Современные информационные технологии/2. Вычислительная техника и программирование

Мурадилова Г.С., Балгабаева Р.Н.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Қазақстан

WEB 2.0 ЖӘНЕ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ

 

Қазіргі оқыту үрдісінде ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудағы негізгі мақсат білім беру, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар, шығармашылық ізденісте көмек көрсету болып табылады. Оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас енді ынтымақтастық пен біріккен шығармашылық пен ізденіс қағидаттарына сүйеніп, жасалады. Интернет технологиялар жеке білімділік траекторияларының дамуына, яғни оқу материалын мүмкіндігінше оқушының жеке ерекшеліктеріне, оның білім және іскерлік дәрежесіне бейімдеуге мүмкіндік беруге арналған.

Кешегі күнге қарайтын болсақ, ғаламтор желісінде Web 1.0 сервисін қолданған болатынбыз. Ал, қазір бұл технология ескіріп, мұның орнына жаңашыл оқытушылардың назарын барынша өзіне аударған жаңа дүние - Web 2.0 технологиялар жарыққа шықты. Web 2.0 – жүйелік сервистердің екінші буынын сипаттайтын термин. Бұл сервистер қолданушыларға тек қана ғаламторды аралауға ғана емес, сонымен қатар авторлық Интернет-ресурс жасап шығаруға, ортақ топтық жұмысты ұйымдастыруға, желіде медиа және мәтіндік материалды орналастыруға мүмкіндік береді (сурет 1).

Сурет 1. Web 1.0 және Web 2.0

Web 2.0 ғаламтордың интерактивтік және коллаборативтік, яғни істестік элементтерін білдіруге қолданылатын термин. Демек, қолданушы интернеттегі мазмұнды тұтынып қана қоймай, сонымен қатар өзі де қандай да бір мазмұн өндіреді. Бұл ұғым кейінгі кезде әлеуметтік желілердің дамуымен үлкен маңызға ие болып келе жатыр.

Қолданушылар интерактивті қосымшалардың көмегімен мазмұнды өздері жасап, өңдеп, оны таратады. Қолданушылардың жаңа ролін сипаттау үшін просьюмент (ағыл. "Prosumer") деген түсінік пайда болған. Контент, яғни мазмұн бұрынғыдай орталықтандырылған түрде медиа компаниялары тарапынан емес, саны біршама көп, өзара әлеуметтік желілер арқылы байланысқан қолданушылар тарапынан дайындалып және интернетте таралып келеді.

Контентті көруге ғана мүмкіндік беретін web-сайттармен салыстырғанда, Web 2.0 ерекшелігі сол, ол қолданушыларға әлеуметтік медиа арқылы виртуалды қауымдастық құруға мүмкіндік береді, бір-бірімен байланыстырып береді және бірге істесіп жұмыс жасауға жағдай жасайды. Web 2.0 мысалдарына әлеуметтік желі сайттары, блогтар, wiki-лер, видео бөлісетін сайттар, web-қосымшалар (application) және т.б. жатады.

Қашықтықтан окытудың көптеген түрлері бар, бірақ олардың ішіндегі ең көп таралғаны желілік технологияларды қолдануға бағытталған.

Қашықтықтан оқыту технологиясының артықшылықтары:

-        заман талабына сай ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар мен құралдарды қолдану;

-        сапалы білім алу;

-        интерактивті әрекеттесу формалары;

-        уақытты үнемдеу;

-        ыңғайлы уақытта оқу;

-        денсаулық күйі бойынша шектеулер жоқ;

-        территориялық шектеулер жоқ.

Web 2.0 технологияларына негізделген қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бірқатар педагогикалық-психологиялық мәселелер мен шарттарға байланысты болады. Мысалы, қашықтықтан оқытуды модельдеу желілік нақты уақытта (On line), бетпе бет ұйымдастыру (Face to face), аралас (күндізгі-қашықтықтан оқыту) (Blending learning), кеңес берушінің жетекшілігімен өз бетімен оқу (Workshop) түрінде жүргізіледі. Web 2.0 технологияның сәулеті 2-ші суретте көрсетілген.

Сурет 2. Web 2.0 сәулеті

 

Қорыта келе айтарымыз, Web 2.0 технологияларына негізделген қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі ондай жүйе арқылы оқытушылар мен студенттер әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шындауға зор мүмкіндік алады.