап, оқырман өзін Абайдың
жанында, онымен әңгімелесіп,
жүзбе-жүз кездесіп, кеңес құрып отырғандай
сезінеді. Ақын оқырманға ой тастап, оның үстірт
емес, терең болуына, оны өзі көтереген мәселелер туралы
ой бөлісуге шақырғандай болады. Бұл
шығарманың өзіндік ерекшелігі.
Абайдың
қара сөздері жалпы мазмұны жағынан оның
ақындық мұрасымен тығыз байланысты. Көп
сөздеріндегі ойлар, пікірлер өлеңдерімен ұштасып,
солардың мән-мағынасын кейде қайталап, пысықтап,
әрі қарай жалғастыра дамытып отырады.
Абай
өзінің өлең -жырларында ел ішіндегі ұрлық,
зорлықты, алтыбақан алауыздықты, күншілдікті, жатып
ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды адал еңбекке,
отырықшылыққа, егіншілікке, өнер -білімге
шақырды. Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық,
салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық
сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта
келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу,
жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні
ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік
қасиеттерді насихаттады.
Ұлы
ағартушы өзінің көптеген шығармаларында
қазақ халқының ауыр тұрмысын және
надандығын мінеп-шенеді. Қара басының қамын ғана
ойлайтын, яғни тән қажеттігін өтеуді ғана
ескеріп, рухани қажеттілікті ойламайтын, біреуді алдап, біреуді арбап
күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында
жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға
тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болды. Ондағы мақсат
халыққа адал қызмет ету деп ұқты, жастарды білім-ғылымды меңгеруге
шақырды.
Ел болу
үшін қала салып, отырықшылықта болу керек, мектеп
салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің
тұтқасы еңбек пен білімде ғана тұр деп жар салды.
Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран
жұртым», «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай
мақтанба», «Қартайдық, қайғы ойладық,
ұйқы сергек», «Қартайдық, қайрат қайтты,
ұлғайды арман», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»,
«Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы», «Адамның
кейбір кездері», «Жүрегім нені сезесің», «Не іздейсің
көңілім, не іздейсің», «Жүрегім ойбай соқпа енді»
және т.б. өлеңдерінде
көтерген осындай мәселелер оның «Қара
сөздерінде» тереңірек, басқа қырларынан қарастырылып, проза тілімен
түсіндіріледі.
Мысалы, «Мен
бала кезімде естуші едім..» деп басталатын Екінші сөзінде бала шағында ауыл адамдары
аузынан естігені мен ересейген шағында өз көзімен
көргенді салыстыра отырып, басқаның кемшілігін іздеп,
күлкі еткенше, олардың қандай жақсы жақтары бар,
еңбекті, кәсіпті қалай бағалйтынын түсініп, олардан үйренуге ұмтыл деген ой
тастайды. Абай бұл Сөзінде
мынадай жағдайды баяндайды: «бала кезімде қазақтар сарттарды
(тәжіктерді), ноғайларды (татарларды), орыстарды «қамыс артып
бұтадан қорыққандар», «солдат, қашқын ноғай»,
«ауылдарды шапқан, ойына не келсе соны істеген сасыр бас» деп
мазақтап күлетін еді. Содан мен бізден басқа
халықтың бәрі ант ұрған екен деп ойлаушы едім.
«Енді қарап тұрсам,... саудагердің жүрмеген жері,
істемеген шеберлігі жоқ.
Өзімен өзі әуре болып, бірімен бірі шаһари жауласпайды.
Қазақтың өлісінің ахиретін, тірісінің
киімін солар жеткізіп, малыңды саудалап пұлдап беріп
тұрған да солар. Орыстың өнерін де бізге
қарағанда солар көп үйренген. Байлары мен молдаларынан
ептілік пен қырмызылық, сыпайылық байқалады.
Ноғайлар солдаттыққа да, кедейлікке де, медресе сақтап,
дін күтуге де шыдайды. Еңбек етіп мал табудың жөнінде
солар біледі, салтанат, әсемдік те соларда». Ал тамақ тауып жеу үшін
біздің біріміз олардың жалшысы, біріміз олардың ісін тек
құптаушымыз. Біздің
ең бай деген адамымыздың өзін олар «лас
аяғыңның кірін шашапай, шық, сасық
қазақ» деп үйінен қуып шығарады. Осының
бәрі «шаруа қуып», кәсіп қылып, еңбек етіп, өз күшімен қол жеткізген нәтижесі.
«Орысқа келетін болсақ, айтар сөз
жоқ, біз оның құлы мен күңі қадарлы
жоқпыз. Бағанағы біздің мақтан, күлгеніміз
қайда?» – деп өз замандастарының, туған халқының
күйбің тірлігіне қынжыла отырып, бос күлкі, бекер
мақтан, құр кеудеге салынғанша, олардан үйренсек, соларға қарап түзелсек деп ой қорытады [6].
«Қазақтың бір-біріне
қасқүнемділігінің, бірінің тілеуін
екіншісінің тілемейтіндігінің, рас сөзі аз
болатындығының, өздерінің жалқау
болатынының себебі не?»,-деген сұраққа жауап іздейтін
Үшінші сөзінде Абай өзіне дейінгі әлемге танымал данышпандардың
пікіріне тоқталады: «әрбір жалқау кісі-
қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз
– қорқақ, мақтанғыш келеді; әрбір
мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан, келеді;
әрбір ақылсыз - надан, арсыз келеді; әрбір арсыз
жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз,
өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Осының бәрі алдындағы малын көбейтіп, соған
масаттанып, басқаны ойламай,
бұған да «тәуба» деген тоқпейілділіктен шығады.
Басқалардан қалмайын, өзгеге жем болмайын, есемді жібермейін
дейтін болса, « өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді
нәрселерге салынса, бұлай болмас еді»,-деп ақын ел ортасында,
өскелең ұрпақ арасында қандай істің
қадірлі, келешегі зор, берері мол екенін көрсетуге тырысады [7].
Абай осы ойын Жиырма бесінші сөзінде тереңдете түседі. Ол халқын
білімге, ғылымға, өнерге шақырды, басқа халықтардың
озық мәдениетінен үйренуді,
білім мен мәдениет арқылы ғана басқа
дамыған халықтармен теңесудің мүмкін болатынын
жазады. Тіпті: «Турасын
ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме,
барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мен
айтқан жол - мал аяр жол емес...балаң адам болсын десең
–оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып
қалған соң саған рахат көрсете ме, өзі
рахат көре ме, яки халыққа рахат көрсетер ме?»,- деп
кесіп айтады. Сондағы
ойшылдың арманы - білімді,
өнерлі, халқының мүддесіне адал қызмет
ететін, өз елін алдынғы
қатарлы елдердің қатарына қосуға ұмтылатын
жастардың болуы, олардың қатарының көбеюі [8].
Абай
өнер, білім, ғылымның қажеттілігіне ғана
көңіл бөлмейді, сонымен бірге адам бойында сол өнер,
білім, ғылымға жету үшін қандай қасиет,
қандай сапа болу керек деген мәселені де қарастырады. Ол Отыз
екінші сөзінде білім мен
ғылымды іздеп, тауып, игеріп, шынайы білімді және парасатты адам
болу үшін алты шартты орындау керек деп тұжырымдайды. «Білім-ғылымды үйренбекке талап
етушіге әуелі мыналарды білмек керек. Талаптың өзінің
біраз шарттары бар.
Бірінші – білімге, ғылымға
қызығушылық, ынтамен, құмарлықпен іздеп,
тауып, көңіліңе қондыру. Әйтпегенде
істегенің өгей шешенің балаға мейірімі тәрізді болар.
Екінші – ғылымды үйренгенде
ақиқатты білу үшін үйрен. Әйтпесе ісің
құр сөзге алып келеді, шатастырады. Ғылым
менмендіктің, күншілдіктің жолы емес....
Үшінші – ақиқатқа жетуге тырыс, шынайылыққа
көзіңді жеткіз және оны ұста, айрылма.
Төртінші – адамның ішкі дүниесінде
білім-ғылымды дамытуға ықпал етер екі қаруы бар. Олар -
пікір алысу, ойласу және табылғанды сақтау,
қорғау. Бұлар молаймайынша ғылым молаймайды.
Бесінші – төрт нәрседен қашық
бол. Ол он тоғызыншы сөзде
де айтылған уайымсыздық, салғырттық,
ойын-күлкішілдік, құмарлық. Бұлар
халықтың, дәулеттің, ғибраттың,
ақылдың жауы. Ар бар жерде бұлар болмайды.
Алтыншы – адамға ғылым мен ақылды
сақтайтын мінез керек. «...мінез деген сауыт бар. Сол мінез
бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдік, я
біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келіп қалған
қызыққа шайқалып қала берсең,
мінездің беріктігі бұзылады.
Одан оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға
орны жоқ болған соң,
оларды қайда сақтайсың?» [9]. Абайдың ойынша
толассыз еңбекті, таусылмас талап мен қайратты қажет ететін
білім мен ғылым жолында ақыл мен арды қатар қолданып,
биікке көтерілуге болады. Абайдың осы айтқан
ұстаздық ақыл-кеңесі бүгінгі күннің жастары
үшін де маңызын жоғалтқан жоқ.
Сонымен, Абай Жетінші сөзде атап өткендей,
адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын
нәрсенің аты ақыл, ғылым, білім. Ол талап етіп, ерінбей еңбек еткен адамның
қолына түседі. Сондықтан еңбек, оқу, білім, ғылым
адам баласының өмірлік мақсаттарының бірі болып
табылады. Ол мақсатқа жету адамның
тұрмыс-тіршілігінің мәні мен мазмұнын айқындайды.
Абайдың
«Қара сөздері» бір қарағанда оңайшылықпен
сыры ашылмайтын, мәніне қол жеткізу, түсіну бірталай
уақытты, алдын ала дайындықты қажет еттетін шығарама
болып табылады. А. Байтұрсынұлы айтқандай: «Абай
сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ,
ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан емес,
оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан
болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда.» [10].
Қорыта
айтсақ, ақынның дүниеге, өмірге деген
көзқарасын өлеңдерінен де тереңірек білдіретін
Абайдың «Қара сөздері» өнегелік, моральдық,
философиялық мәселелерді қозғай отырып, соны пікір,
сындарлы ой білдіреді. Оның көп сөздеріде адамға
өсиет-өнеге, тәлім-тәрбие болатын ой-пікірдің
өлшеусіз қазынасы бар.
1.
Абай. Қара сөздері.-Алматы: Өнер,
2009.- 5-6 бб.
2.
Есім Ғ. Абай туралы философиялық
трактат.-Алматы: Қаз ақ университеті, 2004. - 83 б.
3.
Әуезов
М.О. Абай Құнанбаев.-Алматы, 1967.- 204 б.
4.
Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы, 1986. – 143
б.
5.
Сүйіншәлиев
Х.Ж. Абайдың қара сөздері, Алматы, 1956.- 122 б.
6.
Абай. Қара сөздері.-Алматы: Өнер,
2009.- 6-7 бб.
7.
Cонда.- 9 б.
8.
Сонда.- 44 б.
9.
Сонда.- 59-62 бб.
10. Байтұрсынұлы А. Қазақтың бас ақыны// Абай
институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №4. – 9 б.